Жастарға кімді үлгі етеміз?

0 25

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі

Қазақтан өткен дана халық жоқ. Оның ықылым заманнан бері айтқан аталы сөзі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Біз үшін таусылмас қазына, сарқылмас бұлақ – сол.

Туған жердей жер болмайды екен. Әркімнің туған жері дегенде кіндік қаны тамған жер нағыз жұмақтың төріндей көрінеді екен. Шынында да бұл ұғымды жүрекпен сезіну мен жанымызбен ұғынуды ертелі-кеш түсінгенге не жетсін! Туған еліңдей ел болмас, туып-өскен елің қымбат.

Енді осы байтақ ел мен жердің тарихын тану, рухани-мәдени, танымдық білім беру мәселесі қоғамдық санада өте өзекті. Төрткүл дүние біткенде мәдени құндылықтар мидай араласып, тобыр топалаңы төңірегін соқыр тұмандай тұншықтырып қана қоймай, арзан, жеңіл, моральдық жағынан тоза бастаған, тәні жап-жалаңаш «жаңалықтары» жан-жағын жалмап барады.
Таңғалатындай ешнәрсе қалмағандай. Өрттей қаулап барады. Әркім өзімбілерлік күйге енгені соншалықты, еркін ойлау мен жеке басының мүддесін қорғауды қоғамнан тыс өмір сүрумен байланыстыратын болды. Бұл көріністің қоғамдық сананы біртіндеп таяз қалыпқа алып келуінен сақтанған жұрт шешімді әрекеттер күтеді.
Батыс мәдениетінің өркениетті өнегесінен емес, кейбір жағдайда сойқаны көп әсерінен сақтанып, ұлттық тәрбиеміз бен ұлттық болмыс, мінезімізге жат дүниелердің қоғамымызға сіңісіп кетпей, оған қарсы тұратын берік иммунитет болуы керек. Ар қымбат па, ақша қымбат па? Дүние көзіне біткен әумесер біреу болмаса, ұлт ұятын баянсыз ақшаға айырбастай қояр ма екен?! Әй, қайдам! Базбіреулердің, ашық жағдайда көз ашытатын ұятсыз тірлікке тәуекел етудің түбірінде өзіне, өзгенің қадірі кеткен не ескірген «үлгілеріне» есінен танып еліктеу арқылы ата-бабаларының мәңгілік рухани аманатына қастандық жасаумен бірдей екеніне мән бере ме?!
Ал біздер жастарға жақсы үлгі керек деп шырылдаймыз. Жақсы үлгі дегеніміз не? Мәдени көзқарас пен қазақ халқының ғасырлар бойы сақтап келе жатқан рухани мұралары болуы тиіс. Өлкетану тарихының негіздері мен дәстүрлі сабақтастығы болуы керек.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған мәселелер мен міндеттер халқымыздың ұлттық-мәдени құндылықтарын танып білуі және дара ұлттық символикасының мызғымас негіздерін ардақтауда өте маңызды. Қазіргі Қазақстанның өлкетану тарихын жасауға керемет мүмкіндіктерге жол ашқан бағдарламаны орындау барысында өңірлерде де, ғылыми-зерттеу орталықтарында да, жекелеген белсенді адамдар арасында да тиімді жұмыстар атқарылды. Киелі жерлер мен ел тарихына қылаудай қатысы бар тарихи ескерткіштер, мәдени жазба мұраларымыз тәрбиелік зор мәнге ие болды. Қоғамдық ой-сана қайта жаңғырды. Заманалар жаңғырығы ортамызға қайта оралғандай болды. Тұтастай алғанда, жер-жерде қолдау тапқан, құштарлық туғызған идеологиялық мәні үлкен іс болды. Барлық ұйымдар мен аудандарда, облыс орталықтарында «Рухани жаңғыру» орталығы мен өңірлік жобалық кеңселері ашылып, жұмыс істей бастады. Өткен жылы жалпы республика бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобалары шеңберінде 8 миллионнан астам адамды қамтитын 30 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Ашығын айтар болсақ, әсіресе әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес, танымал жағынан озық тұрған бір ғана «Туған жер» жобасы жалпыұлттық патриотизмнің негізі болды. Осы жоба шеңберінде 2020 жылы 1231 меценат негізгі өңірлік инфрақұрылымдық нысандарды дамытуға
10 миллиард теңге инвестиция салды. Екі миллионнан астам адамды қамтыған 8 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Меценаттар есебінен 537 әлеуметтік маңызы бар нысан салынып, 445 әлеуметтік маңызы бар нысан қайта жаңартылды. Бағдарламаны іске асыру кезеңінде барлығы 13 мыңнан астам меценат және 280 миллиард теңге тартылды.
Туған өлкенің тарихын білу және мақтан тұту жас ұрпақ үшін өте қажет, бұл – олардың толыққанды адам болып қалыптасуына әбден пайдалы іс. Өлкетануды ғылыми-зерттеу нысандарына гуманитарлық ғылым өкілдерінің жұмыла атсалысуы арқылы да туындылар жинақталып, жүйеге түсті. Мемлекеттік мұрағаттар мен құжаттар орталығының қызметін зерделеу қолға алынды, әдеби мұралардың барлық кезеңінен энциклопедиялық-танымдық жинақтар шығарылды. Ішкі және сыртқы мәдени туризмді дамытуда да оң ықпал жасауда. Ұлы дала елінің ата-бабаларының ұрпақтарына қалдырған мәдени-тарихи ескерткіштері мен білім беретін таңғажайыптары елімізге көптеп келетін саяхатшылардың да қызығушылығын туғызады деп ойлаймыз. Туристік-қонақжай қызметтеріне заманауи сервистік қажетті жағдайлар жасалуда.
Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – біздің қоғам үшін жаңа идеологиялық күн тәртібін құру тетігі, маңызы зор құжат. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға сүйене отырып, ақпараттық кеңістікте белгілі бір идеологияның кезең-кезеңімен қалыптасып отырғанын атап өтуге болады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2020 жылы бағдарламаны іске асыру барысында республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында 9 365 материал жарияланыпты. Оның ішінде республикалық БАҚ-та – 1942 (телеарналар – 924, баспа БАҚ-тары – 1 018), өңірлік БАҚ-та – 3 271 (телеарналар – 1 107, баспа БАҚ-тары – 2 164), интернет-ресурстарда – 1 325, әлеуметтік медиада 2 827 мазмұнды жазба тіркелген.
Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар әлі де көп. Кей жерлерде аздап бәсең тартыңқырап қалғандай әсер де бар. Бұл тұста Елбасының «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп ерекше атап айтқанын әрдайым есте сақтауға тиіспіз.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы туралы да арнайы айтайық. Бұл енді фольклорлық, этнографиялық, тарихи-археологиялық, биологиялық-экологиялық, табиғи-географиялық, топонимикалық зерттеулердің кешенді ғылыми әдістері өлкетануға тигізетін әсері мол екені даусыз. Ең бастысы, ұлттық ұғымдарды ұқтыру жұмысы жанданды. Әр мектеп музейін ашуға ұстаздың алдын көрген түлектердің қатысу деңгейі ерекше болғанына куә болдық. Алтын ұясы – еліміздің орта білім беретін мектептерінде «Өлкетану» курстарын оқыту қолға алынған. Білім және ғылым министрлігі «Өлкетану» пәнінің мазмұндық сапасына және оның мектептерде оқытуын ұйымдастыруына назар аударған едік. Иә, күткендей, 2018-2019 оқу жылының 2-жартыжылдығынан бастап «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын іске асыру аясында мектеп бағдарламасына «Өлкетану» кіріктірілген оқу курсы енгізілді. Ол интеграцияланған көлемде 5, 6 және 7-сыныптарда 4 пән бойынша (география, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, музыка) 20 сағат көлемінде оқытылады. Алайда курсты оқыту көрсетілген 20 пәндік сағаттармен шектелмейді. Мұғалімдердің дербес ізденістері мен әдістемелік-педагогикалық тәсілдері өңірдің тарихы мен тыныс-тіршілігінен қызықты мағлұматтар мен деректерді тауып, білім беру жауапкершілігі де бар. Себебі әр аймақ бойынша «Өлкетану» оқулықтары білім басқармаларының жауапкершілігімен әзірленген, тиісті сараптамадан өткізілген. Басып шығару қағидалары да сақталған болар. Бұл оқулықтарда министрлік белгілеп берген нұсқаулық бойынша тақырыптық тараулар сол өлкенің тарихын тануға көмектеседі. Дейтұрғанмен ойласатын тұстары жоқ емес, бар. Бір өңірдің «Өлкетану» оқулығымен танысқанда осындай ой келді. Мысалға айтар болсақ, жер атаулары арқылы өңір тарихын көркем шығармалардан алынған үзінділер арқылы айқындау керек. Осы жағдайда оқулық талабы мен талғамына сай таңдауды жасау үшін де іздену керектігі байқалды. Оқулықтардың барлығына ортақ ой туындысы болса, олқы соқпас еді. Айталық, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Айналайын, атамекен, ақ мекен, қандай қазақ іздеп сені тапты екен» деп келетін рухы күшті өлеңді маңдайға жазып қойсақ қалай болар еді?! Көрнекті ақын Жұбан Молдағалиевтің елдің рухын көтеріп тұратын әйгілі «Мен қазақпын» деген өлең-жыры барлық өңірдің тарихына тән өлмес мұра емес пе? Бізге мәлім болғанындай, 2018 жылы шыққан бұл «Өлкетану» оқулықтары 5 жылдан кейін жаңартылады. Есімі мен ісі өңірге мәшһүр болған ірілер мен ардақты азаматтар қай заманда да тұлға тану биігінде тұратыны анық. Қоғамның байлықтары мен қазынасына айналған жандар рухани жаңғырудың қозғаушы күші екенін естен шығаруға болмайды. Төл тарихымыздың тамыры тереңде, тағылымын тану да өрелі сананы қажет етеді. Жалпы қоғам көптен бері күткен «Өлкетану» курстық оқулығының мазмұндық және көркемдік сипаты шын мәнінде талап деңгейінде болуын қадағалауы қажет.
Біз өскелең ұрпақ ел тәуелсіздігінің қадірін білуді, ұлттық рухани құндылықтарды бойына сіңіруді ұлағат тұрғысында, тәрбие мақсатымен жоғары қоямыз. Бұл бағытта жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет деген елдік ұстаным бар. Әсіресе қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге таныту – ұлттық рухани жаңғыртудың жасампаз жолы. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегінде жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», деп атап көрсеткеніндей, таным мен тағылым аясында атқарылуға тиісті ұлан-ғайыр міндеттер алдымызда тұр.
Рухы биік бабаларымыздың көзіндей болған ұлттық мұраларымыз бен құндылықтарды қастерлеу – ел ертеңінің айнымас тірегі әрі сарқылмас сенімі. «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында рухани әлеуеті жоғары азаматтар кез келген мемлекет пен ұлттың тұрақты дамуының басты кепілі екені айтылған. Парасатты және зияткер қоғам елтану және рухани жаңғыру дәстүрімен өркендейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.