РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ Рухани жаңғыру

Жастарға рухани серпіліс керек

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ел мәдениеті мен тарихын әлемге танытудың төлқұжаты десек артық айтқандық емес. Елбасы жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау екенін баса айтып, онсыз жаңғырудың құр жаңғырыққа айналатынын түсіндірді. Бұл арада әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал.

Жалпы, ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақы салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады.
Елбасы айтқандай, салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жөн-жоралғыларымыз, жалпы ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп айрықша атап көрсетті. Осылайша, Президент қазақтың ежелгі «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырып отыр.
Мемлекет басшысы нұсқаған ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заман ағымына қарай оның сипаттарын өзгерту, «білім культін» қалыптастыру, мемлекет пен қоғамды революциялық емес, эволюциялық жолмен дамыту, ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни, әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу идеялары ұлттың рухани-мәдени қалыбы болмақ. Әрі жаңа дәуір сынақтарын бәсекелестік қабілеті ерекше ел ғана еңсере алады. Мысалы, латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік елдің рухани жаңғыруының діңгегіне айналса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпыұлттық қасиетті орындарды және аса қастерлі жерлерді сақтауға, әрі елдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру Қазақстанды өз шығармашылығы арқылы дүние жүзіне танытатын көптеген таланттарға жол ашады. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бүгінгі замандастарымыздың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеуді қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, жоба жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болып келеді. Ең бастысы – бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын.
Қазіргі таңда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша Т.Рысқұлов ауданында да арнайы іс-шаралар атқарылуда. Бір ғана мысал, қазір өңірдегі әрбір мекеме-кәсіпорын ұжымы «Туған жер» бағдарламасы аясында жас буынға өлкетану жұмыстарын жүргізуге, экологияны жақсартуға атсалысуда. Сол сияқты, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге де баса көңіл бөлінуде. Алдағы уақытта «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Елбасы айтқандай, туған жерге деген сүйіспеншілік – туған елге, Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.
Орта ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұнның төрт ғасыр бұрын айтқан: «Өнер, білім – қос қанаты адамның, осыменен білерсің тілін ғаламның» – деген сөзі күні бүгінге дейін өміршеңдігін жойған емес. Өнер мен білімді қатар алып жүретін азаматтың ғана рухани дүниесі бай, көкірек көзі ояу болмақ. Ал, біздің мақсат – әрбір жасты өнерге бейім, тілге шешен, жан-жақты дамыған, коммуникативті, шығармашыл тұлға ретінде тәрбиелеу. Істеген еңбек пен атқарылар жұмыстың нәтижесі ұрпақ санасын жаңғырту мен байытуға бағытталып, оң нәтиже берсе деген ұстаным бар. Бірақ, оның түп-төркіні ұлттық кодымыздан, тарихымыз бен тамаша салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан, мәдениетіміз бен әдебиетімізден, тарихы терең шежіреден бастау алып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра берсе ғана баянды болмақ.
Елбасы өз еңбегінде елді рухани жаңғырту мәселелерін қозғайды. «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – дейді Президент. Шын мәнінде, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде, Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет-ақ.

Ләззат ӨТЕУЛИЕВА,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы,
Т.Рысқұлов ауданы

ПІКІР