Саясат

Жастарға жасалған қолдаулар қуантады

Written by Aray2005

Уалихан Болатбек,
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі:

– Өткен аптаның соңында халық өз таңдауын жасап, еліміздің Президентін сайлау науқаны аяқталды. Сайлауда басым дауыспен «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеңіске жетті. Мен бұл жеңіске, біріншіден, «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде, екіншіден, аймақтағы «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі ретінде қуандым. Күні кеше ҚР Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінің қатысушысы ретінде мен қазақстандықтардың дұрыс таңдау жасағанын сеніммен айта аламын.
Қазір мемлекетіміздің алдында екі үлкен мәселе тұр. Оның бірі – Қазақстанның көрші мемлекеттермен қарым-қатынасы. Себебі бүгінде бізбен шекаралас елдерде саяси жағдай тұрақты емес. Сондықтан олармен дұрыс қарым-қатынаста болу біз үшін маңызды. Әлем экономикасының өзі құбылмалы болып тұрған мына заманда экономикамыздың тұрақтылығын сақтау, оны дамыту, жаңа белестерге көтеру белгілі бір сабақтастықтың әсерінен ғана болады деп есептеймін. Бұл біздің Президентіміздің сайлауалды бағдарламасында да егжей-тегжейлі айтылған. Ал кеше ҚР Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде Мемлекет басшысы жастарға қарата айтқан сөзінде ел ертеңі саналатын буынының лайықты өмір сүруге бар жағдай жасалатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай өңіріндегі волонтерлер форумына барған кезінде келесі жылды «Волонтерлер жылы» деп атау жөніндегі жастардың ұсынысын қолдайтынын да айтқан болатын. Президенттің Жарлығымен келер жылы «Волонтерлер жылы» болып аталатынынан үміттімін. Жастар үшін бұл үлкен қолдау, көмек болатыны анық. Азаматтық, қоғамдық белсенділіктің және демократиялық прициптердің белгілі бір сатыға көтерілуі, волонтерлік қозғалыстар жұмысының жүйеленуі секілді мәселелер келер жылы шешіледі деген сенімдемін. Негізінде, еліміздегі жастардың 60-70 пайызын еріктілер құрайды. Қалған пайызы әртүрлі жас өкілдері болатынын ескерсек, бұл да жастар үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік.
Ел алдында тұрған екінші мәселе – Қасым-Жомарт Кемелұлының сырт мемлекетпен қарым-қатынастағы абыройы. Көптеген сыртқы мәселелер бірінші басшының беделімен шешілетінін ескерсек, бұл тұста жаңа Президенттің рөлі айрықша.
Тағы бір фактор – ішкі тұрақтылық. Қасым-Жомарт Кемелұлы уақытша Президент болып тағайындалғанда бүкіл басшылық қызметтегі азаматтарға қоғам алдында ашық болуды, бүкіл әлеуметтік желілерге тіркеліп, халықтың сұрағына дер кезінде жауап беріп отыруды тапсырған еді. Қазір кез келген сұрақтың жауабы мүмкіндігінше жедел алынуда. Бұл үдеріс әлі де алға жылжиды деп ойлаймын. Өйткені билік пен халықтың қарым-қатынасы жаңа кезеңге өту үстінде. Осы тұрғыдағы Мемлекет басшысының президенттік позициясы қоғам үшін аса қажет.
Президент сайлауының қорытындысынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің негізгі бағытымыз – халық пен билік арасында үлкен байланыс орнату, белгілі бір мәселелерді шешу» деп айтты. Осы жағынан алып қарағанда да Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған жайттардың шешілу жолдарын біледі, негізгі проблемаларды айқын көріп отыр. Сондықтан алдағы уақытта жаңа бір жүйе, жаңа бір бағытта жұмыс жасайтынымызға кәміл сенемін.
Халық өз таңдауын жасады. Енді тек кемелді келешекке бірге жол салайық, құрметті жастар!

ПІКІР