Елбасы Жолдауы

«Жастарға зор мүмкіндіктер алаңы ашылды»

Written by Aray2005

Абзал Есіркепов,
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары:

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің алғашқы Жолдауында Қазақстанның тұрақтылығы мен одан әрі өркендеуі жайлы айта отырып, 5 бағытты айқындап берді. Жолдауда көтерілген басты әлеуметтік мәселелер білім беру сапасын көтеру, сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету, отбасы мен баланы қорғау, инклюзивті қоғам құруды қолдау, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру және отандық зейнетақы жүйесін дамыту мәселесі болды.
Осы аталған мәселелердің ішінде білім саласына аса үлкен мән берілгенін қалың бұқара байқады. Жолдауда «Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкін­діктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағ­дайды жедел түзетуіміз керек», деп нақты міндетті белгілеп берді. Бүгінгі күн талаптары жастар­дың бәсе­кеге қабілетті болуы үшін олардың білімдері мен сол білімдерін пайдаланатын дағдыларының жоға­ры болуы керектігін көрсетіп отыр. Сондықтан осы жастарды өмірге дайындап, қанат қақтыратын оқу орындарына үлкен міндет жүктелуде.
Президентіміздің мұғалімдер қауымының әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлуі бізді қуантады. Жолдауда: «Мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», деді Мемлекет басшысы. Президенттің мұндай қамқорлығы мұғалімдердің мәртебесін көтере түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Педагог мәртебесі туралы» Заң әзірлеуді тапсырғанын барлық ұстаздар қауымы зор ықыласпен қабылдады.
Тәуелсіз мемлекетіміз қазақстандықтардың жан-жақты дамуы үшін барлық жолды ашып берді. Енді сол мүмкіндікті жастар өздерінің дамуы үшін пайдаланса, мұның өзі жалпыұлттық дамуға бүгінгі буынның қосқан үлкен үлесі болары хақ.
«Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын. Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын! Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі» деген Жолдау жолдарын зор жауапкершілікпен қабылдаймыз.

ПІКІР