Жастар.kz

«Жастық шақ – ақ алмас, Жоғалтқан таба алмас»

Written by Aray2005

Мінеки, кернейлетіп, сырнайлатып, Жастар жылы да бел ортасынан асты.
«Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» демекші, жастардың бүгінгі қызылды-жасылды думанды өміріне қызыға да, қызғана да қарайсың. Мұндайда ақын Қасымның:
Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ,
Жүзіңе мен қараймын көп таңырқап.
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Мен жатармын көрпемді қырда қымтап,– деген өлеңі еріксіз ойға келеді. Тәуелсіздік жастарға жолды айқара ашып қойды. Сұлтанмахмұт айтпақшы: «Алдымда толған мақсат, толған таңдау. Алайын ба мынаусын, анаусын ба?» дейтіндей «Не ішем, не жеймін? деп қиналмайтын заман туды.
Бүгінде жастардың бір алуаны талаптың тұлпарына мініп, тасқияға өрлеп бара жатыр. Айнала-төңірек қозғалыста. Дүние дүбірге толы. Шапшаң ауысып, үздіксіз дамып, үрдіс пен үдеріске ұласып жатқан қарбалас. Бұрын көз көріп, құлақ естімеген жаңалықтар, қиялдан озған шындықтар туындап жатыр. Осының бәрінде озық ойлы, алғы шепте жүрген қазақ жастарының үлесі мол. Ғылым мен өнердің қарыштап өсуі, өркениет пен теңелуі солардың қажыр-қайратымен келіп жатыр. Олардың қайсыбірі ғарышты бағындырып, аузымен құс тістеп, елдің жақсы атын әлемге танытса, Димаштай дарынды дарабоз перзенті әлемді өз өнерімен тамсандырып, тәнті етіп жүр. Мұндайда ұлы Абайдың:
Сүйер ұлың болса, сен сүй,
Сүйінерге жарар ол, – дегенін айтып бір марқайып қаласың.
Осындай жастар әртүрлі кәсіпті меңгеріп, кәнігі шебері болуда. Өнер өрендері көбейді. Олар қазақ музыкасын жанр жағынан да, мазмұны жағынан да байытып, айызыңды қандырады. Әттең, бәрі бірдей осыған теңелем, осыған ұмтыламын деп ынтықса. Дүние сонда дүркіреп бір жаңғырар еді-ау! Бірақ… Бірақ олай болмай тұр. Жастардың енді бір алуаны енжар, мамырт, бойкүйез болып өмір кешіп келеді. Шалқып жануы жоқ, бықсып түтіндеумен ғана шектеліп, өспей қалған. Күш-қайраты жетіп тұрса да болмашы, мардымсыз тірлікті қанағат қылып күнелтуде.
Өзім куәсі болған бір мысалды келтірейін. Ауылдан келген бір қария автобекеттегі дәретханадан шыға бергенде дәлізінде тұрған еңгезердей қазақ жігіті:
– Ақсақал, ақысын төлеңіз, –деді.
– Е, мұндайы бар ма еді тағы, – деп есептесіп жатты әлгі қарт. Былай ұзап бара жатып күңкілдеп қоя берді:
– Нәлеті, бүйтіп әжетхана күзетіп тиын-тебен тапқанша ауылға барып кетпен шаппай ма?! Кәсібінің түрін қарашы!?
Әлгі шал мұнымен де тиылған жоқ. Әлі сөйлеп барады:
– О, тәубе-ай! Бұрын ішкенімізге төлеуші едік, енді мұны да пұлдайтын болдық-ау,– деп.
Жастардың рухани жүдеулігі олардың ой-өрісіне, ішкі пиғылына кесірін тигізбей тұрмайды.
Бір жолы Түркістаннан ауысып келген көрнекті ғалым, абайтанушы профессор Мекемтас Мырзахметов топтың ортасында тұрған еді. Жұрттың бәрі қошеметтеп сәлемдесіп жатты. Жүзі таныс бір жас жігіт маған жақындап келді де:
– Осы кісі кім өзі? Неғып елдің бәрі құрметтеп жатыр,– деп сұрады.
– Бұл кісі аты мәшһүр ғалым, зиялы, зерек ойлы кісі, – дедім.
– Шіріген бай шығар, – деді анау ойланып тұрып.
– Жоқ-ә, осы өзіміз сияқты орташа дәулетті.
– Е-е, онда несі ақылды оның, – дегені әлгі сабаздың.
Мінеки, қазіргі кейбір жастардың түсінігі осылай. Бәрін де дүниемен, ақшамен, байлықпен өлшейтін болып алған. Олардың өзі жеткен өресі де, мәдениеті де, адамгершілік тұрпаты да осылай өзгерген. Және ол оны мәртебе санайды.
Ұлы Ғәбең (Ғабит Мүсірепов) «Үйінің төрінде Мұхтар Әуезовтің 20 томдығы жиюлы тұрмаған қазақты мен мәдениетті қазақ дей алмаймын!», деп еді-ау кезінде.
Басқасын былай қойғанда, тіл мен әдебиет мамандығына түсіп оқитын студенттердің өзінің көпшілігі «Абай жолы» роман-эпопеясының бетін ашып көрмеген.
«Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақ өнерінің көркем шежіресі. Қазақта бүгінге дейін бұдан асқан көркем шығарма болған емес. Осыған сүйсінген Ғабең: «Осы бір-екі «Әттеген-айы» болмаса, Мен Мұхтарға гректің «Цицеронға ештеме қоса алмайсың, Демосфеннен ештеңе алып тастай алмайсың» деген ежелгі нақылын қолданар едім», депті.
Енді бір алуан жастар тобы көңілге кәдімгідей кірбің түсіреді. Бұлар бұрын-соңды болып көрмеген,тәрбие-өнегесі басқа, ұстаным-бағыты алшақ жаңа заман түлегі. Кеңестік кезеңдегі классик жазушы Михайл Шолоховтың «Әдебиетті лайсаң басып барады» деп айтқаны бар еді. Сол айтпақшы, қазіргі қоғамда сондай лайсаңдар белең алып барады. Желіккеннен, семіздіктен не істерін білмей қағынатындары бар. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» демекші, бүгінде өзі біз не көрмедік?! Тапа-тал түсте айылын жимай жұрттың көзінше сүйісіп тұрған жастарды, кіндігін ашып тастап, санын жалтыратып әдейі жыртық шалбар киіп жүрген қыздарды, жалаңаш денесін ашып, яғни тәнін саудаға салып жүрген немесе атым шықсын деп балшыққа аунап жатқан қазақ жігіттерін көріп жүрміз. Қыздарымыз қалталы қытайларға күйеуге шығып, жігіттеріміз айдай аппақ өз қыздарымыз тұрғанда қайдағы бір Конгоның қап-қара қатынымен шатысып, перзент көре бастады.
Қазір дене мүшелерін ауыстырып, еркектің әйелге, әйелдің еркекке айналуы қиын болмай қалды. Еркекпен еркектің некеге тұруы, қосжынысты дүбәра еркек пен әйелдің пайда болуы түсіңнен шошытады. Теледидар осының бәрін аймандай қылып көрсетіп-ақ жатыр, сынап та жүр. Бірақ бәрібір олар айылын жияр емес. Күннен-күнге өршіп барады. Осының бәрі батыстың ықпалы.
Әр заманның құқайы болады. Қай заманды меңзегенін Мөңке бидің өзі біледі. Оның сәуегейлікпен бір айтқаны бар:
Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей дейтін ұлың болады.
Жұмсасаң тіл алмайтын,
Бедірей дейтін қызың болады.
Алдыңнан кердеңдеп өтетін,
Кекірей дейтін келінің болады.
Пайдасы жоқ жиын болады,
Көп сөйлейтін биің болады, – деп.
Кезінде ұлы Абай осындай жастарға қарап: «Сүйкімі жоқ құр масыл би, Сүйретіліп өтер сол», депті. Одан әрі ашына түскен ол: «Ұлтсыз, арсыз, еріншек, Жатыпішер жалмауыз, – дейді. Осы олқылықпен күресу қоғамның ортақ парызы.
Бұл тұрғыда Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Қазақ филологиясы және латын графикасы» кафедрасы қазірде салмақты істің басында тұр. Университет ректоры Ержан Әмірбекұлының бастауымен және кафедра меңгерушісі Тұрсынай Әбдіқадырованың шебер ұйымдастыруымен кафедра мүшелері түгелдей жұмылдырылып, барлық факультеттерде салалы мамандықтар үшін жаппай «Ұлттық салт-дәстүр» және «Мәңгілік ел идеясы» пәндері кеңінен оқытылуда. Студенттер өз ұлтымыздың үлгі-өнегесінен сусындап, кеңінен таныса бастады. Бұл пәндердің жастар тәрбиесіне, рухани жаңғыруына, Ұлы даланың жеті қырының сырын ашып, түсінуіне тигізетін пайдасы орасан. Осындай ілкімді істер әр салада іске асса, еліміздің ертеңі үшін игілігі зор, ізгілігі мол болмақ.

Рахым САДЫҚБЕКОВ,
ТарМПУ-дың ардагер ұстазы

ПІКІР