"Шамшырақ"

Жастықтың оты жалындап, жас жүректе жанған шақ…

Мойынқұм ауданы 1965 жылы шөл және шөлейт аймақтарды игеру мақсатында бұрынғы Көктерек ауданының негізінде Шудан өзінше бөлініп құрылған еді. Жаңа ауданның орталығы Фурмановка (қазіргі Мойынқұм) ауылы болды. Ауданның бірінші хатшылығына басқару ісінде әбден ысылып, шыңдалған, өмірлік тәжірибесі мол, кезінде Көктерек ауданын басқарған, кейіннен екі аудан қосылғанда Шу аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Айтбай Назарбеков тағайындалды. Атқару комитетінің төрағалығына осы өңірдің төл тумасы, оған дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болған, Социалистік Еңбек Ері Әбжаппар Досымбаев бекітілді. Екінші хатшылыққа Асан Нұркенов, ал хатшылыққа Совет Ғалиақпаров келді.

«Заманына қарай адамы» демекші, сонда осы кісілердің алды елуге, соңы қырыққа жетпеген жаста болатын. А.Назарбековтың өзі небәрі қырықтан енді ғана асқан. Сондай-ақ, атқару комитеті төрағасының орынбасарлары, партия комитетінің бөлім меңгерушілері және шаруашылықтар мен мекеме-ұйымдардың басшылары да қолдарынан іс келетін мамандардан сұрыпталған еді. Бұл – менің Шу аудандық оқу бөлімінде мектептер жөніндегі инспектор болып жұмыс істеп жүрген кезім. Бір күні күтпеген жерден Мойынқұмнан өзіміздің Сәкең, ағамыз Совет Ғалиақпаров хабарласып:
– Жәнібек, өзің де осы жердің түлегі емессің бе? Бізге қызметке кел. Тағы да бірге жұмыс істейік. Сені мен аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сыртыңнан ұсынып жібердім. Бюро мүшелері қарсы емес. Сенің кандидатураңды бірінші хатшылыққа да ұсынуға болар еді. Ол кейін аудандық партия комитетінің мүшелігіне сайланады. Ол үшін КПСС мүшесі болу шарт. Ал, сен әлі кандидат көрінесің. Қарсылық білдірмей келе бер. Одан арғысын тағы да көре жатарсың, – деп әр сөзін қадап айтты.
– Сәке, жарайды, барамын, – дедім бірден келісімімді беріп.
– Онда ертең осында жеткін. Аудандық комсомол ұйымының алғашқы ұйымдастыру конференциясы өтеді. Бірінші хатшы да, сен де сол пленумда сайланатын боласыңдар, – деп Совет Ақәділұлы сөзін қайта пысықтады.
Менің Мойынқұмға кететінімді естіген, Сәкеңнің орнына оқу бөлімінің меңгерушілігіне жаңадан келген өзімнің жерлес ағайым Зекең, Зейнеғазы Сырымбетов:
– Онда не бар! Мұнда үйреніп қалған жоқсың ба? Бірге жұмыс істегеніміз дұрыс болатын еді, – деп жібергісі келмеді. Мен келісім беріп қойғанымды айтып жатып, мән-жайды әрең түсіндірдім-ау!
Жаңадан құрылған Мойынқұм аудандық комсомол конференциясының алғашқы ұйымдық мәселе қараған пленумы «Шу» қаракөл кеңшарында экономист қызметін атқарған Әуесхан Мырзахановты бірінші, ал мені екінші хатшылыққа сайлады. Міне, сол алғашқы күннен бастап, жастар арасындағы жұмысымыз қызу басталып кетті.
Бастапқы жылдары Мойынқұмда жастардың саны едәуір мөлшерде көп болды. Бір тәуір жері ауданның негізгі бағыты мал шаруашылығы болғандықтан, жастардың да басым көпшілігі сол материалдық игіліктер өндіретін салада еңбек етті. Жастар арасында небір тың бастамалар өмірге келді. Сол тұста жас шопандардың ірілендірілген бірнеше бригадасы ұйымдастырылып, өз жемісін берді. Мысалы, солардың арасынан «Көктерек» кеңшарындағы Жолдас Жетібаев басқарған ірілендірілген шопандар бригадасы жеке-дара көш бастап, қоғамдық мал басын аман сақтау, одан мол әрі сапалы өнім алу жолында аудан жастарына үлгі боларлықтай жарқын істердің ұйытқысы болды. «Шу» қаракөл кеңшарының жас шопаны Ақжібек Арыстамбекова, Амангелді атындағы совхоздан Стамқұл Садырқұлов, «Көктерек» кеңшарынан Бақытжан Халықов жастығына қарамастан тәжірибелі малшылармен үзеңгі қағыса жүріп, үздік табыстарға қол жеткізді.
Сол жылдары екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 70 жылдық мерейтойы республика көлемінде атап өтіліп, даңқты тұлға өзінің жарты ғасырға жуық серік еткен ақ таяғын айдарлылық жас шопан Бөгенбай Бидасбаевқа салтанатты түрде табыс етті. Жастық жалыны бойында алаулаған Бөгенбай Жазекеңнің қасиетті ақ таяғын бірнеше жыл қатарынан қолынан түсірмей, ардақтай ұстап, небір толағай табыстарды тасқындатып, құрметке бөленді. Айта берсек, Мойынқұмның қатал табиғатына тартып туған өжет, өр мінезді жастары халық шаруашылығының кез келген салаларында жастыққа тән жалынмен бір кездегі жортқан аң мен ұшқан құстың ғана мекені болған, қамысы шуылдаған Шу бойын еңбек дүбіріне бөледі.
Жастар жүрген жерде қашанда еңбек өнімді, көңіл көтеріңкі. Жалынды замандастарымыз талантты сазгер, марқұм Мэлс Өзбеков пен ақын Әдібай Табылдиевтың «Жазылбекшілер маршы» өлеңіне арқау болды. Ал, ол туынды жастардың бойына ғаламат қуат дарытып, еңбек үстінде шырқай жүретін шабыт шақырар әуезге айналды. Сөзі де, әуені де ерлікке, өрлікке, жасампаздыққа шақырған осы ән кейін күллі мойынқұмдық малшылардың әнұранындай әуелейтін болды.
Алпысыншы жылдардың аяғы мойынқұмдық жастар үшін шын мәнінде өсу, өркендеу жылдары болды десем, артық айтқандық емес. Сол жылдары тек мал шаруашылығында ғана емес, басқа да салаларда еңбек ететін өрен жастардың жұлдызы жарқырап, биіктей түсті. Олай дейтін себебім, өзіміз де солардың бел ортасында жүріп, небір жасампаз істердің, жарқын тірліктердің куәсі болдық. Қай салада болмасын, жастар аудан намысын қорғады. Бұл турасында мысалдар да көп. Мәселен, сол жылдары Фурманов атындағы кеңшардың механизаторы Шотай Тойбағаров қойды жедел қырқудан халықаралық жарыстың үш дүркін, Бүкілодақтық жарыстың бес дүркін жеңімпазы атанып, аудан даңқын аспандатып, омырауына «Еңбек Қызыл ту» орденін тақты. «Көктерек», Фурманов атындағы кеңшарлардың механизаторлары Әзен Аймолдаев пен Әбітай Бөлдешев «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Мойынқұмдық жастар тек еңбекте ғана емес, өнерде де, спортта да саңлақ атанып, өрге жүзе білді. «Ел іші – өнер кеніші» деген емес пе, аудан өнерпаздары «Халық театры» атағын жеңіп алды. Кәсіби режиссер Дәуіт Иманқұлов қазақ драматургтерінің бірнеше пьесаларын сахналап, конкурстарға қатысып, жеңімпаз атанды. Халық театрының өсіп-өркендеуі және көрермендер ықыласына бөленуі жолында жергілікті әуесқой актерлер Орынкүл Саршаева, Төрехан Нұрманбаев, Алпысбай Мәмбеталиев және басқа да өнерпаздардың қосқан үлестері сүбелі. Сахнаның сәні, жұртшылықтың орынды құрмет-қошеметіне бөленген жезтаңдай әншілер Зинакүл Қаймақова, Күнсая Қасымова, Гүлжахан Исаева, Нәсіпжамал Байболтаева, Айсұлу Рсалдиева, Дихан Жетпісбаева, Тілек Жақсылықова, Тұрар Бердіқожаев және ағайынды Нәжет, Рая Закировтер түрлі деңгейдегі ән конкурстарына қатысып, топ жарды. Мойынқұмның шексіз, шетсіз маң даласын шалқыған әнге бөледі.
Өнер саңлақтары лайықты атақтарды да иеленді. Солардың ішінде күміс көмей әнші Зинакүл Қаймақова «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атанды. Әсіресе, сазгер-сырнайшылар Садық Құнанбаев, Мұхан Сартов және Жұмәділ Сатыбалдиевтер ауданымыздың мақтанышына айналды. Жоғарыда аталған ауданның өнерпаз жастары аязды күні қыстауда, шіліңгір шілдеде дала қостарынан табылып, малшылар мен диқандардың, шөпшілердің көңілдерін көтеріп, қызмет ететін.
Сол уақыттарда мойынқұмдық спортшылардың да мерейі өсті. Әсіресе, қазақша күрес жанданды. Осы спорт түрінен республикамыздың бірнеше дүркін чемпионы, «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы» Рысманап Шаңлақбаевтың баулыған шәкірттері – ағайынды Ыбырай, Ораз Молдабаевтар, Әшімхан Сатыбалдиев, Оңғар Төлеубеков және Ерқадыр Жұмабаев сынды палуандар республикалық белдесулерде талай-талай шаршы топты жарып, жеңіс тұғырына көтерілген.
Кейін Мойынқұмда қазақша күрестен Жазылбек Қуанышбаев атындағы жүлдені сарапқа салған Қазақстан және Орта Азия палуандарының турнирін жыл сайын өткізіп тұру қалыптасқан дәстүрге айналды. Жыл құрғатпай өткізіліп тұратын сол турнирлерде мойынқұмдық «атан жілік» палуандардың жауырындары жерге тимеуші еді.
Өкінішке қарай, Мойынқұмның абыройын көкке көтерген атақты палуан, қазақша күрестен республиканың бес дүркін чемпионы Рысманап Шаңлақбаев жерлестерінің маңдайына сыймай кетті. Асыл азамат автокөлік апатынан қайғылы қазаға ұшырады. Бірақ, ердің есімі ұмытылған жоқ. Қазір Биназар ауылындағы палуанның өзі туып-өскен көшеге есімі берілген.
Аудандық комсомол комитетінде бірінші хатшымыз Әуесхан Мырзаханов екеуміз тізе қоса отырып, сөзбен де, іспен де тың ойлар мен соны тірліктерді зор серпіліспен бастап кеткенімізде күллі аймақ жұртшылығы ризашылық білдіретін. Жақсы лебіздер кейін де айтылып жүрді. Әуесхан екеуміз жер-жерлердегі бастауыш комсомол ұйымдары жетекшілері мен белсенділеріне арқа сүйей отырып, жұмыс атқаратынбыз. «Көктерек», Амангелді, Жамбыл атындағы «Құмөзек» және «Қарабөгет», Фурманов орта мектебі мен Фурманов атындағы кеңшарларында, Мыңарал балық зауыты бастауыш комсомол ұйымдарында Ильяс Бермағанбетов, Маяк Жидебаев, Шашақбай Дүйсенов, Жұман Әсетілдаев, Байұзақ Саурықов, Төлеген Мырзахметов, Серікбай Жақсымбетов, Исатай Әбдіраманов және Елжан Оспанқұлов сияқты жетекшілері өздерінің негізгі шаруаларымен бірге комсомол жұмыстарын да барлық талаптарға сай қатар алып жүрді. Осы азаматтар сол кезде комсомол ұйымына жетекшілік жасағаны үшін бір тиын да жалақы алмайтын. Оны қосымша тапсырма ретінде қабылдайтын. Тапсырылған міндеттерге азаматтықпен қарайтын.
Біз аудандық комсомол комитетінің беделін көтеруге баса назар аудардық. Осы орайда, аудандық комсомол комитетінің бюро мүшелерінің құрамына аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Жақан Ахатаев пен мәдениет бөлімінің меңгерушісі Хасен Ганжуевті сайладық. Ондағы мақсатымыз барлық мектептердегі аға пионер жетекшілері мен мәдениет бөліміндегі автоклуб меңгерушілерін аудандық комсомол комитетінің тізіміне алу. Оларды тағайындау жөніндегі бұйрық аудандық комсомол комитетінің жолдамасы арқылы берілетін еді.
Сол тұста жаңадан құрылған ауданда денсаулық сақтау, халық ағарту ісі жедел түрде дамып, кәсіптік-музыкалық, спорт мектептерінің саны жыл санап арта түсті. Аймақта ауыл шаруашылығы өндірісімен қатар, өнеркәсіп пен энергетика саласы да бірімен-бірі жарыса өсті.
Ауданда жергілікті өнеркәсіп комбинаты ашылып, ол сол өңірдің жағдайымен, малшы қауымының талабы және тілегімен санаса отырып, сегіз қанатты киіз үй жасап, құранды ерлерді барлық жабдығымен шығара бастады.
Осы комбинаттың жер-жердегі бөлім­ше­лерінің атқарған жұмысы аз емес. Олар­дың барлығы да ауыл еңбеккерлерінің сұраныс­та­рын қанағаттандырды.
Қатынас жолдары мен байланыс құралдарының жай-күйі жақсара түсіп, құрылыс кең қанат жайды. Аудандағы бірден-бір құрылыс салумен айналысатын 2006-жылжымалы механикаландырылған құрылыс колоннасы мердігерлік әдісті шеберлікпен меңгеріп, іскерлікпен жүзеге асырды. Колонна ұжымы үнемі Бүкілодақтық жарыста озып, туы желбіреді, аудан орталығында неше түрлі әсем ғимараттар бой көтерді. Міне, осындай іргелі істерде аудан комсомолдары мен жастарының өшпес қолтаңбасы қалды. Мұның бәрі, әрине, сол жылдардың қайталанбас тарихы.
Мойынқұм ауданында сондағы қалыптасқан жақсы әдістердің бірі – ең негізгі сала саналатын мал шаруашылығы бойынша барлық науқанды жұмыстарға бүкіл жұртшылықтың жұмыла кірісетіндері. Бұл өзі әуел бастан қалыптасып кеткен дәстүр. Енді осыған байланысты өзім білетін бір мысал да келтіре кетейін.
Бірде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков сол жылғы көктемгі төл алу науқанының қарсаңында ауданның барлық мекеме-ұйымдары мен шаруашылық басшыларын шақырып, үлкен жиын өткізді. Басқосуда ауданда мал басын көбейтудің алғышарты өз төлі есебінен өсіру екенін, ол үшін жаңа туған бірде-бір қозыны өлім-жітімге душар етпей аман асырау керектігін ерекше қадап айтты. Сөйтті де ауданның мекеме мен ұйым басшыларына шаруашылықтардың төл қабылдау жұмыстарына көмек көрсету үшін адамдар жіберу жөнінде тапсырма берді. Жиналыстың соңына таман А.Назарбеков:
– Майханов, сен ертеңнен бастап шаруашылықтарға қай мекемеден қанша адамның баратындығы жайында анықтап, олардың нақты тізімін жасаумен айналыс! Қазір аудандарымыздың қай жағына барсаңыз да, сол жерлерде комсомолдар мен жастар көп, – деп жиналған жұрттың алдында маған жеке міндет жүктеген.
Содан зыр жүгіре жүріп, аудандағы барлық мекеме басшыларының келісімімен жасаған ұзын сонар тізімді үшінші күн дегенде бірінші хатшыға алып кірейін. Айтекең қолындағы мен жасап әкелген ұзақ тізімге мұқият қарап отырды да, оның орта тұсына келгенде:
– Пәлі, жарайсың, хатшы жолдас! Мынауың­ның ішінде ауданның бірінші хатшысы Назарбековтің де қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздың аты-жөні жүр ғой, – деп маған күлімсірей қарады. Қапелімде аузыма басқа сөздің түспегені ме, жоқ әлде шыны солай ма, әйтеуір:
– Ол қыз да комсомол мүшесі ғой, – деп салдым.
– Иә, иә. Несі бар? Мұның өте дұрыс болған. Бір ай әлгі хатшы қыздардың қызметін пайдаланбаудан ешбір бастықтың ештеңесі кетпейді, түге. Ал, бұл жұмыстан ауданымызда тұратын ешкім де тыс қалуына, бой тасалауына хақысы жоқ. Сондықтан, сен қашан осы тізімдегі адамдар шаруашылықтарға бар­ған­ша ешкімнен жасқанбастан жалғас­тыра бер ісіңді. Мен сені қолдаймын. Әгәрәкім қарсылық білдірушілер болған жағдайда, ешқайда кідірместен тұп-тура маған келгін, – деп бірінші хатшы қолпаштап қойды. Айтекеңнің өз аузынан естіген әлгіндегідей сөз кәдімгідей қанаттандырады. Әжептәуір марқайып қалдым! Шынында басқа біреу емес, «дуалы ауыз» атанған Назарбековтей басшының аузынан естіген жақсы лебіз маған ұқсаған өрімдей жігітті қалай желпіндірмесін.
Қойшы әйтеуір, сол жолы бірінші хатшының кабинетінен қабағым жадырай ашылып, көтеріңкі көңіл-күймен шыққаным қаз қалпында есімде. Сондай-ақ, алпысыншы жылдардың соңына таман аудандық комсомол комитетінің кезекті пленумында комсомолдағы істеген көп жылдық еңбегім ерекше бағаланып, БЛЖКО орталық комитетінің «Комсомолдағы белсенді жұмысы үшін» деген төсбелгімен марапатталып, аудандық партия комитетінің ұсынысы бойынша облыстық партия комитетінің шешімімен Алматы Жоғары партия мектебіне оқуға кеттім.
Қазір ойлап отырсам, соның бәрі тарих. Тарих болғанда кәдімгідей жүрегіңе бір жылы сағыныш, қимастық сезім ұялататын тарих. Әсіресе, бойларында жалындары алаулаған жастармен бірге қоян-қолтық араласа жүріп асқан асуларды, бағындырған биіктерді, тіпті, кездескен қиындықтар мен кедергілерді де кей кезде аса бір қимастықпен еске алатыным бар. Бәрі де кешегідей, көз алдыңнан тізбектеліп өтіп жататындай. Өйткені, бұл біздің өміріміз ғой. Сол жалынды жылдарда өрілген өмірбаянымыз күні бүгінге дейін өзіндік арнасымен жалғасып келеді. Соған көңіліміз демделіп, мейіріміз өсе түскендей болады. Ертеңгі күнімізге жақсы үміт, берік сеніммен қараймыз.

Жәнібек Майханов,
Мойынқұм және Шу аудандарының Құрметті азаматы

ПІКІР