Жасы жүзге таяған әже вакцина алды

0 7

Шу ауданындағы Жаңажол ауылының 96 жастағы тұрғыны Ифрат Халяпова коронавирусқа қарсы екпенің екінші дозасын қабылдады. Жасы жүзге таяп қалса да жеке басының ғана емес, туыстарының да саулығына алаңдаған кейуана 12 мамыр күні «Спутник-V» вакцинасының алғашқы дозасын салдырған.

Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның учаскелік медбикесі Гүлмира Алиеваның айтуынша, Ифрат Нуруллақызының жағдайы бірқалыпты. Тұтастай алғанда Жаңа жол ауылында 2 910 адам тұратын болса, оның 1 341-і вакцина салдыруы тиіс. Бүгінгі таңда 572 тұрғын ерікті түрде екпе салдырған. Олардың қатарында Ифрат Халяпова да бар.
Ифрат Нуруллақызы Ұлы Отан соғысы кезінде де тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатуға айрықша үлес қосқандардың бірі. Сондай-ақ бұрынғы жылдары қант қызылшасымен аты шыққан Шу ауданының беделді қызылшашысы болған. Балтамырдың бабын тауып, құрметке де бөленген. Бүгінгі таңда 6 баласынан өрбіген 13 немере-шөбересінің ортасында шаттыққа толы күн кешіп отырған әжеміз аурудан айығудың жалғыз жолы – екпе салдыру екенін айтады.
– Мен екпені өзім үшін салдырған жоқпын. Артымнан ерген ұл-қыздарым мен немере-шөберелерімнің денсаулығына алаңдадым. Бұл індеттен жапа шеккендерді көзімізбен көрдік. Жақыныңнан айырылудың қаншалықты ауыр екенін жақсы білемін. Сондықтан кеш болмай тұрғанда вакцина салдырып, кеселдің жолын ертерек кесу керек, – дейді Ифрат Халяпова.
Расымен де шулық кейуананың бұл ісі көпке үлгі болуы тиіс.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.