«Жасыл Ел-Тараз»-дың мүмкіндігі қандай?

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Жасыл Ел — Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Кәсіпорын балансында 105 арнайы техника бар. Онда барлығы 680 адам жұмыс істейді. Серіктестік 78 көшеге, 42 саябақ пен скверге қызмет көрсетеді, мыңдаған көпқабатты тұрғын үйдің тұрмыстық қалдықтарын шығарады. Алдағы уақытта 22 бірлік арнайы техника, оның ішінде қоқыстасығыштар мен жүкті өзі түсіретін құрылғысы бар көліктер және басқа да құрал-жабдықтар сатып алу жоспарланған.

Кәсіпорын басшылығымен болған әңгіме барысында Бердібек Сапарбаев қызметкерлерінің алдында жалақы бойынша қарыздары бар екендігін, ол туралы әлеуметтік желіге азаматтардан тиісті өтініштер келіп түскенін баса айтты. Серіктестік директоры Сәкен Икрамов белгілі себептермен қаңтар айының жалақысы кешігіп төленгендігін растады. Алайда, бүгінгі күні қызметкерлер алдындағы берешек толық көлемде өтеліпті.
– Ешқандай қарыз болмауы керек. Жұмысшылар жалақыларын уақытылы алуы тиіс. Тараз қаласы әкімдігі мен еңбек инспекциясы басқармасы бұл мәселені ерекше бақылауға алып, қажет болған жағдайда қатаң шаралар қолдану керек, – дей келе Бердібек Сапарбаев тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Ағымдағы жылы кәсіпорынның гүл өсіретін аумағы 5 гектар болатын тоғыз жылыжайға ұлғайған. Онда ыстық климатқа төзімді алты түрлі сальвия, тагетес, циния, гвоздика, катарантус және целозия гүлдері егілген.
Өткен жылы серіктестік Таразда 1 миллионға жуық гүл ексе, ағымдағы жылы өз жылыжай алаңдарын ұлғайта отырып, 1,8 миллион түп гүл отырғызуды жоспарлауда. Сондай-ақ биыл алғаш рет аталған жылыжайларда 8,1 мың шаршы метр аумақта көгал (газон) өсірілуде.
Сондай-ақ бұл күні өңір басшысы саябақтар мен аллеяларды абаттандыру, балалардың ойын алаңдарын орнату, көпшілік демалатын орындарда спорт алаңшаларын салу жөніндегі жоспарлармен танысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.