Жасыл желек – жанға дауа

0 32

Міне, қыс етегі түріліп, өлкемізге шуағы мол көптен күткен, сағындырған көктем де келіп жетті. Бұл– табиғаттың бір ерекше керемет мезгілі. Бүкіл әлем дүр сілкініп, жасарып, жаңарып шыға келгендей сезімде боласыз. Көктем келгеннен-ақ барлық өңірде қарбалас іс басталады. Қой қоздап, қорада шу көбейіп, егіс даласында жұмыс қызады. Өзен тасып, жазиралы дала жасыл кілем жамылып, бұтақтар бүршіктеп, алуан гүлдер шешек ата бастады. Қалалар мен ауылдарда тазалық айлығы жарияланып, көшелер мен аулаларды, арық-атыздарды қоқыстан арылту, көктемгі көгеріштендіру, көріктендіру науқаны белең алды.

Бұл – сөз жоқ, күні ертең жапанды жаңғыртар жасыл ормандардың негізі қаланар тұс. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жасыл ел», яғни жас ағашты мол отырғызып, өлкелерімізді, ауыл мен қалаларымызды жасыл желекке айналдыру бағдарламасы бұл күндері еліміздің әр аймағында қолдау табуда.
Біздің облысымызда да өңір басшысы­ның қолдауымен аудан орталықтарында жасыл желекті молайтуға үлкен көңіл бөлініп келеді. Тек соңғы онжылдықта Сарыкемер, Құлан ауылдарының маңына дендросаябақтар ұйымдастырылып, бұл күндері оларда жас ағаштар көгеріп өсіп, желкілдеп бой түзеді. Бұл жас дендросаябақтар сұлу көркімен көз тартып, көңіліңді желпіндіреді. Облыс орталығы Тараз да тотыдай таранып, «Жеңіс» және «Қ.Рысқұлбеков атындағы» саябақтар облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей ұсынысы және бақылауымен қайта ретке келтіріліп, көзге көрікті ағаштар мен жасыл шымдар егіліп, өсіріліп, әр жерде субұрқақтар іске қосылды.
Енді биылғы Жастар жылында қала орталығындағы бұрынғы «Атшабар» аллеясы «Жастар» аллеясы деп өзгертіліп, заман талабына сай қайта көріктендірілуде. Бұрынғы «Колхоз базары» мен «Шахристан» маңы да қолға алынып, келе-келе қала қонақтары мен туристердің көзайымына айналатыны, қалалықтардың серуендейтін демалыс орындары болатыны жайлы хабардармыз. Жіпке тізгендей етіп айта берсек жанға жайлы жағымды жаңалықтар қаламызда аз емес. Әлі-ақ бірер жылдың ішінде шаһарымыз еліміздегі әдемі, көрікті жасыл қалалардың біріне айналарына сеніміміз зор. Көптеген ауыл маңын көгалдандыру, көріктендіру ісі біраз аудандарда қолға алынғаны қуантады. Осындай іс-шаралар басқа да аймақтарда қолдау тауып, жасыл желектер көлемі жыл сайын кеңейе берсе, көріктене түссе дейсің…

Көшеттерге күтім болса…

Тараз қаласында да бұл бағытта көптеген іс-шаралар атқарылып, қаламыз еліміздегі жасыл желегі мол шаһарлар шоғырынан көрінуде. Дендросаябақ дегеннен шығады, өткен жүзжылдықтың 90-жылдары облыс әкімі болып Амалбек Тшанов қызмет еткен жылдары қаланың батыс аймағынан көлемді жер бөлініп, онда сан түрлі ағаштар көшеті отырғызылып, айналасы қоршалған дендросаябақтың қазығы қағылып еді. Өкінішке қарай, сол басталған ілкімді істің соңы келе-келе сиырқұйымшақтанып, кейінгі әкімдерден қолдау таппай жеке кәсіпкердің меншігіне ауып кетті де, барлығы көзден бұлбұлдай ұшты. Басталған игілікті іс қолдауын таппай, тіптен кейінгі жылдары ұмыт қалды. Бұл күндері сол қоршалған аймақтан жайқалып, жапырақ жайып тұрған ағаш көзге ілінбейді.
Тараз қаласының көшелеріне тал-дарақтар көшеті егілмейді демейміз. Жыл сайын бірнеше мыңдаған ағаштар отырғызылатынын байқап жүрміз. Олардың басым көпшілігі тамырланып, жасыл жапырақтары сыбдыр қағып өсіп келеді. Мысалы, Төле би көшесінің бойында, орталық «Достық» алаңында облыс әкімшілігі төңірегінде жайқалып өсіп келе жатқан тал-дарақтар ерекше көз тартады. Бірақ өкінішке қарай, солардың біразы көп уақыт өтпей, күн ыстығына шыдамай қурап қалатынын байқап жүрміз. Оның басты себебі – күтім, баптау жоқ, әлі қамқорлық жетпейді. «Пәленбай мың тал көшетін ектік» деп жоғарыға мәлімет берумен тынады. Келесі жылы қурағандарын алып тастап, сол жерге қайта ағаш көшетін отырғызады. Өкінішті-ақ.
Қуаныштысы, Тараз қаласы жыл өткен сайын қанат жайып, өсіп-өркендеп келеді. Жаңа ғимараттар, жаңа ықшамаудандар салынуда. Сол аймақтарға да көбірек ағаш отырғызылса жөн болар еді. Қала көркі ажарланып, жаздың аптап ыстығында сая болар еді, шіркін, деп ойлайсың. Алдағы жылдары да бұл үрдіс жалғаса берсе, орынды болар еді деп тәтті қиялға берілесің.
Таяуда, наурыз айының басында облыс әкімдігінде өткен кезекті бір отырыста Тараз қаласының төңірегін жасыл желекке айналдыру мәселесі қаралып, облыс әкімі А.Мырзахметовтің ұсынысымен біраз игі іс-шаралар белгіленгенін баспасөз беттерінен оқып білдік. Ел қуантар өте құптарлық жай! Табиғаты мен ауа райы жанға жайлы оңтүстік өңірде отырып, қаламыздың сырты ашық-шашық, қаңсыған атыз-арық, берекесіздік жайлап, сәл бір жел соқса шаң-тозаң көтеріліп, ел-жұртты тұншықтырып жатқаны намысымызға тимей ме? Ой таразысынан өткізіңізші, бізде жер де, су да, күн де бар. Әттең, тек құнт жоқ. «Көреген басшылардың ұсынысы іске асып, бірнеше жылдардан соң қала маңында ондаған, жүздеген гектар жерде көз тартар жасыл желек, тал-дарақ жайқалып өсіп тұрса. Оның арасында аң-құстар тіршілік етсе, жидектер мен саңырауқұлақтар теріп, бала-шағаларымен демалып жүрген қала тұрғындарын көрсек, несі артық?» деген тәтті арман ту алысқа жетектей жөнеледі. Енді айтылған ұсынысты көпшілік қолдап, істің сәтін берсін!

Қаланың «өкпесі» қысылмасын

Көңілге бір кірбің түсіретіні, қала ішіндегі (әсіресе ықшамаудандар) бұрынғы саябақтар мен гүлзарлар, бала-шаға бір мезгіл асыр салып ойнайтын, жұрт демалатын алаңдардың көлемі қымқырылып, ағаштар қатары да селдірей түскені рас. «Пайдаланусыз бос жатқан орындар» деп осындай көрікті орындарды жанармай стансаларымен, түрлі ғимарат-кешендермен, тұрғын үйлермен тығыздап, қаланың «өкпесін» қысу белең алды. Іс бұлай жалғаса берсе, бірте-бірте саябақтарда аяқ басар жер болмай қала ма деген қауіп жоқ емес. Мысалы, Ы.Сүлейменов көшесінің басындағы, орталық «Гастрономның» маңындағы, Қазыбек би көшесінің бойындағы бұрынғы жасыл гүлзарлар бұл күндері көзден ғайып болды. Кәсіпкерлер «Жеңіс» саябағының ортасын ойып тұрып екі бірдей тойхана салды. Т.Рысқұлов саябағы да бөлініске түсіп, көлемі әжептәуір тарылды. Пушкин мен Абай көшелерінің бойындағы А.Пушкин ескерткішінің маңындағы гүлзар тұсынан да жаңа үш қабатты зәулім ғимарат бой көтерді. №1, 3, 4 және 7-ықшамаудандардағы жасыл белдеу гүлзарларға арналып жоспарланып, арнайы қалдырылған аумақтар бертін келе жекеменшік дәмханалар мен тойханаларға, дүкендер мен техника жөндеу стансаларына «пышақ үсті» үлестірілді де, қала тынысы едәуір тарылды әрі көркі бұзылды.
Иә, тізе берсек Тараз қаласының өзінен мұндай көріністерді ондап мысал келтіруге болады. Әрине, қаланың өскені, көркейгені жақсы ғой. Бірақ «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деп, тұрғындардың денсаулығына пайдалы, қалаға тыныс берер «өкпесі» деп есептелетін көкжелек аймақтардың көлемін осылай орынсыз шегере беруге бола ма? Қаланың құрылысын қадағалайтын, көкжелектерді қорғайтын тиісті мекеме қызметкерлері мен қоршаған ортаның тазалығын бақылайтын экологтар қайда қарап отыр? Әлде олар әлгі жерлерді саудаға салып отырған пысықайлар алдында шынымен де қауқарсыз ба?
Ағаш – ауаның санитары екенін еске алсақ, бұл дегеніңіз қала тұрғындарының денсаулығына немқұрайлы қарау емес пе? Қазір қанша жерден технологияның шарықтап дамыған кезеңі болса да көкжелек ағаштан ауаны артық тазалайтын құрылғы табыла қойған жоқ.
Ағаштың адам денсаулығына әсері көп. Ол адамның көңіл күйін көтеріп, бойдағы жағымсыз энергияны сіңіріп, жағымды энергия сыйлай алады. Ағаш ауаны сүзгіден өткізіп, шаң-тозаңды «жұтып», жағымсыз иісті бәсеңдетеді. Базбір ағаштар жұпар иісімен сізді емдейді. Ағаш улы газдарды өз бойына тартып, оттегі шығарады. Бұдан бөлек табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап, көшедегі шудың азаюына ықпал етеді, қалаға саялы көрік береді. Осыны түсінген басшылар тек соңғы жылдары ғана қалада бұрындары орын алған жағымыз әрекеттерді жөнге келтіру мақсатында кемшіліктерді жоюға кірісіп, ретсіз соғылған ғимараттар мен дүңгіршектерді алып тастап, қаланың байырғы кейпін калпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Оны дер кезінде түсінген аймақ басшысына, қала әкімшілігіне көпшіліктің алғысы ұшан-теңіз.
Толқынды толқын, ойды ой қуады. Осыдан бірер жыл бұрын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанын салу кезінде жол шетіндегі ондаған жылдар бойы адам қолымен күтімге алынып, көптің ерен еңбегімен өсірілген жасыл желектер аяусыз оталды. Әрине, оған негіз бар еді. Содан кейінгі жылдары әлгі автомагистраль бойында бірде-бір ағаш-тал отырғызылғанын көзіміз шалмады. Неге? Әлде оған арнайы қаржы бөлінбеген бе? Жол бойында жайқалған жасыл желек жердің, елдің көркі емес пе еді? Қазақтың «Бір тал кессең, он тал ек» дегені қайда қалды сонда?

Аңыз-әпсана не дейді?

Жас кезімде көнекөз, кәрі құлақ қариялардан естіген мына бір әңгіме есіме жиі түседі.
Ертеде бір патша уәзір-нөкерлерімен аңға бара жатып, бір белі бүкірейген қарт кісінің ағаш егіп жатқанын көреді. Патша әлгі ақсақалға бұрылып келіп сәлем беріп тұрып мынадай сұрақ қояды:
– Қария, неге сонша қиналып жатырсыз? Бұл ағаш бірнеше жылдан кейін жемісін береді. Сіздің ғұмырыңыз оған дейін жетпейді ғой, – дейді. Сонда ақсақал:
– Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін білемін. Бірақ мен аталарымның еккен ағаштарының жемісін жеп жүрмін емес пе? Ертеңгі ұрпақ та менің еккен ағаштарымның жемісін жесін, – деп жауап беріпті.
Патша қарияның айтқан жауабына аса риза болып, бір қалта алтын береді. Сонда ақсақал:
– Міне, көрдіңіз бе? Менің еккен ағашым казірдің өзінде жемісін бере бастады, – депті.
Патша бұл сөзге де риза болып, тағы да алтын береді.
– Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, – деген екен сонда ақсақал.
Осы әпсана-аңыз әңгімені еске ала отырып, қазақтың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпағанын ұғасың. Дейтұрғанмен жалпы алғанда ағаш отырғызу, оны күтіп-баптау жұмыстары біздің облысымызда тиісті деңгейде жүргізілсе екен деп ойлайсың. Тал-дарақтың өсуіне біздің оңтүстікте мүмкіндік мол емес пе? Күн нұры десең – тәубе, ол да бар. Су десең – қалауын тапсаң, ол да жеткілікті. Табиғат бар мүмкіншілікті жасап отыр ғой! Тек көп адамдарда құнт жоқ, немқұрайлылық, енжарлық басым. Ауыл-аймақтар көкжелекке малынып, көрікті болып алыстан көз тартып тұрса несі артық? Тіпті Тараз қаласының айналасына, өңір басшысы Асқар Мырзахметов айтқанындай, тал-дарақты көптеп егіп, «жасыл белдеу» жасап тастасақ, артық болмас еді ғой. Бұл ұсынысымыз көпшіліктен қолдау тауып, іске асып жатса, қанеки!

Адам мен ағаш ежелден дос

Ойлап қарасаңыз, сол тал-дарақтардың арқасында табиғат көзтартарлық жап-жасыл күйге енеді. Сол тамаша табиғаттың аясында, көкжелек ағаштардың көлеңкесінде рахаттана демаласыз, мәуеcін жейсіз. Жеміс берсін-бермесін кез келген ағаштың адамзатқа тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Адамға тіршілік үшін ең керегі ауа болса, сол ауаны жасап, тазалайтын, сүзгіден өткізіп, түрлі шаң-тозаңды өзіне тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаруда ағаш орасан зор қызмет атқарады. Халқымыз «Ауа адамсыз өмір сүре алады, адам ауасыз өмір сүре алмайды» деп бекер айтпаған. Сондықтан ағаш отырғызып, табиғатты аялау қажет. Өйткені ағаштар адамдарға жан-жақты пайда әкеледі.
Ежелгі жазбалардың бірінде «Адамдар мен ағаштарды ежелден достық пен туысқандық сезім байланыстырған. Майдан даласында қансырап жатқан жауынгер күш-қайратына қайта міну үшін еменге жүгінген. Әйел отбасы-ошақ қасында бақытты болуы және дүниеге дені сау ұрпақ әкелуі үшін жөке ағашына қарай жүрген. Бойжеткен болашақ өмірі бақытты болуы үшін қайыңға қол созған» деп жазылыпты. Онысы рас та шығар. Бүгінде биофизика ғылымы шынымен де еменнің – еркекке, жөке ағашының – әйелге, қайыңның – қызға күш-жігер сыйлайтынын қуаттап отыр. Сонымен қатар ұзақ уақыт орман ішін аралау – адам ағзасына кез келген дәріңізден де күшті әсер ететіні де дәлелденген. Көптеген халықта ертеде дүниеге бала келгенде дереу ағаш егетін салт болған. Ол ағаш әлгі сәбиге ғана арнап егіледі. Егер сәби науқастанса, кейін өсе келе, ауырған жағдайда да әлгі өзінің ағашына апарып, емдейтін болған.
Атам қазақ ежелден «Жүз жылдығын ойлаған адам ағаш егеді…» немесе «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп көкжелекті аялап, көрікті бұталар мен ағаштар отырғызуды ұрпаққа қадап айтып кеткен. Жалпы бізде кез келген ағаш жақсы өседі. Қалада ағаш отырғызарда оның түріне, өсуіне, эстетикалық көрінісіне көңіл бөлген орынды.
Қарағаш – тез тамыр жайып, жылдам өсетін ағаштардың бірі. Бірақ оның бір кемшілігі – қартайған кезде ажарсыз болады. Жел қатты соққанда қартайған қарағаш опырылып, терек морт сынып, тіпті діңгегі осал ұзын дарақ сұлап, көше қозғалысына зиянын тигізіп, көлік апатына ұшыратуы әбден ықтимал. Ағаш отырғызарда осы жағы да есте болғаны жөн. Қартайған ағаштарды дер кезінде кесіп, бұтап, орнына қалаға рең беретін жас ағаштар мен бұтақтар отырғызғанымыз дұрыс.

Ағаш егу – сүннет

Табиғатқа мейірімділікпен қараудың өзі Алла Тағала құзырындағы құлшылық һәм үлкен сауап. Алла Тағала құлдарынан жер бетін абаттандыруға және оны түрлі бүлінушіліктен қорғауға шақырады. Жәбирден (р.а.) жеткен хадисте «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уәс сәләм): «Адамның отырғызған жеміс ағашынан адамдар, жан-жануарлар немесе құстар жейтін болса, әлгі мұсылманға (отырғызған ағашы қурап қалғанша) қиямет-қайымға дейін садақа есебінде сауап жазылатын болады», делінген. «Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет-қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін», деген (Бухари, Әдеп кітабы). Бұл хадистен ағаш егудің маңызды іс екеніне көз жеткізе аламыз. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәс сәләм) «Үш нәрсе көздің нұрлануына себеп болады: жасыл желекке, ағып жатқан суға және жарқын жүзге қарау», деп айтқан.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәс сәләм) өз қолымен құрма ағашын егіп, мұсылмандарды солай істеуге шақырып: «Қандай да бір мұсылман ағаш егіп немесе егін ексе, ол егістіктен адамдар, құрт-құмырсқалар мен құстар жеп азықтанатын болса, міндетті түрде өзіне сауап ретінде кері қайтады», деп игі іске ынталандырған.
Міне, көріп отырсыздар, имандылық туралы жазылған діни кітаптарда да табиғатқа ұқыптылықпен қарап, оның көркеюіне үлес қосу жайлы көптеген мәнді, ойға салар пікірлер мол екен.
Сонау ертеректе орыстың ұлы ақыны А.Пушкин Қазақ елінің батыс аймағына (қазіргі Батыс Қазақстан – Орал облысы) сапар шеге жүріп, оның кең жазиралы алқаптарына, жазық далаларына көз тігіп тұрып: «Шіркін, егер мына өңірдің әрбір жаны жыл сайын бір-бірден тал егіп отырса, келе-келе осы кербез дала керемет жасыл орманға айналып кетпес пе еді», деп тәтті қиялға беріліпті.
Ендеше, айналамыздың көркі болған жасыл желек тал-дарақтарымызды байлығымыз деп танып, оларды қорғап, әр жылдың көктемінде ағаш отырғызуға атсалысайық, ағайын! Өйткені өзімізді қоршаған тіршілік ортасын келешек ұрпаққа бүлдірмей, ластамай, көркейтіп, көріктендіріп жеткізу – біздің басты парыздарымыздың бірі.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.