Жасыл желек – жанға сая

0 1

«Қазфосфаттықтар» фосфогипс үйіндісінің маңайын тоғайға айналдырмақ  

Салауатты өмір салтын қалып­тас­тыру­да экологиялық ахуалдың үлкен роль атқаратыны анық. Ал ол үшін айналамыздағы қоршаған ортаның ластанбауына мән беріп, соның арқасында таза ауамен тыныстауымызға өзіміз жағдай жасауымыз қажет. Онсыз да шөл және шөлейтті аймақта орналасқан өңіріміздің ауасының таза болуына осы бастан көңіл бөлмесек, зауыт, фабрика секілді өндіріс орындары немесе көліктерден бөлінген улы түтін түптің түбінде зардабын тигізбей қоймайды. Экологияны қорғау мақсатында қолға алынып жатқан облыстағы ауқымды шаралардың мәні осы.
Бұл тұрғыда «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоршаған ортаны қорғау жөнінде жүзеге асырып жатқан игілікті тірліктері баршылық. Соның бірі – әр жыл сайын тал егіп, айналаны жасыл желекке айналдыру.

Жалпы, «Қазфосфат» ЖШС-ның еліміз бойынша 7 филиалы жұмыс жасайды. Оның бірі Ақмола облысында болса, екіншісі – Түркістан өңірінде. Қалғаны Жамбыл жерінде. Серіктестіктің бас экологы Бөлеген Тілеубаевтың айтуынша, былтыр осы кәсіпорындардың аумағына және өндіріс орындарына тиесілі санитарлық қорғаныш аймақтарға барлығы 12 мың түп көшет отырғызылыпты. Мақсат – жасыл белдеу ауқымын ұлғайту. Ал биыл «Тараз орман шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 14 мың қаратал, 1 мың түп алма, шие, алмұрт секілді жеміс ағаштарының көшеттері алынған. Қаратал көшеттерінің 3 мыңы Жаңа Жамбыл фосфор зауытына тиесілі болса,
2 500-і Минералды тыңайт­қыштар зауытына бөлінген. Қалғаны өзге өндіріс орындарына жіберілуде. Ал жеміс ағаштары аталған кәсіпорындардың аумағына егілмек.
Тал көшеттерін егуді қолға алған өндіріс орнының бірі – Минералды тыңайтқыштар зауыты.
Кеше осы өндіріс орны Тараз қаласынан Жамбыл ауданына барар жолдағы арканың сол жақ бетіндегі фосфогипс үйіндісі маңында орналасқан санитарлық қорғаныс аймағына көшеттер отырғызуды бастады. Біз барғанда көшет егу жұмыстары қыза түсіпті. Минералды тыңайтқыштар зауытының бас экологы Гүлжанат Байзақова көшет егу жұмыстарына «Қазфосфат» ЖШС Жастар одағы ұйымының белсенділері жұмылдырылғанын айтады.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі бас болып жасыл белдеу мәселесін басты назарда ұстап отыр. Соның аясында еліміз бойынша қабылданып жатқан ауқымды шаралар аз емес. Соның бірі «Қазфосфат» ЖШС-ның мұрындық болуымен қолға алынып жатқан бүгінгі бастамамыз. Қазір қоршаған ортаны зиянды түтіннен қорғау және фосфогипс үйіндісінің шаң-тозаңы маңайдағы елді мекендерге ұшып бармас үшін осы санитарлық қорғаныс аймағын орманға айналдыруға ниеттіміз, – деді ол.
Жалпы, Минералды тыңайтқыштар зауытына тиесілі 400 гектар жер бар болса, соның 150 гектары санитарлық қорғаныс аймағына жатады екен. Соның кемінде 50 пайызын кәсіпорын алдағы 2-3 жылда жасыл желекке айналдырмақ. Қазір 8 гектарға көшет отырғызылуда. Бұл жұмыстар Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурыз мерекесіне дейін аяқталады деп күтілуде. Егер тиісті орындардан рұқсат берілсе, сол маңдағы каналдан су сорғысы арқылы көшеттерді суару қарастырылуда. Ал бұл мүмкін болмаған жағдайда көшеттерге суды тасып құю көзделуде.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.