Айна

Жасыл желектер қаншалықты жайқалып тұр?

Written by Aray2005

Көктем шыға жұрттың жаппай аулаға, скверлер мен әкімдік арнайы бөлген учаскелерге тал егіп, жасыл желекке айналдыру жұмысы қыз-қыз қайнайды. Бұл қазақтың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» немесе «Бір тал кессең, он тал ек» деген өсиетіне дөп келіп тұр. Елді мекендердің жан-жағы жасыл желекке оранып, тал-дарақтары жайқалып тұрса несі айып. Дегенмен осы істің көбіне аяқсыз қалып жататыны жанға батады.

Әрине, елді мекендер аумағындағы жасыл желектерді күтіп ұстау және оларды қорғауға әрбір адам жауапты. Әдетте жұрт санасында осы шаруа тек әкімдіктің ғана мойнына артылып қойғандай көзқарас қалыптасып кеткен. Жылда оқушылар, студенттер, ауыл ақсақалдары болып тайлы-тұяғымен қалмай жас көшеттер отырғызып жатады. Бірақ аудандарға іссапарға бара қалсақ, ауылдар маңындағы сол көшеттердің көбі тамыр алмай, көгермей, көктей солғанын көріп көңіл құлазиды. Экологиялық тұрғыдан алсақ, әр талдың өзінің табиғат балансын сақтаудағы мінсіз миссиясы осылай орта жолдан ойсырап жатады.
Облыстық экология департаментінің бас маманы Нұрзат Блешбаевтың айтуынша, барлық жас көшеттер, қандай меншік түріне жататынына қарамастан аймақ елді мекендеріндегі аумақтардың бiртұтас жасыл қорын құрайды және қорғауға жатады екен.
– Жасыл желектер орналасқан жер учаскелерiнiң меншiк иелерi немесе пайдаланушылары олардың жай-күйiне бақылау жүргiзіп, жас көшеттердің қанағаттанарлық жағдайын және қалыпты дамуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ кәсіпорындар, ұйымдар және жеке тұлғалар құрылыс, жөндеу және басқа да жұмыстарды жүргізу кезінде жасыл желектерін зақымданудан қоршауға алуды, көшеттерді сынуынан немесе зақымдануынан қорғауға міндетті. Қандай меншік түріне жататындығына қарамастан заңды және жеке тұлғалар елді мекендердің барлық аумақтарында тазалықты сақтау, оның ішінде аймақтарды күтіп ұстауы қажет, – дейді Е.Блешбаев.
Департамент маманы биылға облыста қанша тал егіліп, оның қаншауының өнгені жөнінде әлі нақты ақпарат жиналмағанын жеткізіп, толыққанды мәліметті күзгі инвентаризация жұмыстарынан кейін ғана бере алатынын айтты. Әзірге қолда былтырғы жағдайдың ғана мәліметі бар екен.
– Облысымыздың елді мекендерінде жыл сайын «жасыл» акциялар, сенбіліктер өткізіліп, мыңдаған жас ағаштар егіледі, аулалар мен көшелер көгалдандырылады, аллеялар пайда болады. Былтыр облыс көлемінде 285 гектар жерге 205 871 түп әртүрлі ағаш түрлері отырғызылды.
Байзақ ауданы бойынша 15 гектар жерге 14 326 түп тал-терек, Жамбыл ауданы бойынша 50 гектар жерге 44 000, Жуалы ауданы бойынша 28 гектар жерге
3 683, Мойынқұм ауданы бойынша 17 гектар жерге 13 750, Меркі ауданы бойынша 25 гектар жерге 16 515, Қордай ауданы бойынша 35 гектар аумаққа 33 550, Сарысу ауданы бойынша 25 гектар жерге 13 990, Талас ауданы бойынша 40 гектар жерге 12 000, Т.Рысқұлов ауданы бойынша 25 гектар жерге 4 110, Шу ауданы бойынша 25 гектар жерге 16 800 түп ағаш отырғызылды, – деген департаменттің бас маманы соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыс облыста жанданып, қарқын ала түскенін қоса кетті.
Жалпы, Тараз қаласы мен аудандардың берген мәліметіне сүйенсек, екі айлық барысында өткізілген сенбіліктерде облыс бойынша 126 651 дана тал-терек отырғызылса, 18 380 шаршы метр гүлзар, 9 842 шаршы метр көгал орналастырылып, 1130,3 шақырым арықтар мен каналдар тазартылыпты.
Әрине, сан мен деректерге сенсек, бәрі әдемі. Десек те нақтылы жағдайда отырғызылған көшеттердің жыл өткен сайын саялы баққа айналып жатқанын шанда бір көрмесек, көпшілік елді мекендерде қараусыз қалып жатыр. Біздің климатқа бейімделген ағаштар табиғи дымқыл мен өзінің өміршеңдігі арқасында тамыр алып, жерсініп кетіп жатқаны болмаса оларды суару жүйесі толық жетілмеуде. Сондықтан күзгі түгендеу шараларынан кейін биылғы көшеттердің күтімі қаншалықты жүйелі болғаны белгілі болмақ. Ал былтырғы отырғызылған 126 651 түп ағаштың қаншалықты бүршік жарып, жапырақ жайғаны туралы да нақты мәлімет таппадық. Егер жылда осы шамада көшет отырғызылып келген болса, ендігі Жамбыл жері ну орманға айналып кететіндей-ақ екен.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР