Жасылелдік жастар жарап тұр

0 63

Студенттердің жазғы демалысты тиімді пайдаланып, адал жолмен ақша табуына мүмкіндік көп. Мемлекетіміз жастардың қуыс кеуде болып қалмауы, елге, ұлтқа, Отанға қалтқысыз қызмет етіп, аянбай тер төгуге бейім болып өсуі үшін «Студенттік құрылыс» жасағы, «Жасыл ел» еңбек жасағы секілді ұйымдарды құру арқылы ел ертеңін еңбек дүбіріне араластыра бастағанына да біршама жылдың жүзі болды.

Биыл облысымызда «Жасыл ел» жасағының XVI еңбек маусымы басталды. Осы маусымда алға қойған мақсатты жұмыстар нәтижелі аяқталуы үшін облыс бойынша қазына қаржысынан 53,4 миллион теңге қаржы қаралыпты. Осы арқылы 985 бос жүрген және NEET жастарды маусымдық жұмысқа тарту көзделген.
Биылғы маусымды Тараз қаласының студенттік «Жасыл ел» еңбек жасағы республикалық «Естелік саябақтары» акциясы аясында облыстың бас шаһарындағы «Мамыр» саябағын көріктендіруден бастаған болатын. «Асар» оңалту-сауықтыру кешенінің айналасына 100-ге жуық ағаш көшетін де отырғызған. Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Тұрлыхан Камал мұндағы «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын сәуір айында қолға алғанын айтады.
– «Жасыл ел» бағдарламасы Елбасы,
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Осы уақыт аралығында аталған бағдарлама көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. Сонымен қатар бағдарлама жастарға «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны терең ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға мол мүмкіндік тудырды. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді. «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» деген қанатты сөзді ата-бабамыз текке айтпаған. Дамыған мемлекет жастарының белсенділігі өте жоғары екені, бар шаруа солардың жұмыла әрекет етуімен бітетіні байқалады. Осы үрдіс қазір өз елімізде де біртіндеп көрініс тауып келеді. Еліміздің гүлденуіне, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуына үлес қосқысы келетін жастардың көбейгені қуантады. Бұл бағдарламадағы басты мақсат – табиғатты қорғап, экологияны сақтаумен қатар, жастарды еңбек тәрбиесіне тартып, мемлекетшілдікке, отаншылдыққа еңбексүйгіштікке баулу.
Аталмыш бағдарлама аясында еңбек етіп жүрген жастар бүгінгі таңда көшелерді, арықтарды тазалап қана қоймай, футбол алаңдарының ауласын да тазалап, қураған ағаштарды кесіп, тал-дарақты әктеу сияқты игілікті іс жасауда үлкен белсенділік танытып жүр. «Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» деп дана халқымыз айтпақшы, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде. Биыл Тараз қалалық «Жасыл ел» еңбек жасағы арқылы 7 ай ішінде 350 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Жұмысқа 16-29 жас аралығындағы жастар тартылады. Бұл дегеніміз жұмысқа студенттер және NEET санатындағы жастар да қабылданады деген сөз. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жауынгерлері қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын, каналдарды тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп, дамуына өз үлестерін қосады. Сондай-ақ 7 ай бойы 7 ықшамауданға тазалау жұмыстарын жүргізеді. Еңбек жасақтарының жұмысы қазан айына дейін жалғасады, – деді Тұрлыхан Әлиханұлы.
Қаланың ажарын ашып, көркін кіргізу мақсатында жыл сайын жасалатын игі істің басы-қасынан табылатын, белсенді, еңбекқор жастың бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің IV курс студенті, Тараз қалалық «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Мейіржан Ермек. М.Ермекұлы жастардың еңбек майданына I курстан бастап белсене араласқанын айтады.
– Алғашқы жылы «Жасыл ел» еңбек жасағының қатардағы жауынгері ретінде игі іске өз үлесімді қостым. Белсенділігімнің арқасында келер жылғы маусымдық жұмыста оншақты адамға жауапты болдым. ІІІ курста екі бірдей отрядты басқардым. Биыл көптің қалауымен қалалық «Жасыл ел» жасағына төраға болып сайландым.

Биыл шаһардағы саябақтар мен басқа да орындардан бөлек, «Қаратау» ықшамауданының аулаларын, арықтарын, балалар ойнайтын алаңшаларын тазалап,
№5 округке қарасты барлық талдарды әктеп шықтық. Қазіргі таңда «Самал» ықшамауданының ауласын қоқыстардан тазартып жатырмыз. Сондай-ақ аталған ауданды кесіп өтетін «Қарасу» каналының екі жағалауының қамысын орып, ағын суды бөгейтін қоқыстарды сыртқа шығардық. Осы уақытқа дейін шамамен 4-5 тонна қамыс, күл-қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарды Тараз қаласындағы жоғары және арнаулы орта 6-7 оқу орнының ұл-қыздары мен 12 NEET санатындағы жас, барлығы елу адам атқаруда. Тәулігіне 8 сағат жұмыс істейтін олар қолына 60 мың теңгеге жуық еңбекақы алады, – дейді Мейіржан Ермекұлы.
Жасампаз жастардың араласуымен еңсерілуі тиіс жұмыстар облыстың барлық аудандарында да қарқынды жүргізіліп жатқаны белгілі. Қордай ауданында еңбек маусымына 65-тен астам жас өз үлесін қоспақ. Қазір 30 адам еңбек дүбіріне араласуда. Қордай аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Расул Беделбаев жастар екі лек бойынша, яғни мамыр-маусым және қыркүйек-қазан айларында ауданның экологиясы мен көркінің талапқа сай болуына атсалысатынын айтады. Аудан жастары өз жұмыстарын алдымен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне барып, олардың тұрмыстық жұмыстарына қолғабыс етуден бастапты. Қыздар үйдің ішкі жұмыстарына көмектессе, ұлдар бау-бақша тазалығын қолға алған. Тыл ардагерлері мен жалғызбасты қарттарға да осындай қамқорлық танытылып жатқан көрінеді.

Жұмыссыздық пен жұмысбастылық арпалысы жүріп жатқан қазіргі қоғамда жастардың маусымдық кезеңде уақытша болса да еңбекпен қамтылуының маңызы айрықша. Жазғы демалыста қосымша қаржы табуды ойлаған жастар үшін бастысы – олардың ақшаның қандай жолмен, қандай еңбекпен келетінін сезінуі. Ал қоғамға тигізер пайдасында есеп болмайтыны анық.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.