"Топжарған"

Жасылелдіктер жаңа маусымға сақадай сай

«Жасыл ел» — Елбасы Нұрсұлтан назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Астана қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, еліміздің барлық облыстарында бөлімшелері ашылып, жұмысын бастаған болатын. Аталмыш бағдарлама он үш жыл ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра білді. «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деген қағиданы өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, жазғы демалыстарын босқа өткізбей жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді.

Бағдарлама шеңберінде облысымызда да жыл сайын жүйелі жұмыс жалғасын тауып келеді. Нәтижесінде жыл сайын көптеген көшелер абаттандырылып, тал-дарақтар отырғызылуда. Ал, биыл бұрнағы жылдардағы көрсеткіштер тағы да еселене түспек. Бұл тұрғыда қатысушылардан құжат қабылдау сәуір айының алғашқы онкүндігінде басталып кеткен болатын. Қазіргі таңда еңбек жасақтарының қатарына қосылуға тек студенттер ғана емес, жұмыссыз жастар да қызығушылық танытып отырған көрінеді.

– Ағымдағы жылдың 10-12 мамыр күндері Көкшетеу қаласында «Жасыл ел» республикалық еңбек жасақтарының ХIV маусымының ашылу салтанаты өтті. Шара барысында өзімнің де бірқатар ұсыныстарымды, кейбір түйінді мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын ұсындым. Жалпы, бұл салада мәселе жетіп артылады. Тек біздің облыста ғана емес, бірқатар өңірлерде де солай. Өзімнің бұл қызметке кіріскеніме де көп бола қойған жоқ. Дегенмен, студент кезімде жасақтың қатарында өзім де болғандықтан, саланың жұмысын бес саусағымдай білемін деуге болады. Сондықтан, алдағы уақытта жүйелі жұмыс жасап, сенімге селкеу түсірмеуге тырысамын.

Ал, маусым облысымызда осы айдың соңында ашылатын болады. Алайда, қазірдің өзінде қалада «Жасыл ел» жасағының қатарына қосылған студенттер шаһарымыздың көркеюіне өздерінің үлестерін қосуда. Әлі оқу жылы аяқталмағандықтан, жастар түске дейін сабақта болып, түстен кейін жұмыс жасайды. Маусым салтанатты түрде ашылғаннан кейін туған қаламыздың ажарын арттыруға бағытталған тірліктерді жандандыра түсетін боламыз. Ең бастысы облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы барынша қолдау танытса болғаны, – дейді республикалық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының облыс бойынша төрағасы Әлібек Мұратбаев.

Қазірдің өзінде қала бойынша 240 жас білек сыбана іске кірісіп, шаһардағы орталық саябақтар мен көше бойларында тазалық жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, жасақ қатарындағы жастардың бірі, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Аружан Жарқынхожаева қаланың таза болып, жасыл-желекке айналуына үлес қосу әрбір облыс тұрғынының парызы деп санайды.

– Іздеген адамға қазір жұмыс көп. Студент­тердің өзі даяшы, сатушы сынды жұмыстар істеп, сабақты қатар алып жүруге болады. Бірақ, ондай жағдайда тек өзіңнің қара басың үшін ғана жұмыс жасайсың. Ал, біз қазір үлкен мақсат жолында еңбектеніп жатырмыз. Бізге Ниетқалиев және әл-Фараби көшелерін тазалау сеніп тапсырылған. Жасақта былтыр да жұмыс істеп, қосымша табыс таптым. Ешқандай мәселе болған жоқ. Жалақымызды уақытылы алып, қолымыздан келгенше еңбек еттік. Қазіргі айлық табысымыз 28 мың теңге.

Меніңше, «Жасыл ел» — тек патриотттардың, елін сүйетін азаматтардың орны. Әр адам, әр жас өз елінің патриоты болуы керек. Осы орайда, аянбай еңбек етіп, өз туған жерінің мәртебесін көтеру әрбір замандасымыздың, ел болашағы саналатын жастардың міндеті, – дейді А. Жарқынхожаева.

Сол секілді 2001 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен құрылып, жұмыс істей бастаған студенттік құрылыс жасақтары да елімізде құрылыс жұмыстарын жүргізетін іргелі ұйым ғана емес, жастардың бойына отансүйгіштік сезім қалыптастыратын қозғаушы күш болып табылады. Облысымызда жыл сайын құрылатын студенттік құрылыс жасақтары да осы күнге дейін бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарында өз қолтаңбаларын қалдырып, жемісті еңбек етуде. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының студент жастар және жастар ұйымдары бөлімінің басшысы Ділмұрат Хамрақұловтың айтуынша, қазіргі таңда қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан 412 студент жасақталып, медициналық тексеруден өтіп жатқан көрінеді. Оқу жылы аяқталғаннан кейін құрылыс нысандарына аттанады. Ендеше, еліне пайдасын тигізер кезде аянып қалмайтын жастардың жаңа еңбек маусымындағы жұмысы жемісті болғай!

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР