"Дін"

Жат ағым жарға жығады

Written by Aray2005

Бүгінгі қоғамның күрделі мәселелерінің бірі діни сенім арқылы жат ағымдардың астыртын әрекетін жүргізуі болып отыр. Сондықтан да бұл бағытта бақылау шаралары күшейе түсуде. Апта басында облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысы білім саласындағы наным-сенім төңірегінде өрбіді.

Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова төрағалық еткен жиында облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова баяндама жасады. Ол өз сөзінде өңірдегі білім беру нысандарындағы мұғалімдер мен оқушылардың діни ұстанымдарын зерделеу нәтижесіне тоқталды. Бақылау барысында «Иеогова куәгерлерінің» қатарында жүрген және «Таблиғи жамағат» бағытын ұстанатын мұғалімдердің бары анықталыпты. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаровтың айтуынша, «Таблиғи жамағатқа» біздің елде тыйым салынған. Алайда көрші қырғыз елінде ондай шектеу жоқ. Сондықтан қырғыз елімен шекаралас аймақта қоныстанған кейбір тұрғындар сол ұстанымнан әлі арыла алмай жүрген көрінеді.
Баяндама тыңдалғаннан кейін Сұлушаш Сәтбекқызы жүргізілген сараптаманың көңіл толарлықтай емес екенін айтып, белгілі болған кемшіліктермен күресу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлов кейбір ата-аналар жұмысбастылықтан баласына толыққанды тәрбие бере алмағандықтан, мешіттің дәрісіне өз келісімдерімен әкелетіндерін айтты. Теріс ағымға алданатын балалар мешіттен шықпайтынын, керісінше дұрыс діни сауат ала алмағандықтан ғаламтор секілді сыртқы ақпараттардың салдарынан арбалып қалатынын түсіндірді.
Ал «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» мекемесінің директоры Серікбол Берікқожа орамал, хиджаппен күрескендей, қыздардың қысқа белдемшесіне де қатаң тыйым салынбаса, ұлағатты ұрпақ тәрбиесінен қол үзіп қалатынымызды ашына жеткізді.
– «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кері келмесін десек, мектеп оқушыларының киіміне қойылған ережедегі белдемше ұзындығын сақтауды талап етуді ұсынамын, – деді елдің ертеңіне алаңдаған жас депутат.
Кеңес отырысы талқыланған мәселелер бойынша орындалуға тиісті тапсырмаларды бекітумен қорытындыланды.

Қамар Қарасаева

ПІКІР