Жат ағымның жетегінде кетпейік!

0 0

Қазіргі қоғамда дін мен саясат, Ислам мен лаңкестіктің ара-қатынасын ажыратып талдау ерекше маңызға ие болды. Себебі кейбір азаматтарда дәстүрлі фундаменталды діни түсінік болмауынан экстремистік және террористік ұйымдардың арбауына түсіп, қыршыннан кетуде. Ең сорақысы мың төрт жүз жылдық тарихында «бейбітшілік пен бағынушылықтың діні» ретінде көрінген Исламды бас-аяғы отыз-қырық жылдың ішінде лаңкестік пен содырлыққа байланыстыратын түсінік қалыптасты. Жиырма жыл бойы дінаралық төзімділік пен рухани келісім саясаты жүргізіліп келген біздің елімізде, соңғы бірнеше жылдың ішінде күтпеген жерден діни сипаттағы лаңкестік пен содырлық актілер орын алды.

Исламның «саясилануының» салдарынан исламшылдық, ислам идеологиясы, фундаментализмі, догматизмі, радикализмі, джихадизмі және тағы басқа терминдер мен сөз тіркестері кең қолданысқа түсіп, қоғамтанушылар тарапынан бұл күрделі құбылысты шынайы ғылыми тұрғыда зерттеудің қажеттілігімен қатар кедергілерін де тудыруда. Діни білімсіздіктен туатын исламофобия да, саясатта жасырын қолданылатын «жұмсақ күштер» де белгілі дәрежеде қоғамда паранойя құбылысын тудырады.
Дегенмен, бұл мәселеге қатысты 2011 жылы бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумының ашылуында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық БАҚ-тың дискредитациялауына, демонизациялауына алаңдаушылық білдіріп, «Бейбітшілік пен қайырымдылықтың, төзімділік пен әділеттіліктің діні ретіндегі» Исламның жағымды бейнесін қалыптастыруға күш-жігер жұмсаудың қажеттілігін айтты. Ешқандай дін адамды қыруға, жоюға шақырмайды. Керісінше мейрімділікке, кешірімділікке, адамдарға ізгі іс істеуге үндейді.
Енді лаңкестікпен күресудің тиімді жолдарына келер болсақ, ең алдымен діни иммунитет қалыптастырып және мемлекеттің араласуымен бұл қауіпті құбылыстың құқықтық өрісін шектейтін заңнамалық жолын қатаңдату керек. 2011 жылы 11 қазанда ҚР «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданды. Заң – заманның талабы екені рас. Аталмыш құқықтық құжат, тұтастай алғанда, дер кезінде қабылданды. Ол бір жағынан адам мен азаматтың ар-ождан бостандығына, әркімнің ішкі сеніміне қол сұқпай, екінші жағынан мемлекеттің зайырлылық ұстанымын сақтай отырып, жаппай дінмен әуестенудің «балалық ауруына» тосқауыл қоя біліп, деструктивті діни бағыттардың саяси сипат алып, жайылуына кедергі болады.
Осы заңның шеңберінде Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мамандары және қалалық жастар ресурстық орталығы дін проблемаларын талдау секторының теолог, дінтанушы мамандары қала бойынша азаматтарға діни иммунитет қалыптастыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, теріс діни ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарды оңалтуда. Тек осы саладағы мамандар емес, жалпы қоғам болып күрескенде ғана біз экстремизм мен терроризмге тосқауыл қоя аламыз.

Т.Тойшыбаев,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі
саясат бөлімінің сектор меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.