Жатақхана тұрғындарының жанайқайы

0 3

Тараз қаласындағы Төле би даңғылының бойында орналасқан №4 және №8 мекенжайындағы жатақхана тұрғындарының күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмытып, үрей құшағында отырғандарына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, бір жақ қабырғалары құлауға айналған қос жатақхананың жайын айтып бармаған жері, баспаған тауы қалмаған көрінеді. Осы уақытқа дейін табанынан таусылып, тауы шағылған тұрғындардың Тараз қаласы әкімдігіне өкпесі қара қазандай екен.

Әрине көрмей-білмей жатып бірдеңе деу қиын. Сондықтан да мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында жатақханаға арнайы барып, жағдайды өз көзімізбен көрдік. Расымен тұрғындар айтса айтқандай-ақ, екі жатақхананың да күншығыс жағындағы қабырғаларының кірпіші әбден мүжіліп, тіпті кейбір тұстары түсіп те қалған екен. Алғашында қызыл кірпіштен қаланған қабырға жаңбыр мен еріген қар суының салдарынан мүжілген болар деген ой келген. Бірақ жағдай мүлдем біз ойлағандай емес екені жатақхана тұрғындарымен тілдесу барысында белгілі болды.
– Осы жатақханада тұрып келе жатқаныма 18 жылдың жүзі болды. №4 жатақханада 130 шақты пәтер бар. Қазіргі таңда барлық пәтерлер жекешеге өткен. Осыдан он жыл бұрын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көптеген олқылықтың орны толғандай болған. Кейін екі жатақхана да кондоминиум нысаны болғандықтан арнайы компания ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Шынын айтқанда бұл жұмысқа көңіліміз мүлдем толмады. Әйтеуір шатырды жақсы жауып кетті. Ал әжетханаға жүргізілген жөндеу жұмыстары мүлдем талапқа сай емес. Кезінде сан мәрте айтып, ескерттік те. Бірақ сөзімізге құлақ асатын жан табылмады. Негізі әр қабатқа ортақ бір әжетханадан қойылған. Әжетханаға қойылған құбыр мүлдем кішкентай. Құбыр талапқа сай болмағандықтан жиі-жиі бітеліп қалып, қаншама жылдан бері әуре-сарсаңға салуда.
Талай мәрте Тараз қаласы әкімдігіне де, «Nur Оtаn» партиясы облыстық филиалына да бардық. Хат та жаздық. Өкінішке қарай бұл амалдарымыздан әзірге ешқандай қайран болмай тұр, – дейді тұрғын Камила Кашкеева.
Ал 9 баланың анасы, №8 жатақхананың тұрғыны Жұпар Манкеева кезінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген компанияның салғырттығының кесірінен қазір үлкен қиындыққа тап болып отырғандарын айтады.
– Екі жатақхана да 1950 жылдардың соңында бой көтерген. Одан бері де қаншама уақыт өтті. Күрделі жөндеу жұмыстарының қажет екендігі анық қой. Дегенмен жыл сайын тұрғындар өзіміз мүмкіндігіміздің жеткенінше жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Тұрып жатқаннан кейін таза ұстау міндетіміз.
Ал осыдан 7-8 жыл бұрын екі жатақханаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін естігенде бір қуанып қалған едік. Өкінішке қарай «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыптының» кері келді. Сапасыз жұмыстың нәтижесінде бүгінгі таңда үйіміз құлауға айналды. Әжетханадан аққан су қабырғаларды әбден тоздырып барады. Егер дәл осылай жалғаса берсе қабырғалар құлап, қаншама тұрғын баспанасыз қалады ғой.
Ал өз бетінше құбырды жөндеп, қабырғаны бүтіндеуге тұрғындардың көбінің мүмкіндігі жетпейді. Кезінде жүргізілген жөндеу жұмыстарының қарызынан әлі де құтылмағандар бар, – дейді Жұпар Манекеева
Тағы бір көпбалалы ана Райхан Әлімжанова комиссия тексергенімен, ешқандай шара қолданбайтынын, «жарамды» деп баға берумен ғана шектелетіндерін айтып, іштегі қыжылын жеткізді.
Енді қандай қарекет жасарын білмей шақшадай бастары шарадай болған тұрғындарды алдағы жағдайы қалай боларын білмекке Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөліміне қайырылдық. Бөлім басшысы Ғазиз Ералиев екі жатақханаға мемлекет тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілмейтінін ашық айтты.
– Бүгінгі күні екі үй кондоминиум обьектісі ретінде тіркелген. Ал 2012 жылы аталған екі үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Негізі жөндеу жұмыстарына кеткен шығынды тұрғындар қайтаруға міндетті болатын. 2019 жылы тұрғындар қарызынан құтылып бітті. Бірақ әлі де қарызды қайтармағандар баршылық.
Кондоминиум обьектісі болғаннан кейін екі нысан мемлекеттің теңгерімінде жоқ. Әр пәтердің меншік иелері бар. Қазіргі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, әр пәтер иесі сол үйді күтіп ұстауға міндетті. Ал онда заң талаптары сақталып отырған жоқ. Екі үйдегі пәтерлердің 40 пайызы заңсыз жалға берілген. Әжетхананы жалпы пайдаланады. Онда тазалық сақталмайды. Қажетін өтеп қана қоймай, неше түрлі затты тастайды. Мәселен үш-төрт жыл бұрын канализациясы бітеліп қалып, тазалау барысында құбырдан жылқының тоқпан жілігі шыққан. Міне соның кесірінен су дұрыс ақпай, сыртқы жағында кірпіштер мүжіліп жатыр.
Өткен жылы жатақханаларға Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын. Сейсмикалық қорытынды бойынша, екі үйде апатты жағдайда деп табылған жоқ. Күрделі жөндеу қажет деп шешім шығарылған.
Жалпы бұл үйлер жекеменшік тұрғын үй болғандықтан мемлекеттік бюджет есебінен жөндей алмаймыз. Егер күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілетін болса, біріншіден халықтың 70 пайызын өз қалтасынан төлеуге келісімі керек. Хаттамамен 70 пайызға келісім жасап, қандай жөндеу жұмыстары жүргізілу керектігін анықтап, мердігер ұйымды тауып, жобалық-сметалық құжатты әзірлеу қажет. Біз серіктестік тарапынан қайтарымды қаражат есебін­де жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайынбыз, – дейді бөлім басшысы.

Екі тарапты да тыңдап түйгеніміз, жатақхана тұрғындарының жанайқайы құр айқаймен емес, тек бекітілген заңмен шешіледі. Ал мәселенің түйінін тезірек тарқатып, ертеңгі күні қиын жағдайға тап болмас үшін жатақхана тұрғындарының жұмылған жұдырықтай бірлесіп әрекет етуден басқа амалдары жоқ. Ал өз кезегінде әкімдіктің тиісті сала мамандары тұрғындарға тығырықтан шығудың жолдарын көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, жағдайдың әрмен қарай ушығуына жол бермес еді.

Т.Берікбайұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.