Жатақхана жайы – жіті назарда

0 22
Бүгінде ел азаматтарының едәуір бөлігін құрайтын жастарды мазалайтын жайттар аз деп айтуға келмейді. Дегенмен мемлекеттің болашағы ретінде сенім артылып отырғандықтан олардың тұрмыстық және өзге де мәселелерін шешуге барынша назар аударылып отыр. Әсіресе жұмысқа орналастыру, баспанамен қамту және білімін шыңдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ретте облысымызда да кешенді шаралар қолға алынған. Олардың бірқатары «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында жүзеге асуда. Аталған жұмыстың аяқ алысы кеше өткен партия облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі кеңес отырысында сөз болды.
Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған кеңеске партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов, кеңес мүшелері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, белсенді студенттер мен еріктілер қатысты. Басқосуды облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты және кеңес төрағасы Уәлихан Болатбек ашып, жүргізіп отырды.
Кеңестің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – өңірдегі жастар саясатының орындалу барысы жайында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа баяндады. Оның айтуы бойынша, Жол картасын жүзеге асыру 2 тармақ бойынша жүргізіліп жатыр екен.
– Атап айтқанда, басқармаға «Jasyl el» еңбек жасақтарын ұйымдастыру арқылы жазғы кезеңде кемінде 1 мың жасты жұмысқа орналастыру және жастар арасындағы жұмыссыздық үлесін 2,6 пайызға дейін төмендету міндеті қойылған.

Бүгінде «Jasyl el»-ге облыстық бюджеттен 53,4 миллион теңге бөлініп, жұмыссыз және NEET санатындағы азаматтар маусымдық жұмыстарға тартылуда. Қазіргі уақытта еңбек жасақтарында 697 жас еңбек етіп жатыр. Жыл соңына дейін 1 мың жасты тарту көзделуде, – деген Серікбол Қайратұлы Жол картасында қойылған екінші талап орындалып үлгергенін айтты.
Жалпы жұмыссыз жастар санын азайтуға басымдық беріп отырған басқарма жыл соңына дейін бас-аяғы 6 мың жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартпақ. Сондай-ақ NEET және пробация тізімінде тұрған жастарды жолға салу мақсатында 16 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 655 азамат екі қолға бір күрек тауыпты.
Ал жастардың кәсіпкерлік әлеуетін шыңдау үшін «Бастау бизнес» жобасы аясында 869 жас оқытудан өтіп, 18-і грант, 104-і шағын несие алған. Ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 1 068 адам мемлекеттік гранттың жеңімпазы атаныпты.
Келесі кезекте басқарма басшысы жастарды баспанамен қамту мақсатында қолға алынып жатқан «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасына кеңінен тоқталды.
– Бүгінде аймақ жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған бағдарламаның жобасы әзірленіп, облыс әкімдігінде мүдделі мекемелермен талқыланды. Оған сәйкес жергілікті бюджеттен 1 миллиард және «Отбасы» банкінен қосымша 1 миллиард теңге бөлініп, 220 жасқа дейін тұрғын үймен қамтуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда әкімдікте айтылған ескертпелерге сәйкес толықтырулар енгізілуде. Жоба тамыз айында қоғамдық кеңес пен облыстық мәслихаттың қарауына енгізіліп, қыркүйекте бекітіледі деп жоспарлануда, – деді С. Берікқожа.
Баяндама аяқталған соң кеңес мүшелері аталған бағдарламаны қызу талқылады. Мәселен, «Turaninfo» сайтының редакторы Исламбек Дастан бағдарлама талаптарына келіспейтіндігін және оларды қайта қарау қажет екенін айтты. Ал «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әйгерім Дәулетбаева бағдарламаға мүмкіндігі шектеулі жастардың да қатысуына жағдай жасау туралы ұсыныс білдірді. Өз кезегінде басқарма басшысы барлық айтылған мәселелер назарға алынып, қосымша жауап берілетінін жеткізді.
Басқосу барысында аймақ студенттері арасындағы жатақхана тапшылығын шешу жайы да қозғалды. Аталған мәселе бойынша алғаш сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әкімшілік-шаруашылық мәселелер жөніндегі проректоры Сабыржан Мұсаев баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде университет «Қаржы орталығы» АҚ және «ПИКО» ЖШС-мен үшжақты келісім жасап, 516 орынға арналған 5 блоктан тұратын жатақхана құрылысын жүргізіп жатыр екен. Қазіргі уақытта жұмыс 90 пайызға аяқталып, әрлеу және абаттандыру қолға алыныпты.
– Құрылыс 2019 жылы басталған. Жалпы нысанның аумағы1,5 гектарды құрайды. 5 блокта студенттерге қажетті барлық жағдай жасалған. Бүгінде төсек жабдықтары, тұрмыстық техника, жиһаздар және асханаға қажетті қондырғылар толығымен орнатылған. Жоспар бойынша биылғы оқу жылының басында пайдалануға беріледі, – деді Сабыржан Алтынбайұлы.
Баяндамашыға сауал жолдаған кеңес төрағасы У.Болатбек былтыр аяқталуға тиіс болған құрылыстың не себепті 2 рет кейінге шегерілгенін және студенттер үйі пайдалануға берілсе, оқу ордасындағы жатақханаға деген сұраныстың қаншалықты қанағаттандырылатынын сұрады. Өз кезегінде университет проректоры құрылыс жұмыстарының алғашқы кешігуіне қажетті материалдардың болмауы себеп болғанын, ал екінші шегеруге еліміздегі карантиндік жағдайдың қатаңдануын себеп қылды. Сондай-ақ нысан пайдалануға берілген соң оқу орнында бірде-бір студент пәтер іздеп сенделмейтінін айтты.
Жатақхана жетіспеушілігі мәселесі турасында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов та баяндады.
– Облыста қызмет ететін 46 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінің 17-сінде ғана жатақхана бар. Онда 2 840 студент орналасқан. Бүгінде өңір бойынша тағы 750 орынға қажеттілік бар. Бұл мәселені шешу мақсатында Тараз қаласында құрылысы ұзақ жылдар бойы аяқталмай тұрған нысанның меншік иесімен келісімге отырып, оны 1 100 студентке шақталған жатақханаға айналдыру бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Онда бір ғана емес, облыс орталығындағы бірнеше оқу орнының студенттері орналастырылады. Атап өтер жайт, жобаға қаражат салып отырған инвесторға онда орналасқан әр студент үшін қаржы төленеді. Нәтижесінде 1 100 студенттің ешқайсысынан жатар орны үшін ақы алынбайды, – деген Талғат Салханұлы жатақхананы қажет етпейтін оқу орындарының жайына да тоқталып өтті.
Мысалға, №16 Жуалы колледжінде білім алатын студенттердің барлығы осы ауданда тұратын болғандықтан оқу ордасының теңгеріміндегі 4 қабатты екі ғимарат жергілікті әкімдіктің теңгеріміне берілген. Олар күрделі жөндеуден өтіп, аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй есебінде берілмек.
Кеңес отырысы барысында жастар тарапы өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, оған нақты жауап алды. Жиынды қорытындылаған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов жастар мәселесі күн тәртібінен ешқашан түспейтінін жеткізді.
– Бүгінгі уақытта жастардың белсенділігі жоғарылап келеді. 25 шілде күні өтетін ауылдық округ әкімдерінің сайлауына «Nur Otan» партиясының атынан 31 азамат үміткер ретінде тіркелсе, соның 8-і жастар. «Жас келсе – іске» демекші, олардың ұмтылыстары құптарлық. Сонымен қатар облыс әкімдігі басқармаларының және өзге де бөліністік мекемелерде білімді, білікті жас азаматтардың басшылық қызметте отыруы болашаққа деген үлкен сенімді оятады.

Бүгінгідей басқосуда өздеріңізбен жүздесіп, қордаланған жайттарды ортаға салып, талқылау– олардың шешілуіне септігін тигізетін фактор. Тіпті шешілмесе де аталған түйткілге биліктің назарын аударуға жол ашады. Осындай келелі отырыстарда баршаңызды белсенділік танытуға шақырамын деді, – Дауыл Ынтықбайұлы.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.