Sport

Жатақхана «жыры»

Бүгінде студенттерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Әсіресе, білім алу жүйесіне оңды өзгерістер енгізіліп, жастардың тынысы кеңейе түсуде. Десе де, жамбылдық жастардың жанына жатақхана мәселесінің батып тұрғаны жасырын емес. Осы орайда, жуырда «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Қалың қалай, студент?» атты республикалық жоба жанданып, өңір-өңірлердегі студенттер үйі зерделеуден өткен-ді. Бұл сынақтан облыстағы жоғары оқу орындарының жатақханалары сүрінбей, жоғары баға алды. Дегенмен, партия облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері бұл бастаманы одан әрі жандандыра түсіп, университеттерге ғана емес, арнаулы орта оқу орындарына да саралау жұмыстарын жүргізуде.

Жалпы, бұған дейінгі республикалық зерделеу студенттер арасында сауалнама жүргізу негізінде жүзеге асқан. «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбектің айтуынша, сауалнама арқылы олар студенттердің жатақханадағы өмірінен мол мағлұмат ала алған екен.

– Сауалнамадағы сұрақтар қарапайым білім ордасының аты мен білімгердің тегін толтырудан басталып, кезең-кезеңімен күрделене түсті. Алғашқы ақпарат алғаннан кейін, біз студенттерге жатақхана ішіндегі жағдайларға қатысты сауалдар қойдық. Ал, бағалау «Оқу орнында әлі қанша студент жатақханаға мұқтаж?», «Осы мәселені университет тарапынан шешу жолдары бар ма?», «Студенттер үйіндегі бөлмелер стандартқа сай ма?», «Әр қабатта қосалқы және санитарлық-техникалық құралдар бар ма?», «Жатақханадағы төсек-орындар уақтылы жаңартылып отыра ма?» деген сынды критерийлер бойынша жүргізілді. Және жатақхананың әр бұрышы суретке түсіріліп, республикалық топқа жіберілді. Нәтижесінде Тараз қаласындағы жоғары оқу орындары күрделі жөндеуден өткендіктен, республика көлемінде жоғары бағасын алды. Енді біз бұл межеге тоқмейілсімей, университеттерден бөлек, колледждердегі жатақханалардың да жайын көзбен көруге бел буып отырмыз, – дейді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы.

Апта басында ең алдымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттер үйінде болған зерделеу тобы мұнда жастарға жасалған жағдайды көзбен көрді. Жатақханада ұлдар мен қыздарға арналған жатын, жуыну бөлмелері, асхана, мәжіліс және дене шынықтыру залдары талапқа сай жасақталған. Білім ордасында 6 000 студент оқитын болса, соның 1 500-і жатақханадан қоныс тапқан. Мұндағы бір мәселе – кітапхана қорының аздығы. Десе де, университеттің 3-курс студенті Аида Айтөренің айтуынша, жатақхана жастардың жылы ұясына айналып отыр екен.
– Бір бөлмеде үш адамнан тұрамыз. Оқу жылы аяқталғанда әркім өз бөлмесін әктеп-сырлауға, яғни жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндетті. Оған жұмсалатын материалдық шығын университет есебінен төленеді. Үйден қатынап оқитын студенттерге қарағанда мұнда бізге сабақ оқуға, сабақтан кешікпеуге қолайлы. Кешкі сағат 23.00-ден кейін сыртқа шығуға тыйым салынған. Жалпы, студенттің нағыз қызықты шағы жатахқанада өтеді деп ойлаймын, – дейді ол.

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің жатақханасында болса, қазір 460 студент тұрып жатыр. Бұл оқу орнында білім алып жатқан білімгерлердің 6/1 бөлігі. Жатақханаға жауапты қызметкер Фариза Асылқызының сөзіне сүйенсек, жылда 300-ге жуық өтініш берушіге мұнда орын бұйырмай қалады екен.

– Биыл біз 1-2-курстың студенттеріне көптеп орын бердік. 3-4-курстың студенттерін қабылдаған жоқпыз. Нәтижесінде 300-ге шамалас білімгерлеріміздің өтініштері қанағаттандырылмай қалды. Бұл мәселені көтеріп жүргенімізге көп болды. Алайда, әлі шешімін таппауда. Нәтижесінде бар орынды бөліп беріп, жұмыс жасап жатырмыз, – дейді Ф.Асылқызы.

Зерделеу тобына түскен студенттердің өтініш-тілектері де осы сыйымдылық мәселесіне қатысты болды. Ал, студенттер үйіне келсек, мұнда жатын орындардан бастап, тынығу, жаттығу, жуыну бөлмелері мен асханасы стандартқа сай салынған. Сондай-ақ, жатақханада жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін шахмат, «Айша бибі» қыздар клубы үйірмелері де жұмыс жасауда. Мұнда кітапхана қоры жеткілікті. Және компьютерлер ғаламтор желісіне қосылған. Ал, жатақханадан қосымша жатын орындар ашу мәселесі бойынша ТарМПУ-дың тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Орынқыз Көпбосынқызы мәлімет берді. Проректордың айтуынша, өткен жылы қосымша бес қабаттық бір жатақхана салу үшін 16 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленген екен. Алайда, институттың университет дәрежесін алғаннан кейін бұл жоба жеке қаржыландыру бойынша жүзеге аспай қалған. Сол себепті, енді білім ордасы бұл бағыттағы жұмыстарға демеуші тарту жағын қарастыруда. Егер жоспарлары толықтай орындалса, ТарМПУ жастарын жатақханамен қамту мәселесі толыққанды шешілмек.

Иә, жалпы жатақхана тапшылығы бұған дейін де сан мәрте айтылған-ды. Тіпті, бір жылдары мемлекеттік қаржыға үлкен студенттер үйін салу бастамасы да көтерілген болатын. Алайда, түрлі себептерге байланысты кейінге шегерілді. Дәл сондай, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің басшылығы да былтыр жаңа жатақхана соғатындықтарын айтқан еді. Бірақ, бұл бастама да әлі жоспар күйінде тұр.

«Жасотандықтардан» құралған зерделеу тобы енді колледждердегі жатақханалардың жайымен таныспақ. Онда күрмеуі қиын мәселелер күтіп тұрғаны даусыз. Бұл жайында газетіміздің алдағы нөмірлерінде жазатын боламыз.

С.ЖАПАРҰЛЫ

ПІКІР