"Шабыт"

Жатақханадағы жас ақындар кеші

Written by Aray2005

М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жатақханасында жас қаламгерлердің әдеби шығармашылық кеші өтті. Әртүрлі бағытта қалам тербеп жүрген жас ақындар өнеріне замандастары оң бағасын берді. Шығармашылық кештің өз деңгейінде өтуіне «Парасат» клубының жетекшісі Күлзия Әбдір мен филология және журналистика кафедрасының аға кураторы Зәуреш Қойгелдиева бастаған оқытушылар қауымы атсалысты.

Кеш барысында өнерге деген құрметтің шексіз екендігі әдебиет сүйер қауымның ыстық ықыласынан-ақ көрініп тұрды. Шараға белсене қатысқан жас өрендердің басым бөлігі поэзия жанашырлары екен. Қаламдарына тіл бітірген ақындардың ішінде дәстүрлі поэзияның қолдаушысы Жұматай Көксубай мен айтыс өнерінің жас жүйріктері Шапағат Әбдір және Ербол Елхат ерекше көзге түсті. Кейде жаңбырдың сыбдырындай нәзік үнмен жаныңды жылытатын, бірде бұлттармен таласып еркіндікке ұмтылған өлеңдердің өміршең болатыны ақиқат. Қалтқысыз сәттердің куәгері болып, жаныңмен сезініп, сол дүниенің тамырын басқанда ғана поэзия дүниеге келеді дейді қаламгерлер. Кафедра меңгерушісі Күлзинат Қарымбаева шығармашылық кештен кейін өзінің студенттік кезеңдеріне қайта оралғандай әсерде болғанын жасыра алмады.

ПІКІР