Жауһар жәдігерлерге жұлдыз жауған түн

0 79

Ғұснижамал ғазалдары мәңгілікпен үндескен ғашықтардың мың бір түні, бабалардың балбал тасқа сіңіп кеткен болаттай төзімі, даналардың сөзі, дәуірлердің өзі осынау мұражайдың қазыналы сыр сандығында сақтаулы. Онда адамзаттың даму кезеңдерінен бастап, ұлт болып қалыптасу, ел болып еңсе тіктеу, тәуелсіздікке жетіп, рухымызды асқақтату сәттерінен сыралғы сыр шертетін қаншама жәдігер жатыр десеңші. 18 мамыр – халықаралық музей күні мерекесіне орай облыстық тарихи-өлкетану музейі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Музейдегі түн» мәдени-білім беру акциясын ұйымдастырды.

Бұл мереке 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген болатын. Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілді. Уақыт өте келе игі дәстүр елімізде де жалғасын тапты. Елімізде орын алған пандемияға байланысты «Музейдегі түн – 2021» мәдени-білім беру акциясы биыл онлайн форматта, музейдің және басқарманың «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде өтті.
Мұражай мұраларын заман талабына сай насихаттау, өлке тарихының алтын қазынасын келесі мыңжылдықтарға жеткізу жолындағы қызметтерін жалғастыра отырып, еліміздің биік руханиятын, озық мәдениетін жұртшылыққа таныту мақсатында ұйымдастырылған шара көпшіліктің көңілінен шығып, өскелең ұрпақтың таным аясын кеңейтуге тағы да зор үлесін қосты. Жалпы музей қоғам мүшелеріне, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін ғылыми-мәдени және рухани мекеме болғандықтан, бүгінгі тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарының ұлттық сана сезімінің өршіл болып қалыптасуына және оларды отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін қазіргі заманға сай, ғылыми негізде жүйеленген музейлердің атқаратын қызметтері зор.
Осы негізде ұйымдастырылған дәстүрлі «Музейдегі түн» акциясы «Төрткүл» керуен сарайында бастау алып, облыстық тарихи-өлкетану музейінде жалғасын тапты. Алдымен ашық аспан астында өткен шара барысында «Көне Тараздың құнды жәдігерлері» атты археологиялық, «киелі Қазақстан» атты коллаж түріндегі және «Тараз – тарихтың алтын діңгегі» суретшілердің, қолөнер шеберлерінің көрмелері қойылды. Ал дәстүрлі шараның негізгі бөлігі тарихи-өлкетану музейінде өтті.
Онда «Шығыс базары» көрмесі, шоу-дефиле, хакім Абай мен жыр алыбы Жамбылдың туындыларынан «Тақырыптық кітап» көрмесі, «Тарихи дәуірлердің жанданған кейіпкерлері» сынды шаралар көпшілік назарына ұсынылды. Музейдің экспозициялық залдарында тарихи тұлғаларымыз «Алтын адам» мен«Томирис» бейнесі сомдалып, «Қазақ хандығы» және «Айша бибі мен Қарахан» театрланған қойылымы көрсетілді.
Сонымен қатар келушілер назарына шағын концерттік бағдарлама мен музей туралы түсірілген арнайы бейнесюжет ұсынылды.

Н.ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.