Жауапкершілік артпай, жұмыс жүрмейді

0 9

Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барған облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков аудандық орталық кітапхананың «Білім» залында аудандық мәслихаттағы депутаттық корпустың өкілдерімен, аудандық қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесінің төрағаларымен кездесу өткізіп, пікір алмасты.

Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков ашып, сөзді облыстық мәслихаттың хатшысы М.Сарыбековке берді.
– Құрметті әріптестер, өздеріңіз білесіздер, 2021 жылдың қаңтар айында болған Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқаны өткен болатын. «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» демекші, бұл жолғы сайлаудың бұрынғы сайлаулардан өзгешелігі сол, саяси науқан жаңа форматта өтті. Сайлауды өткізу жөніндегі заңнама да жетілдірілген, жан-жақты ойластырылған саяси науқанның барысына өздеріңіз де куә болдыңыздар.
Облыстық мәслихат депутаттарының құрамы қайта жасақталып, жаңарды. Демек, атқаратын жұмысымыз да жаңа заманға сай жаңа форматта өрбуі тиіс.
Халық атынан депутат болып сайлану үлкен мандат болып саналады. Халықтың мұң-мұқтажын жергілікті атқарушы билікке жеткізу, депутаттық сауал жолдау да үлкен маңызға ие. Осы мақсатта мемлекет саясатының негізінде биылдан бастап барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының құзыретін күшейтіп, жауапкершілігін арттыру мақсатында «Жергілікті мемлекетті басқару және өзін-өзі басқару» туралы ҚР Заңына өзгерістер енгізілуде. Әлбетте, бұл құжатта депутаттардың атқаратын жұмысы мен жауапкершілігі жөнінде жаңа статустар мен міндеттер белгіленбек.
Жалпы айтқанда, мәслихат депутаттары халықтың ортасында жүріп, жергілікті жердегі мәселені дер кезінде жергілікті атқарушы билікке немесе құзырлы орындарға жеткізіп отырса, ел ішіндегі әлеуметтік мәселелердің шешілуі де жеделдей түсетін еді, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.
Келесі кезекте аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, индикаторлардың орындалуы туралы баяндады.
Кезек сұрақ-жауапқа, пікір алмасуға берілді. Онда ең алдымен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев сөз алып, былтыр ауданда бірқатар мемлекеттік бағдарламалар арқылы инфрақұрылымдарды дамыту, басқа да атқарылған жұмыстардың барысына, тұрақты жұмыс орындарын ашу жайына кеңінен тоқталып, өкінішке қарай, бірқатар кемшіліктер мен олқылықтардың орын алғанын айтты.
– Былтыр Жуалы ауданында су тоғандары қайта жөндеуден өтті. Бірнеше шақырым ауыларалық және ауылішілік жолдар салынды. Менің айтпағым, мысалы, бір ғана Қарасаз ауылдық округіндегі «Береке» су тоғанының өте сапасыз жөнделгені жанымызға батады. Жақында қатты жауыннан бөгетті су шайып кетіп, тоған қайта жарамсыз жағдайда қалып отыр. Сондай-ақ аталған ауылдық округтің орталығында көшеге жүргізілген суағарлардың (лотоктардың) сапасыз салынғандығы және бар. Міне, осы ретте мемлекеттің қаржысын тиімді пайдалану мәселесі өзінен-өзі туындап отыр. Ең бастысы, құрылысты, жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігерлердің жауапкершілігін арттырып, оларға қойылатын талаптарды да күшейту қажет деп есептеймін. Бұл мәселелерде жергілікті мәслихат депутаттарының да рөлін күшейту жағын ойластырған дұрыс деп санаймын, – деді Сейітхан Шерелханұлы.
Жиын барысында айтылған мәселелер, атап айтқанда, мәслихат депутаттарының құзыретін кеңейтіп, жауапкершілігімен қоса беделін арттыру, мердігерлердің мемлекет алдындағы жауапкершілігін қарау жөнінде әңгімеге араласқан аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, Жуалы ауданынан облыстық мәслихатқа сайланған депутаттар Керімқұл Бегалиев, Әлімбек Жұмабаев жүйелі пікірлер айтып, талқыланған тақырыпқа өз ойларын қосты деуге болады. Сондай-ақ бұл басқосудың барысында атқарылып жатқан жұмыстарға қоғамдық бақылауды күшейту үшін тиісті заңнамалар қабылдау, депутаттар мен жергілікті қоғамдастық мүшелерінің құзыретін кеңейту, тексеру мен зерделеуге қатысты заңнамаларды жетілдіру туралы тұшымды пікірлер бір арнаға тоғысты.
Облыстық мәслихаттың хатшысы М.Сарыбеков ауданға жасаған сапары барысында даңқты қолбасшы, Кеңес одағының Батыры Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейіне, «Бурное сүт компаниясы» серіктестігіне және «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне арнайы ат басын бұрды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.