Жауапсыздық жарға жығады

0 4

Инвестиция – ел дәулетін еселеудің кепілі. Игілігі мол инвестициялық жобалардың жүйелі жүзеге асырылуының нәтижесінде бүгінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті артты. Ал инвестициялық көрсеткіштердің артуына «2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы тікелей ықпал етуде. Бағдарлама аясында 2010-2014 жылдары өңірде 123,3 миллиард теңгені құрайтын 33 жоба іске асырылып, 4958 жұмыс орны ашылған. Ал 2015-2019 жылдары жалпы құны 52 миллиард теңгені құрайтын 31 жобаның тұсауы кесіліп, 1900 жұмыс орны құрылған.

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, жүздеген жобаның бағын ашқан баянды бағдарлама аясында ағымдағы жылы 9,7 миллиард теңгеге 9 инвестициялық жоба іске асырылып, 515 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы 2020-2025 жылдарға жалпы құны 1,9 триллион теңгені құрайтын 37 инвестициялық жоба енгізілген. Жобалар аясында сегіз мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Басқарма басшысының айтуынша, бұдан бөлек облыстық индустриаландыру картасын өзектендіру мақсатында қосымша жалпы құны 41 миллиард теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаның енгізілуі жоспарланып отыр.
Сала мамандарының атқарған жүйелі жұмысының арқасында ағымдағы жылдың бес айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 98,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,1 пайызға артыпты. Салынған инвестицияның 60,1 пайызы ішкі инвестиция (59 миллиард), ал 39,9 пайызы сыртқы инвестицияны (39,2 миллиард теңге) құрайды. Сондай-ақ меншікті инвестиция көлемі 77,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,5 пайызға артып отыр.
– 2021 жылы негізгі капиталға 421 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Жоспар ҚР Премьер-Министрімен бекітілген. Нысаналы индикаторға қол жеткізу мақсатында 2021 жылы бірқатар жобалар жемісті жүзеге асырылуда.
ҚР Премьер-Министрімен келісілген меморандумға сәйкес 2021 жылға тікелей шетелдік инвестиция көлемі 47 миллиард теңге (110 миллион АҚШ доллары) болып белгіленді. Бұл көрсеткішке қол жеткізу мақсатында облысымызда шет елдік инвесторлардың қатысуымен құны 1,9 миллиард теңгеге 12 инвестициялық жоба іске асырылады. Жалпы облыста 2021-2025 жылдары 2,9 триллион теңгеге 107 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарлануда.

Облыстағы инвестициялық жобалардың дер кезінде іске асуын қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 68,8 миллиард теңгеге қолдау көрсетіліп, 300 гектар жер учаскесі конкурссыз бөлінді.
Бұдан бөлек, облысымызға инвесторларды тарту бойынша «Жамбыл облысының инвестициялық қолдау шаралары мен мүмкіндіктері» атты каталог әзірленіп, ҚР Сыртқы істер министрлігіне және елшілерге жолданды. Нәтижесінде шетелдік компаниялар өңірімізде жобаларын жүзеге асыруға ниет танытып отыр, – деді А.Сейсебаев.
Сонымен қатар басқарма тарапынан жобаларды іске асыру барысында туындауы ықтимал мәселелерге тұрақты талдау жүргізіліп келеді. Бүгінде 68 жобаның өзекті мәселесі өз шешімін тауыпты. Сондай-ақ 27 жобада қаржылық, инфрақұрылым жүргізу және 12 жоба бойынша жер мәселесі туындап отыр екен. Аталған мәселелер бойынша басқарма тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Ал баяндаманы тыңдап шыққан Бердібек Машбекұлы «Ислам даму банкі», «Еуропалық қайта құру және даму банкі» секілді халықаралық қаржы ұйымдарымен және елшіліктермен жұмысты ширату керектігін баса айтты.
– «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мүмкіндігі үлкен. Сондықтан мекемеден ұтымды, ұтқыр ұсыныстар болуы керек. Өкінішке қарай корпорация қалың ұйқыда. «Агромашхолдинг КZ» акционерлік қоғамымен бірігіп жұмыс істеп, тырма, соқа секілді техникалық құрылғыларды шығару туралы бір жыл бұрын тапсырма берілген. Айтылған сөз айтылған жерде қалды. Егер дәл осылай жұмыс істесеңіздер, әлеуметтік дүкендеріңіз де жуырда жабылады.
Сол секілді облыстық кәсіпкерлер палатасы да кәсіпкерлермен күнделікті жұмыс істеуі тиіс. Кәсіпкерлерді барынша қолдап отыруы қажет. Алмас Өскенбайұлы, кәсіпкерлер палатасының да жұмысы сылбыр. Жап-жас жігіттер бастық болып келеді. Одан кейін отырғаны не істерін, неден бастарын білмей. Артылған міндетке, тапсырмаға жауапкершілікпен қарау керек, – деді Б.Сапарбаев.
Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша басқа да өзекті мәселелер қаралып, аймақ басшысы тиісті жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.