Жамбыл жаңалықтары

Жайбасарлық жетістікке жеткізбейді

Облыс әкімі алты айдың қорытындысы бойынша аудан басшыларына бірқатар жұмыстарды жүйелеуді тапсырды

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін бағамдау мақсатында барлық аудандарды аралап, қорытынды жиыны Тараз қаласында түйінделді. Айта кету керек, облыс әкімі жұмыс сапары барысында ең бірінші жыл басында барлық аудан әкімдерімен бекітілген нысаналы индикаторлардың орындалуын басты назарға алған болатын. Нәтижесінде, осыған дейін Жамбыл, Байзақ, Қордай, Шу, Талас, Сарысу аудандарында міндеттелген меже көрсеткіші кері кеткені, әсіресе, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларындағы табыс көңіл көншітпейтіні белгілі болған-ды. Қалған өзге аудандарда да әр сала бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар өз жүйесін таппағаны анықталып отыр. Асқар Исабекұлы осы олқылықтардың орнын толтыруды жауаптыларға баса ескертіп, өз міндетіне «жүрдім-бардым» қарағандарды сын тезіне алды. Ендігі мәселе, жыл басында бекітілген міндетті межелер алдағы тоғыз айдың қорытындысына дейін орындалуы тиіс.
Ал, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Меркі, Жуалы аудандары мен Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты алты айдың қорытындысы бойынша қалыптасқан жағдай төмендегідей.

Құланда Тегін Тыңайтқыш сатып, теңге табатындар бар

Т.Рысқұлов ауданы жыл басында белгіленген межелердің деніне қол жеткізіп, тоғыз көрсеткішті орындауда ғана олқылыққа жол берген. Өткен жылмен салыстырғанда да бірқатар салаларда айтарлықтай өсім бар. Ауданның дамуында да оң динамика сақталып отыр. Сәйкесінше, аудан өз әлеуетін мүмкіндігінше пайдалануда. Үш бағыт бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде «қанағаттанарлық» бағасы берілгенімен, аймақ­та шешімін күткен шаруалар да жоқ емес. Олардың бірқатарын актив жиынында облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев баян етті.
– Бүгінгі таңда жер телімін алу кезегінде аудан бойынша 2 831 азамат тұр. Биылғы жылы 650 жер телімінің берілуі жоспарланған. Аталған мәселені шешу мақсатында жаңа алқаптарды белгілеп, инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша жұмыс жүргізу қажет. Білім саласы бойынша Қарақат ауылындағы Октябрь шаруа орта мектебінде спорт зал, пән кабинеттері, мәжіліс залы және қазандықты газбен қамта­масыз ету жобасы келісімшартқа сәйкес, 2014 жылы маусым айында басталып, сол жылы қыркүйек айында аяқталу керек болған. Сондай-ақ, ауызсу саласы бойынша Ақыртөбе ауылында су жүйесінің құрылысы келісімшартқа сәйкес осыдан бес жыл бұрын аяқталуы тиіс еді. Әйтсе де, бұл екі жоба бойынша бүгінге дейін сараптаманың қорытындысы алынбай отыр, – деген басқарма басшысы тағы екі жобаның сметалық құжаттарын мемлекеттік сатып алу конкурсына қоюда облыстық басқармадан келісім болмағанын жеткізді.
Дегенмен, ауданның ауыл шаруашылығы саласында ауыз толтырып айтатын жетістіктер жетерлік. Бүгінгі таңда, ауданда 3 400 гектар суармалы жер бар. Жеті кооператив тіркелсе, оның бесеуі ет, екеуі сүт бағытында жұмыс істеуде. Биыл бес жүз гектарға қант қызылшасын отырғызған, әлеуетке сай оны екі есеге дейін өсіруге мүмкіншілік мол екен. Алайда, егін шаруашылығына бейім ауданның кейбір шаруа­лары облыс басшылығы тарапынан шешілген тегін минералды тыңайтқышты көрші Қырғыз Республикасының шаруаларына сатып, пайдаға кенелмек болған фактілер анықталған. Асқар Исабекұлы осы жөнсіздікті қатаң сынға алды.
– Мен ақпан айында осында іссапармен келгенде тыңайтқыштармен қамту деңгейін 4000 тоннаға жеткіземіз деп уәде бергенсіңдер. Ал кейін жоспар 2 000 тоннадан аспай қалды. Сол тыңайтқыштың өзін көрші елдің шаруаларына сатып, пайдаға кенеліп жатқан шаруалар бар екен. Бұл неге бақылаусыз қалған? Бұл ретте де құрылыс саласындағыдай шаруашылықтардың да «қара тізімін» құру керек. Сосын ондай шаруашылықтарды сол тізімге енгізіп, барлық жеңілдіктерден, субсидиялардан айырып, жазалаған дұрыс. Осыны өздеріңіз тексеріп, шара қабылдап, жүйелеу керек едіңіздер. Біз келіп, сіздерге айтпасақ, бұл келеңсіздіктермен кім күреседі? – деген Асқар Мырзахметов сексен пайыздық субсидиямен қазылып жатқан отыз жеті ұңғыманың қажеттіліктеріне назар аударуды ескертті.
Сонымен қатар, ауылдық округтер маңынан 220 мың гектар жайылымдық жердің қажеттілігі туындап отырғаны белгілі болған. Аудан басшылары оның жартысын шешуге болатынын айтып ақталғанымен, бұл бағытта ешқандай талдау шаралары, нақты жоспардың жоқтығы көңілді күпті етті. Елді мекендер төңірегіндегі жайылымдық жерлердің тапшылығы жыл өткен сайын өзектілігі артып бара жатқанын тілге тиек еткен облыс басшысы ауданның сылбыр жұмысын сынға алды.
Ауызсу мәселесі де ауданның «бас ауруына» айналғандай. 42 елді мекеннің 25-іне ауызсу құбырлары тартылғанымен, оның екеуінде ғана тұрғындар толығымен тіршілік көзін тұтынуда. Алайда, отыз мыңға жуық халық тарифтің қымбаттылығына байланысты көшелеріне келген ауызсудың игілігін көре алмауда. Бұл бағытта облыс басшылығы тарапынан шешілген жеңілдікті ауылдықтарға жеткізуде түсіндіру шараларының әлсіздігі көзге ұрып тұр. Тіпті, бір ауылдық округтің әкімінен басқасы оның қандай жеңілдік екенінен мүлде хабарсыз кейіп танытты. Ал, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров ол туралы аудандағы тиісті басшыларға әлдеқашан мәлімет бергенін айтып, тек ары қарай түсіндіріп, мәселені шешуге құлықсыздық танытқан тұлғаларға тәртіптік шара қолдану керек деген ұсынысын жеткізді.
– Біз бұл мәселені тиісті орындармен келісе отырып елу пайыздық жеңілдікпен шешу жолын қарастырғанбыз. Яғни, көшедегі ауызсуды үйіне тарту құны 90 мың теңге болса, жеңілдікпен 50 мыңға кіргізе алады. Егер елдің бәрі бұдан хабардар болса, 30 мың халық қуана келісер еді. Бірақ, жауапты мамандар бұл бағытта жұмыс жүргізбеген. Бәрін қағаз бойынша қатырып қойған ешкімге керек емес. Ең бірінші тұрғындардың тілегіне, жанайқайына айналған осындай өзекті мәселелерді шешу керек. Сонда жұмыс көрінеді, – деді Асқар Исабекұлы.
Көгілдір отын тартуда да осындай кемшіліктер бар болып шықты. Нәресте өлімінің, алаяқтық қылмыстың өсуі, санитарлық тазалықты сақтамау секілді мәселелер жиын барысында кеңінен көтерілді. Белгіленбеген жерге қоқыс тастау деректері бойынша 259 ескерту жасалғанымен, бірде-бір рет айыппұл салынбағаны күмәнді ойға жетелейтіні тағы сөзсіз.

Меркіде мүмкіндік мол, алайда…

Меркідегі межелі міндеттердің орындалмауына ауданның әлеуетін пайдаланып, жемісті жұмыстар жүргізуге ынталылардың болмауы сеп болуда. Мәселен, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы сан сауалға тиісті орынбасар мен бөлім басшысы қисынсыз жауап беріп, қиыспайтын сылтауларды алға тартқаны көңілді күпті етті. Бос жатқан ауыл шаруашылық жерлерін айналымға енгізу көрсеткіші 43 пайыздан аса алмағаны, егістік жерлерді мақсатты пайдалану жұмысы да ақсап тұрғаны қынжылтты. Алты кооператив бар десек, оның екеуі жұмыс істемейді. Саланы қаржылай қолдау шаралары қарқынды деп айтуға ауыз бармайды. Екі ірі сүт зауытының жүктемелігі 50 пайызға да жетпейді. 227 гектар жер сұрап отырған шаруаларды қанағаттандыру ісі де ілкімді емес.
Не керек, экономиканы дамытудағы негізгі бағыттарының бірі саналатын ауыл шаруашылығына бейім аудандағы саланың ахуалы мәз емес. Бірқатар индикаторлық көрсеткіштер салыстырмалы түрде өсімге ие болғанымен, әлеуетті өңірдің мүмкіншілігі мүлде ескерусіз қалғандай. Облыс басшысы бұл мәселелерді жіті назарға алып, өз салалары бойынша көкейтесті көп сауалдарға жауап бере алмаған басшыларды сынға алды.
– Ауданның әлеуеті мол. Бірақ, жұмыс жоқ. Екі ғана сүт өңдеу зауыты болғанымен, олардың өзі жүктемесінің жартысын да орындай алмауда. Оған не қолбайлау болып отыр? Қосымша кәсіпорын салмай-ақ қой, қолда барды ұқсата білсеңдер болды. Әр ауылдан бір кооператив құрып, осы бағытта жүйелі жұмыс атқаруға қауқарлысыңдар десек те, бұған ешкім бас ауыртқысы келмейді. «Бәрін жасаймыз, жұмыс жүргіземіз» деген құрғақ уәдеге тойдық. Жұмыс жасаймыз деп жүргенде жарты жыл артта қалды. Қайда атқарылған шаруалар? – деді А.Мырзахметов.
Агросектордан бөлек, ауданда кәсіпкерлік сала­сында да жұмысқа тежеулер көп. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10-ақ пайызға орындалса, кәсіпорындардың қажеттілігін зерделеу мақсатында ешқандай сауалнама жүргізілмеген. Сондай-ақ, табиғатты қорғау саласына да серпіліс керектігі байқалды. Аудандағы отыз елді мекеннің он төртінде қоқыс тастайтын полигон жоқ болса, тағы тоғызында бар полигондардың қоршауы орнатылмағаны анықталған. Жасыл белдеу негізінде көгеріштендірілген аумақтың арамшөпке тұнып қалғаны да фотосурет арқылы дәлелденіп, көшеттерді күтіп-баптауда дәрменсіздік танытып отырғандардың жауабы тыңдалды.
Жиында сөз алған аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков орын алған кемшіліктердің себеп-cалдарына тоқталып, кейбір мәліметтермен келіспейтіндігін айтты. Сонымен қатар, Мейірхан Азатұлы аудан мен ауылдық округтер арасындағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысын бағалап, төменгі орындағы тұлғалардың қызметі­не сәйкестігі қаралатынын, жұмыстарды жүйелей­тініне сендірді.

Мойынқұмда мәселе аз емес

Мойынқұмдық шенеуніктердің де экономиканы дамытып, шаруашылықты шалқытуға мойны жар бермеген. Бір кездері мал шаруашылығымен өркендеген ауданның бүгінгі аxуалы сын көтермейді. Жартыжылдықтың қорытындысы қаралған аудан әкімдігінің актив жиналысында бұл мәселелер жан-жақты қаузалды. Жыл басында белгіленген межелі индикаторлардың он бірі орындалмаған аймақтағы агросектордың барлық бағыты кемшіліктен көз ашпай отыр десек, асыра айтқандық емес. Тіпті, кейбір жұмыстар тұралап қалған. Атап айтар болсақ, өсімдік шаруашылығын өркендетуде міндетті межеге қол жеткізілмесе, қолданылмаған егістік алқаптарды игеру 50 пайыздан аспаған. Бұл орайда, игерусіз жатқан 3 694 гектар Биназар, Кеңес, Бірлік, Қызылтал, Қызылотау, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай ауылдарына тиесілі десек, оның 653 гектары 59 шаруа қожалығының жерлері болып шыққан. Минералды тыңайтқышпен қамту шаралары әлі күнге қолға алынбаған. Ет өндіру 30-ақ пайызға орындалған. Сондай-ақ, тіркелген бес кооперативтің төртеуі енді ғана жұмысын бастауда, несиелендіру ісінде де ілгерілеу байқалмайды. Ауданда әлі күнге бірде-бір қайта өңдеу кәсіпорнының жоқтығы жанға батып тұр.
Осындай олқылықтарды жіпке тізгендей баяндаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев егістік жерлерді игеруге құлықсыздық танытқан ауылдық округ әкімдерінің жұмысқа сәйкестігін қарауды ұсынды. Саладағы өзекті жайттар туралы өңір басшысы Асқар Исабекұлының сауалына жауап берген аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетов өзіне қатысты кейбір жұмыстардың барысынан мүлде xабарсыз болса, тағы бірінде сан түрлі сылтаулар айтып, ақталып бақты. Тиісті бөлім басшысы да мардымды жауап бере алмады.
– Басқарма басшысының ұсыныстары xаттамаға енгізіледі. Мен мамыр айында іссапармен келгенде ауданның ортасын кесіп ағатын Шу өзенінің әлеуетін пайдаланып, суармалы егістік жерлердің көлемін ұлғайту мүмкіншілігін зерделеуді ескерткенмін. Ол бойынша он бесінші шілдеге дейін жоспар құруды тапсырған едім. Тапсырма орындалмаған. Суармалы жерлерді игерудің де нақты шаралары, жоспары бекітілмеген. Минералды тыңайтқыштарды алуға ешкім қызығушылық танытпаған. Басты саладағы ешқандай көз сүйсінетін көрсеткіштерді көріп тұрғаным жоқ. Демек, жұмыс жасалынбаған. Сонда жауапты аудан басшылары, азаннан кешке дейін не істейсіңдер? Ауылдық округ әкімдері не қарап отыр? – деген Асқар Исабекұлы қайта өңдеу кәсіпорнын салуға ешкімнің ынта танытпағанына да қайран қалды.
Бүгінде ауданның білім саласындағы мекемелерін азық-түлікпен қамту үшін 136 миллион теңге бөлінген болса, бұл бағытта жекеменшік үш кәсіпкер керекті азық-түліктерді жеткізумен айналысуда. Олар ауданда сүт, ет секілді басқа да керекті өнімдерді өндірушілер болмаған соң аталған тауарларды дүкендерден сатып алуға мәжбүр.
Ауданның кәсіпкерлік саласында да тұралау көп. Оған төрт кәсіпорынның тоқтап тұрғанын, 21 кәсіпорынның паспорты әзірленбегенін, олар жайлы нақты мәліметтердің түзілмегенін айтсақ та жеткілікті.
Тұрғындарды таза ауызсумен қамту бойынша жиырма елді мекеннің он төртіне орталықтандырылған су құбыры жүйелері тартылғанымен, бар-жоғы екі ауылда ғана бұл мәселе жүз пайыз шешімін тапқан. Қалған елді мекендердегі 9 231 xалықтың көшесінен жүргізілген құбыр болса да, тіршілік көзін өз үйіне тартуға тариф қымбаттылығы тежеу болып отыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров арнайы субсидияның жеңілдік жолдарынан тұрғындардың xабарсыз екендігін тілге тиек етті. Бұл бойынша ауданның тиісті бөлім басшысы xабардар болғанымен, түсіндіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізбеген. Тіпті, қажет кезде бөлім басшысының жұмыс орнынан табылуы, ұялы телефонын көтеруі де мұң екен. Осыған орай, басқарма басшысы жұмысты жүйелей алмаған бөлім басшысының қызметіне сәйкестігін қарастырып, оның орынбасары мен аудандық «Мөлдір» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысына сөгіс беру ұсынысын білдірді.
Сонымен қатар, аудандағы балық шаруашылығын дамытуда, жұмыспен қамту, санитарлық тазалықты сақтау, көгеріштендіру шараларында да мәселелер шаш етектен. Білім, денсаулық сақтау саласында кездесіп отырған түйткілдер де жоқ емес.
Жиын соңында облыс басшысы кемшіліктерді жоюды тапсырып, ұсыныс-шешімдер хаттамаға енетінін жеткізді.

Жуалыдағы жұмысты жандандыру қажет

Жерұйықты іздеп өткен Асан қайғы бабамыз Жуалыны көргенде «Жерің семіз, қарың мол, қадіріңді егін салған ел білер» деп бағалаған екен. Шынында да, облысымыздың оңтүстік-батысындағы Жуалы ауданы егіншілікке қолайлы, шаруашылыққа ыңғайлы аймақ. Сондықтан да, ауданның агросектордағы әлеуеті жоғары. Десе де, осы мүмкіншілікті жуалылық шаруалар толығымен пайдаланып, қыруар табысқа кенеліп отыр дей алмаймыз. Қолда бар әлеуетті ұқсатып, ұйымдастыруда аудан басшылығының жүйесіз жұмысы көңілді күпті етеді. Бұл мәселелер облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің аудан активімен кездескен жиында жан-жақты айтылды.
Басқосуда ағымдағы жылдың алты айында ауданның сан-саласында атқарылған жұмыстар сараланып, үш бағыт бойынша талқыланды. Өткен жылмен салыстырғанда бірқатар көрсеткіштерде аз-маз өсім болғанымен, жыл басында белгіленген облыс әкімі мен аудан әкімі арасындағы жасалған келісімді индикаторлардың үшеуі орындалмаса, облыстық басқармалар мен аудан әкімдігі арасында жасалған межелі міндеттердің тоғызына қол жеткізілмеген. Соның ішінде, төртеуі ауыл шаруашылығы саласына қатысты болып отыр.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев ауданның минералды тыңайтқышпен қамтылу жоспары бар-жоғы 20 пайызға ғана орындалғанын, фосфогипске бірде-бір сұраныс берілмегенін, техниканың 40 пайызы ескіргенін ашып айтты. Сондай-ақ, аудан қой мен ешкі басын арттыруда, ет өндіруде тиісті индикаторға жете алмаған. Ал, сүт бағытында жұмыс жасайтын үш кәсіпорын өзінің толық жүктемесіне шыға алмай отырғандығы осы бағыттағы жоспарлы шаралардың жоқтығынан десек қателеспейміз. Биыл оныншы тамызға дейін сүт бағытында сегіз кооператив құру керек болғанымен, ауданнан басқармаға бұл туралы әлі ешқандай мәлімет түспеген. Несиемен қамту шаралары да ойдағыдай емес.
Бүгінде жуалылық шаруа қожалықтар 10 мың гектар жайылымдық жерге зәру десек, жеке шаруаларға 176 мың гектар жайылымдық жер керектігі анықталған. Егістік жерлердің электрондық картасын әзірлеуді де аудан әлі күнге тиянақты қолға алмай, өзге аудандардан көш кейін қалып қойған. «Тараз былғары аяқ киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытына мүйізді ірі қараның терісін өткізуде де аудан ешқандай нәтиже көрсете алмаған.
Асқар Исабекұлы саладағы осы секілді сылбыр жұмыстарды сынға алып, жауаптылардан түсініктеме алды. Кездескен кемшіліктер бойынша аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев «сұлу сандар» мен сылтауларды қанша жерден алға тартқанымен, нақты жауапқа келгенде тосылып қалды. «Жұмыс жасаймыз, жыл соңына дейін бәрін қалпына келтіреміз» деген ол, жұмысты әйтеуір бір жақсартатынына сендіруге тырысты.
– Жуалы ауданы облысымыздағы агросектордағы әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Бірақ, сол мүмкіндікті пайдалана алмай отырсыңдар. Ет өндіру ісі бойынша жоспар жоқ. Өндірушілер мен сауда орындары арасында келісімшарт жасасуды тапсырғанмын, ол да орындалмаған. Әлеуетті ауданда бар-жоғы екі ғана ет өндіру цехы бар. Сүт өңдеу кәсіпорындары өзінің толық қуатына шыға алмай отыр. Ол бойынша ешқандай жоспарлы жұмыстарың жоқ. Толық қуатына шыққан күнде де, оның өнімін өткізуде кедергіге тап боласыңдар. Оған қатысты қандай шаралар атқару керектігін де алдын ала ойласу керек. Оның жолдарын қарап, жоспары түзілуі қажет. Бұған ешкім бас қатырғысы келмейді. Тек индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткіздік деп қарап отыру ешкімге керек емес. Атқарылып жатқан жұмыстар бар шығар, бірақ осындай өзекті мәселелерді шешу – басты назарда тұру керек, – деді А.Мырзахметов.
Ауданның өзге салаларында да олқылықтар аз емес болып шықты. Атап айтар болсақ, ветеринария саласында маман тапшылығы, санитарлық-тазалық шараларындағы жүйесіздіктер, 399 шаруашылықтың жер учаскелеріне жер кадастрын жүргізу мен тіркелу шаралары жасалынбағаны солардың бір парасы. Ауданның егістік жерлері де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда 14 мың гектарға кеміп кеткен. Қазіргі таңда жергілікті шаруа қожалықтары тарапынан 3 600 гектар суармалы жерге сұраныс бар болса, конкурс өткізу енді ғана қолға алынбақ. Аудандағы 11 су жүйелерін қалыпқа келтіріп, 10 шағын су тоғандарын салуға мүмкіншілік бар. Егер бұл жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілсе, суармалы алқаптың көлемін еселеп арттыруға болады.
Бүгінде аудан бойынша 4 600 адам тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрғанымен оларға берілетін алқап дайын емес. Себебі, онда инфрақұрылым тартуда тындырымды тірлік болмай тұр. Құрылыс бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындауда жуалылық жауапты басшылардың әлсіз әрекеті көп жұмысқа тежеу болуда. Сондай-ақ, ауданда нәресте өлімінің өсіміне де жол берілген.
Елді мекенде жаңа полигон салын­ға­нымен, ескі полигонға рекульти­ва­ция­лау жұмыстары жүргізілмеген. Сондық­тан да, кейбір ауылдықтар әлі де қоқыстарын бұрынғы орынға төгуде. Ал, ол қалдықтардың желді күні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолына ұшу қаупі бар.
Осы секілді ірілі-ұсақты көптеген мәселелер көтеріліп, шешімдер мен ұсыныстар айтылған жиынды Асқар Исабекұлы өзі қорытындылады.
– Жалпы алғанда, жыл басында белгіленген индикаторларды қайта қарайтын боламыз. Керекті-керексізін жүйелеу керек. Индикаторлық көрсеткіштер орындалғанымен, шешімін күткен көкейтесті мәселелер аз еместігіне көз жеткізіп келемін. Бұл барлық ауданға қатысты. Бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы нақты мәселелерді шешу маңызды. Өйткені, бұлар экономиканы көтеретін негізгі күштер. Бұл ретте басқармалардан бастап аудан басшылығына, бөлімдерге, ауылдық округ әкімдеріне жүктелетін міндет зор. Әсіресе, ауылдық әкімдіктерді барынша жұмыс істету керек. Облыста бір мыңға жуық адам ауылдық округ әкімдіктерінде қызмет етеді. Олардың не істеп отырғандығын ешкім білмейді. Солардың әлеуетін іске қосу керек.
Өздеріңіз де байқағандай, Жуалы әлеуеті жоғары аудандар қатарынан болса да, көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Бас-аяғы жоқ жұмыстар көп. Түйінді түйткілдерді шешудегі шаралардың жоспары мүлде құрылмаған. Бүгінгі талқылаулар бойына шешім қабылдайтын боламыз. Бұл кемшіліктер алдағы тоғыз айдың қорытындысымен тағы қаралады, – деді облыс басшысы.
Осы күні түс ауа Асқар Мырзахметов аудан аумағындағы «Қаралма» тау шаңғысы базасының алаңына барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Сметалық құны 2 миллиард теңге тұратын жоба ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс. Бүгінгі күні тау шаңғысына дейін 1 шақырымдық асфальт жол төселінсе, керекті құрал-жабдықтардың 70 пайызы жеткізілген. Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылуда.
Айта кету керек, тау-шаңғы кешені еуропалық стандарттарға сай салынбақ. Жоғары деңгейдегі қызмет, қолжетімді баға, қонақүйлер мен мейрамханалар – мұның бәрі жаңа кешеннің келбетін арттырады. Облыс орталығы Тараздан 100 шақырым қашықтықта орналасқан туристік кешен бұйыртса алдағы қыста қонақтар мен жамбылдықтардың тамаша демалыс орнына айналады деп күтілуде. Асқар Исабекұлы құрылысшыларға жұмысты барынша сапалы әрі қарқынды түрде жүргізу керектігін тапсырды.

Таразда тұралаған тірлік көп

Барлық аудандарды аралап, өңірдің өзекті мәселелерін зерделеп шыққан облыс әкімі Асқар Мырзахметов кеше Тараз қаласы әкімдігінде актив жиынын өткізіп, облыс орталығында кенжелеп тұрған мәселелерді майшаммен қарады.
Алты айда атқарылған жұмыста қандай олқылықтар орын алғанын анықтау үшін ең алдымен облыс әкімдігіне қарасты басқарма басшыларының хабарламалары тыңдалды. Олардың баяндамасынан түйгеніміз, шаһарда кейбір жекелеген көрсеткіштер бойынша ілгерілеу байқалғанымен, жалпы алғанда Тараз қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуында тұралап қалған тірлік көп. Айталық, өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда биыл қала бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі мен бөлшек сауда айналымы белгіленген межеге жетпей, көш соңында қалып қойған.
– Бөлшек сауда айналымы соңғы мамыр, маусым айларында түсіп кеткен. Десе де, Тараз қаласының аудандарға қарағанда бөлшек сауда айналымын дамытуға мүмкіндігі мол. Сол себепті, бұл жерде жұмысты жандандыру керек. Сондай-ақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 102,1, ауыл шаруашылығы – 100, құрылыс жұмыстарының көлемі – 103 және негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 101,9 пайызға жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Бірақ, бұл облыстың орташа көрсеткішінен төмен деңгей. Сондықтан, Тараз қаласы әкімдігі басқармалармен бірлесе отырып, межелі міндеттер мен жоспарлы көрсеткіштерге аса көңіл бөлуі керек, – деген облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова осы мәселеге облыс әкімінің назарын баса аударды.
Басқарма басшысы, сондай-ақ, құрылыс саласындағы біраз түйткілдің бетін ашты. Атап айтсақ, зерделеу барысында жобалық-сметалық құжаттары кешеуілдеп жатқан 8 жоба анықталған. Оның біреуі 2013 жылдан бері әлі әзірленіп жатса, төртеуінің сметасы есептеліп жатқанына үш жыл болыпты. Бұл құрылыс нысандарының құжаттары қозғаусыз тұрғанын облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев тиісті министрліктің шешімімен байланыстырды. Өйткені, аталған сегіз жобаның басым бөлігі балабақша нысаны екен. Ал, Үкімет балабақша құрылысына қаржы қарастырмай, бұл жобаларды кері қайтарған. Ол нысандарды мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеке кәсіпкерлерге өткізу көзделгенімен, алайда, құны қымбат болғандықтан кәсіпкерлердің ешқайсысы жобаны қабылдауға құлық танытпаған көрінеді.
Қысқасы, қала құрылысында былық көп. Басшысы жиі ауысатын құрылыс бөлімінің соңғы екі басшысы істі болып жұмыстан кетсе, дәл қазір бұл мекеме «бас иесіз» жұмыс істеп тұр. Ал, қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов жиында бөлімге шын мәнінде маман таппай отырғанын ашып айтты.
Осылайша, актив жиынына кеткен уақыттың басым бөлігінде құрылыс саласының жай-күйі талқыланды. Тіпті, басқарма мен қала әкімдігінің, одан қалса облыс әкімі орынбасарының дәл осы құрылысқа қатысты кейбір ақпараттарының сәйкес келмеуі, талқыланып отырған мәселенің түйінін шиеленістіріп жібергендей болды. Әсіресе, жобалық-сметалық құжаттамалардың басы жақсы басталғанымен соңы сұйылып кеткен. Міне, осындай келеңсіздіктер «облыстағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың 70 пайызы тараздықтар» деген сияқты теріс статистиканың түзілуіне әкеп соқтырған.
Жолаушылар тасымалында да жайбарақаттық басым. Биыл қала автопарктері 85 жаңа автобуспен толығуы керек болған. Алайда, бірінші жартыжылдықта тек 31 ғана автобус сатып алынған. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов жиында жуырда Ресейден тағы 32 автобус әкелінетінін айтып сендірді. Ал, жыл басындағы жоспар бойынша 58 көліктің толықтай қашан келетіні белгісіз.
Қала ішінде орын алған әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша да сұрақ көп. Тіркелген факті мен салынған айыппұлдың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Жергілікті полиция қызметінің басшылығы мұны көп жағдайда мамандардың ескерту берумен ғана шектелгендігімен түсіндірді. Алайда, полицейдің мұндай «мейірімділігі» аймақ басшысына аса ұнай қоймады. Сондықтан, құқық қорғаушыларға айыппұл салуда заң шеңберін қатаң ұстанып, нақты жазасын белгілеу керектігін ескертті. Соның да салдары болар, қалада қоқыс төгетін орындармен, одан тыс жерлер тұрмыстық қалдықтарға толып кеткен. Бұл мәселе бойынша қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықовқа нақты тапсырмалар берілді.
Алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қалалық тұрғын-үй инспекциясының басшысы Есенкелді Бейсенбековтің жұмысына облыс әкімінің мүлдем көңілі толмады. Өйткені, бұл салада талай жылдан бері шешімін күткен мәселелер шаш етектен болып тұр. Сондай-ақ, өнеркәсібі кенжелеп тұрған қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрзат Тұрысбеков актив жиынының алдында-ақ еңбек демалысына шығып кетсе, оның орынбасарының көп жағдайдан хабары болмай шықты. Мәселен, қаладағы сүт өндіруші кәсіпорындар өнімін өткізетін орын таппай жүрсе, қала мектептері сырттан келетін сүт тауарларын тұтынуда. Бұл түйткілдің түйінін тарқатуға бөлім басшысы да, оның қосшысы да бас ауыртқысы келмеген. Міне, осылайша жұмысқа «жүрдім-бардым» қараған қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы емес, бұл жолы орынбасары «таяқтың астында» қалды.
– Тараз облыс орталығының ғана емес, жалпы облысымыздың айнасы ретінде, өзге аудандарға үлгі болуы керек. Таразға қарап сырттағылар да облысқа баға береді. Ал, бюджеттің игерілуінде, инфрақұрылым жүргізудің төңірегінде әлі де дұрыс жүйе қалыптаспаған. Істелінетін жұмыстың нақты жоспары, регламенті жоқ. Қала әкімі жаңадан келіп жатыр, жұмыс жоқ деп кесіп айтуға келмес, бірақ, әлі де ширату керек. Көзге көрініп тұрған кемшіліктер өте көп. Кадр мәселесі де мүшкіл күйде. Мойынқұмға маман бармай жатса түсінуге болады, Таразда кадр тапшылығын қалайда болсын шешу керек.
Қорыта айтқанда, біз сынау үшін емес, сұрау үшін келдік. Жылдың басында тапсырмалар мен міндеттер межеленген, индикаторлар жоспарланған. Біреуді қызметінен қуып, жазаға тарту негізгі мақсатымыз емес. Бізге керегі – жұмыстың жүргені, көрсеткіштің көңілді көншіткені. Алға тағы да меже қойылып, тапсырма берілді, қала әкімі айтылған сындардан қорытынды шығарады деген ойдамын, – деген Асқар Исабекұлы айтылған сын-ескертпелердің хаттамаға енгізіліп, қызметіне сай емес басшыларға тәртіптік жаза қолдануды тапсырды.

Жасұлан Сейілханов,
Жанғазы Ахмет

ПІКІР