Жайқалтып жуа еккен дүнген ұлтынан үлгі алуымыз қажет

0 8

Көктем шыға салысымен-ақ еңбек дүбірінің дауысы естіліп, қауырт науқанның басталатыны белгілі. Ала жаздайғы несібесін жерден теретін диқан қауымының бел жазбай еңбек ететіні де дәл осы уақыт. Бұл маусымдық жұмыстан шалғайдағы Шу ауданының шаруалары да қалыс қалмай, егіс жұмыстарының бір бөлігін аяқтап қойғандары да бар. Қызу еңбек маусымына дайындық шараларын көзбен көру мақсатында аудан орталығының іргесінде орналасқан Белбасар ауылындағы алқапқа барып қайтқан болатынбыз.
Айта кету керек, мұнда жергілікті шаруалардан бөлек, көршілес Қордай ауданынан келген дүнген ұлтының өкілдері егін егеді. Көкөніс егуді күнкөріс көзіне айналдырған дүнген ағайындар Шудағы егістік көлемін жылдан-жылға арттырып келеді. Өткен жылы ауданға 500-ге жуық дүнген отбасы келіп, ала жаздай еңбек еткен болса, биыл 1 500 отбасы келіпті. Баптай білсе, Жер-ананың жомарт екеніне әбден көз жеткізген дүнгендер өткен жылы аталмыш ауылдық округтегі 2 000 гектар жерге пияз еккен. Дүнген отбасыларының көшін бастап келген Лугмар Сандуров егіс жұмыстары енді ғана қарқын ала бастағанын айтады.
– Қордайдан келген 1 500 отбасы Шу ауданындағы Белбасар, Жаңа жол, Бірлікүстем, Қонаев, Көктөбе және Далақайнар сынды егістікке ыңғайлы бірқатар ауылдық округте 6 мың гектарға дейін пияз егуде. Өткен жылғы егістік көлемі едәуір аз болатын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілген қамқорлықтың арқасында биылғы егістік көлемі бірнеше есеге дейін артып отыр. Өз басым Ескі Шу ауылдық округінен 150 гектар жер алдым. Қазіргі кезде алқапта 20-дан аса техника тынбай жұмыс істеуде. Дәл қазір шамамен егіннің 25-30 пайызын ектік. Сәтін салса, алдағы 2-3 аптада егіс науқанын толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жоспар бойынша әр гектардан 80 тонна өнім шығуы тиіс. Тамыз айындағы жиын-терін жұмыстарынан кейін өнімнің бір бөлігін сатып, қалғанын қысқа сақтап қоямыз. Ол үшін сыйымдылығы 500-800 тоннаға арналған арнайы қоймаларды әзірлеп қойдық, – дейді шаруа.
Пияз өсіруде әр маусым әркелкі келеді. Нарықта қандай баға қалыптасатынын да дәл болжау қиын. Сондықтан кейбір шаруалар шатқаяқтаған нарық бағасынан қорқып, бұл көкөністі өсіруге жүрексініп жатады. Алайда еңбекқор дүнген халқы жуа өсіруді жылдан-жылға мықтап қолға алуда. Әлбетте, лайықты өнім алу үшін агротехникалық жұмыстарды рет-ретімен, өз орнымен бұлжытпай орындау қажет. Сонда ғана мол өнімге шығынсыз жетуге болады. Бұл ретте дүнген ұлтынан үйренеріміз көп екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне Шудағы жергілікті халықтың дүнгендерден пияз егудің соны әдісін меңгергенін байқауға болады. Шулық шаруалар жуа егудің әдістерін, әсіресе тұқым таңдауды дәл осы дүнгендерден үйренгенін айтады. Айгер Диншанло есімді дүнген ұлтының өкілі топырақ қыртысы мен әркелкі ауа райында тұқымның құрғақшылыққа, ауа райының күрт құбылуы немесе зиянкестер мен түрлі ауруларға төзімділігін ескеру қажет екенін сөз етті.
– Ең алдымен тұқымның сапасына және одан мол өнім алу мен ұзақ сақталу қасиетіне ерекше назар аудару қажет. Біз пияздың «манас», «каоба» және «лион» сынды тұқымдарын алдық. Олардың ерекшелігі – 90-95 күнде пісіп, нарыққа өзгелерден ерте шығып, жоғары бағада ұсынылады. Өнімі мол шығып, құрғақшылық пен аптап ыстыққа төзімді болғандықтан пияздың бұл түрлері біздің көңілімізден шығып отыр. Сонымен бірге 110-115 күнде пісетін «каоба» тұқымы он жылдан бері Қазақстанда егілетін өзге пияздарды біртіндеп нарықтан ығыстырып жүргенін де айта кету керек. Ал «манас» тұқымы қыс бойы сақтағанға ыңғайлы. Пияздың үш түрі де үлкен немесе ұсақ болып кетпей, яғни біркелкі өседі, – дейді ол.
Лугмар Сандуровтың айтуынша, егіннің бітік шығуы тыңайтқыштар мен ағын суға тікелей байланысты екен. Оның өзін рет-ретімен қолданбаса, мол өнім алуың екіталай көрінеді.
– Біздің жеріміз Тасөткел су қоймасынан бөлінген магистралды каналдың оң жағалауында орналасқан. Аталған каналдың жағасына қуатты су сорғыш орнатып, сол арқылы тамшылатып суару әдісін қолданып отырмыз. Тамшылатып суару пияз үшін өте тиімді болғанымен, шаруа адамы үшін бейнеті көп жұмыс екенін біреу білсе, біреу білмес. Мысалы тамшылатып суару үшін арнайы құрылғылар қажет. Оның барлығын Шымкент қаласынан аламыз. Әр қаптамада ұзындығы 2 500 метр болатын шланг бар. Оның әр метрін 13 теңгеден сатып аламыз. Ал 80 гектарға шамамен 450 қаптама кетеді. Оның әрқайсысын жеке-жеке орнатудың өзі қол күшімен жүргізілетіндіктен үлкен шыдамдылықты талап етеді. Барлық жабдықтары орнатылғаннан кейін, үш айдың ішінде шамамен 12-13 рет суарамыз. Сонымен қатар пияздың өнімділігі мен сапасын арттыру үшін қымбат болса да ресейлік тыңайтқышты пайдаланамыз. Ал өзіміздің өңірден шығатын селитраның майлылығы жоғары болғандықтан диқандардың басым бөлігі ала бермейді. Тағы бір айта кетерлігі, өнімнің басым бөлігін қыстыгүні саудаға шығарамыз. Оған дейін Қордай ауданында орналасқан қоймаларда сақтаймыз. Өткен жылы қыс айларында 5 000 тонна пияз саттық. Дайын өнімді еліміздің барлық өңіріне тасимыз. Әсіресе солтүстік және шығыс аймақтарда жуа жақсы өтеді. Сонымен бірге ала жаздай жергілікті тұрғындарды маусымдық жұмысқа тартып, еңбекақыларын күнделікті береміз. Дәлірек айтсақ, әр қабына 80 теңгеден төленеді. Күніне қанша табатыны жұмысшының өзіне байланысты, – дейді Л.Сандуров.
Шынын айту керек, таң атқаннан қас қарайғанға дейін бел жазбай еңбек етуден шаршамайтын дүнген ұлтының еңбекқорлығына таңғалмасқа шараң жоқ. Бүгінде дүнген ағайынға қарап бой түзеп, қыр төсіндегі қарбаласқа қазекең де мықтап кірісе бастады. Тынымсыз еңбектің арқасында егіннің тайқазанын тасытып отырған осындай шаруалар қазірдің өзінде қыруар жұмыс атқарып үлгерген. Жауапты науқанды жан-жақты дайындықпен бастаған шаруалар алдағы уақытта да ширақтық танытып, жоспарлы межеге қол жеткізеді деген сенімдеміз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.