Жамбыл жаңалықтары Қоғам

Жайнамаз тепкен жаттықтырушы жұмыстан қуылды

Written by Aray2005

Әлеуметтік желінің «әмірі» жүріп тұрған қазіргі кезеңде әдепсіздіктің әшкере болуы әп-сәтте. Күні кеше жеткіншектерге жекіп, жайнамазды тепкен жамбылдық жаттықтырушының жөнсіздігі де жұртшылықтың жағасын ұстатты. Ең бастысы, бұл жайтты облыс басшысы өз назарына алып, тиісті сала мамандарына жан-жақты тапсырма берді. Білгеніміздей, бассыздыққа бой берген бапкер жұмыстан босатылып, жауаптыларға дер кезінде тиісті шара қолданылды.

– Облыс әкімі осы мәселеге қатысты жауапты азаматтардың барлығының жауапкершілігін заңға сәйкес қарау керектігін тапсырды. Сол бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұсылман жұртшылығының ар-намысына тиетін әрекетке барған жаттықтырушы жұмыстан бірден шығарылды. Одан да бөлек әрекеттер арнайы құрылған жұмыс тобымен заң шеңберінде қаралатын болады, – деді облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли.
Бұл жағдайға қатысты облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков те пікір білдірді.
– Спорт жаттықтырушысының намаз оқып тұрған балаларға дөрекілік көрсеткені – баршамызға ұят. Спорт саласына жауапты басқарманың басшысы ретінде жаттықтырушының бұл қылығы үшін барша мұсылман қауымның алдында кешірім сұраймын, – деді Н.Жүнісбеков.
Қазіргі таңда осы мәселе бойынша Н.Жүнісбековке сөгіс берілді.
Қалың көпшіліктің наразылығын туғызған жайтқа байланысты Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы да арнайы мәлімдеме жасап, үн қатты.
– Қазақи тәрбие көрген, имандылықпен тәлім алып өскен еліміздің кез келген азаматы жаттықтырушының бұл қылығын құптамайтыны, айыптайтыны рас. Өйткені, қазақ халқы ежелден-ақ құбыласын құрметтеп, жайнамазын қастерлеп, намазына байыппен қарайды. Дінін құндылыққа балаған бабалардың ұрпағымыз. Бұл бапкердің сондай сорақылыққа баруы діни тұрғыдан ілімінің таяздығы, ашуға бой алдырғаны байқалып тұр, – деді облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы, ҚМДБ-ның өңіріміздегі өкілі Данияр қажы Жұмабаев.
Өз кезегінде бапкер Алмат Баетов те қателігін мойындап, дүйім жұрттан кешірім сұрады.
– Теріс қылығым арқылы діни сауаттылы­ғымның төмен екендігін көрсетіп қойдым. Ашу-ызаға беріліп, жөнсіз әрекетке жол бергенім үшін шын жүрегіммен өкініп, мұсылман қауымның, ата-аналардың алдында кешірім сұраймын. Жасаған әрекетімді мойныммен көтеремін, қандай жазаға да дайынмын, – деді ол.
Әрине, «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды». Осы орайда қоғам өкілдерінің пікірлері екіге жарылуда. Бірі жаттықтырушыға берілген жазаны құптаса, енді бірі ішкі тәртіпке бағынбаған балаларды айыптауда.
«Facebook» желісінде Арман Аубакир есімді қолданушы өз ойын:
– Діншіл балалардың бапкердің әбден жүйкесіне тигені, бұған дейін айтқан талай ескертуін орындамағаны видеодан-ақ көрініп тұр. Ұстаздарының жүйкесіне әбден тиіп камераны бағыттап, алдын ала дайындап қойған. Заң бойынша мемлекеттік мекемеде намаз оқуға тыйым салынған. Оның үстіне сабақ, жаттығу уақытында қашып кетіп, намаз оқуы дұрыс па? Әрине, бапкердің боғауыз айтқаны, жайнамазды тепкені дұрыс емес. Қазақстан ислам мемлекеті емес, конституцияға сүйенетін зайырлы ел. Шынашақтай балалар дінге бет бұрса, олардың қатарынан ұлтынан безген безбүйректер, терроршы содырлар шықпасына кім кепіл? Ұстазы балаларды сондай қасіреттен сақтағысы келді деп неге бір сәт ойланбаймыз. Бас салып бапкерді жерден алып, жерге салып жатырмыз. Жас спортшылар намазбен, діни уағызбен емес, батырлар жырымен, ұлттық тариxпен тәрбиеленуі керек, – деп түйіндепті.
Бірақ, балалардың намазды оқу орнында емес, жатақханасында оқып жатқанын меңзегендер де бар. Мысалы, талай тартысты мәселелерге тұшымды ой айтып жүрген белгілі журналист, блогер Әуесбайдың Қанаты:
– Адамның діни сенімі аса бір нәзік, аса бір қастерлі мәселе. Оған тұтқиылдан қол сұғып, сенімге селкеу түсіргендер қоғам тарапынан бірден жазғырылады. Тараздағы оқиға бізге осыны тағы бір қаперге салып отыр. Спорт мектебінің жаттықтырушысы жатын бөлмесінде намазға жығылған балаға доқ көрсетіп, жайнамазын теуіп жібергені қай тұрғыдан алсаң да ақтауға келмейтін, бұқараның ашу-ызасын тудыратын оспадар қылық екені шүбәсіз. Абырой болғанда, жергілікті билік, ішкі саясат басқармасы дер уағында шешім қабылдап, мәселені ушықтырмаудың мейлінше оң амалын тапқан екен, – депті өз жазбасында.
Иә, білім беретін мекеме қабырға­сында діни құлшылық жасауға шектеу бар да шығар. Алайда, бұл оқиғада бапкер тек діни білімсіздігін ғана көрсетіп тұрған жоқ, педагогикалық этикадан да жұрдай екенін анық аңғартты. Сан соқтырған санасыздық өзгелерге сабақ болса игі.

Қамар Қарасаева

ПІКІР