Жайылым көп, бірақ өрісі тар

0 4

Тоқсаныншы жылдары елімізде төрт түлік саны 33 миллионға дейін жеткен екен. Ал қазір еліміздегі барлық шаруашылық санатындағы мал саны 33 миллионның жартысына да жетпейтін көрінеді. Сөйте тұра еліміздің барлық өңірінде мал жаятын өрістің тарылып кетуі қоғамда өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл мәселе әулиеаталықтардың да басын қатыруда. Әсіресе, ауылдық округтер маңында ауыл малы жайылатын жер қалмаған.

 

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әмзебек Жолшыбековтың төрағалығымен өткен жиында алдында малы болмаса да ұшы-қиыры жоқ жерді иеленіп отырған шаруалардың бар екені, шаруашылықтардың жаз жайлау, қыс қыстауға өріс ауыстырмай бір жерге шоғырлануы секілді жайттар жайылымның тарылуына себеп болып отырғаны сөз болды. Сондай-ақ, кейбір шаруашылықтар ауылдық округ іргесіндегі жерді иеленіп алу есебінен елді мекендердің маңы тақыр жерге айналып, ауыл малына жайылатын өріс қалмағаны да айтылды. Десе де бүгінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен ауылдық округ маңындағы жайылымдарды округ иелігіне қайтару, заңсыз берілген жерлерді кері қайтарып алып, жайылымға шын мұқтаж шаруаларға беру, орман қорындағы мал жаюға болатын жерлерді жайылымға айналдыру ісі қолға алыныпты. Аталған басқосуда осы мәселелерді шешу ісі тапсырылған облыс әкімдігінің тиісті басқармаларының атқарып жатқан тірлігі сараланды.

Жалпы, облыс аумағындағы өрістің әрбір 7 гектарын шарт бойынша бір малға шаққанда жайылымдық жердің көлемі мал санынан асып түсіп, бір малға 11 гектардан айналғанын көрсетіпті. Бұл өңірде жайылымдық жер жетіп артылатынын айғақтайды. Одан бөлек, Қазақстанның жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде бесінші орында тұрғанын ескерсек, бұл да өрістің кеңдігін дәлелдейді. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов әсіресе Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі аудандарында өріс тарылып кеткенін сөз еті.

– Кейбір ауылда өріске бір үйден 30 жылқы, екі жүз уақ мал шығып жатады. Олардың талап бойынша осыншама малды ауыл ішінде ұстауына құқығы жоқ. Ауыл тұрғындарының мал саны көбейсе, олар малын ауылдан қашық жерде ұстауы керек. Жүргізген зерделеу жұмыстары нәтижесінде өңірде 1 жарым мың гектарға жуық өрісте бір де бір мал жайылмайтынына көз жеткіздік. Сол себепті шаруа қожалықтардың мезгіл сайын қоныс ауыстыруын үйлестіру арқылы мал жайылымын тиімді пайдаланатын кез жетті.

Аймақтағы елді мекендер маңындағы 5-7 шақырым радиуста 92 мың гектар жайылымдық жер бар. Осы жерлерді 364 мың қожалық немесе серіктестік иеленіп отыр. Осыны аталған шаруалармен келіссөз жүргізу арқылы ауылдық округ әкімдігіне бекітіп беруіміз керек. Сонда ғана 57 ауылдық округтің жайылымдарға деген сұранысы шешімін табады.

Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу есебінен 17,5 мың гектар жер тиісті ауылдық округтерге берілді. Негізінде 5 жыл ішінде осындай 56 мың гектар жерді елді мекендерге беру көзделіп отыр. Сонымен қатар қазір диқандар жиын-теріннен кейін жерін бірден жыртып тастайды. Бұл да өз кезегінде ауыл малының өрісі кеңеюін тежеп отыр. Негізінде өңірдегі елді мекендер маңында орналасқан 75 мың гектар жер болса, осы егіс алқаптарының иелерінің барлығына егіс орнына мал жаймай, оны жыртпау жөнінде тапсырма берілуі қажет. Сонымен қоса орман қорына жақын орналасқан 42 елді мекен бар. Оларға да аталған орман қорынан мал жаюға жер берілсе, мәселе біршама шешілер еді, – деді Бақтияр Бейсембайұлы.

Бұдан кейін облыс әкімдігі табиғат ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков, облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Данияр Өтепов, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Құлкеев хабарлама жасады. Заңсыз берілген жерлерді қайтарып алу, бос жатқан жерлерді анықтау тұрғысында атқарылған жұмыстар нәтижесінде өңірде 634 мың гектар бос жатқан жердің бар екені белгілі болған. Оның дені Мойынқұм ауданында орналасыпты. Бірақ ол адам аяғы баса бермейтін қашық жерлерде әрі құдығы жоқ шөлді жерде орналасқан көрінеді. Сол үшін де ол жаққа малшы бара бермейтін көрінеді. Бұдан бөлек қалың құмның ішіндегі сексеуіл арасына мал жаюға болғанымен, оған тиісті министрлік рұқсат бермей отырғаны да сөз болды. Жиында қоғамдық кеңес мүшесі Қасымхан Төлендиев арнайы сөз алып, барлық мәселе мал жайылымын ұйымдастыру жұмысының тиісті деңгейде атқарылмай отырғанынан туындағанын баса айтты.

Қоғамдық кеңес отырысында негізгі мәселенің бірі ретінде өңірдегі экологиялық ахуал да қаралды. Экологиялық ретту және бақылау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Марат Құрманбаев бастаған тиісті сала және мекеме басшылары баяндама жасап, «Қайтсек өңірдің экологиялық жағдайын жақсартамыз?» деген сауалға жауап іздеді. Өз кезегінде «Жамбыл-Су» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің басшысы Медет Беркімбаев Тараздағы сүзгі алқабы мен кәріз жүйелерінің жайын кеңінен әңгімеге арқау етті. Басқосудың соңы көтерілген мәселелерге қатысты айтылған ұсыныстар бойынша қаулы қабылдаумен түйінделді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.