Жайылымы бар, малы жоқ

0 16

Бүгінде кейбір елді мекенде төрт түліктің тұяғы жететін өріс тарылып, ауыл маңы тақыр жерге айналғаны жасырын емес. Салдарынан атакәсіпті ардақ тұтқан шаруалардың жанайқайы жайылымның жоқтығымен байланысты болып отыр. Сондықтан да жайылым тапшылығын шешу – ең өзекті мәселенің бірі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен алқалы жиында көпті алаңдатқан маңызды мәселе қаралып, шешу жолдары талқыланды.

– Шаруалар мал басын көбейтейін десе, иелігінде жайылым жер жоқ екенін айтады. Ал шындығына келсек, бірқатар елді мекенде мал жайылымы бос жатыр. Кезінде кейбір шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлер қолында малы болсын, болмасын жайылым біткенді ебін тауып бөліп алды. Қазір олар бос жатқан жерді не өзі пайдаланбайды, не өзгенің пайдалануына мүмкіндік бермей отыр.
Кезінде кеңшар, ұжымшар иелігіндегі отар-отар қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр өрістің сәні еді. Сонда мыңғырған мал үшін жайылымдық жер жеткілікті еді. Сол жер әлі де бар. Ешкім еш жаққа алып кеткен жоқ. Сондықтан барлық мәселе төрт түлікті жайылымға шығару ісінің тиімді ұйымдастырылмауында болып тұр. Қазір өңірде құсты есептемегенде, төрт түліктің саны 3 миллион 300 мыңнан асса, облыс аумағында 14 миллион гектар жер бар. Егер бос жатқан жайылымдық және орман шаруашылығындағы мал жаюға қолайлы жерді барынша зерделеп, айналымға қоссақ, пайдаланылмай жатқан бос жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, жайылымға шын мұқтаж шаруаларға берсек, іс өз жүйесін табар еді, – деді Бердібек Машбекұлы.
Ал облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов аймақта мал жаюға болатын жер көлемі 9 миллион гектардан асатынын айтады. Ал елді мекен тұрғындары қорасынан мыңғыртып мал өргізіп, ауыл маңына жаятындықтан алыстағы өріс бос жатыр. Кейбір ауылдық округ әкімдері «Жайылымдар туралы» Заңда атап көрсетілген нақты міндеттер мен құқықтық нормаларды жете түсінбегендіктен, тұрғындар қора-қора қойын ауыл іргесінде ұстап отыр. Ауылда мал ұстау үшін шекті саны қанша болатынын, шопандар жылдың төрт мезгілінде өріс ауыстырып отыруы қажет екенін ешкім түсіндірмейтін көрінеді. Салдарынан аталған заң талаптарының орындалуы ұмыт қалған. Ал мұның соңы ауыл маңындағы жайылымның тарылып, жердің тозуына себеп болып отыр.
– Өңірдің жайылым жері мен мал басын салыстырсақ, әрбір шартты басқа орташа есеп бойынша 11 гектар жерден айналады. Бұл өңірде қолданыста бар жайылымның облыстағы төрт түлік үшін емін-еркін жететінін көрсетеді. Негізінде жайылымды берудің және пайдаланудың өз тәртібі бар. Елді мекендердің аумағында орналасқан, яғни 363,5 мың гектар мемлекет меншігіндегі жайылым жергілікті халықтың қолындағы бес-он тұяғын ауыл ішінде ұстауы үшін берілгенін шаруалар ескеруі керек. Осыған мән бермейтін малы көп кейбір тұрғын төрт түлікті жылдың төрт мезгілінде де ауыл ішінде ұстаудан танбай келеді. Осыдан кейін өріс тарылмағанда қайтеді? Заң бойынша ауыл тұрғынының 15 сотық ауласындағы 700 шаршы метріне үй-жай орналасса, қалған 800 шаршы метрінде 20 бас сауын сиыр немесе 65 қой-ешкі болуы шарт. Егер қолдағы мал саны көрсетілген нормадан асса, оны сыртта бағу қажет. Біз зерделеу жүргізгенде осы келеңсіздікті аңғардық және көптеген ауыл әкімдері аталған заң талаптарын білмейтін болып шықты,– деді Бақтияр Бейсембайұлы.
Басқарма басшысы ауыл маңындағы жерді пайдаланып отырған шаруалармен келіссөз жүргізу арқылы 45 мың гектар жайылым жерді ауылдық округтерге бекітіп беру, кезінде 37 жер пайдаланушыға заңсыз беріліп кеткен 2 130 гектар жайылымды кері қайтару туралы ұсыныс айтты. Сондай-ақ қолында малы жоқ адамдардан иелігіндегі жерді қайтару, шөлейтті аймақта орналасқан бұрынғы құдық, бұлақ көздерін ашу секілді бірқатар ойларын ортаға салды.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 4,4 миллион гектар екен. Ал облыстың орман қорының жайылымдық жер көлемі – 949,8 мың гектар. Қазіргі таңда жалпы көлемі 1859,8 мың гектар жерді жайылым, шабындық, туристік мақсатта пайдалануға беруге болады деп есептеліпті. Оның ішінде 141,9 мың гектар жер 145 адамға ұзақ мерзімге, 1019,6 мың гектары 1 271 адамға қысқа мерзімге пайдалануға беріліпті. Қалған жерді де пайдалануға болатыны жөнінде басқарма тарапынан Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу ауданы әкімдіктеріне арнайы хат жолданған көрінеді.
Жиында облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілқайыр Тамабек те сөз алып, белгілі бір жайылымдық жер қандай да бір шаруашылықтың иелігінде болып, оның малы әлгі жайылымның 20 пайызын қамтыса, аталған жайылым игеріліп жатқан жер есебіне жатқызылатынын, ал оны басқа шаруашылыққа беру, қайтарып алу немесе шара қолдану заңсыз болып есептелетіні секілді бірқатар мәселелерді тілге тиек етті. Десе де кезінде шаруаларға заңсыз беріліп кеткен жерді кері қайтарып алу жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқан көрінеді. Жыл басынан бері 41 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, оның 38 мың гектары жайылымдық жер. Былтыр 82 мың 386 гектар жер мемлекет меншігіне өтіпті.
Жиын соңында аймақ басшысы тиісті сала мамандарына жайылымы жоқ, бірақ малы бар шаруашылықтарды зерделеу, жайылым жерді кеңейту жұмысына кедергі келтіретін кейбір мәселе бойынша салалық министрліктердің бұйрығын негізге ала отырып ережелер енгізу, оны облыстық мәслихаттың сессиясында күн тәртібіне шығару секілді бірқатар тапсырма берді. Басқосуда пандемияға байланысты ауруханалардағы дәрі-дәрмек қоры мен өзге де мәселелер қаралды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.