Қоғам

Жаз жайнатып, күн күлдіріп…

Written by Aray2005

Міне, көзді ашып-жұмғанша кезекті оқу жылы да аяқталды. Жазғы демалысқа шыққан балақайлардың қуанышында шек жоқ. Жеткіншектердің бірі ауылдағы ата-әжесіне асықса, бірі үй шаруасына көмектеспек. Балғындардың енді бір тобы Елордамыз – Астана қаласына сапар шегіп, саяхат жасауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін сауықтыру лагерьлері есігін айқара ашатын болады.

Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл өңірімізде 203 169 бала жазғы лагерьлерде демалады. Жалпы, біздің облыста қала сыртындағы 10 лагерь жұмыс жасайды. Оның ішінде төртеуі мемлекеттік. Атап айтқанда, Қордай ауданында «Балауса», Талас ауданында «Жұрындысай», Меркі ауданында «Жұлдыз», Т.Рысқұлов ауданында Ә.Молдағұлова атындағы лагерьлер жас жеткіншектерді қарсы алуға дайын. Сондай-ақ, жеке меншіктегі алты лагерь де балақайлар үшін барлық жағдайды жасауда. Бұдан бөлек, облыс бойынша тамақпен қамтамасыз ететін 362 мектеп жанындағы демалыс алаңы және 150 шатырлы лагерь есігін айқара ашпақ.

– Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру ерекше бақылауда. Демалыс кезінде жеткіншектердің бос уақытын тиімді үйлестіру мақсатындағы жұмыстар екі бағыт бойынша жүргізіледі. Біріншісі, балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру болса, екіншісі, демалыс және жұмыспен қамту шаралары. Яғни, жеткіншектерді еңбекке де жұмылдырамыз. Мәселен, биыл 54 мың бала абаттандыру бригадаларына, көгалдандыру, жөндеу-құрылыс, басқа да еңбек жасақтарына жіберілмек. Ал, 158 330 оқушыны түрлі аула клубтары мен үйірмелерге, қосымша білім беру ұйымдарындағы жазғы алаңдарда шығармашылыққа тарту жоспарланған, – дейді облыстық білім басқарма­сының бас маманы Жанат Сейітжанова.

Сонымен қатар, қосымша білім беру ұйымдарында жазғы демалыспен қамтылмай қалған балалардың қызығушылығына сай түрлі үйірмелер, туристік саяхаттар, экскурсия мен спорттық шаралар ұйымдастырылмақ.

Иә, жазғы маусым – пайдалы дүниелерді үйренуге және меңгеруге таптырмайтын кезең. Ендеше, демалыстарыңыз қызықты өтсін, оқушылар!

Айжан ӨЗБЕКОВА

ПІКІР