"Сырғалым"

Жаздың сәні жеңіл жейделер…

Written by Aray2005

Қандай мезгіл болмасын сәнді киім кию, сұлулыққа әуестік қыз-келіншектер үшін маңызды. Бүкіләлемдік пандемияға қарамастан, нәзікжандылар киім дизайнерлері кеңесіне құлақ түріп, гардеробты маусымдық сән үлгілеріне сай өзгертуді күнтәртібінен түсірген жоқ.

Сонымен биыл да алтынның барлық реңкі трендте. Celina, Prada, Marc Jacobs дизайнерлері алтын түстес матадан тігілген көйлектерді мерекелік кештерге, той-томалақтармен қоса күнделікті ары-бері шыққанға да кие беруге болатынын еске салады. Деним жейде мен джинсиді үйлестірген ханымдар да қателеспейтіні сөзсіз. Тіпті бастан-аяқ джинси кисеңіз де биыл сәннен қалмайсыз. Жалпы қай кезде болмасын джинси киімдер сәнқойлардың ең тұрақты таңдауы ретінде қала береді.
Nina Ricci, Luisa Beccaria және Alexander Mc Queen топтамаларынан бұл маусымда кең, үлкен, шам жеңді (фонарик) көйлектер мен жейделерді байқап қалдық.
Тіпті, хайуанаттар бейнеленген киімдер де сұраныста. Дәлірек айтқанда биыл зебра, питон, қабыланның бейнесі бар киімдерді үстіңізге ілгеніңіз сіздің талғампаз екеніңізді бірден байқатады.
Биыл сонымен бірге көк түс дизайнерлерге ерекше шабыт әкелгендей. Классикалық көк түс маусымның басты түстері болып есептелгенімен, фуксиялық қызыл түс, ақ-қара түсті геометриялық өрнектер, тропикалық мотивтер мен нәзік гүлдер, жалбыз түстер ажарыңызды аша түсетінін ұмытпағайсыз.
Ал, көйлектерге келер болсақ, жеңіл әрі ыңғайлы көйлектер ешқашан сәннен түспек емес. Сәнгерлер көйлектермен қоса классикалық көзілдірік, нәзік түстес бас киімдер мен жіңішке білезік секілді аксессуарларды үйлестіру образыңызды аша түсетінін ескертеді.
Бұл жылы жеңіл көйлектермен бірге жейде киген бойжеткендерді көптеп кездестіресіз. Арулар ашық түсті, жағасы ұзын әрі үшкір жейделерге акцент беруі мүмкін. Тоқылған белдемшелер мен жейделер де трендте. Мүмкіндік болса денеге жабыспайтын oversize көйлектерге үлкен мән берген жөн.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

ПІКІР