«Жазу-сызу дәрігерлік қызметіме еш кедергі келтірмейді…»

0 87

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы облыстық көпбейінді аурухананың жоғары санатты дәрігер-хирургі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі – Сағындық Ордабеков.

– Сағындық Ордабекұлы, көзіқарақты оқырман дәрігер-хирургтен бұрын сіздің қаламгерлігіңізді көбірек білетін сияқты. Өйткені мерзімді басылымдарға қоғамдық мәселе көтерген мақалаларыңыз, белгілі тұлғалар жайлы сыр шертетін естелік­тері­ңіз, зерттеу еңбектеріңіз жиі жария­ла­нып тұрады. Жалпы білгіміз келгені, ота жаса­ған­нан гөрі жазу үстеліңіз­де жұмыс істегеннен жан рақатын алатын шығарсыз…
– Хирургиялық ота жасау жеңіл жұмыс емес. Өйткені әр науқас адамның артында оның денсаулығы, тіпті өмірі тұр. Әлгі қазақтың «Ән айтсаң, жаныңды жеп айтасың» дегеніндей, әр күрделі ота кез келген дәрігер-хирургке салмақ салады, жүйкесін жұқартып, жүрегін сыздатады. Ота үстінде терлеп-тепшіп, 3-4 сағат бойы қимылсыз бір жерде тік тұрудан аяқ талып, балтырың сыздап, бірнеше кило тастайтынымыз рас. Әсіресе жасаған отаң белгісіз себептерден асқынып, науқастың жайы кенет нашарласа, хирург те «жанын шүберекке түйіп» қиналады, мазасы кетіп, ұйқысы қашады. Тіпті жұмыстан шаршап, үйіне барса да есінен ота жасаған ауруды еш шығармайды, жасаған отасын ой елегінен бірнеше рет өткізіп, сараптайды. Түн ішінде кезекші дәрігерге қоңырау шалып, науқастың жағдайын сұрау үйреншікті іс. Қажет деп тапсақ, түн ішінде барлығын ұмытып, барлық істі ысырып тастап, ауруханада түнеп шығатынымыз да жасырын емес. Науқаспен, оның жақындарымен бірге солай «толғататынымыз» сирек болса да кездеседі. Ондай азапты ешкімге көрсетпесін. Хирургтардың еңбегін кейде ұшқыштардың еңбегімен салыстырып жатады. Хирургия – стресі мол, рақатынан бейнеті көп, жауапкершілігі басым мамандық. Базбір мәліметтер бойынша, америкалық хирургтардың 50 пайызы әртүрлі ауруларға ұшырап (инсульт, жүрек инфаркты, қант диабеті, тағы басқа), 60 жасқа жетпей көз жұмады екен. Бұл – оташы дәрігердің қызметінің жеңіл еместігінің көрсеткіші. Сондықтан мамандық таңдау алдында тұрған бүгінгі жастар өзінің мүмкіншілігіне, қабілетіне, денсаулығына, жүйкесінің шыдамдылығына қарағандары өте дұрыс. Дәрігерлік – жіберген қателігіңді кешірмейді. Осы жерде менің ойыма мына бір оқиға келіп отыр:
Американың презденті Кеннедидің мектеп бітірудің алдында тұрған ұлы бірде: «Әке, қандай мамандықты таңдағаным жөн?», деп сұрақ қояды. Сонда әкесі: «Етікші болсаң да өз кәсібіңнің шебері болғаныңды қалар едім, балам. Мамандықты жүрек қалауына, көңіл талғамына қарап таңда. Қателесуіңе хақың жоқ», деген екен. Өте орынды айтылған ақыл. Дәрігердің қызметі жеңіл еместігін сезіну керек. Ертеңгі күні «бекер болыпты» деп бармағын шайнап, өкініп жүрмегені жөн.
«Мақалаларды қалай жазасыз? Оған уақытты қайдан табасыз?» деген сауалдар маған жиі қойылады. Жауабым: негізгі жұмыстан қолым қалт еткенде, кешкі 6-дан кейін, келушілер аяғы саябырсып, телефон қоңыраулары кеміген кезде немесе демалыс күндері ойда жүрген, көрген-білген, естіген, оқыған, көңілге тоқыған, санамда жиналған, әбден «сүрленген» дүниелерімді қағазға түсіретін әдетім көп жылдар бойы қалыптасқан. Тіпті бастаған ісімді, жазуымды бітіріп тастайын, ойым шашырап кетпесін деп кейде түннің жарымына дейін отыратыным бар. Ол дүниелерің баспасөз беттерінде жарияланып, көптің көңілінен шығып жатса, таныстарың телефон шалып, қолдап, өз пікірлерін білдіріп, көпшілікке ұнап жатса, әрине, жан рақатын сезінесің. Еңбегіңнің еш кетпегеніне марқаясың. Өмір сонысымен мағыналы, сонысымен қызық.
Көпшілік мақтанды деп айыпқа бұйырмас. Жазған-сызған, газет-журналдарда жариялаған дүниелерімді топ-топқа бөліп, реттеп, сараптап, біраз уақыттан бері баспалардан өз қаржыма шағын тиражбен болса да кітап етіп шығарып жүрмін. Оларымның жалпы саны қазір оннан асты. Бұл тірлігім болашақ оқушыларыма, ұрпағыма естелік дүние болсын деген ой. «Газет бір күндік, онда жарияланған ойлы дүниелер мың күндік» деп жатасыздар ғой журналист ағайындар. Білмеймін, менің бұл ісім мүмкін жай пендешілік болар…
– Кейде қаламақы алып жүрген кәнігі журналист, жазушылардан да көп жазатын сияқтысыз. Ақысыз артық бейнет асыл уақытыңызды зая кетірмей ме?
– Жастайымнан шығармашылыққа үйір болдым. Мектепте жүргеннен бастап аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жазып, қаламгерлікке төселдім. Бірте-бірте республикалық, одақтық басылымдармен байланыс жасап, сан түрлі тақырыптарға жазған мақалаларым жариялана бастады. Уақыт өте келе, бұл әуестігім ғылыми ізденістерге жалғасты. Одан зиян көрмедім. Негізгі мамандығымды, яғни хирургияны ғылыммен байланыстырып, кандидаттық (1987 жылы Мәскеуде) және докторлық (1997 жылы Алматыда) диссертацияларымды сәтті қорғап шықтым. Одан кейін ондаған ғылым кандидаттары мен магистранттарға ғылыми жетекші болдым. Медицина профессоры атағына ие болып, республикалық бірнеше ғылыми журналдардың редакциялық алқасының мүшесімін. Негізгі қызметімнен бөлек қосымша университетте, медициналық колледжде дәріс беремін. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап 5 оқулық, 6 оқу құралын дайындадым. Олардың біршамасы еліміздің жоғары оқу орындарында оқу бағдарламасына енгізілді. Базбірі бірнеше рет қайта басылды. Таяуда ғаламторды шарлап отырып, 10-сынып оқушыларына арналған «Өзін-өзі тану» оқулығында ертеректе республикалық газеттерде жарияланған бірнеше мақаламды кездестіріп, бір желпініп қалдым. Еліміздің біраз басылымдарында әртүрлі тақырыптарға жазған мақалаларым жарық көріп жүр. Кейде редакциялар тапсырыс беріп жатады. Олардың да сенімдерін ақтауға тырысамын. Ғылыми журналдар мен топтамаларда 400-ге жуық мақалам жарияланып, 5 монографиям республикалық баспалардан жарық көрді. Ғылыми жаңалық деп танылған 3 ұсынысыма авторлық куәлігім бар. Меніңше, бұл аз жұмыс емес… Оңашада «Осы мен шығармашылыққа тым беріліп кетпедім бе? Медицина тілінде айтылатын графомания (жазуға тым, шектен шыққан әуестік) белгілері менде жоқ па екен?», деп ойлап қоямын. Жоқ, одан таза секілдімін. Өйткені жазу ісі, журналистика менің негізгі жұмысыма кедергі жасап, нұқсан келтіріп жүргенін еш байқамаймын. Жазу-сызу менің дәрігерлік қызметіме еш кедергі жасамайды, нұқсан келтірмейді, керісінше мені жігерлендіреді, әркез ізденуді, көп оқуды талап етеді. Соның арқасында заман талабына сай ой-санаң кеңейіп, рухани байи түсіп, сауатың ашыла түседі.
Қаламақы туралы да сөз қозғап қалдыңыз. Шынымды айтайын, мақала жазып ақша табайын, табысқа бір кенелейін деген ой жоқ. Мақаланы ақша табу үшін емес, ой-пікірімді басқалармен бөлісу үшін, жүрген ортама ой туғызу үшін қаламымды серік етемін. «Айтылмаған сөз жетім» демей ме қазақ атам. Сондықтан қоғамға әрқашан азаматтық үн қосып, барды қостап, жоқты жоқтап жүру мен үшін үйреншікті іс болып қалыптасып қалды. Әрине, мойындауым керек, оның барлығы көп уақытты қажет етеді. Уақытты дұрыс пайдалана білсек, оған ұқыпты болсақ, жалқаулыққа жол бермесек, ерінбесек барлығына қол жеткізуге, уақыт табуға болады. Өмір адамға бір рет берілетіні барлығымызға белгілі. Оны қылтың-сылтыңмен, ойсыз, бос, парықсыз өткізу – кешірілмейтін үлкен қателік, тіпті күнә десек қателеспейміз. Өмірге, халқыңа беретініңді барынша беріп кетсек не арман бар?! Адам болып келгеннен соң артымызда жақсы сөз, ізгілікті іс, басқалар айтып жүрер із қалсын.
– Енді әңгіме ауанын негізгі мамандығыңызға қарай бұрсақ. Құдай бетін әрмен қылсын, егер ем-дом алып, ота жасату керек болса, қай ауруханаға және қай дәрігерге барар едіңіз?
– Шынымды айтайын, ол туралы ойламаппын. Құдай ауыртпасын, егер ауыра қалсам, қаламыздағы кез келген емдеу мекемесі, яғни аурухана ұжымы «кетіңіз, болмайды» деп кеудемнен итермес деп ойлаймын. Сезіп жүремін, тәубе, дәрігерлер ортасы сыйлайды, құрметтейді. Оларына үлкен рақмет. Бірақ, жүрегіме жақын ұжым – өзім 45 жылдан астам қол үзбей еңбек етіп келе жатқан облыстық көпсалалы ауруханасы. Бұл ұжым менің «екінші үйім» десем, артық айтқаным болмас, сірә. Жап-жас дәрігер-хирург, яки «сарыауыз балапан» болып 1975 жылы осы аурухана табалдырығын «Біссімілла!» деп аттадым. Одан маман болып қалыптасуыма, өмірдің ыстық-суығын сезінуге осы ұжымның үлесі көп болды. Әсіресе еңбек жолымдағы алғашқы ұстаздарым республикамыздың еңбек сіңірген дәрігері, білікті хирург Нағым Мұқышовқа, бөлімше меңгерушісі Көлбай Үсеновке (жандары жаннатта болсын!), жалпы ұзақ жылдар бірге қызмет атқарған жандарға шексіз ризамын. Міне, енді қазір өзіміз де ардагерлер қатарына қосылдық. Сондықтан бұл ұжымға сенімім мол, көңілім ерекше.
Енді қай дәрігерді таңдау, әрине, аурудың түріне (хирургиялық, терапиялық, кардиологиялық және тағы басқа) байланысты ғой. Ауруханада білімді, білікті, еңбекке төселген, мамандығын жақсы меңгерген, көптің алғысына бөленіп жүрген дәрігерлер баршылық. Осы жерде бірін мақтап, екіншісін даттамай-ақ қояйық. Әріптестерімнің біреуін кемсітіп, көңіліне қаяу түсіріп, екіншісін мадақтап, даңғазалыққа ұрындырғым келмейді. Байқап жүрмін, онсыз да біздің қазіргі қазақ орынды-орынсыз мақтағанды, жалпақтауды, желбуаз сөзді жаны сүйеді. Сондықтан осы айтқаныммен шектелуге келіселік. Бөліп-жарып жатқанымыз жөн болмас.
– Кәсіби маман ретінде жұмыс барысында қабілетіңізді толық көрсете алдым деп ойлайсыз ба?
– Әдетте, «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деп жатамыз. Тірі пенде болғасын кей-кейде өткен жолдарыңа, артта қалған жылдарыңа көз тастап, сиректеу болса да сана елегінен өткізетін сәттерің болады емес пе. Сол кезде жеткен жетістіктерімді, алған биіктерімді қанағат тұтып, «тәубе, тәубе!» дейтінім бар. Әрине, көңілде сайрап талай тәтті ой-қиял жатады. Өмір, заман, қабаттасып келген әлеуметтік-қоғамдағы мына беймаза қиындықтар болмағанда, жағдай едәуір түзу болғанда, еліміздің түтіні тіке шыққанда, барынша құлаш сермеп, «Әттең-ай, бұдан да биік жетістіктерге қол жеткізуге болар ма еді» деген ой мазалайтыны рас. Бірақ барына шүкіршілік етейік. Өткен күндеріме, тоқтаусыз жылжып, ерке самалдай желпіп өткен жылдарыма өкпем жоқ. Отбасымда да түсіністік, сыйластық, қанағатшылық қалыптасқан. Өмірімде өз орнымды, өз кәсібімді, сүйікті мамандығымды тапқан жанмын деп ойлаймын. Бәріне, барына қанағат.
– Қазір әлемді әбігерге салып отырған коронавирус секілді індеттердің дауасы табылмай тұр. Қалай ойлайсыз, медицина ғылымы дамымай жатыр ма, әлде емі жоқ дерттердің тамыры тереңдеп бара ма?
– Бұл күндері бүкіл әлемді дүрліктіріп, миллиардтаған халықты әбігерге салып, қырғынға ұшыратып, ел арасында үрей туғызып отырған коронавирус індетінің жұмбақ тұстары әлі де аз емес. Әлемнің танымал вирусологтары, инфекционистері, ғалым-биологтары, дәрігерлері одан қорғану жолдарын, таралу себептерін, емдеу және алдын алу тәсілдерін іздеп, күн-түн демей еңбек етіп, аянбай тер төгуде. Бұрындары жұқпалы ауруларды туғызатын, тарататын патогендік бактериялар болса, қазір олардың орнын қауіпті аурулар тудыратын вирустар (құс тұмауы, доңыз тұмауы, Эбола ауруы, короновирустар және тағы басқа) басып барады. Сірә, ХХІ ғасыр вирустар ғасыры болатын түрі бар. Қауіпті вирустар туғызған қасіреттерге адамзат әлі дайын еместігін көріп отырмыз. Өйткені қатерлі індеттердің алдын алатын дәрі-дәрмектер жоқтың қасы. Қандай антибиотиктер болмасын, еш әсер етпейді. Сондықтан емдеу қиынға соғып, дәрігерлерді тығырыққа тіреп отыр. Бірақ вирустардың шабуылына ертелі-кеш тойтарыс берілетініне сенемін. Оған қазіргі адамның ақыл-ойы жетеді. Әрі ғылым да тоқтаусыз жетіліп келеді. Қазірдің өзінде көптеген мемлекеттерде коронавирусқа қарсы әртүрлі екпелер (вакциналау) жасалуда. Ғалым-зерттеушілердің пікірінше, оның алғашқы нәтижелері жаман емес. Біздің қазақстандық ғалымдар да қол қусырып қарап отырмай, Қордайдағы Гвардейский қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жаңа вакцина түрін қысқа мерзімде дайындап үлгерді. Вакцинаны шығаратын жаңа зауыт құрылысы да аяқталды. Таяу мезгілде вакцина қолдануға жіберіледі. Басқа мемлекеттер де өз вакциналарын дайындауда. Халық арасында бүгіндері жаппай вакциналау жүріп жатыр. Өкінішке қарай, халық арасында вакциналауға теріс қарайтындар аз емес. Коронавирустан тезірек құтыламыз десек, екпе ісіне түсіністікпен қарауымыз керек. Егер олай болмаса, індет дендей береді, оған тосқауыл қойылмайды. Талай мыңдаған адамның жанын жалмайды. Осыны түсінгеніміз абзал.
– Бішкекке барып ота жасатып қайтқандар жайлы жиі естиміз. Қырғыз дәрігерлері білікті ме, қызметі сапалы ма, әлде ақшасы арзан ба?
– Қырғыздың дәрігерлерінің біздің мамандардан асып бара жатқаны шамалы. Тіпті диагностикалық және емдік аппараттары, құралдары бізден едәуір төмен десек, қателеспейміз. Таяуда Е.Сейтқасымов деген дәрігер-хирургіміз тәжірибе алмасу үшін Бішкекке барып келді. Айтуынша, олардың мүмкіншілігі бізден төмен екен. Бізде жасалып жатқан оталардың біразы онда жасалмайды.
Біздің облыстың науқастары неге Бішкекке ағылатынының себебі қарапайым. Ауыл-село, тіпті қала тұрғындары жоспарлы түрде ауруханаларға мезгілінде түсіп, емделе алмайды. Өзі бекітілген емханадан ауруханаға стационарлық ем алуға жолдама алу үшін 3-4 күн бойы бір кабинеттен екінші кабинет есігін тоздырып, ЭКГ, флюорография, қан-зәр, ПТР және тағы басқа зерттеу нәтижелерін жинап, әбден қиналып, сарсаңға түседі. Одан кейін «портал» дегені тағы бар, кезек қашан келеді екен деп бірнеше күн тосасыз. «Әуре болып жүргенше Бішкекке барғанымыз жөн» деп осы себепті біраз науқастарымыз шекара асып кетеді. Қырғыз ағайындар «Хош келдіңіз!» деп, қуана қарсы алып, сол күні-ақ стационарға жатқызып, қысқа мерзімде ота жасап, науқастың қалтасын қағады. Әлгі «Күріш арқасында күрмек су ішедінің» дәл өзі. Біздің өңірдің аурулары арқасында қырғыз ағайындарымыз жағдайларын жақсартып жатқаны айдан анық. Тағы бір ерекшілігі, олардың клиникаларының бағасы біздің жекеменшік медициналық мекемелермен салыстырғанда әжептәуір төмен. Арғы жағы белгілі… Есте боларлық тағы бір жай, олар өздерінің жіберген қателіктері үшін, отаның асқынғаны үшін заң жүзінде еш жауап бермейді. Біздерге шетелдік азамат деп қарайды. Сондықтан Бішкекке барарда аздап болса да ойланған жөн. Менің қазіргі медицина саласында енгізіліп жатқан «жаңалықтарға», яғни реформаларға көңілім көншімейді. Халықтан денсаулық сақтау ісі алшақтап, қолжетімсіз болып, біраз қиындықтар туғызып жатқанын көріп жүрміз. Сол «жаңалықтардың» пайдасынан зияны мол болып барады. Мысалы біздің қаладағы бірнеше ауруханаларды біріктіргенімізден, ірілендіргенімізден не ұттық? Керісінше бейберекетсіздік жайлады, қаланың үш бұрышында, бір-бірінен алшақ орналасқан ұжымды басқару қиындыққа ұрындырды, ауруларды әуреге салып, дәрігерлердің жүйкесін тоздырдық. Тағы бір көңілге толмайтын «жаңалық», жедел жәрдем көмегін аудандық ауруханалардан бөліп алып, облыс орталығына шоғырландырдық. Ауыл тұрғыны ауыра қалса, «103» нөмерімен Тараздағы станса диспечерімен байланысып, оның рұқсатымен ғана жедел жәрдем шақыруға барады. Ауру Ұланбелде немесе Ақбақайда болса, мәселені 400-450 шақырым қашықтықтағы облыс орталығының «103» станса қызметкері шешеді. Тізе берсек, біздің салада проблема жетіп артады. Ақылға сыймайтын тірлік аз емес. Ол туралы мен басшылармен кездесулерде бірнеше рет айтып, газеттерге мақала жаздым. Бірақ сол келеңсіз істерге көңіл аударып, елеп, шара қолданып жатқан тірі пенде жоқ. «Ит үреді, керуен көшедінің» кебі қазіргі біздің қоғамды терең жаулап алған. Айтасың, сөгесің, ұрсасың, ұсыныс жасайсың, ішің қыж-қыж қайнайды, бірақ қолдан келер қайран, бойда дәрмен жоқ.
– Қиын ота жасау қажет болып, соған алаңдап жүргеніңізде түс көріп, аян беріп дегендей, сырттан қолдаулар келген кездер болды ма? Жалпы түс атаулыға сенесіз бе?
– Түс дегенді тірі әр адам көреді ғой. Бірақ өз басым түсте аян береді екен деген тылсымға толық сене қоймаймын. Әрине, күнде болып жатпайтын ауыр, күрделі, сирек хирургиялық отаға іштей дайындаласың. Интернет, оқулықтар мен атластарды бір сүзіп өтіп, біліміңді (анатомиядан, топанатомиядан, хирургиялық атластардан жасалатын отаны қарап) пысықтап алу қажет болады. Ой таразысына салып, жасайтын отаңның бірнеше тәсілдерін қарастырасың, тұжырым жасайсың. Кейде әріптестеріңмен ой-пікір бөлісетін кездерің де болады. Оның еш артықшылығы жоқ. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз біздің мамандығымыз үшін айтылғандай. Хирургтің қателік жіберуге хақы жоқ. Өйткені оған адам денсаулығы, адам өмірі сеніп тапсырылған. Сондықтан жауапкершілікті әрдайым сезініп отырған жөн. Кейбіреулерден «Дәрігерлер мейірімсіз, қатігез, біреудің қайғысына, қиналғандарына көздері үйреніп, әбден еті өліп кеткен» деген пікірді естиміз. Мүлдем қате түсінік. Дәрігерде де жүрек бар, сезім бар, жүйке бар. Кез келген келеңсіз, сәтсіз оқиғаға көңілі толқиды, қиналады, ыңғайсызданады, жүрегі сыздайды. Не дегенмен ол да тірі пенде, жаны темір емес, жүйкесі сыр береді.
Осыдан бірер жыл бұрын әріптесіңіз Қамар Қарасаеваға берген сұхбатымда «Сауатсыз дәрігер жаналғыштан да қауіпті» деген болатынмын. Сол пікірімнен әлі де қайтқан емеспін. Дәрігер өмір бойы оқумен, білімін жетілдірумен өтеді. Өйткені жаңа құралдар, аппараттар, жаңа технологиялар, дәрі-дәрмектер үздіксіз практикаға еніп жатыр. Оны дер кезінде меңгермесең көш соңында, жұртта қаласың. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қатарымызды толтырып жатқан базбір жас дәрігерлердің біліміне, көзқарастарына көңілім толмайды. Таяуда жас хирургтардың біріне ота жасауға көмектесейін деп ота бөліміне бірге бардым. Аурудың іш қуысын ашқаннан кейін қай ағза қайда жатқанын біле ме екен деп сұрақ астына алдым. Әлгі сабазым кібіртіктеп, күмілжіп, жөнді жауап таппай, қатты қиналып, қара терге малынды. «Айналайын-ау, анатомияны білмесең, хирургияда нең бар?» деп қынжылдым. «Ағай, әлі үйренеміз ғой, уақыт келе төселеміз, әлі оқимыз, ізденеміз», дейді әлгі дипломды жас маман. Не дейсің оған?! Осындай таяз білім тек медицина саласында емес, жалпы еліміздің жоғары оқу орындарында болып жатқан үрдіс екенін естіп, біліп жүрміз. Оның сапасын кім, қашан жақсартады? Қайдам, барлығына уақыт төреші дейді ғой…
– Елімізге белгілі ғалым-дәрігер, Журналистер одағының мүшесі, білікті кәсіби маман-хирург, облыс халқының құрметіне бөленген сізді «Армандары орындалған бақытты адам» десек бола ма?
– Қысқа қайырғанда, солай десек те болар, сірә. Жаңа сөз басында айттым емес пе. Тірі адамның арманы шектелмейді, мақсаты таусылмайды. Ол – өмір заңдылығы. «Болдым», «толдым» деп тоқтап қалу, тоқырауға бой беру – өшкенмен, тіпті өлгенмен тең. «Жеткен жетістігіңді, атағың мен даңқыңды басқалардың алдында саудаға салма» деген сөз – менің өмірлік ұстанымым. Жүрген ортамда қарапайым болғанды ұнатамын. Кеуде керіп, төс қағу, орынсыз бөсіп мақтану, менмендікке салыну – артық дүние. Кім болсақ та елмен бірге болғанымыз орынды. Елден үлкен еместігімізді сезініп жүрудің өзі жақсы әрі жағымды қасиет екенін естен шығармағанымыз жөн. Ел-жұрттың арасында, солардың арқасында ғана біз бақыттымыз. «Көппен көрген ұлы той» деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Қызықты да, қиындықты да көппен бөліскен. Сондықтан неде болса халқыңмен, еліңмен бірге болғанға не жетсін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.