Қоғам

«Жазушы жұрттың бәріне ұнауға тырысатын подиумдағы модель емес»

– Республикалық деңгейде өткен айтыстардың бірінде Дидар Қамиевке қарсыласы «Әйтеке, Қазыбек пен Төле би бар, Ағайын, бабаларды елеп, ұйғар. Солар жайлы салмақты неге, Дидар, сериал көрсетпейді теледидар?. Қазағымның шалдарын жолатпайтын, Ол жақта үнді кемпір Каляни бар» деп жырлап еді… Сұрақ қоймасамда не айтқым келіп отырғанын бірден түсінген сияқтысыз.
– Бұл бұрыннан айтылып жүрген тақырып. Біздің басты қателігіміз қандай, білесіз бе? Біз тым асығыспыз. Еуропа, Америка, Шығыс Азия жүз, екі жүз жыл жүріп өткен жолды бар болғаны 25 жыл ішінде жүріп өткіміз келеді. Ешқандай қате жібермей, бәрін кемел күйіне жеткізіп, қазақты адамзат ақыл-ойының зау биігінен бір-ақ көргіміз келеді. Осы дұрыс па? Үш жүз жыл бодан болған елдің тәуелсіздікті енді алған ұрпағы бірден батыл да мығым болады деп кім айтты? Ол ширек, әлде жарты ғасыр жан-жағына жалтақтамайды, өзгенің қаңсығын таңсық көрмейді деп кім айтты? Біздің қазіргі күйіміз осындай. Біз өткен мен бүгіннің арасын оп-оңай жалғай салып, ертеңге ілесіп кеткіміз келеді. Бұл мүмкін емес қой. Қазақ теледидарының осы ширек ғасырдағы эволюциясын көзбен көрдік, көңілге тоқыдық. Есіңізде болса, тоқсаныншы жылдардың ортасында біздің коммерциялық арналардың көбі ұрлықы ретрансляция жасайтын. Футболдан 1994 жылғы әлем чемпионатының финалын коммерциялық арнаның бірі тікелей көрсеткені есімде. Қазіргі күн тұрғысынан қарасаңыз, бұл – жабайылық. Әлем чемпионаты деген – қалыптасқан бренд. Оны жайдан-жай ұрлап көрсете салу бүгінгі күні тіпті ақылға сыймайды. Ол сатылады, оны тарату құқын сатып алып қана көрсетуге болады. Содан бері, шүкір дейік, біздің телеарналар үлкен даму жолынан өтті. Бірінде болмаса бірінде оқшау ой бар. Байқасаңыз, соңғы кездері қазаққа мойын бұрмағаны тіпті жоқ. Тоқсаныншы жылдардың ортасында экраннан қазақша сөз есту тіпті арман еді. Демек, сабақты ине сәтімен келе жатыр. Сіз айтқан Каляни кемпір қазақпен қазақша сөйлесті ғой. Оған дейін Просто Мария мен Бедная Роза, Рабыня Изаура қазақша мыңқ деп пе еді? 2000 жылдардың басында бір буын «Бандитский Петербургпен», «Улица разбитых фонарей» сынды драмасымен өсті. Қазір біздің ең төмен деңгейлі сериалдарымыздың өзінде қазақылық бар. «Әйтеуір қазаққа болсын» деген ниет аңғарылады ғой. Шәмші, Нұрғиса, Күләш, Бауыржан, Қасымдардың сериал тілімен сөйлеп, ортамызға оралып жатқаны тақиямызға тар келе ме? Телевидение де қоғаммен бірге өсіп келе жатыр.
– Дұрыс екен. Ал, кітап оқитын оқырман талғамы өсті ме?
– Оқырман талғамы өскен жоқ, қайта түсті. Өйткені, жаппай оқырмандық қазір жоқ, енді болмайды да. Жастана жатып оқитын кітаптар бар, оны іздеп жүрген оқырман қайсы? Қазіргі ақын-жазушы шынайы оқырманына ғана сүйкімді. Солай болғаны да дұрыс. Бір мектепке кездесуге барған ақын сырттан кіріп келе жатқанда, үлкен сынып оқушысының қасындағыға: «Наверно, какой-то ақын», – дегенін де естідік. Ақын ағамыз назар аударған жоқ. Жазушы, қаламгер жұрттың бәріне ұнауға тырысатын подиумдағы модель емес. Менің білуімде, қаламгер үнемі үлгермей жүреді. Ол бір нәрсені жазуға үлгермей жүргеніне үнемі іштей налиды. Бірақ кімге айтады, кімге шағынады? Жаңа қоғам қазір адамдарды өз-өзіне қайта танытып жатыр. Мұндай кезде кітап оқымақ түгіл, өз басымен қайғы болып кеткендер көп. Оларға классикалық әдебиетті жастық орнына жастап берсеңіз де оқымайды. Ең бастысы, әдебиетке адал санаулы оқырман қалса да жетеді. Оқырман талғамы қазір тым жоғары емес. Фейсбукта көп отырамыз, шөпке де, шөңгеге де өлең деп тамсанатындар тым көп. Сондықтан бәрін қаламгерден көре бермей, оқырмандар бір уақыт өзінің ішкі әлеміне, ішкі дайындығына үңіліп қойғаны жақсы. Қазіргі қазақ әдебиетінде сүбелі шығармалар жетіп-артылады. Соны оқымай, мүлде білмей тұрып, ақын-жазушылар жайлы аузына келгенін айтатындарды түсінбеймін. Уатсаптағы «Бәлен ақын», «Түген ақын» дегендердің айналып келе беретін шатпағын өлең десеңіздер, рахмет!
– Қазір билік пен халықты бөле-жарып қарастыратын болып жүр… «Халық жағындасың ба, билік жағындасың ба?» деген сауал қаншалықты дұрыс? Бұл бай мен кедей деп шағыстыратын саясатқа ұқсамай ма?
– Екі жағын да көрдім. Жүктің қай жағына қарай ауып бара жатқанын түйсіндім. Көзімнің жеткені – барлық қателік пен астамшылықтың өтеуін халық төлейді екен. Халық қара жер сияқты – қанды да, көз жасын да сіңіре береді. Бірақ, жер екеш жер де сәті келгенде сілкінеді. Тау екеш тау да уақыты жетіп көшіп жатыр. Осыны түсіну керек. «Бәрінің дауасы – сабыр» дегім келеді. Бірақ, сабырдың түбі-сары алтын емес, сары уайым, сары сағыныш, сары қасірет болып кетпеуін ойлау керек. Жан-жаққа үңілсек, жаңа қоғам құрған кезде қателеспеген ел жоқ. Біздің де қатеміз көп, тым көп. Бірақ, «жер кіндігі – мен» деген астам пиғылдан шенеунік те, азды-көпті беделі бар адамның бәрі де арылмай болмайды. Бірақ, адамзат жаралғалы бұл ой, бұл пиғыл бірге жасасып келеді. Парасатты қоғамға қашан жетеміз, жалпы жете аламыз ба? Біздегі билік пен байлықты тамашалау дәуірі қашан аяқталады? Тым ұзап кеткен жоқ па? Осындай сұрақ көп. Мүмкін, халықты тек қарын қамын ойлауға мәжбүрлеп қою да біреулерге қажет шығар. Бірақ, халық – тасқын ғой.
– Ақын ретінде оқырманға рухани азық боларлық дүниелер ұсындыңыз. Журналистика саласында да талмай тер төгіп келесіз. Жалпы, жаныңызға қайсысы жақын, поэзия ма, журналистика ма?
– Мен ақынмын ба? Төрт әріптен тұратын бұл сөздің жүгі бес батпан болғасын, әлі күнге өзімді осы абыройлы атаққа лайық көруден қорқамын. Оның үстіне, көбінесе журналистиканың қара шаруасынан мойын бұра алмай жүріп, өлең сырт айналып, тастап кететіндей үрейленемін де жүремін. Бірақ, көлік айдап келе жатып, жиналыста, қауырт жұмыстан бас ала алмай отырып, ойыма өлең оралғанда – менен бақытты жан жоқ. Кейде өз өлеңдерім өзіме басқа біреудің тағдырын арқалап оралып жатады. Мысалы, Торғайдағы Салтанат есімді әпкем «Есімде әлі әкемді жерлеген күн» деген өлеңімді өз өміріндей қабылдапты. Демек, ол өлең енді менікі емес. Тағдыр тапса, басқа тағдырды тап басса, ол – жалпының игілігі. Осыған қуанамын. Ал, журналистика – өмір көзі. Осы салаға таңдап түскен екенбіз, сонымен көгеруге тиіспіз. Өйткені, спорт журналисі болуды жетінші сыныптан бастап армандадым, мақсат еттім. Сол кезден (шамасы 1988 жыл) статистика жүргізе бастадым. Қазір жанымды осы саламен бағып жүрмін, балаларымды осы саладан тапқан нәпақамен асырап келемін. Демек, журналистиканы қаралауға құқым жоқ. Ал, сұрағыңыздың астарындағы ойды түсіндім. Жауабым: поэзия – шексіз махаббат, журналистика – өмір нәрі, проза – зор меже.
– Спорт комментаторы ретінде де танылғаныныңызды білеміз. Әрине, айтуға оңай. Әйтпесе, бұл саланың да қиындығы көп. Жалпы, білікті спорт комментаторы қандай болуы керек? Өзіңіздің тікелей эфирде жіберген кемшіліктеріңіз болды ма?
– Тікелей эфирде қанша тырыссаңыз да, бірді-екілі қате кетеді. Мысалы, жақында екі команданың №8 футболшыларын шатастырып алдым. Бірінікін екіншісіне телідім. Артынан дереу түзеткеніммен, іште бәрібір өкініш қалады. Өзімді кәсіпқой комментатор санамаймын. Егер Батыстағыдай, Шығыстағыдай тек комментаторлықты ғана айнымай ұстансам, сөз басқа. Біздікі – қосымша машық. Менің ойымша, білікті спорт комментаторы – білімді, дауысы қойылған, спортты жақсы білетін, ең бастысы, спорт статистикасынан хабары бар адам болуға тиіс. Әттеген-айы сол – Қазақстанда комментаторлардың бәрінің негізгі жұмысы басқа. Сондықтан әл-әзірше барға қанағат, жоққа салауат. Тоқсан минуттық матч үшін бес мың теңге төленетін жағдай түзелмейінше, бізде кәсіпқой комментаторлар қалыптаспайды.
– Алаштың азаматы ретінде сізді қандай ойлар мазалайды?
– Ой көп. Ұшығына жету қиын. Соңғы кездері бір ойға бекіп жүрмін. Қазақтың әр баласы қолынан келетін бір іс тындырса… Мысалы, досым Болат Мүрсәлім «Алаш автономиясының әскері» тақырыбын жақсы зерттеп жүр. Алаш арыстарының мұрағаттар қойнауында жатқан суреттерін альбом етіп шығарды. Зерттеуші Елдос Тоқтарбай қазір архивте отыр. Ол да Алаш тақырыбына қатысты талай қазынаның беті ашылмай жатқанын айтады. Сол сияқты, қолынан келетін, ниеті бар жастар, біз қатарлы жігіттер өзінің жанбақы кәсібінен бөлек қазақтың өткеніне қатысты әйтеуір бір тарихты аршыса… Ертеңгі ұрпаққа ұялмайтындай нәрселер тастап кетсек… Оны біз істемесек, кім істейді? 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында өз ауылымыздан соғысқа аттанған, оралмаған, оралған азаматтар туралы деректерді туған ағам Рүстем мен мектеп кітапханашысы Гүлнар апай жинастырды. Әттең-ай, өзі есімін фамилия етіп тағып жүрген атасы жайлы қазіргі 20 мен 50 жас арасындағы ұрпақтың көбі ештеңе білмейді екен. Індетсе, тіпті мұрағаттарға мұрын сұқпай-ақ қойсын, үйінде отырып, түрлі іздеу сайттарына кірсе, солар аталарының қандай ерлік көрсеткенін, қай жерде сүйегі қалғанын білер еді ғой тым болмаса… Міне, өстіп өткенімізді танып, әр сала бойынша іргелі зерттеулер жасап, хаттап кетпесек, қазір қала халқы болуға талпынып жатқан ұрпақтарымызға қиын болады.
– Кімдерге қарап бой түзейсіз?
– Мен бой түзейтін адамдар өте көп. Өлісі де, тірісі де бар. Қазақ сахарасының бір қуысында жатып, адамзат ойының биігіне көтеріліп кеткен Абай атама ғұмыр бойы таң қалып өтетін шығармын. Ахмет Байтұрсынұлының кеңістігіне тәнтімін. Ақаңның мүлде басқаша ойланғанын, әлемге мүлде басқаша қарағанын байқаймын. Жалпы, қиындыққа жолыққан сайын күшейетін адамдарды жақсы көремін. Біраз өмір көрдік, жақсыға да, жаманға да жолықтық. Әуелде адамдардан мейірім, ізгілік іздейтін едік, қазір ол қасиеттің таңдаулы адамдарға ғана қонатынына көзіміз жетті. Сондықтан өлермендерге қарап та бой түзеймін. Жанкештілерден де үйренерім көп. Өмір – ең үлкен сабақ екен, осыны түсініп келемін.
– Осал жеріңіз?
– Түгелдей осал пендемін. Қайта «мықты жеріңіз» деген сұрақ болса, қиналып қалар едім. Осалдық емей немене, барлық нәрсені уақытынан өткізіп барып түйсінетін, жылауық, күйреуік, қызғаншақ, еріншек, сылтау айтқыш, өзін ақтап алғыш, өзгенің қателігін көре қойғыш, араағайындыққа жоқ, ертеңгі күнінен қорқатын, бүгін ештеңе тындырып жатпаған адам болсам… Өмір адамға берілген үлкен мүмкіндік екенін түсініп тұрып түк бітірмейтіннің нақ өзі болғасын, «мықтымын» деуге ауыз қайдан барсын… Мықты болғым-ақ келеді, бірақ мойын жар бермейді…
– Ізіңізден басып келе жатқан замандас іні-қарындастарыңызға айтар ақыл-кеңесіңіз.
– Оқу керек. Ұлтыңды айтып, руыңды айтып, атаңды айтып мақтанатын кез өтті. Тегіңнің кім екенін білген дұрыс, бірақ сол атаңнан асып түсуге тырыс. Өйткені, сенде мүмкіндік көп. Бір саланың шыңына шық. Қазақтың есесі кетіп жатқан салаларға бой ұр. Неге қалаларымызда қазақы келбет жоқ? Неге әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде оқытылатын кітаптар енді ғана қазақ тіліне аударылып жатыр? Ойлан… Көп нәрсе айтсам, көсемсіп кеткендей болармын. Бірақ, мыңжылдық ел болу үшін әрқайсымыз мықты болуымыз керек. Өткенімен ғана мақтана беретін елдің болашағы жоқ. Бүгін істе, ертең сол аңызға айналсын. Осы ұстанымды ұнатамын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақсат БЕГІЛДАЕВ

ПІКІР