"Шамшырақ"

Жазушымен жылы жүздесу

Қазақстанның халық жазушысы, драматург, Қазақстан Республи­касының еңбек сіңірген қайраткері Әкім Тарази өзінің 85 жыл­дық мерейтойы қарсаңында облысқа ат басын бұрып, зиялы қауым өкіл­дерімен жүздесті. Жамбыл атындағы «Руханият орталығында» өткен кездесуді облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.

Елге белгілі қаламгер алдымен «Руханият орталығын» аралап, мұнда қойылған құнды жәдігерлерді тамашалады. Бұдан кейін кездесуге келген көпшілік Әкім Таразидің шығармашылығы, туындыларындағы кейіпкерлер мен адами болмысы жайында кеңінен сөз қозғады. Сонымен бірге, жазушы драматургиясы мен заман шындығын сурет­теген көптеген драмалық шығармалары да әңгіме арқауына айналды. Кездесуде сөз алған қабырғалы қаламгер өзі туған жердің топырағына бір аунап қайтқаннан асқан бақыт жоқтығын айтып, жерлестеріне деген сағынышын жеткізді.
Ал, ақын Шырын Мамасерікова Әкім Тарази қазақтың қара сөзін қазық қып, асыл сөзін азық қып, ата-бабалардың рухани байлығын жеткізіп жүрген азамат екенін айта келе, жазушы шығармашылығындағы ерекше естеліктерге тоқталды. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәлиұлы болса, 1964 жылы жазушының сценарийі бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі» фильмінің көрсетілуіне не себепті рұқсат берілмегенін сұрады. Бұған қаламгер ол замандағы кейбір туындылар солақай саясаттың құрбанына айналғанын жеткізді. Бұдан бөлек, басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жазушының орыс тілінде жазылған шығармалары жайлы ой қозғаса, облыстық «Ақ жол» газетінің директор – Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы қаламгердің адам тани білу қабілеті жайлы сыр шертті. Жиын соңында қонақтар естелік суреттерге түсті.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

ПІКІР