Жазықсыз жазаланғандар немесе қанды статистика

0 10

Нақтыланбаған деректер бойынша Жамбыл облысында қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 5 мыңнан асады. Ал оның 850-ге жуығы атылды деген мәлімет айтылады. Алайда ол деректерді нақтылайтын құжаттар әлі жеткіліксіз. Көптеген дереккөздердің қолжетімділігі ендігі күннің еншісінде.

Облыстық «Aq jol» газетін ұзақ жылдар бойы абыроймен басқарған көрнекті журналист, белгілі қаламгер, мұрағатшы, марқұм Мақұлбек Рысдәулет зейнет демалысына шыққан соң Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатында сүбелі еңбек етті. Ізденімпаз қаламгер Жамбыл жерінде туған, тұрған, еңбек еткен, жазықсыз жазаланған, кейіннен ақталған азаматтар туралы көптеген деректерді жинақтады. Сөйтіп, 2014 жылы Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағат ұжымының тарапынан «Жазықсыз жазаланғандар» деген көлемді жинақ шығарып, оған басшылық жасады. Кезінде республикалық, облыстық басылымдарда жарияланған және жекелеген кітаптар бойынша жазықсыз жазаланған азаматтардың қысқаша мәліметтерін ерінбей жинақтады. Сондай-ақ ол соңғы кездері айқындалған деректерді тауып, тізімді одан әрі нақтылап, толықтыра түсті.
Сонау жиырмасыншы жылдардың соңынан басталып, ашаршылыққа жалғасып, 1937-1938 жылдардың қасіретті күндеріне ұласқан осы зұлматты шақта республика бойынша 103 мыңдай адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңдайы атылғаны жөнінде толық нақтыланбаған деректер түрлі еңбектерде, басылымдарда жарияланып жүр.

Қазақстандағы қуғын-сүргін көп жағдайда 1937-1938 жылдармен байланыстыра айтылады. 2010 жылы шыққан Қазақстан тарихының 4-томының 415-бетінде: «Бүгінде ұжымдастыру және ашаршылық зардаптары жариялылық сипатқа ие болды. Мемлекеттің осы кезеңмен байланысты жүргізген қуғын-сүргін шараларына назар аударуға қолы жетті. 20-жылдардың соңында, 30-жылдардың бас кезінде 100 мыңнан аса адамның қуғын-сүргінге ұшырағаны анықталды. Осы цифрды түпкілікті деп айтуға болмайды. Өйткені жергілікті билік органдарының, аудандық және округтік соттардың тарапынан әртүрлі жазаға тартылғандар туралы деректері осы уақытқа дейін беймәлім», – деп жазылған.
1993 жылдың 14 сәуірінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңның қабылдануы ел тарихындағы аса бір ауыр кезеңнің құпия, жабық беттерін ашу ісіне зор қарқын бергендігі белгілі. Кейін осы ауқымды шараның сәл бәсең тартып қалғандығы ақиқат. Соған байланысты аса көрнекті тарихшы, қоғам қайраткері Бүркіт Аяған бастаған 20 шақты ғалым Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарының әлі көптігін баян еткен-ді. «Репрессияға ұшыраған миллиондаған тағдырды ақтау үшін деректер жинау қажет. Мәселен өздері ғана емес, олардың әйелдері, балалары да қуғынға ұшырады. Сол кезде кеткен адамдардың тізімін жасап, шамамен санын келтіріп, категорияларға бөліп анықтау керек. Кезінде милицияның үкімі шыққан қағаздар жойылып отырды. Адамның құқығын таптау ғой бұл. Отбасынан айырылды, дүние-мүлкі тәркіленді. Өйткені көпшілігі жөнінде ақпарат, құжат жоқтың қасы. Шетелге кеткен қазақтардың біразы атылды, қырылды. Оларды табу қиын болуы мүмкін», – деді. Осы төңіректе айтылған ұсыныс Мемлекет басшысы тарапынан үлкен қолдау тапты.
2020 жылдың 24 қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарымызды одан әрі ақтап, жазықсыз жазаланған жандарды нақтылап, тарих алдында ақ-қарасын айқындауды тапсырды. Бұл орайда 49 адамнан тұратын арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, қазір іске кірісіп жатыр. Алайда комиссияның жұмысы оңай болмайтындығы айқын.
Жалпы нақтыланбаған деректер бойынша Жамбыл облысында қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 5 мыңнан асады. Ал оның 850-дейі атылды деген мәлімет алға тартылуда. Бірақ ол деректерді нақтылайтын құжаттардың әлі жеткіліксіз екендігі белгілі. Көптеген дереккөздердің прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан әлі де жабық екендігі кейініректеу мәлім болды.
Мен бұл орайда М.Рысдәулеттің жинақтауымен және жетекшілігімен дайындалған аталмыш ауқымды жинаққа біршама уақытымды бөліп, талдаулар жасауға ықылас таныттым. Сөйтіп, кітапта қамтылған 1896 жазаланған азаматтың қала, аудандар бойынша сандарын нақтылап, сонымен бірге мерзімді жыл арқалап, сотталғандар мен ату жазасына кесілген жандардың ұлттарын жекелей талдауға күш салдым.
1937-38 жылдары Жамбыл облысы аймағында 14 аудан болғандығын, олардың Алматы облысына және Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі болғандығын оқырмандардың есіне салуды ойға ұстадым. Себебі Жамбыл облысы 1939 жылы 14 қазанда құрылғаны белгілі ғой. Сол кезде оның құрамына Оңтүстік Қазақстан облысының Жамбыл, Луговой, Меркі, Сарысу, Свердлов, Талас, Алматы облысынан Красногор, Қордай, Шу аудандары енді. 1951 жылы 15 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Жуалы ауданы Жамбыл облысына берілді. Ал Мойынқұм ауданы 1964 жылы 31 желтоқсанда құрылған болатын. Ол бұрынғы Красногор, Көктерек аудандарының негізінде жасақталған еді. Бүгінде тарих қойнауына кеткен Красногор, Мирзоян, Свердлов, Әулиеата, Көктерек аудандары туралы кейінгі ұрпақтар біле бермейді. Бұл орайда әр кезеңде жоғарғы басшылық тарапынан аудандардың әкімшілік әртүрлі бөліністерге түскендігіне куә боламыз. Сол 1936-38 жылдары осы күнгі Тараз қаласының Мирзоян қаласы атанғандығы тарихтан белгілі. Яғни 1936 жылы 10 қаңтарда Әулиеата қаласы республиканың бірінші басшысы Мирзоян атымен аталды. 1938 жылы Мирзоян «халық жауы» болып ұсталғаннан кейін сол жылдың 5 маусымында қала ұлы ақын Жамбыл атын иеленді. Ал 1997 жылы 7 қаңтар күні Елбасы Назарбаевтың Жарлығы бойынша қалаға өзінің ежелгі «Тараз» атты тарихи атауы қайтарылды.
Енді төменде келтірілген кесте бойынша талдау жасайық. Онда жазаға тартылған ұлттар саны 43-ті құрайды. Олардың барлығы – 1 896 адам.
Ең көп жазаға тартылған ұлттардың сапын 646 қазақ, 441орыс, 158 украин, 104 неміс құрайды. Бұдан кейін дүнгендер 94, кәрістер 76, белорустар 51, поляктар 47, өзбектер 42, күрділер 35, еврейлер 30, қашқарлар 27, түріктер 14, қытайлар 12, әзірбайжандар 12, молдавандар 11, армяндар 11, латыштар 10, ал қалған ұлттардың сан көрсеткіші
1 мен 9 аралығында.
Осы 1 896 жазықсыз жазаланған азаматтың 689-ы ату жазасына кесілген. Қалған 1 207 жазаланушы азамат 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Өлім жазасын арқалаған жандардың қатарында 208 қазақ, 116 орыс, 57 неміс, 51 кәріс, 50 украин, 31 дүнген, 23 еврей, 23 өзбек, 23 белорус, 18 күрді, 18 қашқар, 17 поляк, 9 қытай, 5 молдаван бар. Басқа ұлттардың үлесі 1 мен 4-тің арасында. Яғни 34 ұлттың өкілі өлім жазасына кесілген. Сол 1896 жазықсыз жазаланған жандардың ішінде 46 әйел болған. Оның 9-ы ауыр үкімнің заңсыз құрбаны болды. Олар жұмыссыз әйел Болдырова Мария, мұғалім Егор Софья, карамель цех шебері Литовкина Анна, жұмыссыздар Лоцман Мария, Лезвинская Гертруда, карамель цехының жұмысшысы Лир Анна, Машанова Елизавета, жеке шаруа Машанло Исмаз, колхоз басқарма мүшесі Голопузова Пелагеялар еді.
Ал түрмеге тоғытылған қазақ әйелдерінің қатарында сарысулық Жүнісова Айымкүл, жамбылдық Беделбекова Бекбике, таластық Келімбетова Төлбасылар бар.
Бұл қаралы тізімге көрнекті мемлекет қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сармолдаев, Сыдық Абыланов, Әшір Бүркітбаев, Мағаз Масанчы, Сақып-Керей Құрамысов, Жүнісбек Дүрімбетов, Түймебай Әшімбаев, Дінмұхаммед Әділов секілді көптеген азаматтардың енгізілмегендігін қаперде ұстаған абзал.
Ал сол сотталған, ату жазасына кесілген азаматтардың әлеуметтік тегіне зерделей қарасаңыз, жағаңызды ұстайсыз. Аудан, ауыл, мекеме басшыларынан тыс сотталғандар қатарында қарапайым малшы, диқан, жай қара жұмысшы, жұмыссыз, үй шаруасындағы әйел, жеке шаруа шаштараз, балықшы, мұғалім, қарауыл, балташы, етікші, көлік жүргізуші, колхозшы, таразышы, ұста, құрылысшы, жүкші, қоймашы, есепші, арбакеш, тағы басқа жиі кездеседі.
Бір әкенің үш ұлы неміс Фрицлер Герман, Фрицлер Карл, Фрицлер Эмануил, белорус Уейский Адольф, Уейский Сигизмунд, Уейский Франц, неміс Валл Корней, Валл Герград, қазақ Тұржанов Жалабас, Тұржанов Құсайын, жеке шаруалар Ханқожаев Қарақожа, Ханқожаев Төреқожа, малшылар Абысбеков Қоңырбай, Абысбеков Орымбай, колхозшылар Әлімбеков Тұрабек, Әлімбеков Кемел, малшылар Әбезов Әбілбек, Әбезов Карл, Садо-оғлы Гамид, Садо-оғлы Гасандар өлім жазасына кесілген.
«Жазықсыз жазаланғандар» жинағында ату жазасына кесілгендердің әрқайсысының тұсына РСФСР-дың Қылмысты істер кодексінің 58-бабының 10,11- тармақтары бойынша сотталғаны нақтылы көрсетіліп отырған. Содан соң олардың әрқайсысының тұсына қай жылы, қай айда, қай күні қандай құзырлы органның қаулысымен, шешімімен, тұжырымдамасымен ақталғандығы көрсетілген.
Биылғы жылы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарымызды ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның архивтерінің құпия қойнауларында құлыптаулы жатқан көптеген құжаттардың бетін ашатындығы сөзсіз. Сталиндік қанды қылыштың жүзінен опат болған небір асыл, бейкүнә, қарапайым азаматтарымыздың ақталып, өздері болмағанымен, кір шалмаған рухтары өз халқымен қайта табысатындығына кәміл сенеміз.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жаңатас қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.