Жазықсыз жазалаудың құрбаны Бөлеген жатқанбаев жайлы тарихи деректер не дейді?

0 6

«..Айыпталушы Бөлеген Жатқанбаев 1937 жылы көктемде аудандық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Кеженов Дәулеткерей құрған антисоветтік төңкеріс ұйымының құрамында «Ворошилов», «Шарбақты», «Ақтас», «Қазақстанның 15 жылдығы» колхоздарына зиянкестік жасау мақсатымен қатарларына бай-құлақ элементтерін тартып, Кеңес үкіметін құлатуға қызмет ететін кадрлар дайындау бойынша контрреволюциялық жұмыстар жүргізген, яғни Қылмыстық кодекстің 58-6; 58-7; 58-11-баптарында көрсетілген қылмыстар жасаған.

Өз кінәсін мойындамады. Б.Жатқанбаевты айыптау ісі бойынша тергеу материалдары НКВД-нің Алматы облыстық жедел үштігінің қарауына жіберілді…»

(1938 жылғы 9 ақпандағы айыптау қорытындысынан.)

Осыдан екі күн өткенде – 11 ақпанда «үштік» Б.Жатқанбаевты ату жазасына кеседі, тағы бес күннен кейін – 16 ақпанда Алматы түрмесінде үкім орындалады.

2013 жылы өмірден өткен журналист әріптесіміз, кезінде облыстық мұрағатта қызмет еткен Еділбек Әлиевтің және Қордай аудандық мұрағатының сол кездегі меңгерушісі Ғазиза Медееваның көмегімен қол жеткен жоғарыдағы мәліметтер сонау сұрқия заманда жазықсыз жапа шеккен жүздеген, мыңдаған бейкүнә жандардың бірі– қордайлық Бөлеген Жатқанбаев туралы бұған дейінгі мардымсыз деректерді байыта түседі. Ал Б.Жатқанбаевтың тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған нағашысы екенін айта кетейік.

«Нағашы жұртым Қордай жақта», деп Нұрекеңнің өзі де айтып жүреді, анасы Әлжан апамыз Қасық (қазір Әлжан ана) ауылынан, Елбасының нағашылары қасқарау Олжабайдан тарайды. Оның Жиенқұл, Жолдас, Байкісі, Кенебай деген төрт ұлы болған. Кенебайдан Жатқанбай, одан Бұқарбай (Бұқа), одан бір ұл, бір қыз – Бөлеген мен Әлжан апамыз туады. Біздің бүгінгі айтпағымыз, Нұрекеңнің осы нағашысы Бөлеген хақында болмақ. 1937 жылы «халық жауы» деген айыппен ұсталып кеткендіктен ол туралы бізге жеткен деректер аз еді. Бар білетініміз, Жатқанбаев Бөлегеннің 1898 жылы Қасық ауылында дүниеге келіп, 1925-1927 жылдары (ол кезде Қасық аудан орталығы, ал Қордай және Красногор аудандары Алматы облысының құрамында болған) милицияда жұмыс істегендігі. Бөлегенді он жасынан білген, шапағатын да көрген, Орашылдағы («Ворошилов» колхозын жұрт солай атайтын) Бөлеген салдырған мектепте жеті жылдық білім алған сұлутөрлік Нұрланқұл Бәзілов (марқұм) ақсақалдың айтуынша, ол төртбақ денелі, дембелше келген, қалың қасты, мұртты, көркем жігіт болыпты. «Бөлеген осы қызметте жүргенінде бірде Шудан келе жатып жол бойынан ақша толы портфель тауып алады. Оны дереу Қордайға жеткізіп, тиісті орындарға тапсырғанда, ол ақша Қордай ауданының мекемелеріне банктен бөлінген бір айлық жалақы болып шығыпты» дегенді осы Нұрекеңнен естіп едім. Осы оқиға Бөлегеннің қызметте тез өсуіне себеп болған тәрізді. Ол 1933 жылға дейін Қасықта колхоз басқарады. Бұл жылдары колхоз темекі егіп, ашаршылықтан кейін тұралаған ауылды көтеріп, тағы да көзге түседі. Қызыл үй, мектеп салынады. Қасық ауылының атағы алысқа кетіп, соның арқасында бүкілодақтық ақсақал Калининнің өзі мұнда екі мәрте болған көрінеді.

Қ

асықта біраз еңбегі сіңгеннен кейін оны жер аударылған орыстар көп тұратын Красногор ауданының «Ворошилов» колхозына парторг етіп жібереді. Осыған дейін ауыл балалары шіркеуде оқып келген екен. 1934 жылы Бөлегеннің бастамасымен мектеп үйінің іргетасы қаланады. Ауылды көгалдандыруға мектеп оқушыларын ұйымдастырып, Красногор аймағының көп жеріне ағаш отырғызылады. Көзін көргендердің айтуынша, Бөлегеннің ұйымдастыруымен тұрмысы нашар отбасылардың балаларына жылы киімдер бөлініп, басқа да көмектер көрсетіліп тұрған. Мұнда да осындай адал, тыңғылықты жұмыс жүргізіліп, колхоз аудан бойынша алдыңғы орынға шығады. Осыдан кейін Б.Жатқанбаев 1936 жылдан Красногор аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істей бастайды. Сол кезеңде Қордай ауданы аумағынан төменгі Шу суландыру каналының құрылысы басталғанда Бөлеген Красногор ауданынан жұмысшыларды ұйымдастырып, канал құрылысына жіберіп отырған деседі. Алайда 1937 жылдың қазан айында «халық жауы» деген желеумен «Ворошилов» колхозының төрағасы Кизяев Тимофей, ауылдық кеңес төрағасы Ботбаев Изатулла, мектеп директоры Мадышев Құдайбергенмен бірге Бөлегенді де бір түнде ұстап әкетеді.

Біз өз тарапымыздан Бөлеген туралы аудандық, облыстық мұрағаттарға сұрау салумен болып едік. Жоғарыда айтқанымыздай, 2013 жылы Қордай аудандық мұрағатының меңгерушісі Ғазиза Көбейқызы Медееваның белсенді атсалысуымен Орталық партия архивінің бір бума материалдары қолымызға тиді. Онда Бөлегеннің жазалану себебі бұған дейінгі біз ойлағаннан гөрі салмақтырақ, саяси астарлы болып шықты. Оның ұсталуы қызмет бабымен кәмпеске кезінде малдарын тәркілеп кедейлерге үлестірген, артығын ортаққа қосқаны үшін байлар тұқымдарының кек алу мақсатында жаламен көрсетуінен деген сөз болған. Қысқа ғұмырында атқарған қай қызметінде де адалдығымен, принципшілдігімен, ұйымдастырушылық қасиетімен көзге түскен белсенді коммунистен тап жаулары есебін тауып осылай есе қайырды деудің қисыны келетін еді. Ал бұлтартпас мұрағат құжаттарында Б.Жатқанбаевтың ВКП(б) Красногор аудандық комитетінде нұсқаушы болып жүріп, алдымен қызмет бабын пайдаланып пара алды деген айыппен 1937 жылдың тамыз айында партиядан шығарылғаны, 22 қазанда қамауға алынып, 1938 жылы 5 ақпанда Красногор аудандық сотымен төрт жылға сотталғаны қатталған. Алайда қандай да бір себеппен Бөлегеннің үстінен бір апта өтпестен жаңа іс қозғалып, қайтадан тергеуге алынады. Бұл жолы оған саяси айып тағылып, 11 ақпанда Алматы облыстық УНКВД үштігінің шешімімен ату жазасына кесіліп, 16 ақпанда үкім орындалады. Осы арада оған тағылған айыптың салмағын сезіну үшін 1938 жылы 8 ақпанда Красногор аудандық НКВД бастығы, мемлекет қауіпсіздігі қызметінің кіші лейтенанты А.Дутовтың Жатқанбаевтан жауап алу хаттамасын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

«Сұрақ:

– Сіз белсенді түрде контрреволюциялық жұмыстар жүргізіп келген антисоветтік қазақ ұлтшылдар ұйымына қатыстылығыңыз үшін айыпталып отырсыз. Осыған байланысты не айтасыз?

Жауап: – Маған тағылған бұл айыптауларды мойындамаймын.

Сұрақ: – Өзіңіздің жақын таныстарыңыз туралы куәлік беріңіз?

Жауап: – Менімен достық қарым-қатынаста болған мына адамдар:

1) Ботбаев Садуақас – Бірлік ауылынан, 1930 жылдан бері Қордай аудандық РайПО қызметкері ретінде білемін.

2) Нұрбеков Байтуған – Красногор аудандық оқу бөлімінің бұрынғы қызметкері, бидің және байдың баласы.

3) Кеженов Дәулеткерей – Красногор аудандық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы.

4) Қалмамбетов Әлімқұл – «Шарбақты» колхозының бұрынғы төрағасы.

5) Нарымбетов – аудандық оқу бөлімінің бұрынғы меңгерушісі.

6) Рамазанов – МТС директорының бұрынғы орынбасары, қазіргі кезде аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1933 әлде 1934 жылы Семейде бас кондуктор болып жүргенде пойыз апаты үшін 10 жылға сотталған, Жоғарғы сот тарапынан ақталып, партиялығы қалпына келтірілген.

7) Байболатов Толыш – Шарбақты колхозының төрағасы, атқамінердің ұлы.

 

Сұрақ:

– Енді олардың антисоветтік әрекеттері туралы куәлік беріңіз.

Жауап:

– Олардың антисоветтік әрекеттері туралы ештеңе білмеймін.

Сұрақ:

– Сіз өзіңіздің контрреволюциялық қызметіңізді тіркеуден жасырып отырсыз. Тіркеу ісі шынайы куәлік берілуін талап етеді.

Жауап:

– Бұл мәселеге байланысты ештеңе айта алмаймын. Хаттама менің жауаптарыммен дұрыс толтырылған. (Жатқанбаевтың қолы)

Жауап алған РОНКВД бастығы Дутов (қолы)

8 ақпан, 1938 жыл.

О

сынау қысқа ғана жауап алудан-ақ еліміздің бетке шыққан қаймағын қалқып, баудай түсірген әйгілі «отыз жетінің» жазалау машинасының қалай жұмыс істегенін көруге болады. Бөлеген тағылған айыптарды мойындамады және ешкімнің сыртынан жалған куәлік бермеді. Бірақ соған қарамастан ату жазасына кесіліп, айналасы бірер күнде үкім орындалады. Оқиғаның (сот, тергеу амалдары және үкімнің орындалуы) соншалықты тез қарқынмен дамуынан бұл жерде адам тағдырының көпе-көрінеу аяққа тапталып, ел ішінен «халық жауларын» тауып, жазалаудың жоспарлы науқан түрінде жүргенін аңғару қиын емес.

Архив құжаттарынан Б.Жатқанбаевтың өмірбаянына қатысты бұған дейін беймәлім болып келген тағы біраз жайттар белгілі болып отыр. Мәселен 1936 жылғы
17 мамырда толтырылған ВКП(б) мүшесінің тіркеу бланкасында оның 1898 жылы кедей шаруа отбасында туып, 1911-1921 жылдар аралығында Пішпек қаласында Абдул Сушанлов деген байдың жалдамалы жұмысшысы болғаны, одан кейін Жетісу губерниясы Пішпек уезіне қарасты Қасық ауылында құрылған Қосшы одағына артель мүшесі болып кіргені, 1924-1928 жылдар аралығында Шу аудандық милиция бөлімінде кіші милиционер болып қызмет атқарғаны жазылыпты. (Сонда ғой сөмке толы ақша тауып алып, оны милицияға әкеліп тапсыратыны). Осыдан соң қызметі тез өрлеп, 1928-1930 жылдар аралығында Қордай аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1930-1932 жылдары «Ауыл шаруашылығы банкінің» меңгерушісі, «Шөміш» гостройкомының төрағасы, «Бірлік» колхозы партия ұясының хатшысы, 1933-1936 жылдары Красногор ауданының Горно-Никольск ауылында Ворошилов атындағы колхоз төрағасының орынбасары және партия ұйымының хатшысы, 1936 жылдың басынан ВКП(б) Красногор аудандық комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарған. Небәрі қырық жасында саяси режимнің құрбаны болған есіл азаматтың қамшының сабындай қысқа ғұмырының ресми деректері осындай. Оның үй шаруашылығында бір сиыры және бір аты болғаны, білімі жөніндегі бағанға 1931 жылы екі айлық бағдарлама бойынша сауатсыздықты жою курсын (Ликбез) бітіргені ғана жазылыпты. Партия мүшелігіне кандидаттыққа 1930 жылы 2 қаңтарда қабылданып, келесі жылы 3 қаңтарда мүшелікке өткен. 1933-1935 жылдар аралығында ВКП(б) Қордай аудандық комитетінің, 1935 жылдан қамауға алынғанға дейін Красногор аудандық комитетінің мүшесі болған. 1861761 нөмірлі партиялық билеті 1936 жылы мамырда жаңа үлгідегі 1571085 нөмірлі партбилетке ауыстырылған.

Е

лбасының Олжабайдан тарайтын өзге де нағашылары болған. Жатқанбайдың Шыныбек деген інісінен туған Сасықұлы Досымқұл Ұлы Отан соғысынан оралмады. Ал Жатқанбайдың Айтбай деген інісінен туған Қонақбайұлы Айдапкел қария соғыста бір аяғын қара саннан төмен беріп келген. Көзіміз көрді, 1990 жылы жасы тоқсаннан асқанда дүниеден өтті. «1992 жылы осы нағашысының асына Нұрсұлтан Әбішұлы арнайы келіп қатысты. 1995 жылы тағы да келіп, нағашысына Құран оқытқан болатын. Әр келген сайын хабарсыз кеткен нағашысы Бөлегеннен бір дерек бар-жоғын сұрастыруды да ұмытқан емес», дейді ардагер ұстаз «Қазақстанның оқу-ағарту ісінің үздігі» Нәби Ермекбайұлы қария. Айтпақшы, бұл кісінің өзі де Президентке бөтен емес. Олжабайдың Жиенқұл атты ұлының ұрпағы. Туған жерінде Б.Жатқанбаевтың есімін есте қалдыру туралы мәселе көтеріп, Нұрсұлтан Әбішұлына дейін хат жазып жүрген де осы Нәби ақсақал.

Оның айтуынша, Бөлеген Красногорда қызметке ауысқан жылдары қарындасы Әлжан ФЗО-ға алынып, Үшқоңырда ер-азаматтармен бірге тасжол құрылысына қатысып жүргенінде Әбішпен көңіл қосып, тұрмысқа шыққан. Сол кездері анасы Дүрия ара-тұра Бөлегеннің ақ боз атына мініп, Шамалғандағы қызына барып тұрады екен. Сонда ғой әрқайсысы үлкен кеседей жұпар иісті, нарт қызыл апорт алмаларын әкеліп жүретіні. Олардың Бөлеген ұсталып кеткеннен кейінгі күндері күн болмады. Әйелі Бибіш енесі Дүрияны, үш баласын алып, Красногордан Қасыққа оралады. Бөлеген тұтқынға алынған кездегі анкета деректеріне зер салсақ, ол кезде анасы – 69, әйелі – 26 жаста, балалары Сұлтан он үш жаста, Рашет жетіде, ал Бекмұрат небәрі үш жасар екен. Бибіш көп ұзамай олардың бәрін тастап, басқа адаммен тұрмыс құрады. Осы арада назар аударатын бір жайт, Бөлегеннің Әлжанмен екі ортада тағы бір қарындасы болған. Тұрмысқа шыққанымен өмірде жолы болмаған оның есімі де белгісіз. Сұлтан содан қалған тұяқ, жастайынан әжесінің бауырында өсіп, Бөлеген оны өз баласы ретінде жаздырған көрінеді. Сұлтан әжесінің қолында ержетіп, кейін соғысқа қатысады. Қан майданнан Мария есімді орыс әйелімен келіп, балалы-шағалы болады. Бертінде, яғни 1981 жылы 1 қазанда дүниеден өткен. Рашет бала күнінде қатты мертігуден қайтыс болған, ал 1935 жылы туған Бекмұрат (Бекен аталып кеткен) әжесінің қолында ержетеді. Қасық орта мектебін үздік бітіреді. Ол да өзі сұрану арқылы әскери қызметке алынып, онда мұсылман дінді Зоя Николаевна есімді чуваш қызына үйленіп, елге ертіп келеді. Бөлегеннен қалған бұл тұяқ біраз уақыт Қасықта тұрып, «халық жауының» баласы деген түртпектен Мойынқұм ауданының Қарабөгет жағына қоныс аударады. Бекмұрат қайтыс болғанда туған жері Қасыққа әкеліп жерлеген. Одан тараған Бөлегеннің немере, шөберелері қазір сол Мойынқұм, Ақсүйек жақты мекендейді. Бірақ Қордаймен арада байланысы үзіліп қалған. Осы орайда Мойынқұм ауданының мемлекеттік мұрағатынан алынған деректі (4.06.2013 ж.) келтіре кетейік:

«… Жатқанбаев Бөлегеннің 1935 жылы туған ұлы Бөлегенов Бекмұрат Мойынқұм ауданының Қарабөгет ауылында 1997 жылға дейін тұрған, 1998 жылдан Мойынқұм ауылына көшіп келген, 2004 жылы қайтыс болған. Бөлегенов Бекмұраттың екі ұлы және төрт қызы болған, оның Серік және Гүлнәр есімді екі баласы қайтыс болған.

Қазіргі таңда Бөлегенова Қарлығаш Бекмұратқызы (02.10.1961ж.т.) Алматы қаласында; Бөлегенова Сәуле Бекмұратқызы ( 16.07.1963 ж.т.) Мойынқұм ауданы Ақбақай кентінде; Бөлегенов Андрей (Әлімжан) Бекмұратұлы (21.05.1972 ж.т.) Мойынқұм ауылында; Бөлегенова Сандуғаш Бекмұратқызы (22.05.1979 ж.т.) Мойынқұм ауылында тұрады».

Ә

рине, Елбасының анасы Әлжан ана туралы республикалық басылымдарда аз жазылған жоқ. Олардың бірқатарында ағасы Бөлеген Жатқанбаев та еске алынады.

«Egemen Qazaqstan»-да жарияланған «Президенттің анасы» деген мақалада
(6 шілде 2007 ж., авторы: Гүлзейнеп Сәдірқызы): «Өзінің белсенді ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, болашағынан үміт күттірген Бөлегенді «Жан жарыңды құрметте, балалардың бағы үшін, нағашыңды құрметте, ақ сүт берген ана үшін» деген, Нұрсұлтан Әбішұлы Үкімет басшысы болып тұрғанда да, Президент болып сайланғаннан кейін де Қордайдағы нағашыларына жолы түскен сайын із-түзсіз кеткен нағашысы Бөлеген Жатқанбайұлы жайлы сұрастырып отырған» деп жазды. «Жас қазақ» газетіндегі «Жеңеше» деген мақалада (09.07.2010 ж. авторы. Амангелді Сейітхан): «Әлжан апаның төркіні туралы сөз айтылғанда алдымен Бөлеген Жатқанбайұлының есімі тілге оралады. Өз заманының заңғар ұлы 1937 жылғы «науқан» құрбаны болған, 1956 жылы ақталды» деген жолдар бар. Ал «Тұңғыш Президенттің балалық шағы: Елбасы жас кезінің бөймәлім қыр-сырлары» деген кітапта: «Әлжан ананың Кеңес одағы кезінде құжатқа түскен фамилиясы – Жатқанбаева. 1937 жылғы қанды қырғынға іліккен туған ағасының аты-жөні – Бөлеген Жатқанбаев. Ол кісі табиғатынан өжет, сөз үшін қолын қалтасына салмайтын ділмәр, қалың қасты, кербез де сұлу адам болған көрінеді» дейді. Осылардың өзі-ақ «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» демекші, Нұрсұлтан Әбішұлының көптеген ерек қасиеттері осы нағашы ағасынан жұғысты болды ма екен деген ойға жетелейді.

Ақырында репрессия құрбаны Б.Жатқанбаевтың ақталу мәселесіне орай бірер сөз. Бір-екі жерде кезіктірген «1950 жылы ақталды» деген деректің құжаттық негіздемесі қолымызға түспеді. Ал жуырда алынған архив құжаттары арасында Қазақстан Компартиясы Жамбыл облыстық комитеті жанындағы партиялық бақылау комиссиясының торағасы С. Жанәбіловтың қолымен расталған «Бұрынғы ВКП(б) мүшесі Б.Жатқанбаев туралы» деген анықтамада (1990 жыл, 6 қаңтар) оның ақталу дерегі басқаша тұрғыда түсіндіріледі. Онда УНКВД «үштігінің» Б.Жатқанбаевты ату жазасына кескен үкімі «30-40-жылдарда және 50-жылдардың бас кезінде орын алған жазалау құрбандарына қатысты әділеттілікті қалпына келтірудің қосымша шаралары туралы» ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы 16 қаңтардағы Указына сәйкес күшін жойғаны, ал партиялылығы бойынша Б.Жатқанбаев саяси қылмыскер ретінде емес, қызмет бабын пайдаланып пара алғаны үшін алғашқы сотты болуы кезінде партиядан шығарылғандықтан репрессия құрбаны ретінде партиялылығы қалпына келтіруге жатпайтыны көрсетілген.

М

ақаланың басында Бөлеген Жатқанбаев 1938 жылы
11 ақпанда Алматы облыстық УНКВД үштігінің үкімімен ату жазасына кесілгенін айтқан едік. Бірақ үкімнің қайда, қалай орындалғаны мұндаға дейін белгісіз болып келген-ді. Туыстары сүйегі қайда қалғанын да біле алмаған. Соңғы жылдары ғана оның Алматы қаласынан 40 шақырымдай жердегі Жаңалық ауылының маңындағы үлкен қорымда жатқаны белгілі болды. Алдымен осы қорым туралы түсіндіре кетейік. Сол бір сұрапыл 1937-1946 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының төрт жарым мыңдайы жатқан еліміздегі ең үлкен қорым. НКВД-нің қолынан құрбан болғандар Алматыға жақын Талғар ауданы жеріндегі Басқан өзені жағалауындағы кішігірім Жаңалық ауылының іргесіне жасырын жерленіп отырған. Олар негізінен Алматы қаласында, Алматы маңындағы абақтыларда өлтірілген адамдардың мәйіттері. Арасында алаш ардақтылары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, С.Асфендияров, Х.Досмұхамедов тәрізді арыстар бар.

2002 жылы сол қорымның басына мемориалдық монумент орнатылған екен. НКВД мұрағаттарынан онда жерленгендердің тізімі жүйеленіп, «Захоренение «Жаңалық» мартиролог» деген азалы кітаптар шығарылыпты. Соның екінші кітабында Б.Жатқанбаев туралы мынадай деректер бар болып шықты:

«Джаткамбаев Булеген род. В 1898 г. В Курдайском р-не Джамбулской обл. Казах-Инструктор Красногорского райкома.Осужден тр. УНКВД Алма-Атинской обл. 11.02. 1938 г. пост. 58-7 10кВМН Реабилитирован заключением прокуратуры Джамбулской обл. 22.05.1989 г.»

2014 жылдың басында Елбасының нағашыларынан Қордай ауданының Құрметті азаматы Нәби Ермекбайұлы ақсақал мен қарындасы Әнипа Әбішқызы бастап біраз адам «Жаңалық» қорымына барып, Б.Жатқанбаевтың рухына Құран бағыштап, Қордайда ас беру рәсімін өткізген болатын.

Мінеки, өткен ғасырда жарты әлемді уысында ұстаған тоталитарлық жүйе құрбандарының бірі туралы біз зерттеп білген деректер осындай.

 

Құрманбек ӘЛІМЖАН,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі,

Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.