"Тарих. Таным. Тағылым."

Жазылбек деген қойшы болған

Written by Aray2005

Бұл жазбаны «Жазылбектің жұлдыздары» деп атауға да болар еді. Өйткені ол кісі түсінде жұлдыз көрген, жұлдыз оның мәртебесі, жұлдыз оның жан тазалығы. Таңертең ерте төсегінен атып тұрып: «Бәйбіше, түсімде аспандағы жұлдыз біткеннің бәрі кеудеме қонақтап тұр екен» депті. «Сабыр сақта, қара қойыңды бағып жүре бер. Қолың таза ғой» дейді көнтерлі бәйбіше қосағының кең маңдайына көз астымен қарап.

Жазылбек қолын кірлетпеген пенде. Тақуа десе де болар еді. Өтірік айтып, көлгірсуді білмейтін. Үнсіз тыңдап отырып бір-ақ кесетін. Басшы да, қосшы да білікті қойшының білгірлігіне тәнті боп тәк тұратын.
Ол Сталин қылышынан қан тамып тұрған 1948 жылы Социалистік Еңбек Ерінің алғашқы Алтын Жұлдызын кеудесіне тақты. Қаракөл қойын баптап өсіріп, қаракөл елтірісін молынан алып, «Айдарлының» атын аспанға шығарды. Қаракөл о заманда қат еді. Генералдар мен Саяси бюро мүшелерінің басында қоқырайған папах пен қаракөл жағалы пальто, жағасы жайлауда жүрген шіркіндердің үстіне ілгені шетте қалған Мойынқұмнан шыққан еділбай қойының елтірісі еді.
Жазылбек бала күннен шамшыл, әр нәрсеге қолын былғамай кірпияз болып өсіпті. Түбіт мұрт шағында, көмекші шопан болып жүргенде, қыстауға ауданнан уәкіл келіпті. Аға шопан алдынан өтіп, бір қойдың алқымын өткір пышақпен орып жібергеннен кейін қазанда былқылдап қайнап жатқан етке қарап тәбеті шауып, темекі түтінін танауынан ытқытып тұрған уәкілге қарап: «Бұл етті сен жемейсің, мұны анау қорада шөпке жарымай маңырап тұрған қой жейді» деп, ала көзімен ата қарайды. Отта тұрған қазанды көтеріп апарып, он екі жілікті түгел бір қора қойға бөліп бергенде уәкіл: «Мұны ешкім естімесін. Тез шөп түсіріп беріп, қорасының төбесін бүтіндеңдер» деп көлігіне қарай тұра қашқаны ақиқаттан туған аңыз. Сорпаны итаяққа әкеп құйғанда жеті қазынаның бірі кеткен уәкілді арс етіп шығарып салып, сорпаны шылп-шылп жалағаны – өмірдің суреті, шындықтан туған шынайы көрініс. Адамзат қорыққанын сыйлайды. Содан кейін уәкіл атаулы осы бір дембелше келген, орта бойлы, мығым қойшыдан сескеніп жүрсе, оның қолының тазалығы мен не істесе де қорықпай істейтін батыл әрекеті атын шығарды. Жазылбек есімі жалпақ жұртқа жария болды.
Ол қара қоймен бір туған қазақ еді. Жалшы болды дейміз, жалшы болып та жарытқан жоқ, бұл – бай мен кедейді теңестіру үшін қоғамдық құрылысқа орай айтылған сөз. Орташаның баласы, ешкімге алақан жайып нәпақа сұрамаған, малшынып тірлік істеп, өз күнін өзі көрді. 1928 жылғы колхоздастыру жеке жүрген жігіттің бетін бері бұрып, алдына мал салып, коллективті шаруашылық үшін ақ таяқты нық ұстады. Қойдың бабын жасады, еділбай тұқымының ертеңін ойлады, жарық дүниеге шыққанда екі-ақ минут өмір сүрер қаракөл қозысына тірі жан ғой деп іші ашып тұрса да, оның терісі бұзылмай, елімнің ертеңіне жарасын деп жанын шүберекке түйді. Кәрі қойдың ішін жарып, қаракөл қозысын зақымсыз жарыққа шығарды. Бұл да екінің бірінің қолынан келмес тірлік. Қаракөл ғылыми-зерттеу институтының білімпаздары қойшының осы тәжірибесін тақырып етіп алып, талайлар диссертация қорғап, ғылыми дәрежеге қол жеткізді.
1949 жылы бұрын беймәлім күріш деген дақылдың аты аспандап, Сыр бойында Ыбырай Жақаев есімді диқан елге жария болды. Алтын Жұлдыз таққан, өзінен бес жас үлкендігі бар дән сырына қанық адаммен жүздесіп, өмір бойына аға тұтып өтті. Ағалы-інілідей болған текті көңілдердің бір-бірін үкілеп үндесуі, ел мен жердің тағдырын айтып, болашақты барлау – даланың қос алыбы үшін бір-бірін көре алмаса тұра алмайтын қимас жақындыққа ұласты.
Жазылбек жиналыста сөйлемейтін. Сөз бере қалса: «Мен өзі сауаты жоқ адаммын. Менің шешімім мынау» деп, өткір пышақпен осып түскендей тоқетерін бір-ақ айтатын. Айтқанда біліп айтатын. Қой тұқымын асылдандыру үшін оған жақсы жайылым мен күтім керек, құнарлы жем-шөп керек» деп ферма меңгерушілерінен ықпай, шындықты бетке айтатын. СЖК деген асылдандырғыш дәріге о бастан қарсы болды. «Қарақтарым-ау, жақсы әкеден жақсы бала туады», «СЖК» деп қойға ине сұққанша, мүйізі қарағайдай, піспегі біздей қошқар дайындаңдар. Қошқардың күтімі жақсы болса, қой ешқайда кетпейді. Сонда қой семіз, қозының терісі бағалы болады. Үкілден (уколдан) туған қозының терісі қотыр болып, бір күнге жетпей жидіп кетеді. Сосын қаракөл папах киіп, қаракөл жағасын көтергендер мазаларыңды алады» деп бюрода да, айқай далада тұрып та шын сөзін айтып салатын. Бұл кісінің бір қасиеті – түзу сөзді басқадан жасыра алмайтын, бұлталақтамай пәтуаға жүгінетін.
1958 жылы еділбай қойын өсіру мен елтірі сапасын арттырудағы қазақ шопанының мол тәжірибесін бағалап, Кремль кеудесіне екінші Алтын Жұлдызды тақты. Ол ешкімнен Жұлдыз дәметкен жоқ. Тек көрген түсін он алтысында бас қосқан көнтерлі бәйбішесіне сыр ғып айтты. Екінші Жұлдызды таққасын әкімқараларға: «Атағын мен көрейін, рахатын сендер көріңдер» деп, екінші отаны – отарына жеткенше асықты.
Жазылбек қоғамшыл еді. Ол өзінің атақ-даңқын кіндік қаны тамған Мойынқұмды көркейтуге жұмсады. Бітпей жатқан «сақалды» құрылыстарды бітіруге беделін салды, оның ішінде аудандық Мәдениет үйі де бар. «Ау, біздің балаларымыз неге жеміс-жидек жеп өспейді?» деп, айтақырға жеміс-жидек совхозын ашу үшін аудан басшысы Айтбай Назарбековпен бірге министрге кіріп, мәселені оңынан шешіп қайтты. Сөйтіп 220 гектар алма бағы өмірге келді. Бұл туралы кезінде «Правда» газетінде «Құмдағы бау-бақша» атты материал жарияланды. Сол жерде алқызыл галстук байлаған пионерлер лагері ашылды. Ауданды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиевпен бірге республика басшыларына кіріп, ел-жұртын өмір нәрімен сусындатуға септігін тигізді. Алматы мен Мәскеуге «ЯК-40» ұшты. Ауданнан астанаға айрплан ұшыру бұрын болмаған жағдай. Аудан басшысы А.Назарбеков Жазекеңді алға салып, шалғай ауданның жол қатынасының қиындығын дәлелдеп, үкіметтен көмек сұрады. Сөйтіп қос қанат көкке самғады. Адам үшін, ауыл қазағы үшін бұдан артық қуаныш бар ма екен.
Ел адамының мұқтажы біткен бе? Ол алдына келіп, шаруасын айтқан жерлес-жұрағаттың сөзін жерге тастай алмайтын. Қолы қысқаларды емдетті, оқуға түсе алмай беті қайтып жүрген зерделі жасөспірімнің жолын ашты. Тек жаманатқа ұшыраған арам қолдардың ісіне араласпады, адал қолын былғаған жоқ, жіңішке жолға түскендердің бетін тіліп, тауын шағып отырды.
Жазылбек бір перзентке зар болды. Қолға қондырған ұл – Бейсеннің орны бөлек. Бұл өзі жаратылысы бөлек адамдардың пешенесіне жазылған сыбаға ма дерсің. Жетпіске келген жасында еміреніп, бір перзенттің жөргегін иіскеу мұң болды. Аға деп алға ұстаған Ыбыраймен сырласты. «Сізге Құдай қос перзент берді. Біреуін соғысқа бердіңіз, біреуі қолыңызға су құйып жүр» деп жіңішке мұң айтты. «Аяқтан, Жазылбек, аяқтан. Сен анау тоқсанында тұқым қалдырған Өкіреш найманнан кемсің бе? Сен жалайырсың. Жегенің қойдың семіз еті, ішкенің майлы сорпа. Жазылбек атың бар», деп арқасынан қақты. «Заман қалай қарар екен?» деп қоғамдық құрылысты, өзінің мемлекет адамы екенін де еске алды. «Перзент үшін ешкімнің мәселесі қаралмайды. Екеуміз бірге барып Қонаевпен сөйлесеміз. Перзент қамын бір білсе, сол біледі», деп тоқетер тоқтам айтты.
Жазекең батыр тұлғалы мығым адам. Жасында қазақша күреске түсіп, қатар-құрбыларын басынан асыра лақтырса, көкпар тартқанда жұлып әкетіп, әр үйге салым тастап, олжаға қарық қылады екен. Осы болмысы бөлек жан жетпісінде жас тоқалмен некесін қиды. Некесі қиылған күнгі шай үстінде даусы жарықшақтана шығып, жұмыр сөйледі: «Шаңырақта шың еткен артық дыбыс шықпасын. Мен екеуіңе де жетемін». Кеңқолтық бәйбіше көзіне тік қарады, тоқал болса ысылы басылмаған самауырға қарай ысырыла түсті. Болыскей шәйнек шоқ салған самауырдың төбесінен төніп тұр… Тоғыз ай, тоғыз күнде егіз ұлды болып, кеудесінде тағы қос жұлдыз жарқырады. Аспандағы көп жұлдыздың екеуі тағы да көкірегіне құлады. «Тәубе!» деді күбірлеп. Біреуінің есімін Ыбырай ағасы арнайы келіп, «той тойлап жүрсін» деп Тойшыбай қойды, біреуін «Өзім сияқты қойшы болсын» деп өзі Қойшыбай деп ныспы берді. Енді қара қойшыда арман жоқ. Екеуін басқан ізін қалт жібермей, көзден таса қылмай өсірді. Қос көкөрім түбіт мұрт жігіт болды. Екеуі мектеп бітірген күні асыра сілтеуде погон таққандардың астамшылығын көп көрген көне көз қос перзентін жетелеп Дінмұхамед Қонаевқа келді. «Қонай бала (ел ағасын еркелетіп осылай атайтын), екеуін де соттың оқуына түсір. Құдай біледі, менен туған бала әділ сот болады. Көресіні солардан көрдік қой» деп нық сөйледі. Димекең тоқсанға тақаған дала адамының киік көңіліне рахаттана бір күліп алып: «Жазеке, біреуі сот болсын, біреуі өзіңіз сияқты қойшы болмай ма?» деп риясыз ақтарылды. «Мұның да дұрыс екен. Менікі елеуреген көңіл, шалдың сөзі ғой. Қойды тастап, қайда кетеміз» деп сөзге тоқтап, бірін заң факультетіне, бірін Зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіріп қайтты. Қазір екеуі де Жазылбектің көзі, келген жұртқа «Ассалаумағалейкүм!» деп амандасар, алдыңнан шығып тұрар ат байлар ер-азамат.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының аяғында Жазекең мөлтектетіп сыр бөлісер ағасы Ыбырайды іздеп Сыр бойына тартып кетті. Тоқсанға жетіп, кәрілік жеңген диқан мен қойшы тағы да беттесті. «Мен алыс сапарыма аттанып барамын, сен артымда қаласың. Екеуміздің айтар сөзімізді сен айтып жүр. Уақыт жеткенде не айтып, не қойғаныңды маған айтып келерсің», – деді қалжыңның шылбырын босатып. Бұл – екеуінің соңғы сырласуы еді. Арада ай өткенде Ыбырай о дүниеге аттанды. Жазылбек «Ой, бауырымдап» дауыс салып келді. Қатары кетіп, көңілі ортайып қалды. Ел мен жердің ережесі де жаңаша бағытқа бет бұрды. «Мейлі, ұрлық болмасын, адамзат аш қалмасын. Құдай 32-ші жылғы нәубет пен 37-ші жылғы асыра сілтеуден сақтасын» деп көңілін тоқ санады. Бес жылдан кейін Жазылбек те мәңгілік мекеніне аттанды. Жер бетінен ақырғы көргенін ағасына айтып барды. Екеуі шүйіркелесіп қалғаны анық. Бұған рух куә. Олар бір-бірін түсініскен таза жүректер. Қайда жүрсе де ел мен жердің әрекетін ойлап әлек. Сонда екеуі қой мен күріштің қамын айтпады дейсің бе? Екеуі де Абай айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» адамы емес пе?
Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына келер жылы 125 жыл толмақ. Еске алып, қойшының қасиетін кейінгіге айту – ел парызы. Мәйіті аудан орталығына қойылған, келген-кеткендер Құран бағыштап, гүл қойып жүр. Мойынқұмның дәл кіндігінде ақ таяқ ұстаған адамның мүсіні «қара қой баққан қара қазағың мен боламын» деп, алысқа айбарлана қарайды. Мұражайдағы мұрағаттар дүниеге қойшы болып келген пенденің келбетін айшықтаса, ерекше экспонат – ақ таяғы қой қайырып тұрғандай көрінеді. «Қойым қайырусыз қалмасын». Жазекең қайда отырса да осы сөзді қайталап отырады екен. Жақында сол жердің топырағын бастым. Қалың сексеуілдің арасында тұрып, өмірден Жазылбек деген қойшы өткенін білдім, табан ізіне тәнті боп қайттым.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

ПІКІР