Жазылғандай жаңа дәуір дастаны, «Таразға тарту» – тағылымның бастауы!

0 10

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасы бойынша жүзеге асып жатқан «Таразға тарту» жобасы аз уақытта-ақ жемісін беріп үлгерді. Бүгінгі таңда облыс орталығында демеушілердің есебінен аллеялар, скверлер, түрлі демалыс орындары салынып, тұрғындардың қуанышын еселеуде. Елорда күніне орай да жоба аясында бірнеше нысан пайдалануға берілді.

Жемісті жоба көне шаһардың шырайын келтіруде

Кезекті мәрте Тараз қаласын аралаған Бердібек Машбекұлы бірқатар құрылыс нысандарын және жарқын жобаның іске асу барысын зерделеді. Аймақ басшысы алдымен Тәуке хан көшесінің бойында салынатын бокс сарайының және мұзайдынның жобаларымен танысып, алғашқы іргетасын қалады. Екі спорт кешені де 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
– Жамбыл спортының әрқашан жұлдызы биік. Келешекте де солай болып қалуы керек. Сондықтан тек күрес немесе футболға басымдық бермей, басқа да спорт түрлерінің дамуына жағдай жасауымыз керек. Осы мақсатта бүгінгі таңда өңірде нақты жұмыстар жүргізілуде. Ал бүгін алғашқы іргетасы қаланған бокс сарайы мен мұзайдыннан болашақта талай Олимпиада чемпиондарының тәрбиеленіп шығатыны анық.
Екі нысанның да жобасы жақсы. Енді тек өз міндеттеріңізге жауапкершілікпен қарап, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімінде бітіруге күш салыңыздар, – деген Бердібек Машбекұлы мердігер компания басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Мұнан кейін облыс басшысы «Тараз-Арена» спорт кешенінің алдынан салынған спорт қалашығының ашылу салтанатына қатысты. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармаларының демеушілігімен салынған спорт қалашығы алыстан менмұндалап тұр. Онда «Street Workout» және 8 жасқа дейінгі балаларға арналған ойын алаңшалары, әткеншектер, екі үстел теннисі орнатылған.
– «Жалғыз ағаш орман болмас» демекші, жалғыз адам ешнәрсе істей алмайды. Бәріміз ауасын жұтып, суын ішіп жүргендіктен шаһарымыздың келбеті көріктеніп, ажары ашыла түсуі үшін дәл осылай бірігіп жұмыс істеуіміз қажет. Облыс орталығының тотыдай таранып, сұңқардай сылана түсуіне тек қала әкімдігі ғана емес, бәріміз жауаптымыз.
Байқасаңыздар, «Таразға тарту» жобасымен аз уақытта көп жұмыс атқарылды. Тұрғындардың да еңсесі көтеріліп, алғыстарын жаудырып жатыр. Сондықтан дәл осы бағыттағы жұмыстарымызды қарқынды жалғастыра беруіміз керек, – деді Бердібек Машбекұлы.
Ал облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, спорт қалашығынан әуежайға дейінгі аралыққа жуық уақытта велосипед жолағы төселетін болады. Сондай-ақ спорт қалашығына жақын жатқан Айша бибі көшесінің басына сұлулық пен адалдықтың символы, аты ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан махаббат иесінің құрметіне қойылған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті.
Келесі кезекте аймақ басшысы әл-Фараби көшесінің бойындағы №7 тұрғын үйдің алдындағы сквердің абаттандырылуын көрді. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосыновтың сөзіне сүйенсек, тұрғындардың бір мезгіл таза ауада тынығуы үшін сквер аумағы көгеріштендіріліп, гүлзарлар жасалып, жарықшамдар, қоқыс жәшіктері, орындықтар орнатылған.
Мұнда аймақ басшысы тұрғындармен де жүздесіп, ұсыныс-тілектеріне құлақ асты.
– «Қарасу» ықшамауданында тұрып жатқаныма елу жыл болды. Кейінгі жылдары мұнда аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Дегенмен әлі де болсын тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелер бар. Өзіңіз жақсы білесіз, «Қарасу» каналының бойы абаттандырылып, тұрғындардың жайлы демалыс орнына айналды. Енді каналдың үстінен арнайы көпір салынса деген ұсынысымыз бар. Себебі қыс мезгілінде, жауын-шашынды күндері біз секілді егде жастағы адамдардың каналдың арғы бетіне өтуі айтарлықтай қиындай түседі, – деді тұрғын.
Өзге де тұрғындар ықшамаудандағы қоғамдық көлік және жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлердің мәселесін айтып, ойларын ортаға салды.
– Тараз қаласында жыл сайын мемлекеттік бағдарлама аясында тоқсанға жуық үйді жөндеуден өткізіп жатырмыз. Жалпы шаһарда үш мыңға жуық тұрғын үй, алты жүзге жуық аула бар. Бір жылда барлығын бірдей жөндеу мүмкін емес. Кезек-кезегімен жөнделеді.
Облыс орталығындағы кез келген ықшамауданда тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барынша жағдай жасалған. Ал сіздер «Құмшағал», «Шөлдала» секілді алқаптарға барып, салыстырып көріңіздерші. Айырмашылық жер мен көктей. Аталған алқаптарда сусыз, жарықсыз, көгілдір отынсыз отырған тұрғындар бар. Сондықтан ең бірінші кезекте қала аумағындағы алқаптардағы мәселелерді шешуге басымдық беріледі. Сіздердің де мәселелеріңіз ұмыт қалмайды. Жоспар бойынша барлығы жасалады, – деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ өңір басшысы ықшамауданда орналасқан футбол алаңшасына барып, болашақ аяқдоп шеберлерімен кездесіп, балаларға доп сыйға тартты.
Ал «Қарасу» каналына арнайы барған Б.Сапарбаев абаттандыру жұмыстарына жауапты облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының жұмысын айрықша атап өтті. Канал бойындағы скверде демалып отырған ата-әжелер мен ұл-қызын ойнатып жүрген ата-аналар да облыс, қала әкімдігіне және аталған басқармаға тұрғындардың ыстық ықыласын жеткізді.
– Шыны керек, біздің ықшамауданда ешқашан дәл осылай қарқынды жұмыс істелмеген. Тіпті ұзақ жылдар бойы қараусыз жатқан, қаңғыбастардың мекеніне айналған «Қарасу» каналының бойы тазаланып, бірнеше айдың ішінде адам танымастай өзгерді. Жуырда «Денсаулық» саябағы ашылды. Бітеліп қалған бұлақтың да көзі аршылды. Өзіміз арнайы күзетші бекітіп қойғанбыз. Ай сайын 40 мың теңге төлейміз. Осы аумақтың тазалығын қадағалайды.
Бұрын ойын балалары түгіл, үлкен адамдар да қас қарайғаннан кейін каналға қарай аттап баспайтын. Ал қазір жасы да, жасамысы да канал бойында сейіл құрып жүреді. Кешке қарай адам қарасы тіпті көбейіп, аяқ алып жүре алмай қаласыз. Сондықтан облыс, қала әкімдігіне алғысымызды айтамыз. Әсіресе спорт басқармасының басшысы Нұрбол Әбдімажитұлына мың да бір рақмет. Тұрғындармен арнайы кездесіп, ұсыныстарын тыңдап, кеңесіп, сол бойынша жұмыс жасады, – деп ағынан жарылды «Қарасу» ықшамауданының тұрғыны Айткүл Қосарова.
– «Таразға тарту» жобасы бойынша жасалып жатқан жұмыстың барлығы қаламыздың көркі, халықтың игілігі үшін. Игі іске облыс әкімдігінің басқармалары, департаменттер, аудан әкімдіктері жұдырықтай жұмылуда. Бюджеттен бір тиын қаржы бөлінген жоқ. Енді қала тұрғындары да әрбір ашылып жатқан нысанды күтіп ұстап, өзінің жеке мүлкіндей қарауы керек. Ұшан-теңіз еңбекті еш кетірмейік. Бір қала әкімдігі немесе тазалыққа жауапты мекемелерге барлық жауапкершілікті артып қоюға болмайды. Қоршаған ортамыздың тазалығына бәріміз жауаптымыз. «Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде болатынын» әрбір тұрғын жадында ұстаса, көптеген кем-кетігіміз бүтінделеді, – деді Б.Сапарбаев.
Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы да шарапаты мол жобадан шет қалмаған. Аталған қос басқарма әл-Фараби көшесінің бойындағы № 25, 26, 27 көпқабатты тұрғын үйлердің артында орналасқан аумақты көркі көз тартарлық демалыс орнына айналдырыпты. Сквер ортасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай еңбек пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен еңбек адамдарының құрметіне ескерткіш те қойылыпты. Демалыс орнындағы жинақылық пен реттілікке көз сүйсінеді. Айналасындағы жасыл желектер де көңілге жайлылық сыйлайды.
– Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Сондықтан еңбек адамдарына арнайы ескерткіштің қойылуы – құптарлық іс. Алдағы уақытта еңбек адамдарының мәртебесін асқақтатып, беделін биіктету бағытында жүйелі жұмыс жасаймыз. Сол арқылы өскелең ұрпақтың бойына өнімді ісімен ілгері басып, өрге озған азаматтардың өнегелі өмір жолын үлгі етіп, жастарды адал, табысты еңбекке, жетістікке жетелей білуіміз қажет. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды, – деді Б.Машбекұлы.
«Жайлау» ықшамауданының бұрын арамшөп басып, қурап, құлап жатқан ағаштардан көз сүрінетін аумағында салынған «Қаржыгерлер аллеясы» да демалушыларға ерекше әсер сыйлайтыны сөзсіз. Аллеяны аралап шыққан облыс әкімі қаржы, мемлекеттік сатып алу, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының жұмысына жоғары баға берді. Ажары айшықты аллеяда арнайы автотұрақ, жаяу жүргіншілер жолағы салынып, аумағы гүлзармен көмкерілген. Айналаны самаладай жарқыратып тұратын жарықшамдар да қойылған. Бұрын
ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының алдында тұратын ұлттық валютаға арналған ескерткіш те аллеяның ортасынан орын тепкен.
Осылайша шаһарды аралап, қым-қуыт тірлігімен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, істің басы-қасында жүрген жауапты басшыларға ризашылығын білдірді.

Жанға жайлы жаңа автобустар

Сыйымдылығы үлкен, заманауи жаңа автобус­тарды тараздықтар көптен күткен еді. Жол жүру тарифі қымбаттағалы да қоғамдық көлікке байланысты маңызды мәселелер жиі-жиі көтеріле бастады. Қала тұрғындарының қоятын басты талабы – тариф қымбаттады, соған сәйкес қызмет көрсету сапасы да жақсаруы керек. Өкінішке қарай, жергілікті жолаушы тасымалдайтын компаниялар халықтың талап-тілегін орындауда белсенділік танытып отырған жоқ. Есесіне енді қалада алматылық компанияның су жаңа автобустары қатынайтын болды. Елорда күні 12 дана «Golden Dragon» маркалы сыйымдылығы үлкен автобустар халық игілігіне берілді.
Игі шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған атқамінерлер қатысты. Өз кезегінде өңір басшысы жолаушылар тасымалдайтын компаниялардың жұмысын сынға алып, жауаптыларға жұмысты жүйелеуді тапсырды.
– Қоғамдық көліктердің тозығы жеткенін, кішкентай екенін және ондағы тазалық мәселесін тұрғындар жиі-жиі көтереді. Жасыратыны жоқ, қазіргі қолданыстағы автобустар халыққа өте ыңғайсыз. Таңертең, түсте, кешке жолаушылар сыймайды. Сондықтан биыл кем дегенде жүз дана кең, сапалы автобустар жүргізу туралы халыққа уәде берген болатынбыз.
Ал өңірдегі жолаушылар тасымалдайтын компаниялардың жұмысы сын көтермейді. Қазақстандағы ең төменгі тариф Таразда дедіңіздер. Өтініштеріңіз бойынша тарифті де көтердік. Қазір Тараздағы тариф Қазақстандағы ең жоғарғы тарифтің бірі, 85 теңге. Енді соған сай сіздер де өз уәделеріңізде тұруларыңыз керек. Былтырдан бері жаңа автобус алу керек деп айтып келе жатырмыз. Сіздердің табыстарыңызды көбейту үшін төлем жасаудың электронды жүйесін де іске қостық. Қазір тұрғындардың 98 пайызы «TulparСard» электронды картасын қолданады. Нәтижесінде табыстарыңыз елу пайызға көбейді. Ал енді уәделеріңіз қайда? Біздегі жолаушылар тасымалдайтын бірде-бір компания уәдесін орындаған жоқ. Сондықтан алматылық компаниямен келісіп, 12 автобусты алып келдік. Қаладағы ең үлкен №22 маршрут бойынша жұмыс күнінен бастап жүретін болады. Сондықтан қыркүйекке дейін жаңа автобустар алуға уақыт береміз. Егер осы уақыт аралығында уәдені орындамасаңыздар, онда ренжімеңіздер. Бізде бар-жоғы 450 автобус. Егер соның 300-ін жаңалап алсақ та жетіп жатыр. Сол кезде халық тарапынан да наразылық болмайды, сіздердің де табыстарыңыз артады.
Облыс орталығында кішкентай пазиктер жүреді. Қай облыстың орталығында пазиктер жүргенін көрдіңіздер? Таразды туризмнің орталығы жасаймыз дейміз. Туристер кішкентай пазиктермен қалай жүреді? Одан кейін автобусты тоқтатамыз деп қорқытпаңыздар. Олай болмайды. Кезінде осы жауапкершілікті мойындарыңызға алдыңыздар. Материалдық-техникалық базасын жандандырамыз деп уәде бергенсіздер. Сондықтан сапаға жұмыс жасаңыздар. Үнемі ақша сұрай бересіздер. Әуелі жұмысты жүйелеп, нәтижесін көрсетіңіздер. Нәтижесі болмаса субсидия да болмайды. Сіздер болмасаңыздар, барлығы тоқтап қалады деп ойламаңыздар. Автобус алып келеміз, жұмысты жүргіземіз дейтіндер жетіп жатыр. Сондықтан өз мүмкіндіктеріңізді оң жағынан көрсетіңіздер. Бізге де өзіміздің жергілікті компаниялардың жұмыс жасағаны керек, – деп Бердібек Машбекұлы тиісті тарапқа нақты тапсырмалар берді.
Ал жаңа автобустардың сапасында мін жоқ. Толығымен заманауи құрылғылармен автоматтандырылған. Тіпті мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы пандус та орнатылыпты.
– Автобустың ішінде жазда салқындатқыш, қыста жылыту жүйелері жұмыс істейді. Әр автобуста 7 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл өз кезегінде жолаушылардың жеке мүліктерінің ұрлығын болдырмау үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандус орнатылған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы орын да қарастырылған. Ұзындығы 12 метрлік кең автобуста 28 орындық, 1 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орын, жалпы 90 жолаушы сыяды. Алдағы уақытта халықтың сұранысы бойынша тағы да осындай жаңа автобустарды алып келеміз, – дейді алматылық «CITY-BUS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Нұрлан Елшібаев.

Мерейлі мереке Әулиеата аспанын әнге бөледі

Қазақ елінің өз алдына ел болып, егемендік алғанына биыл 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде еліміздің өркен жайып, қарышты дамуы және әлемге таныла түсуінде Нұр-Сұлтан қаласы басты нышан болғаны анық. Демек, дүниежүзі елдерінің Қазақстанды және ел астанасы ретінде Нұр-Сұлтан қаласын терең танып, біле бастағанына 23 жылдың жүзі болды десек, қателеспейміз. Өйткені ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында Астананың абыройы, айбары, ажары артып, əлемнің өркениеті озық алпауыт елдерінің қатарына енгені баршаға мәлім. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде 6 шілде – бейбітшілік пен ынтымақтастықтың, ғылым мен білімнің, бизнес пен бәсекенің, мәдениет пен руханияттың ордасына айналып үлгерген бас шаһардың туған күні кең көлемде тойланады. Мерейлі мерекені биыл тараздықтар да лайықты деңгейде атап өтті.
Тарқата айтсақ, ағымдағы жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Таразға тарту» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба аясында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 42 нысан пайдалануға берілуі тиіс болса, Елорда күніне орай 12 нысанның лентасы қиылды. Жоба шеңберінде Шу, Қордай ауданының демеушілігімен 20 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткен нысанның бірі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында орналасқан амфитеатр. Елорда күніне орай қайта қалпына келтірілген амфитеатрда «Әлемге нұрын шашқан арман қала» атты мерекелік кеш өтті. Кешке облыс әкімі Бердібек Машбекұлы да арнайы қатысты. Іс-шараның ашылуында облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков сөз алып, мерекелік жиынның мән-маңызына тоқталды.
– Жыл басында облыс әкімі Бердібек Машбекұлының бастамасымен «Таразға тарту» жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Жоба аясында өңірдегі он аудан мен облыс әкімдігінің басқармалары және облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары қала тұрғындарына бір-бір нысанды тарту етті. Соның бірі – осы амфитеатр. Мұны пайдалануға берген Қордай, Шу ауданы мен Тараз қаласының өнерпаздары тараздықтарға кереметтей мерекелік кеш те сыйлап отыр. Ендігі біздің мақсатымыз – осы нысандарды күтіп ұстап қана қоймай, дамыту және мәдени бағытта пайдалану. Нысан бәріміздің ортақ астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласының туған күнінде ел игілігіне ұсынылды, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.
Сонымен қатар М.Сарыбеков Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілгені, әу баста таңдау Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды қалаларына түскенімен, Елбасы таңдауы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына түскенін тебірене сөз етті.
Бұдан кейін мерекелік кеш Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа» күйімен ашылып, жұртшылық Тараз қалалық мәдениет үйінің «Көне Тараз» және Шу ауданының «Әсем әуен» фольклорлық ансамблінің, Қордай ауданының «Махаббат» ән-би ансамблінің ұсынған өнеріне тәнті болды. Кеш барысында күміс көмей Қарлығаш Қожағазина «Саған халқым-ай!» әнін нақышына келтіріп орындаса, жезтаңдай әншілер Жанатбек Қадіров, Мәдина Сағынбекова, Индира Хамзина, Қажет Орынқұл, Төлеген Қыдырбек «Астана», «Өз елім», «Қазағым», «Елорда», «Қордайым» әнімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. «Дауыс» квартетінің шырқауындағы Елбасының сөзіне жазылған «Город мой» әні де көпшіліктің жүрегінен жол тапты.
Мерекелік концерт соңында сахнаға көтерілген облыс әкімі көпшілікке көңіл күй сыйлаған өнерпаздарға алғысын жеткізді.
– Қордай, Шу аудандарынан арнайы келіп, өнерін ортаға салған сахна майталмандарына, аталған аудан басшыларына мың алғыс! Осыдан бірнеше жыл бұрын осы жер тараздықтардың сүйікті орны еді. Амфитеатрда көпшілік сан мәрте концерттік бағдарламалар және өзге де іс-шараларды тамашалайтын. Десе де уақыт өте келе тозығы жеткен нысандарды қалпына келтіру, заманауи келбетте ел игілігіне ұсыну біздің міндетіміз. Осы нысан «Таразға тарту» жобасы аясында жаңғыртылып отыр. Жалпы саябақта қайта жаңғыртылып жатқан жұмыс көп. Саябақтың қақ ортасындағы су айдынын да қалпына келтіретін боламыз. Осындай әсем саябақ, заманауи келбетке ие болған нысан мүлгіген тыныштық құшағында күн кешпеуі керек. Сол үшін де біз алдағы қыркүйек айынан бастап нақ осы нысанда апта сайын әр ауданның мәдениет күндерін өткізуді жоспарладық. Яғни әр аптада әр аудан өзінің концерттік бағдарламасын ұсынатын болады.
Барлықтарыңызды бүгінгі Елорда күнімен құттықтаймын! Керегеміз кең, шаңырығымыз биік, іргеміз бүтін болсын! Қазақ елі жасай берсін, тәуелсіздігіміз баянды болып, бас шаһардың абыройы арта берсін! – деді Б.Сапарбаев.
Мерекелік кешке куә болғандардың дені Тұңғыш Президент атындағы саябақ маңында орналасқан ықшамаудан тұрғындары екені даусыз. Аталған концерттік бағдарламадан алған әсерін бөліскен қала тұрғыны Әлімбек Бибазаров Ақмола қаласының қазіргідей құлпыра түсетінін, әсем ғимараттар бой көтеріп, бүгінгідей заманауи келбетке ие болатынын уақытында ешкім тап басып болжай алмағанын айтады.
– «Қаратау» ықшамауданының тұрғыны болғандықтан саябақ біз үшін бірауық серуен құруға таптырмас демалыс орны. Кейінгі кезде жұпыны тарта бастаған саябақтың сәні кіре бастағаны көңілімізге қуаныш сыйлауда. Жаңа замандағы жаңа тұрпатқа ие қалалардың біріне айналған Нұр-Сұлтан қаласының құрметіне ұйымдастырылған кешті міз бақпай тамашаладық. Мемлекет басшысы астананы көшіру идеясының астарында еліміздің стратегиялық, экономикалық тұрғыда дамуы мен ұрпақ болашағының, ел мүддесінің маңызы жатқанын жұртшылық жақсы білетініне сенімдімін. Сән-салтанаты жарасым тауып, көркі көз сүйсіндірген Астана қаласының бүгіні мен келешегі, арқа төсінен орын тепкен ару шаһардың табысы қазақстандықтардың қашанда мәңгі мақтанышы. Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кеште жұртшылық осы жағынан да үлкен әсер, мол мағлұмат алғанына күмәнім жоқ. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралар қайта жаңғыртудан өткен амфитеатрда ұйымдастырылатыны бізді шын қуантады. Осындай арқа-жарқа күй кешуіміз бейбітшілік пен ауызбіршіліктің, ел бірлігінің арқасы. Сол үшін ел аман, жұрт тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын деп тілеймін, – деді тұрғын.
Аталған іс-шара барысында №6 қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Елі ұлықтаған – Елбасы», «Нұр-Сұлтан – ұлы дала елінің елордасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ балалар арасында асық атып, кіртас көтеру және қол күрес секілді бірнеше спорттық ойын түрінен де жарыс өтті.

Әсемдігі айрықша аллея

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Елорда күніне орай Байзақ ауданы Түймекент ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылында «Ардагерлер» аллеясы салтанатты жағдайда ашылды.
Аллеяның ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов көпшілікті Елорда күнімен құттықтап, ізгілікті іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ Дәуір Рысбайұлы ел игілігіне берілген демалыс орны жастардың өткен тарихын танып-біліп өсуіне үлкен ықпал ететіндігін атап өтіп, аллеяның құрылысына атсалысқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Бұдан соң аллеяның лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев пен осы игі істің бастамашысы болған ауданның Құрметті азаматы Тәуірбек Әшімов қиып, туған жердің абыройын биіктеткен тұғырлы тұлғалардың есімдерін жас ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында жасалған тірлік екендігін баса айтты.
Ақ жаулықты аналар шашу шашқан соң, жиналғандар «Ардагерлер» аллеясында орнатылған ескерткіш тақтаны аралап көрді. Ескерткіш тақта 4 бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, «Боздақтар» бөлімінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың есімдері, «Ардагерлер» бөлімінде соғыстан оралып, туған жердің әл-ауқатын көтеруге атсалысқан еңбек адамдарының тізімдері, «Ақжар ауылының батырлары және тарихи тұлғалары» бөлімінде осы өңірден шыққан біртуар даңқты тұлғалардың есімдері, «Тыл еңбеккерлері» бөлімінде тылда еңбек еткен қариялар мен әйелдер және бұғанасы қатпаған ұл-қыздардың есімдері қашалып жазылған.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

Leave A Reply

Your email address will not be published.