Облыстық әкімдікте

Жедел штаб отырысында коммерциялық және әлеуметтік нысандардың қызметін қалпына келтіру мәселелері талқыланды

Written by Aray2005

Жамбыл облысының жедел штабының кезекті отырысында шектеу шараларын жеңілдетудің келесі кезеңі талқыланды. Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның бірінші оқиғасы тіркелген сәттен бастап ағымдағы жылдың 24 наурызынан 28 мамыры аралығында covid-19 ауруының 365 жағдайы анықталды, аурушаңдық деңгейі 31,5 пайызды құрады.

Дерт Сарысудан басқа облыстың барлық аудандарында тіркелді. Айта кету керек, анықталған жағдайлардың 66,3 пайызы байланыста болған тұлғалар арасында, 16,7 пайызы басқа қалалардан келгендердің ішінен, қалған 17 пайызы жедел респираторлы вирустық инфекциясы және скрининг белгілері бар адамдар арасында эпидемиологиялық тексеріс кезінде анықталған жергілікті жағдайлар.

Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтің айтуынша, науқастармен байланысқан 4052 тұлға анықталған, олардың 2581-і жақын және 1471-і ықтимал қарым-қатынаста болған. Бүгінде белгіленген мерзімнің аяқталуына байланысты 2256 адам дәрігерлік бақылаудан алынған. 224 ошақта Ұлттық сараптама орталығының филиалы дезинфекциялық өңдеу шараларын жүргізген.

Соңғы жеті күн ішінде коронавирустық инфекцияның 129 жағдайы тіркелген. Әскери қызметкерлер арасынан анықталған 74 жағдайдың салдарынан жоғары өсім дерегі орын алған.

Аурудың 7 пайыздан астам өсу көрсеткіші Тараз қаласында, Талас, Жамбыл, Шу, Т.Рысқұлов аудандарында байқалған. Мойынқұм, Кордай, Жуалы, Меркі, Байзақ аудандарында аурушаңдық көрсеткіші 7 пайыздан төмен, барлық инфекция ошақтары локализацияланған. Берік Жарқынбеков бұл аймақтарда шектеу шараларын жеңілдетуді ұсынды.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев аудандық штабтардың карантинді кезең-кезеңімен жеңілдету үшін тағы да егжей-тегжейлі зерделеп, барлық мүмкін жағдайларды қарастырып, содан кейін ғана шешім қабылдау керек екендігін баса айтты.

1 маусымнан бастап облыс орталығында да карантиндік шараларды жеңілдету жоспарланған. Алайда, бұл орайда Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері бекіткен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау міндетті шарт болып табылады.
Жамбыл облысында объектілердің карантин кезіндегі белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру үшін 62 бақылау тобы құрылды. Олардың құрамына тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті полиция қызметінің және өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері енген.

Бұзушылықтар анықталған кезде топ мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес объектілердің қызметін тоқтата тұруға дейінгі шараларды қолданады.

Қазірге дейін облыс бойынша барлығы 194 нысанның карантин талаптарын сақтамағандығы анықталған. Оның ішінде Тараз қаласында — 42, Талас ауданында – 12, Жуалы ауданында – 12, Шу ауданында – 49, Меркі ауданында – 30, Байзақ ауданында – 14, Мойынқұм ауданында – 5, Сарысу ауданында – 11, Жамбыл ауданында – 10, Рысқұлов ауданында – 9.
Жалпы, облыс бойынша карантин режимінің жеңілдеуі кезеңдерінде 2700-ден астам нысан жұмысын қайта бастаған.

— Тұрғындар шектеу шараларына деген наразылықтарын білдіруде. Олар базарлар, сауда үйлері, саябақтарды ашып, қоғамдық көліктерді жүргізуді сұрауда. Мониторингтік топтар осы мәселелер бойынша зерделеулер жүргізіп, нысан иелері қызметті қалпына келтірген кезде жауапкершілікті өзіне алуға дайын ба, жоқ па және санитарлық талаптардың сақталуын бақылайды. Ең басты нәрсе — тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігі екендігін ұмытпауымыз керек. Тек келушілер үшін тиісті қорғаныш шаралары қамтамасыз етілген жағдайда ғана бақылау топтары объектілерді пайдалануға мүмкіндік беруі тиіс, — деді облыс әкімі.

— Бақылау топтары алдын-ала базар, сауда үйлерінің және басқа объектілердің иелерімен кездесіп, бұл жайттарды жан-жақты талқылауы керек. Нысан иелері маскалық режимнің сақталуына, дезинфекциялау шаралары үшін жауапты екендіктерін түсінгендері дұрыс. Оларды аталған топтар бақылайтын болалы. Барлық жағдайлар мен мүмкін жағдайларды ескеріп, барлық мәселелерді пысықтап, мұқият тексеруден кейін ғана нысандарды ашу қажет. Біз адамдардың өміріне қауіп төндіре алмаймыз, — деп түйіндеді облыс әкімі өз сөзін.

ПІКІР