Жамбыл жаңалықтары

Жедел штабқа 10 мыңнан астам өтініш түсті

Written by Aray2005

«Jardem 109» бірыңғай байланыс орталығы базасында коронавирусқа қарсы әрекет ету бойынша өңірлік жедел штаб құрылды. Оның құрамына облыс әкімдігінің, төтенше жағдайлар департаментінің, полиция, кәсіпкерлер палатасының, «Азаматтарға арналған Үкімет» КЕ АҚ және басқа да қызметтердің өкілдері енді.

Штаб жұмысы әлеуметтік қорғау және еңбек қатынастары, жеке тұлғалардың қозғалысы, көлік пен тауарлар, медициналық, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік және тағы басқа мәселелерді қоса алғанда, өңірдің тіршілік әрекетінің негізгі жеті бағытын қамтиды.
Штаб тәулік бойы жұмыс істейді. 109 нөмірі бойынша тұрғындар мемлекеттік бағдарламалар, төтенше жағдай және карантиндік режимнің енгізілуіне байланысты әлеуметтік төлемдер, көлік қозғалысы және басқа да мәселелер бойынша кеңес ала алады.
Ағымдағы жылдың 23 наурызынан бері жедел штабтың байланыс орталығына 10 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Сондай-ақ жедел штаб қызметкерлері бейнебақылау камераларымен жабдықталған 44 блок-бекеттің жұмысын онлайн режимінде бақылап отырады.
Жаңа байланыс-орталығының артықшылығы – бүгінгі таңда онда оператормен бірге кез келген келіп түскен өтінішке тиісті деңгейде жауап бере алатын сала мамандары бар.
Айталық жедел штабтың көмегімен Ресейге табыс табу үшін барған Тараздың екі тұрғыны туған қаласына оралды. Отандастарымыз амалын тауып Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка ауылына жетіп алады. Осылайша сол ауылдағы жергілікті әкімдіктен облыстың жедел штабына хабарласып, жедел әрекеттің арқасында үйлеріне оралды.

Естеріңізге сала кетейік, қоңыраулар 109 қысқа нөмірі, сондай-ақ,
8 (7262) 51-35-75, 51-41-67, 43-04-44, 43-08-65
телефондары арқылы қабылданады.
WhatsApp жедел хабарласушыларына – 87788109109
Telegram каналы — ТаразJardem109_Bot;
Instagram; Facebook әлеуметтік желілері
Қосымша ақпарат алу үшін Taraz@ikomek.center электрондық поштасына хабарласуға болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР