Жедел штабтың жедел әрекеті

0 0

Ресейдегі тараздықтар үйлеріне оралды

Жыл басында құрылыс саласының биіктіктегі монтажшылары Алексей Рожков пен Виктор Логинов Ресейдің Тобольск қаласына әуежай құрылысына аттанған болатын. Алайда олар екі апта бойы қонақ үйде болып жұмысты күткенімен, нәтиже болмайды. Себебі оларды шақырған компания банкротқа ұшыраған.

– Біз үйге ақшасыз оралғымыз келмеді, сондықтан әрі қарай Сургутқа бет бұрдық. Бірақ мұнда да бізге арзымайтын ақша төледі, сондықтан одан әрі солтүстікке – Ямало-Ненецк автономиялық округіне бардық. Бұл кезде Ресейде коронавируспен күрес басталып кеткен болатын, ал кейбір өңірлерде карантин енгізіліп жатқан. Бізді кері қайтатын билеттермен қамтып, пойызбен Қазақстан шекарасына дейін жеткізілдік. Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка ауылына тұрақтадық, – дейді Алексей Рожков.

Еңбек мигранттары COVID-19 талдауларын тапсырып, қорытындысы теріс нәтиже көрсеткен. Бірақ туған қалалары Таразға жетуге мүмкіндіктері болмаған. Олар тұрақтаған ауылдық округ әкімдігі облыстық жедел штабқа байланысқа шығады. Мән-жайдан хабардар болған штаб мүшесі, облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков бұл шаруаны өз қолына алады.

– Бізге таксимен Нұр-Сұлтан қаласына дейін жетіп алуға көмектесті. Ол жақтан тараздық көлік компаниясының автобусымен өңірге оралдық. Егер жедел облыстық штаб көмектеспегенде сыртта қанша уақыт жүретініміз белгісіз еді, – дейді А.Рожков қуанышын жасыра алмай.

Leave A Reply

Your email address will not be published.