Сұхбат

«Жедел жәрдем көліктерінің әбден тозығы жеткен»

Written by Aray2005

Коронавирус пандемиясы күн санап өршіген сайын жедел жәрдем қызметіне жүгінетіндердің саны күрт артты. Сәйкесінше қызмет сапасына шағымданушылар да көбейді. Әрине дәл қазіргідей шұғыл шақыртулар шамадан тыс көбейіп тұрған шақта жедел жәрдемнің межелі орынға діттеген уақытында жете алмай жататыны түсінікті де. Содан барып сала қызметіне байланысты сан алуан сын-пікірлер, өкпе-реніштер айтылады.
Осы орайда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің медициналық көмек сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Ұлпан Пыхыбаевамен сұхбат құрып, мекеме жұмысына қатысты халықтың наразылығын туындатып, ашындырған мәнді мәселелердің себеп-салдарына үңіліп көрген едік. 

– Ұлпан Қатіпханқызы, өткен аптада облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер күн тәртібіне шығарылып, орын алған олқылықтар ашық айтылды. Жедел жәрдем жұмысына байланысты да аз сын-ескертпе айтылған жоқ. Айтыңызшы, өзіңіз отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жедел жәрдем жұмысына байланысты тұрғындар тарапынан наразылықтың өршіп кетуіне не себеп болып отыр?! Стансада маман тапшы ма әлде, көлік жетіспей ме?
– Қазіргі таңда облыстық медициналық жәдел жәрдем стансасында 39 дәрігер, 910 фельдшер қызмет атқарады. Өңір бойынша 90 бригада жұмыс жасайды. Облыс орталығында 41 жәдел жәрдем көлігі қызмет атқарса, төртеуін Байзақ және Жамбыл аудандарынан арнайы алдыртып отырмыз. Себебі кейінгі айларда коронавирус пандемиясына байланысты Тараз қаласында шақыртулар көбейді. Мәселен бұрын қалыпты жағдайда күніне 1600-1700 шақырым болатын болса, қазіргі шақырым саны күнделікті екі мыңнан асып жығылады.
Жалпы Тараз қаласы тұрғындарының санына шаққанда 41 көлік жеткілікті. Ал аудандарда 49 жедел жәрдем қызметінің көлігі жұмыс істеуде. Сондықтан дәл қазіргі уақытта жұмысқа кедергісін тигізіп тұрған өзекті мәселелер жоқ.
– Сіздердің сала жұмысына байланысты ең жиі айтылатын сын – жедел жәрдемнің жеделдігіне байланысты. Облыстық әкімдікте өткен жиында Бердібек Машбекұлы да жедел жәрдемнің кешігуіне қатысты көптеген мысалдарды өзіңізге де айтып берді. Егер маман тапшылығы болмаса, көліктеріңіз жеткілікті болса, сағаттап кешігудің сыры неде?
– Шынын айтқанда кешігу мәселесіне қатысты жұртшылық біле бермейтін жайттар бар. Негізі кез келген шақырту алдымен бізге түсетіндіктен көпшілік тек бізді ғана жауапты деп ойлайды. Сондықтан да станса жұмысына көп сын айтылып жатады. Бірақ мүлдем олай емес. Түскен шақыртуларды диспетчерлер санатына қарай бөледі. Бірінші-үшінші санат аралығындағы, яғни өміріне қауіп төніп тұрған науқастарға жедел жәрдем стансасы жедел түрде қызмет көрсетеді. Төртінші санатқа жатқызылған, тиісінше өміріне қауіп төніп тұрмаған науқастар емханаларға жолданады. Ал емханалардың жұмысына араласа алмаймыз. Көліктерін бақылау мүмкіндігі жоқ. Ал станса көліктері арнайы құрылғы арқылы үнемі бақылауда болады. Сол себепті де кешігуге байланысты сын-ескертпелердің барлығы емханаларға қатысты екенін айтқым келеді.
Жалпы қала тұрғындарының шағымдарымен үнемі жұмыстар жүргізіліп отырады. Сараптап, зерделеп отырамыз.
– Қазір елде дәрі-дәрмек тапшылығы сезілуде. Стансада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме?
– Дәрі-дәрмек мәселесі толықтай шешімін тапқан. Алғашқы көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті.
– Ал қазіргі уақытта жұмыстарыңызға кері әсерін тигізіп тұрған қандай да бір мәселе бар ма?
– Ең негізгі мәселе – халықтың сындарлы сәтте түсіністікпен қарауы. Қорқынышпен таңын атырып, күнін батырып жүрген тұрғындардың базынасын жақсы түсінеміз. Біз де мүмкіндігіміздің жеткенінше халыққа қалтқысыз қызмет етіп, індетті бірлесе жеңу жолында қолдан келген қарекеттің барын жасап жатырмыз. Мойындаймыз, кейбір сәттерде кешігулер болады. Себебі, індетке шалдыққан бір науқасқа барып келгеннен кейін қызметкерлер келесі науқасқа бара алмайды. Киім-кешектерін ауыстырып, санитарлық талаптарға сай тазалық жұмыстарын жүргізеді. Тіпті көліктің өзін екі сағатқа жуық тазалап, қайта дайындайды. Ал таңнан кешке дейін бір киіммен жүре беретін болса сау адамның өміріне үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан қандай жағдай болмасын өзіміз санитарлық талаптарды сақтай білуіміз керек. Мұның барлығы бірнеше сағат уақытты алып, салдарынан шақыртуға кешігіп қалып жатады.
Екінші бір маңызды мәселе – жедел жәрдем көліктерінің тозығы жеткен. Көліктердің қырық пайыздан астамы «списанияға» кетуі керек. Күні-түні үзіліссіз жұмыс жасап жатқандықтан жиі бұзылады. Арнайы мамандарымыз көлік тоқтап қалып, жұмысымызға кері әсері тимеуі үшін барын салып еңбек етуде. Жамап-жасқап, кәдеге жаратудан басқа амалымыз жоқ.
Елдегі жағдай күн санап күрделеніп жатқан кезде көлікті немесе басқа да бір жағдайларды сылтау етіп отыруға болмайды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлесе әрекет етсек бұл сынақтан да өтетінімізге сенімдімін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР