Жедел жасақтың мүмкіндігі қандай?

0 1

Өткен жылы облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы базасында құрылған Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі табиғат қорғау саласына тың серпін әкелгені даусыз. Аталған жасақ жұмысына кіріскен бойда аңшыларға қырғидай тиіп, айыппұл салудан алдына жан салмады.

Атап айтсақ, былтыр «Сапсан» жедел жасағы 30 рейдтік шара ұйымдастырып, заңсыз аңшылық жасағандарға 8 миллион 330 мың 500 теңге көлемінде айыппұл салған. Сондай-ақ 30 дана мылтық пен 13 қырғауыл, 4 үйрек, 3 қоян, 1 борсық, 2 жабайы доңыз бен 2 қарақұйрықты тәркілеген.Тарқатып айтсақ, «Үмбет» ерекше қорғалатын табиғи аумақта борсық пен доңыз атқан аңшы құрықталып, 932 мың 250 теңге айыппұл сот арқылы өндірілген. Ал Меркі ауданында заңсыз қарумен аңшылыққа шыққан азаматқа 176 мың 750 теңгеге хаттама толтырылса, Байзақ ауданында «Қызыл кітапқа» енген 2 қарақұйрық атқаны үшін браконьерлер жазаға тартылған. Мойынқұм ауданында заңсыз 4 қырғауыл атқандар да айыппұл арқалаған. Сарысу ауданында «Mitsubishi» маркалы автокөлігін тексеру барысында 40 дана сұңқар құсын ұстайтын тұзақ пен томаға табылған. Аталған жайт бойынша хаттама толтырылып, істі жіті тексеру үшін құжаттар Сарысу аудандық полиция бөліміне жолданған. Осы сынды жыл ішінде Жамбыл, Байзақ, Талас аудандарында түрлі заңбұзушылықтар орын алып, ұсталғандар жауапкершілікке тартылған.
Әрине арнайы жасақтың жұмысы жүйесін тауып, нәтижесі көрінгені абзал. Алайда былтырғы жылдың соңында «Сапсан» арнайы жасағының жұмысына қатысты көптеген сын айтылып, кемшіліктерін көрсеткен бейнекөріністер әлеуметтік желілер арқылы тарап кеткен болатын. Осыған орай, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хабарласып, аталған оқиға бойынша қандай шаралар қолға алынғанын және жедел жасақтың биылғы жұмысы қалай болатындығын білген едік.
– Бұрынғы басшы Ерназарбек Жантаев өз еркімен қызметінен босады. Орнына тәжірибелі, әрі жас маман Абай Кенжебек бекітілді. Е.Жантаевтың облысқа сіңірген еңбегін ескерусіз қалдырмай, бөлім басшысы етіп тағайындадым. Ол кісі зейнет жасында болғандықтан жинаған тәжірибесімен бөлім мамандарымен бөліседі деп сенемін. Ал желтоқсан айында тараған бейнекөрініске байланысты 2 инспекторға сөгіс жарияланды. Негізі бұл түсірілімдегі адам шынымен де заңсыз аң аулағаны үшін ұсталған. Одан қабан аңы тәркіленді. Бұл істі Байзақ аудандық полиция бөліміне жолдадық. Қазір мамандарыма аталған жайт бойынша тексерісті соңына дейін жеткізуді тапсырып отырмын, – дейді облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жуырда тағайындалған басшы Аслан Оразбеков.
Ендігі мәселе «Сапсан» тобы биыл қалай жұмыс жасамақ? Жедел жасақтың берген ақпаратына сүйенсек, ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айында топ мүшелері 17 рейдтік шара ұйымдастырып, 18 дана аңшы мылтығы мен 6 қоян, 31 қырғауыл, 1 бұлдырық пен 1 қарақұйрықты тәркілепті. Нәтижесінде табиғат заңнамасын бұзғандарға 4 миллион 449 мың 325 теңге көлеміндегі айыппұл салынған. Оның 260 мың 510 теңгесі өндірілген. Осылайша «Сапсан» жасағы сыннан сабақ шығарып, тексеріс жұмыстарын күшейткен.
Десе де, бүгінде «Сапсан» жедел жасағын «Үй ішінен үй тігу» деп бағалап отырғандар бар. «10 ауданда орман шаруашылығы мекемелері қызмет жасап тұрғанда, тағы жасақ құрудың қаншалықты қажеттілігі болды?», деп өзге қорықшылар назын айтуда. Шынында қазір облыс бойынша 251 қорықшы орман шаруашылығы мекемелерінде қызмет етуде. Ал табиғат қорғау бағытында жалпы 830 адам жұмыс жасауда. Сонда бір қызметті бірнеше тармаққа бөліп, одан қалса оның әрқайсысына қазынадан қаржы қарастырып, жеке-жеке құрал-жабдықпен қамтамасыз ету қаншалықты тиімді? Одан бөлек, «Сапсан» жасағының 9 мүшесі жыл ішінде 30 мылтық тәркілеп жатқанда, аудандардағы 251 қорықша айына кемі 1 хаттамадан толтырып жатыр емес пе? Мәселен бір ғана Мойынқұм ауданында бүгінде Көктерек, Ұланбел және Мойынқұм орман шаруашылығы мекемелері табиғат қорғауда. Аталған мекемелердің біреуінің өзі өткен жылы 28 әкімшілік хаттама толтырып, қазынаға қыруар қаржы әкелген. Осының өзінен-ақ «Сапсан» жасаған жұмысты өзге орман шаруашылығы мекемелері де атқарып жатқанына көз жеткізуге болады.
Әрине ортақ мүдде үшін күш жұмылдырып, жұмыс жасаған дұрыс-ақ. Алайда «Қойшы көп болса, қой арам өлетіндігін де» ұмытпаған жөн. Сондықтан «Үй ішінен үй тікпей», табиғат қорғау саласындағы сансыз құрылымдарды бір реттейтін кез жеткен сияқты.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.