Жекешелендірудің де жөні бар

Медициналық мекеме мамандарын баспана мәселесі алаңдатады

0 67

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «…Бәсекелік саясаттың маңызы арта түсті. Бәсекелі ортаны айтарлықтай түрлендіріп, әр кәсіпкер үшін шын мәнінде тең мүмкіндік қалыптастыру қажет. Нарықтарды монополизациялауды тоқтату керек…
Тең құқылы бәсекелестікті дамыту үшін мемлекеттің экономикаға араласуын азайту маңызды роль атқарады», – деген болатын.

Бәсекелестік орта қалыптастыру дегеніміз – мемлекет меншігі болып есептелетін қандай да бір мекеме немесе кәсіпорынның өз қызметін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалғастыруы. Нақты айтқанда, мемлекет қаржысы есебінен өз жұмысын жүргізіп отырған мекемелердің сенімгерлік басқару тетіктері арқылы алдымен бәсекелестік ортаға жіберіліп, одан кейін түбегейлі жекешелендірілуі. Негізі жекешелендірудің ел экономикасын ілгерілетуде пайдасы зор. Өйткені кәсіпорындар бәсекелестік ортаға жіберілсе, мемлекеттік шығынның айтарлықтай азаюымен қатар, серіктестік жекеменшік нысан ретінде заман талабына сай халыққа сапалы қызмет ұсынуға мүмкіндік алады.
Бір айта кетер жайт, еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдары жекешелендіру саясатының алғашқы толқыны дұрыс жүргізілмеуі салдарынан мемлекет орасан шығынға батқан болатын. Сол кезде ауылдық жердегі дүкен, монша, балабақша, мәдениет үйі секілді әлеуметтік нысандар мен ұжымшар, кеңшар секілді ірі шаруашылықтар жеке қолға өтті. Әп-сәтте пайда бола қалған қожайындар істі жүргізбек тұрмақ, бүтін дүниені бүлдіріп, ортақ мүлікті талан-таражға салып, аты дардай нысандардың орындары топырақ үйіндісіне айналғаны ел жадында. Қалалық жердегі алпауыт зауыттар мен фабрикалардың да тірлігі тоқырап, жұмыссыз қалған жұрт сеңдей соғылғаны да есте. Бұл олқылық сол кезде мемлекеттің, қоғамның жекешелендіру саясатына дайын болмауынан және еліміздің нарықтық экономикаға өту үшін жасаған амалсыздық қадамынан болды. Осылайша бәсекелестік орта құрудың соңы құрдымға кетті. Яғни бұрын мемлекетіміз нарықтық экономика қалыптастыру үшін жекешелендіру саясатын жүргізсе, қазір экономикалық әл-қуаты артып, кемеліне келген шақта нарықтық экономикадан классикалық экономикаға өтуді мақсат етіп отыр. Сондықтан да жұрттың бұл жаңашылдықтан жағымды өзгеріс күтуі орынды. Дегенмен кез келген іс кемшіліксіз болмайды. Біз бұл жерде бәсекелестік ортаға жіберілетін кәсіпорындардың келешегіне күмән келтіріп отырған жоқпыз. Бұл арада гәп басқада.
2015 жылдан бері облыста денсаулық сақтау саласындағы 11 ұйым бәсекелестік ортаға берілген. Бәсекелестік ортаға берілгеннен кейін қызметкерлер бұрынғы бюджеттік мекеме болып тұрған кездегі пайдаланып отырған кейбір құқығынан айырылып қалды. Нақты айтқанда, бюджеттік мекеменің дәрігері немесе медбикелері аталған мекемелер жекеменшікке өткеннен кейін бұған дейін тұрған мемлекеттік тұрғын үй кезегінен автоматты түрде шығарылып тасталды. Мәселен бюджеттік мекеме есебіндегі медициналық ұйымда жұмыс істейтін дәрігер мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұра алады. Ал бәсекелестік ортаға берілген медициналық ұйымның қызметкерінің үй кезегіне тұруға құқы жоқ. Екеуінің де дәрігер ретінде халыққа сіңіретін еңбегі, атқаратын қызметі бірдей. Ал азамат ретіндегі құқықтары әртүрлі. Тап осы мәселе медицина мамандарына түсініксіз әрі оларды алаңдатып отыр. Баспаналы болсам деген арманы жұмыс істеп жүрген мекемесі сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейін сағымға айналған жастың бірі – Сейтжан Аршабаев. «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы «ZHANUYA» емханасының учаскелік дәрігері болып еңбек ететін Сейтжан өз болашағына алаңдайтынын айтады.
– Жасым 34-те. Отбасылымын, бала-шағам бар. Жақында мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезекке тұра алмадым. Осыдан кейін Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөліміне қайырылдым. Ондағы мамандар жұмыс орнымнан анықтама сұратты. Олар мекемеміздің сенімгерлік басқаруға берілгенін айта келе, тұрғын үй кезегіне тіркеле алмайтынымды айтып, шығарып салды. Мен бұл жүйеге қарсылық білдіріп отырғаным жоқ. Себебі нарықтық экономикаға ілесу үшін осындай нысандардың бәсекелес ортаға өтуі, сол арқылы іскер адамдардың санының өсуі заман талабы екенін көзіқарақты әрбір адам біледі. Бұл жерде сөз мемлекеттің экономиканы жеңілдетеміз деп біз секілді жастардың болашаққа құрған жоспарын бұзуында, жүйкесіне салмақ түсіруінде болып тұр, – дейді Сейтжан Мұханұлы.
Осыдан кейін біз облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының қаржыландыру, жоспарлау және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы Айтымбет Баимбетовке жолығып, мән-жайды білмекке тырыстық. Бөлім басшысы аталған мәселе жөнінде әлдене деп жақ ашуға құқығы да, қатысы да жоқ екенін сөз етті.
– 2015 жылы Тараз қаласындағы №6 қалалық емхана 10 жыл мерзімге дейін, одан кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. Ал 2016 жылы кейінірек сатып алу құқығымен 10 жылға дейінгі мерзімге 5 денсаулық сақтау ұйымы сенімгерлік басқаруға берілді. Мәселен облыстық офтальмологиялық орталық, облыстық стоматологиялық емхана, облыстық тері-венерологиялық диспансер, №2, №7 қалалық емханалар бәсекелестік ортаға берілген. Соның ішінде бұрнағы жылы келісімшарттағы міндеттемелерді толығымен орындауына байланысты облыстық офтальмологиялық орталық жекешелендірілді. 2017 жылы облыс бойынша Тараз қаласындағы №1, №4 қалалық емханалар және облыстық кеңес беру және диагностикалық медицина орталығы жекешелендіріліп, №9 қалалық емхана сенімгерлік басқаруға берілді.
2018 жылы Жамбыл ауданындағы Айша бибі санаторийі бәскелестік ортаға 10 жылға дейінгі мерзімге кейінірек сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. Бәсекелестік ортаға берілген ұйымдарға қойылатын басты талаптардың бірі – ұйым бейінін және жұмысшы орындарын сақтау. Олар нысаналы индикаторларды және критерийлерді орындауы шарт. Бұл медициналық ұйымдарға өздерінде қызмет атқаратын медициналық персоналды қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру ісі де міндеттеліп отыр. Тағы бір талап – ұйымның инфрақұрылымын дамытумен байланысты. Сондай-ақ олар ұйымның материалдық-техникалық базасын нығайтуы, нысанды қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтауы қажет. Бұл талаптардың орындалуын қадағалайтын арнайы мекемелер бар. Ал қызметкердің тұрғын үй кезегіне тұра алмауына қатысты ештеңе айта алмаймын, – деді Айтымбет Болатбекұлы.
Біз аталған мекемелердің бәсекелестік ортаға берілу ісінің басы-қасында жүрген облыс әкімдігі қаржы басқармасының мамандарымен де сөйлестік. Басқарма мамандары да бұл мемлекет қолға алып отырған үлкен шара екенін, соның аясында әрбір нысанның сатылуы ашық, транспарентті түрде жүзеге асырылатынын, бәсекелестік ортаға берілген мекемелерге қажетті құрылғылар сатып алынбаса, нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілмесе, емделушілерге жағдай жасалмаса, яғни қойылған талаптар қайтарылып алынбаса, мекеме сот арқылы кері қайтарылатыны секілді ережелерді түсіндірумен ғана шектелді.
Жекеменшікке өткен мекеме қызметкерлерінің құқықтарына қатысты лайықты жауап алу үшін осы іске қатысы бар-ау деген әр мекеменің есігін бір қақтық. Соның ішінде Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Нұрбек Молдағазы мұны қолданыстағы заң көтермейтінін тілге тиек етті.
– Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67-бабына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана кезек тәртібімен беріледі. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес (16.05.2019 жылы күшіне енген) азамат 67-баптың талаптарына сәйкес белгіленген санаттардың біріне енуі, отбасының тұрғылықты мекенжайы Тараз қаласында болуы және атында соңғы бес жылдан бері тұрғын үй болмауы шарт. Жоғарыда көрсетілген Заңның 67-бабының 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидат, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегі тізіміне тіркеле алады. Олар тұрғылықты мекенжайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына тиісті құжаттарын алып барып немесе сервистік бағдарлама бойынша өтінім беруі керек. Егер осы аталған санаттағы азаматтардың өзі жекеменшік мекемеге жұмыс ауыстырса немесе мекемесі жекешеге өтсе, сенімгерлік басқаруға берілсе, олар автоматты түрде мемлекеттік тұрғын үй кезегінен шығарылады және кезекке тұра алмайды, – деді Нұрбек Мақұлбекұлы.
Біздің бір ұққанымыз, дәрігерлердің алалануы заңға қатысты болып отыр. Сондықтан заң шығарушы орган осы мәселені қайта қарап, жекеменшік медициналық ұйымдардағы қызметкерлердің де бюджеттік мекеме қызметкерлері секілді тұрғын үй кезегіне тіркелу құқығын қайтарып берсе жарар еді. Ең болмаса мемлекет тарапынан дәрігерлердің жеңілдетілген пайызбен ипотекаға үй алуы үшін арнайы бағдарлама қабылданса, нұр үстіне нұр болары хақ.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.