Желбіреп көк Туым, Жарқырап Елтаңбам, Жаңғырсын Әнұран!

0 5

Қасиетті қарашаңырақ – Қазақстанның тәжі – тәуелсіздік, бойтұмары – рәміздер, тамыры – әз түркілер, тұғыры – мәңгілік ел. Тарау-тарау тағдырлы тарихында талай тар жол, тайғақ кешкен халқымыздың басына не келіп, не кетпеді… Шыбын жанын, қасық қанын сарқыды. Аштыққа да көнді, қуғынды да көрді. Рухы соғыстан да сынбады, қайта әділетсіздіктің соққысынан шыңдалды. Күллі ұрпағына бір дәуірде Күлтегін болып тіл қатты, бір заманда Керей, Кенесары, одан кейін Әлихан, бертінде Қайрат болып үн қатты. Ақыры алты алашқа арман болған азаттыққа өз аяқ, өз қолымен жетті. Төгілген қан да, тер де, көз жасы да ар-намыстың арнасына тоғысып, бейбітшілік дәуірінің алтын бәйтерегін тамырдан нәрлендірді. Сол алтын бәйтерекке алып самұрықтай алаш ұрпағы ұя салды. Ол ұя ұлы далаға, мәрт мекен – Мәңгілік елге айналды. Көгінде көк байрағы желбіреп, төрінде елтаңбасы жарқырап, көкірегінде әнұраны жаңғырған сол дарқан пейіл дегдар ұлттың ұрпағы – сіз бен біз! Бұл – дүние төңкеріліп кетсе де ұмытылмайтын ақиқат.

«Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз» деген Сұлтанмахмұттардың дуалы ауыз ұраны, жеңіс үшін жебеге, Отан үшін оққа байланып кеткен ақеділ бабаларымыздың, ұмыттыруға уақыттың да құдіреті жетпейтін ерен ерлігі қазақтың ұрпағын азаттыққа жеткізді. Байтақ даласын бөрідей қорғаған алаш баласы ашық аспанын да қырандай қорғауға ұмтылды. Бүгінде еліміздің ұраны алты құрлықтың биігі мен төрт мұхиттың тереңдігіне жетіп, найзаларымыз керегеге, қалқанымыз шаңыраққа, ал бес қаруымыз білім мен ғылымға айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы», – деп баса айтқан болатын. Қазақтың қабырғалы ақыны Жұмекен Нәжімеденов пен ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы сөзін жазып, даңқты композитор Шәмші Қалдаяқов әнін шығарған еліміздің әнұранында қаншама әке мен ананың, уақыт мен бақыттың, ел тарихы мен жұрт тағдырының үні жатыр. Әндердің сұлтанына айналған осынау әнұранымызды Жұмекен ақын небәрі 21 жасында жазғанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл өлең бір қарағанда Қазақстанның миллиард пұт астық жинағанына арналып жазылған сияқты болып көрінгенімен, негізінен «ел, жер менікі» деп әр сөзі қазақ деп айқайлап тұрған, отаршыларға қарсылықтан туған. Ол үшін қиғылық салған қиқар пиғылдылардың да қарасында қисап болмаған. Десек те қастерлі тәуелсіздігіміз қараны өз орнына, ақты өз тұғырына қойды.

«Бірегей көгілдір түс тектен-текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі судың да түсі. Бірінші, көк тәңірі көк түс. Қазақ Тәңірге сиынған. Тәңіршілдіктің кейбір әдет-ғұрпы қазіргі салтымызда да бар. Екінші, қазақтың мәрттігін, кеңпейілділігін, ерлігін танытатын бүркіт. Бүркітіміз бен күніміз, көк аспанымыз Туда. Үшіншіден, қазақтың қазақ екендігін айшықтайтын оюын туға қондыруды мақсат еттім. Ұлтымыз бен туымызды айшықтап тұрсын деп ерекше ою ойлап таптым», дейді өзінің бір естелігінде байрағымыздың авторы, киелі Әулиеатада кіндік қаны тамған мақтанышымыз Шәкен Ниязбеков.

Расында, Мемлекеттік рәміздер жүйесі– мемлекеттік идеологияның ең маңызды бағыттарының бірі. Егер өткен күндерге көз салсақ, тәуелсіз еліміздің ең алғашқы мемлекеттік рәміздерін жасау жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Біздің рәміздерде сан ғасырлық тарихы бар байырғы елдің бет-бейнесі және бүгінгі айшықты сипаттары көрініс тапқан. Елтаңбадағы ең басты тұғыр – шаңырақ. Бұл Елтаңбаның жүрегі іспеттес. Сонымен бірге қазақы ұғыммен алсақ, шаңырақ елдің түп негізі – отбасының бейнесі. Көшпелі түркілер үшін отбасы, ошақ қасының мемлекеттің бір бөлшегі екендігі айшықталады. Желдей ескен жүйрік ат тұлпар бейнесінде жеңіске деген жасымас жігерді, қажымас қайратты аңғартады. Арайлы күннің астында қалықтаған қыран бейнесінде көрініс тапқан Көк туымыз тек асқар асуға ұмтылған елдің талпынысына айғақ. Көк түс, бұлтсыз ашық аспан бейбітшілік, тыныштық пен жақсылықтың жаршысы. Жалпы біз мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуді бүгінгідей мерекелік шара кезінде ғана емес, өзіміздің күнделікті өмірімізде басты мақсат етуіміз қажет.

«Әлемнің әр қиырында әлі де өз туы, елтаңбасы, әнұраны жоқ ұлттар бар. Олар өз тәуелсіздігі үшін күрестерін жалғастырып келеді. Ал қазақ елі атамекеніне еш жерден көшіп келген жоқ, ешқайда көшіп кеткен жоқ. Шегі мен шеті көрінбейтін кең жазиралы Ұлы далада елдігін, салт-санасын, дәстүрі мен мәдениетін қалыптастырды. Біз жиі айтып жүрген «Мәңгілік ел» – халқымыздың бүгіні мен ертеңінің өміршең идеясын, жастардың отаншылдық сезімін, дүниетанымын, ой-санасын, рухани негізін күшейте түседі. Сондықтан әрбір мемлекеттік рәміз, яғни Ту да, Елтаңба да, Әнұран да елдің осы бір ең басты идеясын, арманын, негізін, болашағын бойына жинақтай білуі тиіс», – деп Елтаңбамыздың авторы Жандарбек Мәлібековтің өзі айтқандай, осындай елде тұрып жатқан барлық ұлт өкілдері мемлекеттік рәміздерге деген өздерінің құрметі арқылы ынтымақ пен бірлігімізді жарастырып, бейбітшілікті, ұлтаралық келісімді сақтауға зор үлестерін қосып жүр. Бүгінде тәуелсіздіктің тұмарындай көк туымыз төр тұғырында желбіреп тұр. Елбасы байрақты тізерлеп тұрып сүйген сәтте көзіне жас алып, тебіренген қандастарымыз аз болған жоқ. Осы тарихи сәтте Қытайдан елге оралған екі азаматымыз Ермұрат Зейіпхан мен Алмас Ахметбекұлы «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі» деп атамекенге деген ыстық сағыныш пен бойдағы елжандылықты теңіздей тебіреніспен өнер туындысына айналдырады. Бұл ән қазір әр қазақ баласының жүрек төрінен ойып тұрып орын алған. Қорыта айтқанда:

Көркейіп, көгерсін деп құрақтарым,

Әуеге қанат жайған пырақтарым.

Қорғап тұр мүйізімен көкті тіреп,

Келешек ұрпағымның мұраттарын, – деп азат елдің арқалы ақыны Маралтай Райымбекұлы жырлағандай, келешектің арман, мақсат, үміті мен сеніміне қорған болатын рәміздерімізге деген құрмет ана сүті, әке тәрбиесінен бойға дарып, мәртебелі мемлекетімізбен бірге мәуелі ұрпақтың көкейінде мәңгілік болғай!

 

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.