Жастар.kz

Желідегі жел сөздер жастарды жарға жықпаса игі

Қазіргі заман ақпаратқа ауадай мұқтаж. Бір күн демей-ақ, бірер сағат смартфонсыз, ондағы әлеуметтік желілерсіз отыра алмайтын, ауамыз тарылатын халге жеттік. Хош, бұл қазіргі таңда жетінші құрлықты ашатындай жаңалық емес. Бірақ өскелең ұрпақты көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын ғаламтор атты бесінші мұхиттың тұңғиығына сөзсіз тартып бара жатқан жайт. Мәселе ғаламтордың жаман жағында емес. Оны да ойлап тауып, қолданысқа енгізіп, арнасын бұрып отырған адами фактор. Мәселе сонда. Ол қандай адам һәм ол нендей оймен, қайда тартып бара жатыр? Алаңдататыны осы.

Бұл дәрменсіз әңгімемізге себеп – әлеуметтік желілердегі жастардың заманауи ұрансөздері. Аға буын немесе көзі қарақты қауым үшін оны ұран деп айтуға да болмас, бірақ буыны енді қатып келе жатқан жасөспірімдердің көзімен, солардың психологиясымен қарасақ, ондай сөздер жастарды жарға сүйреп бара жатқаны анық. Мәселен жасөспірімдердің басым көпшілігі Instagram мен Вконтакте желілерінде отырады. Басқа әлеуметтік желілерге қарағанда осы аталған екеуінде әлі аузынан ана сүті кеппегендердің аудиториясы басым. Айтпағымыз жастарды өлім-жітімге, құндылықтарды қоқысқа айналдыруға, қылмысқа итермелейтін сойқан сөздердің соғымы осы екеуінде текеметтей тізіліп жатыр. «Мені өлгеннен кейін жақсы көрерсіңдер», «Жалғыздықтан өлім артық», «Досым үшін кез келгенді өлтірем», «Маған сүйгенімнен басқа құндылық жоқ», «Мен үшін өмірдің мәні қылмыс» деген тақылеттес мағынасыз меңіреу сөздер тіпті күн сайын емес, сағат, секунд сайын жаңарып, толығып отырады. Дені әлі махаббат сезімінің ыстық-суығына бойы үйренбеген, қылмысты тек кинодағы қатігез кейіпкерсымақтардан көріп алған, ақ-қараның аражігін айыра білмейтін сарыауыз балапандар осындай жаңсақ сөздерге топырлатып лүпіл басып, өздерінің парақшаларына бөлісіп, статустарына қойып жүргенін де көріп жүрміз. Жүздеген, мыңдаған пікірлердің арасында оларға әй дейтін әже де, қой дейтін қожа да жоқ. Себебі ақыл айтып, кеңесін беріп, дұрыс өмірге бағыт-бағдар көрсететін қариялар мен аға буынның дені мұндай әлеуметтік желілерді, оның ішінде жастарға арналған парақшаларды қарап отырмайды. Оның үстінде қазір суицидке, әсіресе жасөпірімдерді тікелей өлімнен қорықпауға үгіттейтін парақшалар да жетерлік. Білек тамырын кесіп, оны суретке түсіріп, бала санасы толық қабылдамайтын, тек өз деңгейінде ғана түсінетін бір цитатаны жазып қоятын жастар аз емес.
Қай ұлт өкілінің ұрпағы болса да, адам өмірі бәрінен қымбат-ақ. Дегенмен бірер жыл бұрын шет елдің жастарынан ғана байқалатын мұндай жарға соғар желілік сөздерді қазір қазақтың жастары да жазуға машықтанып алған. Бұл – бір. Сонымен қатар қазір аталмыш желілерде көлікті желмен жарыстырып айдап, ажалына асыққан, биіктіктен секірген, әлімжеттік жасаған бейнероликтер де сайтанның сапарынан көп. Темекі былай тұрсын, есірткіні пайдаланатын жасөспірімдердің бейнекөріністері де өз замандастарының лүпіліне қарық болып жатады. Яғни аталмыш осы желі арқылы жастардың жалпы санасы жаһаннан жалқыланып барады деп айтуға болады. Әрине бабалардың өнегелі сөздерін насихаттайтын парақшалар да жоқ емес. Бірақ алдыңғы жағалаумен салыстырғанда аз әрі нақыл сөздердің жариялану жылдамдығы баяу. Оған сенбесеңіз, кез келген жасөпірімдерге арналған немесе қылмысқа, суицидке қатысты сөздердің ағылшынша аудармасын тауып (әдетке айналған тренд), сол сөздер арқылы іздеп, салыстырмалы көзқараспен қарасаңыз, айдан анық көрінеді. Және бұл желілерде қазір хикмет емес хайп, парасаттылық емес пранктың дәурені жүріп тұрғанын да жасыра алмаймыз. Әрине онда да Отанды сүюге, ата-ананы құрметтеуге, елге қызмет етуге насихаттаудың орнына құндылықтарды құрдымға жіберетін арзан дүниелер менмұндалап тұр. Отандық әзілкеш-вайнерлердің көбісі қызға аяқ көтеріп немесе ұлды қызға сабатып, қарияларды келемеждеп, арын аялаған аяулы қыздарды анайы көрсетуге күш салып, сол арқылы лүпіл жинап жанталасқаннан ары аса алмай-ақ қойды. Мұндай желідегі әрекеттердің жастарға әсер ететінін психологтарға жүгінбей-ақ, былайғы өмірден де байқауға болады.
Қазіргі жасөспірімдердің басым көпшілігі әлеуметтік желідегі цитаталармен сөйлейді. Себебі олардың арасында кітап бетін ашатындар санаулы ғана. Тәулік бойы әлеуметтік желіге жіпсіз байланған жасөспірімдердің шығармашылық ойлау қабілеті өз алдына, сөздік қоры осылай өліп барады. Сөзімен бірге өзі де құрдымға кетіп бара жатқаны жанға батады. Әлеуметтік желіде шорқақ «жаргондармен» Жиренше шешен болған оларды кешегі әл-Фараби, Абайдың ұрпағы деп айтуға ауыз бармайды. Абай демекші, әр заманда, тіпті әлеуметтік желі болмаған кезеңде де мақал-мәтелге айналып кеткен орынсыз сөздер болғаны рас. Оған хәкім Абай өзінің бесінші қара сөзінде: «Қазақтар: «Ә, Құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» – деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың, әуелі: – «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкеңде жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым – береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз – Құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр. Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен. Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?» деп батырып айтса, 29-қара сөзінде: «Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар. Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі. «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген – ең барып тұрған Құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой. «Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды? «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны. «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар? Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек» дейді ақыл ойдың арда абызы Абай дана.

Міне, қазіргі таңда әлеуметтік желіде жастардың санасын секунд сайын улап, соқырлыққа сүйреп келе жатқан ондай сөздерге де сақ болған абзал. Ел сенім, ата-ана үміт артып отырған жастарымыз үшін бабалардың өсиетінен, еліміздің тарихы, әдебиеті мен аманатынан артық нақыл жоқ, тағы да Абайша айтсақ, өнер, ғылым, білімнен басқа нәрсемен озудың опа әпермейтінін де ұмытпаған жөн.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР