Жем-шөпті өзге өңірлерге сатуды шектеу керек

0 4

Облысымызда қыс-көктем мезгілдерінде жауын-шашынның мол түсуінен құмақтың, сай-саланың, қойнау-қолаттың шөбі биыл да бітік өсті. Соған қарамастан қазірдің өзінде өңірде шөп бағасы шарықтап тұр. Мәселен жоңышқаның бірі түгі 1000-1300 теңгеден, табиғи шөптің бір түгі 600-900 теңгеден саудалануда. Сала мамандарының айтуынша, еліміздің бірқатар өңірлерінде қуаңшылық орын алып, салдарынан жем-шөпті облысымыздан сатып алушылардың көбеюі бағаның негізсіз өсуіне әкеліп соқтырған.

Байқағанымыздай, өткен жылы «кәрі құданың» қатты қыспағына ұшыраған бірқатар өңірлер алдағы маусымда төрт түлігін шығынсыз шығару үшін алыстан арбаласа да жем-шөп қорын мейлінше артығымен жинауға кірісіп кеткен көрінеді. Ал облысымыздағы ахуал қалай? Мал азығын дайындау жұмыстары қалай жүргізілуде? Жем-шөпті сыртқа сатып, қыста қысылып қалмаймыз ба? Осы және өзге маңызды сауалдар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.

Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың сөзіне сүйенсек, 2021-2022 жылғы мал қыстату науқанына түсетін 952 мың малды азықпен қамтамасыз ету үшін 1 миллион 713 мың тонна пішен, 58 мың тонна пішендеме, 583 мың тонна сабан, 54 мың тонна сүрлем, 645 мың тонна құнарлы азық қажет екен. Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылы егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың өнімділігі есебінен 974 мың тонна пішен дайындалады деп болжам жасалуда. Бұл қажеттілікті 57 пайызға ғана қамтиды. Сол сияқты пішендеме және сабан толық әрі артығымен қамтамасыз етілсе, сүрлем 87 пайызға, құнарлы мал азығы 47 пайызға қамтылмақ. Осы ретте Қайрат Тілеубайұлы бірінші кезекте мал азығына деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында жем-шөпті көрші облыстарға сатпау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, шектеу қоюды ұсынды.

– Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, еліміздің Түркістан, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарының кейбір өңірлерінде қуаңшылық байқалуда. Осы жағдай мал азығына деген сұраныстың күрт өсуіне алып келді.

Осы қалыптасқан жағдайды пайдаланып, жем-шөп нарығында алыпсатарлар пайда болып, мал азығы бағасын негізсіз көтеріп жіберу фактілері де орын алуда. Осы орайда 1 түк жоңышқаның бағасы 750 теңгеден асырмай өткеруді шаруашылықтарға түсіндіру қажет. Дәл осындай жағдай табиғи шөп бағасында да байқалады. Калькуляцияға сәйкес 1 түк табиғи шөп бағасы барлық үстемелерді қосқанда 500 теңгеден аспауы тиіс. Осыған байланысты аудандар мал азығы нарығындағы бағаны реттеуге арнайы іс-шара жасап, бақылауға алуы керек, – деді Қ.Тілеубайұлы.

Ал Бердібек Машбекұлы қазірден қыстан қысылмай шығудың барлық қам-қарекеті жасалуы керек екенін жеткізді.

– Шөптің шығыны өткен жылмен салыстырғанда жаман емес. Егер аз болса басқа өңірлерге сатылмайтын еді. Жоңышқа жаздың басында 1300-ге, табиғи шөп 700-ге жетсе, күзде тіпті қымбаттап кетеді. Сондықтан жем-шөпті сыртқа сатуды шектеу керек. Қазір сатып жіберсек, кейін өзіміз қиналып қалуымыз мүмкін. Ал қазіргі нарық заманында шөп бағасын шектей алмаймыз, – деген Бердібек Машбекұлы облыс әкімінің аппаратына мал азығын дайындау бойынша күнделікті мәлімет беріп, хабардар етіп отыруды тапсырды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев, Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек, Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев сөз алып, қажетті мал азығы толығымен дайындалатынын баяндады.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов жағдайы төмен отбасыларды шөппен қамтамасыз ету жұмыстарына көңіл аудару керек екенін тілге тиек етті.

Мұнан кейін Ұлттық халық санағын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиевтің хабарламасы тыңдалды.

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қыркүйектегі «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағын өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысына сәйкес, халық санағын өткізу мерзімі 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 қазан аралығына белгіленді.

1 маусымнан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық халық санағының дайындық кезеңі басталды. Ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін әрбір елді мекенде интервьюерлер тұрғын үйлерге (тұрғын ғимараттарға) және тұрғын емес үй-жайларға тікелей (жеке) бару және оларда тұрақты тұратын адамдардың санын нақтылау арқылы оларды аралау және есепке алу жүргізіледі.

Осы жұмыстарды жүргізу үшін Жамбыл облысында 38-ден астам нұсқаушы-бақылаушы және 268-ге жуық интервьюер тартылады. Уақытша санақ персоналы жиналған ақпаратты енгізуге арналған арнайы мобильді қосымшадағы планшетте жұмыс істеуге үйретілуде.

Санақтың дайындық кезеңінде алынған мәліметтер санақ аудандастыруды жүргізу, яғни аумақты нұсқау және есеп учаскелеріне бөлу және халық санағының негізгі кезеңі үшін ұйымдастыру жоспарын жасау үшін пайдаланылатын болады.

Сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар бірыңғай call-орталыққа ұялы және стационарлық телефондарға арналған 1446 нөміріне хабарласа алады. Сондай-ақ, 8 8000 800 878 нөмірі жұмыс істейді. Call-орталыққа қоңырау шалу тегін болады.

Айрықша айта кетер жайт, жергілікті атқарушы орган шалғай елді мекендердегі санақшыларды қажетінше көлікпен қамтамасыз етсе жөн болар еді.  Одан кейін қоғамдық көлікпен қатынауында да бірқатар мәселелер туындауда. Мәселен жуырда Тараз қаласындағы қоғамдық көліктердің бірінің жүргізушісі санақшыны автобустан түсіріп тастаған. Негізі Тараз қаласы әкімдігі мен тасымалдаушы компаниялар арасында келісім бар. Келісім бойынша 1-30 маусым аралығында санақшылар қоғамдық көлікпен бір ай тегін жүреді, – деген Сырым Өскенбайұлы санақшылардың айлығының төмендігіне тоқталды.

Департамент басшысының айтуынша, жоғары білімді санақшы бір ай жұмыс істеп 65 мың теңге, орта білімі бар санақшы 60 мың теңге алады екен.

Жиынды қорытындылаған Бердібек Сапарбаев күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауапты басшыларға тапсырмалар жүктеді.

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.