Жамбыл жаңалықтары

Жемісті жобаны жұртшылық жылы қабылдауда

Written by Aray2005

«Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды мақсат тұтқан жемісті жобаны жұртшылық жылы қабылдады. Зейін қойып, зердеге салды. Ауладағы аядай жерді табыстың көзіне, қазынаның өзіне айналдыруға болатындығын ұғынды. Төрт түлікті де көбейтудің тың жолы барын түсінді.
Осы аптада да облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс күнін кеңседе емес, ел ішінде өткізді. Шу, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарын аралап, бұқараға жобаның байыбын бағамдап берді. Тұрғындардың тілегін тыңдап, ұсыныстарына құлақ түрді.

Шу ауданы

Ең алдымен, аймақ басшысы өткен аптаның соңында Шу ауданына ат басын бұрды. Аталмыш аудандағы Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғындарының үй іргесіндегі жерлерін тиімді игеруге деген талпыныстары жоғары. Олар облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасына енгендерін өздеріне берілген үлкен мүмкіндік деп санайды. Жаңақоғамдықтар 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізіп, жобаның басқа да бағыттарын пайдаланып, еңселерін тіктеп, тұрмыстарын түзеуге білек түре кіріспек. Бұл туралы аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің ауылдықтармен кездесуінде жан-жақты айтылды.
Басқосу барысында аталмыш жоба аясында ауылда атқарылатын жұмыстар реті баяндалды. Округ әкімі Нәйла Қондыбаева жобаны жүзеге асырудың жүйесін нақтылау үшін әрбір аулаға түсіндіру, есеп-қисап шаралары барынша атқарылып, сауалнама жүргізілгенін жеткізді.
Айта кетейік, округ бойынша жалпы 493 аула бар болса, онда барлығы 2 889 халық тұрады. Жалпы ауылдағы 493 ауланың үй іргесіндегі жер көлемі 98,6 гектарды құрайды. Бұл аулаларды сусорғыш­тар арқылы толығымен сумен қамту жоспар­лануда.
Бірінші бағыт – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бойынша округтегі барлық отбасы қамтылмақ. Жаңақоғамдықтар негізінен қырыққабат, қияр, қызанақ егіп, екі айналымда өнім алуға ынталы. Екінші бағыт – мал шаруашылығы бойынша санақ жүргізіліп, 179 аулада малы жоқ екендігі анықталған. Жоба аясында 3 950 бас мал сатып алыну жоспарлануда.
Асқар Исабекұлы жобаның бағыттары бойынша аулаларды түгел қамтудың маңыздылығын айрықша атап өтті. Ол үшін несие беру шарттарын да тұрғындар тарапына қарай жеңілдетудің жолдарын қарастыру керектігіне көңіл бөлді.
Аулалардағы жұмыстарды ұтымды ұйымдастыру мақсатында Жаңақоғам ауылында ауыл шаруашылығының барлық саласын қамтитын «Омар-Шу» кооперативі құрылған. Құрылым сапалы тұқым, техника тапшылығы, тыңайтқыштармен қамту, өнімдерді өткеру, агроном маман ұстау секілді өзекті мәселелерді шешумен айналыспақ.
Аталмыш кездесуде ауыл тұрғындары пилоттық жобаның бірқатар механизмдеріне қатысты сауалдарын жолдап, нақты жауаптар ала білді. Асқар Исабекұлы пилоттық жобаның тиісті қаражатын бөлуге қатысты ҚР Үкіметінің нақты шешімі шыққанын тілге тиек етіп, баянды бастамаға барынша жұмыла кіріскенде ғана жемісті нәтижеге қол жеткізуге болатынын баса айтты.
Өңір басшысы Асқар Мырзахметов Шу ауданындағы жұмыс сапары аясында «M-Kat Green» ЖШС-ның күн электр стансасы «ШУ-100 МВт» жобасының құрылысын көрді. Күн электр стансасының құрылыс жұмыстарына 500 гектар жер телімі берілген. Жобаны желтоқсан айында өтетін республикалық телекөпір арқылы тікелей эфирден көрсету жоспарлануда. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 45 пайызы аяқталып, қажетті жабдықтардың 70 пайыздан астамы жеткізілген. Жобаның операторы «KEGOK» АҚ болғандықтан, жеткізілген қуаттың барлығы аталған операторға сатылатын болады.
Аудандағы жұмыс сапары барысында Асқар Исабекұлы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында жоба жүргізуге ниетті кәсіпкерлермен де кездесті. Басқосуда аймақта салынатын «Қызылша» ЖШС-ның Қант зауыты және «Farm Frites» ЖШС-ның фри картофелі өндірісінің жоспарлы жұмыстары баяндалды. Өндірістердің құрылыстарын бастауға тұсау болып отырған мәселелер де назардан тыс қалмады. Жер мәселесінің шешілуіне ықпал ететінін айтқан аймақ басшысы қант зауытының құрылысын уақыт созбай бастауды тапсырды. Өз кезегінде жоба иелері зауыттың іргетасын қалауға осы жылдың қазан айынан кірісетіндеріне сендірді. Тәулігіне 8 мың тонна қант қызылшасын өндеуге қауқарлы кәсіпорын 2022 жылы толығымен іске қосылады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарына 500-ге жуық адам тартылмақ.
Жиында облыс әкімі арнайы экономикалық аймақта жоспарланған жобалардың тезірек жүзеге асуына, инвесторларды тартуға жергілікті билік мүдделі екендігін айтып, туындап отырған кедергілердің оңынан шешілуіне жауапты тұлғалар барынша атсалысу керектігін ескертті.

Т.Рысқұлов ауданы

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Т.Рысқұлов ауданындағы жұмыс сапары Құмарық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден басталды. Жиында округ әкімі Қанат Смат тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы аясында ауылда атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Құрамына үш елді мекен кіретін округте барлығы 630 аула бар болса, 502 аула тұрғындары жоба аясында тұрмысын тіктемек.
Аймақ басшысы ауқымды жобаның маңыздылығын айтып өтіп, оған мүмкіндігінше барлық ауланы тарту қажеттігін жеткізді. Өз кезегінде тұрғындар да көкейдегі көп сауалдарын жолдап, нақты жауаптар ала алды.
Округтегі жобаға қатысуға ынталы 502 ауланың 458-і үй маңындағы жерді тиімді пайдалану, 142-сі мал шаруашылығымен айналысу бағытында кәсіптерін дамытуға ниетті.
Ал үшінші бағыт бойынша мал бордақылауға қажет мал азығын даярлау үшін ауылдықтарға 800 гектар егістік алқап қажет болса, жайылымдық жер жеткілікті. Қазіргі таңда ауылда «Құмарық-Тау» АШК құрылып, оған қажетті техника мен жабдықтар сатып алу жоспарлануда.
Кездесуден соң Асқар Исабекұлы Құлан ауылындағы орталықтандырылған ауызсу ғимаратының мәселесімен танысты. Осыдан он алты жыл бұрын жер сілкінісі кезінде нысанның біраз бөлігі бүлініп, бірқатар құрылғылар істен шыққан болатын. Соның салдарынан ауызсу таратуда айтарлықтай мәселелер туындауда екен. Жағдайға көз жеткізген Асқар Исабекұлы нысанды жөндеуді тапсырып, дегенмен бюджет қаражатын үнемді жұмсау мақсатында қажетті қаражатты оңтайландыруды міндеттеді.
Бүгінде облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын көтерудің жобасы аясында құмарықтықтар қосалқы шаруашылықтарын дамыту шараларын қолға алып үлгерген. Баянды бастаманың игілігін көруге асық тұрғындар тиісті жұмыстарды бүгіннен бастап кеткен. Солардың бірі– Алғабас ауылының тұрғыны Гүлбағира Айжанова.
Зейнеткер қазіргі таңда үй іргесіндегі жерін тиімді игеру үшін күздік сарымсақ егу ісіне қызу кіріскен. Оның 50 сотық шарбағындағы егіншілік жұмыстарына ауылдастары асарлатып, көптеп көмектесуде.
Біріккен жерде – береке бар екенін жете түсінетін ауылдықтар сұранысқа ие сарымсақты егуге білек түре бет бұрған. Осындай іспен айналысып отырған дәл қазір он бестен аса аула бар. Олардың бәрі күздік сарымсақтарын ерте жазда қазып алып, екінші айналымда басқа көкөніс егіп, мол өнім алуға ниетті.

Меркі ауданы

Асқар Мырзахметов Меркі ауданына жұмыс сапарымен келіп, тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасына енген Сұрат ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Жиында ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықты дамыту шаралары қаралды.
Бұл округтегі жалпы 462 аулада барлығы 2 830 халық тіршілік етуде. Сұраттағы 353 ауланың тұрғындары жобаның бірінші бағыты бойынша қатысуға ниетті. Сол секілді мал басын арттырып, шаруасын шалқытуға 234 аула бейіл. Бастаманың басқа да бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілмек. Тиімді несиемен нәсібін арттыруға ынталы тұрғындар талмай тер төгуге дайын.
Асқар Исабекұлы жобаның бағыттарына жекелей тоқталып, ауылдықтардың жаппай жағдайын жақсарту – басты мақсат екенін жеткізді.
Айта кетейік, жобаның бірінші бағытына сәйкес жұмыс жасауға ынталы округтегі 353 ауланың жалпы жер көлемі 70,6 гектарды құрайды. Сұраттықтар негізінен қызанақ, картоп, қияр, қырыққабат көкөністерін егіп, екі айналымда өнім алуға дайын. Сондай-ақ жылыжай соғуға 12 аула өтінім беруде.
Ал екінші бағыт – мал шаруашылығы бойынша 234 аула иелерінен 9 930 бас мал алуға сұраныс түскен. Бүгінде жұмыстың алғышарттарының бірі ретінде округ бойынша «Даму Сұрат» ауыл шаруашылық кооперативі құрылған. Құрылым арқылы тұқым, техника, өнім өткеру секілді көптеген мәселелерді шешу жоспарлануда. Жобаның бесінші бағыты бойынша да өзінің кәсібін ашып, ісін ілгерілетем деушілер баршылық.
Сондай-ақ облыс басшысы «Сыпатай батыр» ЖШС-ның егістік алқабына барып, жиын-терін жұмыстарымен танысты. «Сыпатай батыр» ЖШС – аудандағы іргелі шаруа қожалықтардың бірі. Егістікпен айналысатын серіктестік күздік бидай, жаздық арпа, жоңышқамен қатар қант қызылшасын өсіріп, мол өнімге кенелуде. Ағымдағы жылы 185 гектарға техникалық дақыл отырғызған шаруа қожалық гектарынан 600-700 центнерден өнім түсіруді көздеуде. Аймақ басшысы серіктестіктің қант қызылшасын өткеру мәселесіне айрықша назар аударды.
Жалпы егіншілікпен айналысатын серіктестік қызылшадан бөлек күздік бидай, жаздық арпа, жоңышқа алқаптарын да жайқалтып, 60 адамды жұмыспен қамтыған. Шаруа қожалық иесі оларға орташа есеппен 90-100 мың теңге жалақы төлеп отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР