Жемісті жобаның арқасында Көне шаһар Адам танымастай өзгереді

0 4

Талай шапқыншылыққа ұшырап, сан мәрте құлдырауды бастан өткерген Тараз қаласы тәуелсіздікпен бірге еңсе тіктеп, феникс құсындай қайта түлеп, әр сәт жасарып, жаңарып келеді. Тасын түртсең тарихы сөйлей жөнелетін Әулиеата өңірінің дамудың даңғыл жолына түскенін облыс орталығының бүгінгі келбетіне қарап та аңғаруға болады.

Ықылым заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың өркениетті өмірін, тарихи жолын қойнауына сыр етіп бүккен қасиетті өлкенің жалғыз жаһұты саналатын Тараз қаласының сәулеті мен сәні жұпыны тартпауы тиіс. Сол үшін де облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараздың жаңаша кейіпке еніп, жаңаша тұрпатта жаңғыра түсуіне баса мән беріп отыр. Осы арқылы Таразды облыстың айнасы ғана емес, туристердің де аяқ басып, шаһардың сәулеті мен дәулетіне тамсанатындай кейіпке енуін басты назарға алған.

Бүгінде қаланың қай бұрышына барсақ та ондағы түрлі тарихи-мәдени орындардың жаңғырып, шаһар ішінен еңселі ғимараттар бой көтергенін, бұрыннан бар нысандардың қасбеттері әрленіп, ажары ашыла түскенін байқаймыз. Сонымен қатар бірқатар көпқабатты тұрғын үй аулалары жаңғыртылып, жаңадан саябақтар ашылып, көшелер, жолдар, арық-атыздар да жөндеуден өткізіліп жатыр. Тараз қаласының түрленіп, тотыдай тарана түсуіне Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында қолға алынған «Таразға тарту» жобасы да септігін тигізуде. Аталған жоба аясында аудандар мен бірқатар басқарма және іргелі кәсіпорындар облыс орталығына тарту жасап, қалаға абаттандыру жұмыстарын қызу жүргізуде.

Мәселен Қарасу бойы арқылы Шостакович көшесінен басталып, бес бөлікке бөлінетін «Денсаулық саябағының» 295 метрді құрайтын бірінші бөлігінің құрылысы облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан жүргізіліп жатыр екен. 260 метрлік екінші бөліктің құрылыс жұмысы «InvestKapitalStroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, үшінші бөлік (150 метр) облыстық кәсіпкерлер палатасы мен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына, төртінші 270 метрлік бөлік «Вега» серіктестігіне, соңғы 180 метрлік бөлік спорт басқармасына жүктеліпті. Тәуке хан көшесіндегі 5 шақырым 700 метр жолға облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Қазавтожол» акционерлік қоғамының облыстағы филиалы, «Қазтрансгаз» акционерлік қоғамы, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы секілді өзге де бірқатар мекеме жауапты. Айша бибі көшесіндегі қалашықтың пайдалануға берілуін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, архитектура бөлімі және жер қатынастары басқармасы қадағалауға алған.

Бүгінде Қазыбек би көшесінде орналасқан №131,135 тұрғын үйлердің маңына барған адам, аталған аумақтың адам танымастай өзгергеніне куә болады. Мұндағы скверді Талас ауданы әкімдігі жаңадан ашып жатыр екен. Жалпы ауданы
3 481 шаршы метрді құрайтын алаңда бүгінде 6 адам тынымсыз еңбек ету үстінде. Мақсат – нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру.

– Скверді ашу үшін 12 миллион 497 мың теңге жұмсалатыны анықталды. Осыдан екі-үш ай бұрын нысанның эскиздік жобасы әзірленіп, облыс әкімдігі сәулет, құрылыс және қала құрылысы басқармасымен келісілген болатын. Осылайша абаттандыру жұмыстары «СтройИндустрии» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелді. Олар скверді демеуші ретінде өз қаржысы есебінен салып жатыр. Нысанның құрылыс жұмысы сәуір айының ортасында басталды. Маусым айының алғашқы онкүндігінің соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда ол жерде 132 метр ескі лотоктар толық алынып, орнына жаңасы қойылды. Сквер аумағына «КаМАЗ» ауыр жүк көлігімен 15 рет қарашірік топырақ төгіп, тегістедік. Сол маңдағы қураған ағаштар кесіліп, көзге қораш көрінетін тал-дарақтар бұталып, ретке келтірілді. 1 550 шаршы метрге брусчатка төселді. Қазіргі таңда 47 гектар аумақ көгалдандырылды. Бүгінде құрылыс жұмыстарының дені аяқталуға жақын. Сквер аумағына енді 20 орындық, 20 қоқыс жәшігі мен 26 сыртқы жарықшам орнату жұмыстары қалды. Сонымен қатар ол жерден бір балалар ойын алаңы мен бір спорттық «Street Workout» алаңшасын ашу, 30 дана шырша отырғызу және 2 тұрғын үйдің қасбеттерін жаңалау жұмыстарын межелі мерзімге дейін аяқтауды мақсат етіп отырмыз, – дейді Талас ауданы әкімдігінің сәулет, кала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Жаманбаев.

Бұл Тараз қаласына аудандар тарапынан жасалып жатқан тартудың бірі. Ал Қ.Тұрысов көшесіндегі №23 тұрғын үйдің артындағы ұзындығы 250, ені 30 метрді құрайтын алаңға Т.Рысқұлов ауданының әкімдігі жауапты екен. Осы көшедегі №19,20,16 тұрғын үйлердің артындағы ұзындығы 280, ені 19 метрді құрайтын алаңға және Тұңғыш Президент саябағындағы  4 500 шаршы метрді құрайтын амфитеатрды қалпына келтіру ісін Қордай ауданы әкімдігі өз міндетіне алыпты. Дегенмен бұл аудан аталған жұмыстарды алдағы аптада қолға алғалы отыр екен. Байзақ батыр көшесі мен Абай көшесінің қиылысындағы №202 тұрғын үйдің артындағы ұзындығы 220, ені 20 метрді құрайтын алаңды және Сейфуллин көшесіндегі №8,10 тұрғын үйлерге қарасты ұзындығы 100, ені 17 метрді құрайтын алаңқайды Меркі ауданы ел игілігіне ұсынбақ. Байзақ батыр мен Абай көшесінің қиылысындағы №185 тұрғын үйдің 2-блогындағы ұзындығы 180, ені 18 метрлік алаңды және 16 720 шаршы метрлік айналмалы жолды Байзақ ауданы абаттандырып жатыр. Абай даңғылындағы №200 тұрғын үйдің артындағы ұзындығы 200, ені 18 метрді құрайтын жерді Сарысу ауданы алаңға айналдыру үстінде. Осы тектес Мойынқұм, Жуалы, Шу, Жамбыл секілді өзге де аудандар қаланың қақ ортасынан тұрғындар бір мезгіл серуендеп, бой сергітетін алаңқайлар ашу жұмысына қызу кірісіп кеткен.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев игі іске «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді іргелі мекемелер де атсалысып жатқанын айтады.

– Жақын күндері «Мәдениет», «Депутаттар», «Қаржыгерлер» сынды атауға ие болған бас-аяғы 30 аллея ашылып, бірқатар көше жөнделеді және жарықтандырылады. Бұл іс демеушілердің көмегімен тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай атқарылып жатқан шаруа. Аталған игі бастама облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұйымдастыруымен жүзеге асып отыр. Сонымен қатар ескі үйлер сырланып, боялады және қасбеттеріне суреттер салынады. Қала ішіндегі жаңадан ашылып жатқан алаңдарға жасыл гүлзарлар төселіп, кішігірім архитектуралық формалар, орындықтар, қоқыс жәшіктері, шамдар, «Street Workout» алаңдары орнатылу көзделген. Бүгінде осы істің бірқатары еңсерілді, – дейді А.Есеналиев.

Жыл өткен сайын жасарып, жаңғырған Тараз қаласының көркіне қатысты демеушілердің көмегімен атқарылып жатқан шаруалардың бір парасы осы. Тараз қаласының көркі әрлене түсетінінен хабардар болған тұрғындардың да қуанышында шек жоқ. Өйткені туған қаласының өркениеттік сипаты көркемделіп, заманауи үлгіде дами түскенін кім жек көрсін…

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.