Жемқорлық: Алты айда «адасқандар»

0 2

«Жемқорлық індет – оны жою міндет». Алайда облыста жемқорлықпен күрес күшейтілгенімен әлі де болса «түйені түгімен, пойызды жүгімен» жұтып жатқандар азаймай тұр. Бұған біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің алты айда атқарған жұмысынан тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Департамент берген мәліметке сүйенсек, есепті кезеңде сыбайлас жемқорлық сипатындағы 42 қылмыс тіркелген екен. Оның ішінде ең басты төртеуі сыбайлас жемқорлық деректерінің жүйелі түрі болса, екеуі кіші және орта бизнес субъектілерінің жұмысына заңсыз араласу және алтауы мемлекеттік бағдарламаларды сүйемелдеу барысында қаржыны жымқыру деректері.
Департамент мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор басшылары тарапынан жасалынған сыбайлас жемқорлық қылмыстарын да анықтаған. Атап айтсақ, алты айда облыс деңгейіндегі 2 басшыға және қала мен аудан деңгейіндегі 2 басшының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ 16 маманға қатысты іс сотқа жолданып, 26 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тіркелген қылмыстар бойынша мемлекетке 116,7 миллион теңге көлемінде залал кетірілсе, бүгінде оның 96 миллион теңгесі өндірілген. 7,2 миллион теңге тұратын мүлікке тыйым салынған.
– Құқықбұзушылық түрлеріне тоқталатын болсақ, білім саласында бюджет қаржысын жымқыру, ауыл шаруашылығы саласында субсидияны заңсыз бөлу, денсаулық саласында үстемақыларды негізсіз беру, ақша ұрлау, әлеуметтік салада мүгедектікті тағайындау, жұмысқа орналастыру мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылған жұмыстарды қабылдау барысында өрескел заңбұзушылықтар орын алуда. Сондай-ақ барлық салаға тән сыбайлас жемқорлық тәуекелі – ол мемлекеттік сатып алуды «майшелпекке» айналдырып алғандығы.
Аталған жағдайлар сол саладағы мекеме басшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын ұйымдастырмай, бәрін формальді түрде жасап отыруынан туындауда.
«Nur Otan» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жалпы сомасының кемінде
5 пайызын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытқа бөлуді көздеген. Алайда алты айда әртүрлі себептермен әлеуметтік тапсырыстар бойынша сатып алулар әлі күнге жүзеге аспай келеді. Мәселен, Тараз қаласы мен Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарында бұл бағыттағы жұмыстар кенжелеп тұр. Бұл үшін Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 680-бабымен жаза қарастырылған, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев.
Мемлекеттік сатып алу бағытында да жағдайымыз мәз емес. Есепті кезеңде Ішкі аудит департаментімен Мемлекеттік сатып алу заңының талаптарын сақтамағаны үшін 440 әкімшілік іс қозғалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тарапынан да бұл бағытта қырағы тексерістер жүргізіліп, заңбұзушылыққа жол берген 13 азамат анықталған. Олардың дені облыстық басқармалар, Тараз қаласы мен Жамбыл ауданы әкімдігіне қарасты бөлім мамандары. Мысалы, облыс әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы Алмас Бердыбаевқа есепті кезеңде 11 әкімшілік хаттама толтырылып, 1,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Өткен жылы 83 хаттама жазылып, маман 6,2 миллион теңге айыппұл арқалаған. Алайда бөлім басшысының орташа айлық жалақысы 160 000 теңгеден аспайтынын ескерсек, аталған айыппұлдарды қалай төлеп жатқаны түсініксіз. Осының өзі департамент мамандарының күдігін күшейтіп отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент есепті кезеңде мекемелерге зерделеу жұмыстарын да жүргізіп, 13 ұсыныс берген. Осы ұсыныстар негізінде мемлекеттік сатып алу жоспарлары қайта қаралып, 950 миллион теңгеден астам бюджет қаржысы үнемделген. Мәселен, Шу ауданы 1 компьютердің құнын 600 мың теңге деп қойса, департамент зерделеуінен кейін ол 300 мың теңгеге түсірілген. Нәтижесінде артық шығын көлемі 3 миллион теңгені құраған. Одан бөлек 7 мемлекеттік орган мен оған қарасты мекемелерге жүргізілген зерделеу қорытындысында 20 миллион теңге қазынаға қайта қайтарылып, мемлекет қаржысын талан-таражға салуға жол берілмеген. Қазіргі таңда ветеринария, табиғи монополия, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары сынды салаларға қатысты осындай 23 ұсыныс қаралу үстінде.
Тағы бір мәселе – биыл департамент ауыл шаруашылығы саласында беріліп жатқан субсидияларға айрықша көңіл бөлуде. Бүгінгі күнге департамент мамандары Байзақ, Жамбыл, Сарысу, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі және Талас аудандарындағы шаруалармен кездесіп, өзекті деген 20-ға жуық мәселені анықтап отыр. Оның бір ғана мысалы – күні кеше департамент облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы алдын ала сөз байласу арқылы мал басын сатып алмаған қожалық иесіне 15 миллион теңге субсидияны заңсыз аударғаны үшін ісін сотқа жолдап отыр.
Негізі мұндай заңсыздықтар жуырда «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында партия жанындағы Аграрлық секторды дамыту бойынша аймақтық кеңестің отырысында да айтылған болатын. Осы таңға дейін ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан шаруа қожалықтарына 18 миллиард теңге қаржы бөлінсе, субсидиялаудың 28 бағытын толық орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қосымша 14 миллиард теңгеге сұраныс жолданған. Алайда бекітілген ережеде құжаттардың заңдылығына шаруа қожалығы жауапты екендігі көрсетілген. Басқарма тарапынан жүргізілген тексеріс нәтижесінде 458 шаруа қожалығының құжаттары талапқа сай емес екендігі анықталып, ол шаруа қожалықтарына 500 миллион теңгеден астам субсидия заңсыз төленгені белгілі болып отыр.
Міне, осылайша жарты жылдағы қаржы жымқыру жаға ұстатып тұр. Әрине, көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда сәл төмендегенімен бұл көңілге жұбату бола алмайды. Сондықтан бұл бағытта әлі де болса талапты тапсырмалар мен жүйелі тексерістер қажет. Ең бірінші атқамінерлер құлқынның емес, ұлттың қамын ойлағаны абзал. Сонда ғана біз сыбайлас жемқорлықсыз болашаққа жол сала аламыз.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.