Мәселе

Жемқорлыққа жиі жол беретін қай басқармалар?

Written by Aray2005

Өңірде білім беру, табиғат пайдалануды реттеу, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары жемқорлыққа бейім басқармалар қатарына кіреді екен. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен аппараттық кеңес отырысында айтылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев жемқорлыққа жол берген бірқатар органның атын атап, түсін түстеген болатын.

Аталған жиында бірінші мәселе ретінде өткен жартыжылдықта өңірде ветеринария саласында атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелері талқыланды. Ол бойынша облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов баяндама жасады. Оның сөзінше, өткен жартыжылдықта облыс көлемінде ешқандай қауіпті мал ауруы тіркелмеген. Сондай-ақ бруцеллез ауруының да көрсеткіші біршама азайған көрінеді.
Басқармаға қарасты 19 бригада қаңғыбас ит-мысықтарды аулап, жоюмен айналысады. Есепті кезеңде Тараз қаласы мен аудандарда барлығы 17782 ит және 268 мысық ауланған. Ал оларға қиянат жасамау мақсатында арнайы уақытша күтіп ұстау орындарын ашу жұмыстары да назарда. Мысалы Тараз қаласында ондай орын дайындалып, бүгінде пайдалануға әзір тұр екен. Салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы аумақтық ветеринариялық бақылау инспекциясының басшысы Жандар Коекеев те атап өтті.
Дейтұрғанмен жалпы ветеринария саласында шешімін таппай тұрған мәселелер жоқ емес. Айталық ветеринариялық пункттерді тиісті ғимаратпен қамтамасыз ету, ветқызметтің жұмысын жүйелендіріп, ашықтық орнату мақсатында интернет желісімен қамтамасыз ету сынды жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмеген. Жиын барысында бұл саланың негізгі кемшілігін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атап өтті:
– Осыдан бірнеше күн бұрын көрші Қырғыз Республикасында Сібір жарасы тіркелді. Менде бар дерек бойынша бір адам ауру малды сойып, оның етін 20 шақты адамға таратқан. Ол аурудың көрші отырған біздің облысқа өтіп кетпеуі үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Жалпы сіздер көрші елдегі әріптестеріңізбен байланыстасыздар ма? Содан кейін жекедегі малдың есебін жасау мен оларды емдеу, вакцианциялау, асылдандыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Бізде мал санын жасыру әлі де бар. Ал ірі қараға сырға салу ісі сылбыр. Басқарманың да, инспекцияның да жұмысы, әкімдіктермен байланысы нашар. Сондықтан бұл салаға бақылау жасайтын орынбасарым Берік Нығмашевке аталған мәселелерді ескере отырып, жүйелі жұмыс істеуді тапсырамын, – деді өңір басшысы. Өз кезегінде тиісті сала басшылары облыс әкімінің сауалына мардымды жауап бере алмады.
Келесі кезекте 2020 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді жоспардың орындалуына жүргізілген талдау қорытындысы шығарылды. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл тақырыпта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев баяндама жасап, біраз былықтың бетін ашты.
– 2020 жылдың 6 айында департаментпен 73 қылмыс тіркелген, оның ішінде ауыр санатында 54, аса ауыр санатында 1. Бұдан басқа облыс деңгейіндегі басшыларға қатысты –5, қала, аудан деңгейіндегі басшыларға қатысты 5 және 4 қылмыс ауылдық округтердің әкімдеріне қатысты тіркелген.
Департаментпен өткен жылы және биыл сотқа жолданған қылмыстық істер бойынша соттармен 2020 жылдың 6 айында қарастырылған 20 іс бойынша жалпы 34,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Жалпы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылы сот арқылы өз дәлелін тапқан қылмыстарға жүргізілген талдау білім беру, табиғат пайдалануды реттеу, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары екенін көрсетіп отыр. Дәл сондай биыл сотқа жолданған материалдарды зерделеу ауылдық округ әкімдіктері, білім беру, кәсіпкерлік саласы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларына қатысты екендігін көрсетті, – деді ол.
Ал аталған басқармалармен жасалған құқықбұзушылықтардың сипаты әртүрлі. Мәселен білім саласында жұмысқа орналастыру, сағат бөлу, аттестациядан өткізу, ауыл шаруашылығы саласында субсидия бөлу, табиғатты қорғау саласында орындалмаған жұмыстарды қабылдау, ауылдық округтерде жер бөлу мәселесі төңірегінде сыбайластық жиі орын алады екен. Сондай-ақ аталған барлық салаға тән сыбайлас жемқорлық тәуекелі мемлекеттік сатып алу кезіндегі құқықбұзушылықтар болып табылатыны айтылды.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында Тараз қаласының әкімдігіне ҚР ҚПК-нің 200-бабы негізінде жер қатынастары бөліміндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелін жою мақсатында, әрбір саладағы бизнес процесті толық регламенттейтін нормативтік-құқықтық акт әзірлеу және әрбір қызметкерлердің функционалдық міндеттеріне сол регламентте көрсетілген іс-әрекеттерді енгізу, сонымен қатар, жер комиссиясының құрамына қоғам өкілдерін қосу бойынша ұсыныстар енгізілген екен. Алайда бұл ұсыныс бүгінгі таңға дейін орындалмаған.
Департамент сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу бойынша 14 азаматқа 2,1 миллион теңге көлемінде сыйақы төлепті.
2020 жылға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді жоспарды өз деңгейінде іске асырмаған мекемелер қатарында кәсіпкерлік, экономика, энергетика, жер саласын бақылау басқармалары бар.
Кешенді жоспарға сәйкес, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы жастарды тарта отырып, небәрі 2 сыбайлас жемқорлыққа қарсы вайн түсіріп, оларды әлеуметтік желілерде орналастырған. «Алайда, жастар арасында адалдық, әділдік, парасаттылық, еңбекқорлық, отансүйгіштік қағидаттарын дәріптейтін басты орган бола тұра басқарманың бұл бағыттағы жұмысы жүйеленбегенін көріп отырмыз», деп атап өтті Әділхан Әшірбаев.
Сондай-ақ,облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасымен үздік журналистік жұмыстарға («Үздік теледидар жұмысы», «Үздік баспа басылымы», «Үздік интернет жарияланымы») БАҚ өкілдері арасында байқау өткізілмегені және қоғамдық бақылау институтын нығайту мақсатында және мемлекеттік органдардың қызметіндегі әкімшілік кедергілерді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерінің сапасына қоғамдық мониторингті жүзеге асыратын азаматтар арасында «Үздік бақылаушы» байқауы ұйымдастырылмағаны аталып өтті. Бұл орайда аталған басқарма басшысы Дауыл Бейсенқұлов журналистерге арналған байқау қыркүйек айына жоспарланып отырғанын айтып өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа жол берген және бекітілген кешенді жоспарды орындамаған мемлекеттік органдар туралы сондай-ақ облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібек хабарлама жасап, алдағы уақытта айтылған барлық сын-ескертпелер жойылатынын жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімі аты аталған басқарма басшылары мен Тараз қаласы және аудан әкімдеріне ескерту жасап, ісіне адал болуды тапсырды.

Маржан РАҚАЙ,
журналист

ПІКІР