"Заң және біз" Жамбыл адалдық алаңы

Жемқорлықпен күрестің жаңа жүйесі

Written by Aray2005

Қазақстанда мемлекеттік органдарды жемқор шенеуніктерден түпкілікті тазарту жалғасуда. Әрі оның нәтижелеріне де көңіл толады. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін негіздеуші швейцариялық Халықаралық менеджментті дамыту институтының деректері бойынша ағымдағы жылы Қазақстан парақорлық және сыбайлас жемқорлық көрсеткіші бойынша өз позициясын 10 сатыға жоғарылатқан. Біздің мемлекет ғасыр дертімен күресті нәтижелі ұйымдастыруда Оңтүстік Корея, Израиль, Испания сынды дамыған елдерді басып озып, 29-орынға табан тіреді. Сол секілді саяси тәуекелдерді зерттеумен айналысатын американдық PRS Group ұйымының деректері бойынша Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл көрсеткішін небәрі бір жарым жыл ішінде екі есеге жақсарта алған. Елімізде соңғы екі жылда сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстың саны 23 пайызға азайған.
Өз кезегінде сыбайлас жемқорлықты анықтау, алдын-алу, жолын кесуді ұйымдастыруда 2015 жылы құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы өз міндетін мүлтіксіз атқарып келеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ешкімге ешқандай аяушылық болмайтынын айтып, жең ұшынан жалғасқандардың әрекетін уақыт оздырмай тыюды нұсқады.

Күштеу тәсілімен іс өнбейді

Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресті ұйымдастыруда қазақстандық құқық қорғау қызметі тек репрессивті әдістерге ғана иек артпайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ғасыр дертімен күресте күштеу шаралары жеткіліксіз. Сыбайлас жемқорлық көп құрылымды және көп деңгейлі мазмұны бар әлеуметтік құбылыс. Сондықтан да еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы бұл салада оң нәтижеге қол жеткізген елдердің тәжірибесі негізінде қалыптасты.
Жалпы, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы оң өзгерістерге мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын бүтіндей жаңғырту және оны жүзеге асыруда азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту арқылы қол жеткізілді.
Бұл тұрғыда Елбасы бастамасымен әзірленіп, қабылданған ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сынды құжаттар шешуші рөл атқарғанын айта кету қажет.

Мемлекеттік қызметтегі ауқымды реформа

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау арқылы біздің еліміздің заманауи сын-қатерлерге жауап беретін дамудың жаңа моделіне көшуін қамтамасыз еттік. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен күресудің қазақстандық үлгісін сөз етуді осы құжат шеңберінде қолға алынған шаруалардан бастауды жөн санадым.
Өткен үш жарым жыл ішінде институционалдық реформалардың алғашқы тарауында айтылған 15 қадамының 12-сі толықтай іске асырылды. Кәсіби мемлекеттік аппарат құруды көздейтін бұл реформа салалық жаңа заңды қабылдау, меритократия қағидатын енгізуді жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Соның есебінен ЭЫДҰ-ның 2017 жылғы есебінде Қазақстандағы мемлекеттік қызмет кәсіби-стратегиялық деп танылды.

Еңбегіне қарай өнбегі

Негізінен, кәсіби аппарат құруды мақсат еткен институционалдық реформалардың мемлекеттік қызметті басқарудың тиімді әрі жаңа жүйесіне қол жеткізіп, материалдық ынталандыру тетігі қарастырылуымен мемлекеттік қызметшілер тарапынан оң баға алды.
Өздеріңізге мәлім, еліміздегі алты мемлекеттік органның базасында басқару құрылымдарын оңтайландыру және әкімшілік шығындарды қысқарту есебінен қызметшілердің еңбекақысын екі есе арттыру бойынша ауқымды пилоттық жоба іске асырылды. Бұл жобаның түпкі мақсаты мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, орындайтын жұмысының сипатына, көлеміне және нәтижелеріне қарай бонустар төлеу болды. Сондай-ақ еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көше отырып, саладағы төмен жалақы мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Жалақының көтерілуі мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға да ықпал етті.
Ұлт жоспарына сай жергілікті атқарушы органдардың көбісі қосымша қаржыландыру көздерін қарастыруға көшті. Бүгінгі таңда бұл бағытта жұмыс Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінде де қолға алынғанын айта кеткен ләзім.
Жоғары әдеп стандарттары да мемлекеттік аппараттың ұйымдастырушылық мәдениетін одан әрі трансформациялауға ықпал ететіндігі сөзсіз. Жалпы ЭЫДҰ елдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда әдептілік қағидаттары мүлтіксіз сақталады.
Қалай десек те этикалық кодексті бұзу мемлекеттік қызмет саласындағы оң өзгерістердің деңгейін кері тартады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы лауазымды адамдардың қызметтен тыс мінез-құлыққа нұқсан келтіретін дөрекілігі мен төрешілдікті жою бағытында көп жұмыс атқарып келеді. Жөнсіз қаражат жинау фактілері, қызмет бабындағы тамыр-таныстықтың жайлауы, деңгейі төмен құрылымдарға жөнсіз тексерулер ұйымдастырушылардың әрекеті де жіті бақылауда. Бұл мәселелерді көп жағдайларда мемлекет қаражатын жұмсамай-ақ қашықтықтан бақылау, саралау арқылы да шешуге болады. Біз өз тарапымыздан осы мәселелерді ерекше бақылауға аламыз.
Алдағы уақытта агенттіктің құрылымында адалдық департаменті құрылуы мүмкін. Бұл құрылымның жұмысы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылауды жүзеге асырудың жаңа тәсілдеріне негізделмек. Мұндағы әңгіме мемлекеттік қызметшілердің жеке өміріне қол сұғуда емес. Шындығына келер болсақ, мемлекеттік қызметші қашанда қарапайымдылық танытып, моральдық-этикалық нормаларды ұстануы қажет. Мемлекеттік қызметші кез келген ортада үнемі өзіне айрықша назар аударылатындығын білгені жөн. Сондай-ақ мемлекеттік қызметші өзінің әдепке сай емес мінез-құлқымен меритократия қағидаты жайында теріс әрекет қалыптасуына жол бермеуі қажет.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық сияқты құндылықтарды әсте ұмытуға болмайды.
Әлем елдерінің тәжірибесі мемлекеттік биліктегі, қоғам мен бизнестегі сыбайлас жемқорлықты түбірінен жоюдың өз ережелерінің бар екендігін көрсетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ендігі кезекте осы бағытта жұмыс жасайтын болады.

Цифрландыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы бренд

Қазіргі заманғы кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырумен қатар жүруі заңды. Өйткені дәл осы сала сыбайлас жемқорлыққа аса бейім болғандықтан, мұнда қазіргі заманғы технологияларды пайдалану бірінші кезекке шығады. Қазақстандағы азаматтарға мемлекеттік қызметтердің дені электрондық үкімет порталы және ХҚКО арқылы ұсынылуын еліміздің зор жетістігі санаймыз. Агенттік 10 минут ішінде қызмет алуға келген азаматтың мәселесін шешуге мүмкіндік беретін «Цифрлық агент» мобильдік қосымшасын іске қосты. Оның көмегімен 2 мыңға жуық шағымға нақты жауап қайтарылды. Біз халық арасында бұл қосымшаны белсенді таратып, сол арқылы қызметкерлердің азаматтармен жиі тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын барлық мемлекеттік органдармен байланыс орнатуына жол ашамыз.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын одан әрі іске асыру шенеуніктердің азаматтармен байланысын барынша азайтатын және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға ықпал ететін электрондық үкімет қызметтеріне және басқа да цифрлық сервистерге қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл мәселелерді біз тез арада шешуіміз керек, өйткені ХХІ ғасырда цифрланбаған нәрсенің бәрі өз құндылықтарын өте тез жоғалтады. Бір сөзбен айтқанда, цифрландыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жаңа брендке айналады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қарастырылатын басқосуларда үнемі цифрландыруды жылдамдату қажеттілігіне баса назар аударылады. Шындығында, цифрлық мемлекеттік аппараттың қалыптасуын айтарлықтай тежейтін тағы бір мәселе бар. Ол мемлекеттік органдардың құжаттамалық қамтамасыз ету және бюджетті жоспарлау жөніндегі қызметін электрондық форматқа көшірудің баяу жүргізілуі болып отыр. Мемлекеттік қызметшілердің әлі күнге дейін өзінің жұмыс уақытынан кейін де жұмыста шұқшиып отыруы үлкен мәселе болып табылады.

Халыққа жақын болу

Мемлекеттік кәсіби аппараттың ашықтығы мен тұтынушыға бағдарлануы сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді саясаттың базалық элементтері болып табылады. Қазір ел аумағындағы 230-дан астам мемлекеттік орган «Оpen space» кеңселерінде жұмыс істеуге көшті. Бұл қызметтік алаңдарды оңтайландыруға және айтарлықтай үнемдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жоба саналады. Қазір өңірлерде ыңғайлы фронт-кеңселері бар сервистік әкімдіктер ашылуда. Мысалға, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары демалыс бөлмесі бар кабинетінен бас тартып, қарамағындағылармен бірге ортақ кеңістікте жұмыс істеуге көшті. Мұндай мысалдарды аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтер деңгейінде көптеп кезіктіре аламыз. Бұл тәжірибені қазір құқық қорғау және сот органдары да белсенді түрде енгізіп жатыр.

Қоғамдық бақылаудың рөлі артып келеді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында әлемнің дамыған мемлекеттерінде қалыптасқан тәжірибе мемлекеттік қызметтің қоғамдық ұйымдар мен азаматтар тарапынан бақылау болғанда нәтижелі жұмыс жасауға көшетінін көрсетеді.
Өткен жылы біз «Қоғамдық бақылау картасы» атты жобаны іске қостық. Жоба аудандық және ауылдық округтер деңгейінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесін құрудың алғашқы қадамы ретінде қарастырылады. Ағымдағы жылы бұл бастама Нұр-Сұлтан қаласында қолға алынды. Соның нәтижесінде «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жұмыс істей бастады. Карта арқылы азаматтар өздері әлеуметтік басым мақсаттарға қаражат бағыттаушы «Қатысу бюджеті» жобасын іске асыруға белсене атсалыса алады.
Сыбайлас жемқорлық пен күрестің тағы бір маңызды бағыты «Адалдық алаңы» жобасы болып табылады. Алғашында Нұр-Сұлтан қаласында Елбасы тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған жоба бүгінде барлық өңірлерге таратылды.
Агенттік жанынан құрылып, орталық пен өңірлерде жұмыс істейтін арнайы мониторингтік топтар да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттеріне қоғамдық ұйымдар мен азаматтарды тартудың бірегей үлгісі болды.

Ресурстарды біріктіру – уақыт талабы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған институционалдық реформалар шеңберінде жүзеге асырылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа моделіне көшу мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік, жеке секторларға және үкіметтік емес ұйымдарға өзгерістер ала келді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық субъектілерінің тығыз өзара іс-қимылын көздейтін толыққанды институционалдық кеңістік құру міндеті бірінші орынға шықты. Өзара ниеттер туралы декларацияда сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға көшу уақыты келді. Ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін және барынша тиімді әлеуметтік тәжірибелерді енгізу қажет.
Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу ұғымы барлық қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің жұмысында болуы керек деп есептейміз. Бүгінгі күні «NurOtan» партиясы, «Атамекен» ҰКП, Азаматтық альянс, «Жаңару» қозғалысы және басқа да қоғамдық ұйымдар осы ойымызды құптайтындығын білдірді.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу қызметінің алдында жең ұшынан жалғасқандардың әрекетіне қарсы іс-қимыл саласындағы істердің жай-күйі туралы қоғамды ақпараттандырудың ұзақ мерзімді бағдарламасын құру міндеті тұр. Бұл орайда біз Қазақстанның болашағы ойлантатын барлық журналистер мен блогерлердің көмегіне сенім артамыз.

Бірінші басшылардың жауапкершілігі туралы

Ағымдағы жылдың 20 мамырында өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған мәжілісте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықты жою әкімдер жұмысының негізгі көрсеткіштерінің бірі болатындығын мәлімдеді. Бұл үшін оларға жеке жауапкершілік жүктелетін болады. Осыған байланысты аумақтарды дамыту бағдарламасына сыбайлас жемқорлық серпінін көрсететін индикаторды қосу ұсынылды.
Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қол астындағылардың сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін жеке жауапкершілігіне келетін болсақ, қазіргі уақытта Парламентте мұндай норманы енгізуді көздейтін заң жобасы қаралуда. Аталған заң жобасында бірінші басшылардың сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою жөнінде шаралар қабылдау міндеттілігі белгіленеді. ЭЫДҰ ұсынымдарын іске асыруға бағытталған басқа да түзетулер енгізіледі.

Агенттік тағы не ұсынады?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа шаралар жиынтығын ұсынды. Аталған жиынтықты Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы қарайтын болады.
Жоғарыда көрсетілген шаралар арқылы біз заңсыз баю үшін белгіленетін жауапкершілікті енгізуді ұсындық. Әзірге әңгіме активтері заңды кірістерге сәйкес келмейтін мемлекеттік қызметшілерге ғана қатысты болып отыр. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілердің шығыстарды декларациялаудың орындылығы және тиісті декларацияларды міндетті түрде жариялау туралы пікір айтылды.
Мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен шығыстарын міндетті түрде декларациялау «Осы деректерде айырмашылық болған жағдайда не істеу қажет?» деген сұраққа міндетті түрде жауап беруді талап етеді. Сондықтан өмір сүру деңгейі заңды табыс көздеріне сәйкес келмейтін лауазымды тұлғаларға тиісті санкциялардың қолданылатындығы туралы нормалар заңнамада нақты жазылуы тиіс.
Мемлекет басшысы ағымдағы жылы 24 мамырда Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында экономикадағы мемлекеттің үлесін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне жеткізу міндетін де еске салып, экономикада жаңа мемлекеттік компаниялар құруға мораторий жариялады.
Мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының санын түбегейлі қысқартудың да маңызы зор. Қазіргі таңда олардың саны шамамен 7 мыңдай. Осының есебінен босатылған қаражатты мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын арттыруға бағыттауға болады.
Көлеңкелі экономика көлемін кешенді түрде қысқарту сыбайлас жемқорлықпен табысты күрестің ажырамас шарты болып табылады.
Мұнан бөлек мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіру мәселелері өзекті күйінде қалып отыр. Бүгінде мемлекеттік сатып алу ісімен 25 мың ұйым айналысуда. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды айтарлықтай қиындатады. Ендігі кезекте ірі сатып алуды Қаржы министрлігінің тиісті комитеті мен жергілікті әкімдіктердің уәкілетті бөлімшелері жүргізеді. Алайда ұсақ тендерлер өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері әлі де сақталуда. Осы жағдайдан шығу жолы бюджеттік ұйымдар мен әлеуметтік сала мекемелерінің басшыларын оларға тән емес функциялардан толық босату болып табылады. Яғни дәрігерлер емдеуге, мұғалімдер оқытуға міндетті.
Әлеуметтік саланың көптеген мәселелерін жемқорлардың тәркіленген қаражаты есебінен шешу мүмкіндігі қарастырылады. Тек соңғы 3 жылда сыбайлас жемқорлықтан келген шығын 40 миллиард теңгені құрады. Егер тәркіленген қаражатты ауыр науқас балаларды емдеу, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау үшін пайдаланса, азаматтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тікелей әсерін сезіне алады.
Біз айтқан басқа шаралардың ішінде «Іntegrity check» адалдыққа тексерудің енгізілуін атауға болады. Мұндай норманы бірінші кезеңде құқық қорғау және бақылау-қадағалау органдарына тарата отырып, заңнамалаық түрде бекіту ұсынылды. Квазимемлекеттік және жеке секторларда корпоративтік адалдық стандарттарын сақтауға жауапты комплаенс-қызметтер институтын енгізген орынды.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен өте қатаң күресетіндігін көрсетеді. Мемлекеттік билік сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүйелі түрде жүзеге асыруға және азаматтар мемлекеттік органдардың есептілігі мен ашықтығын күшейтуге бағытталған жобаларға жиі қатыса бастады. Біз үшін «шулы» қылмыстық істердің санын көбейту мақсат емес. Алайда жазалаудың бұлтартпастық қағидаты мүлтіксіз сақталатын болады. Агенттік тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау, азаматтар үшін адалдық стандарттарын енгізу бойынша жүйелі және нәтижелі жұмыс жасау жалғаса береді.

Алик Шпекбаев,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің төрағасы

ПІКІР